10-дәріс. Лексикология
1. Лексикологияның зерттеу нысаны
2. Лексикологияның салалары
3. Сөз мағынасының өзгеру себептері
Лексикология грек сөзі – сөз, сөзге қатысты ілім деген мағынаны білдіреді, тілдің сөздік құрамын (лексикасын) зерттейді. Лексикология – сөздердің лексикалық жүйеде алатын орнын, шығу төркінін, қолдану қабілеттілігін, күнделікті қарымқатынастағы көрінісін, сан қилы экспрессивті-стилистикалық мәні мен сипатын, тарихи арналары мен қат-қабаттарын, толығу жолдарын зерттейтін тіл білімінің бір саласы. Лексикология жекелеген сөздердің тобын емес, тілдің қалыптасқан лексикалық жүйесін қарастырады.
Лексикология сөзді және сөздердің жиынтығы – тілдің сөздік құрамын лексикасын зеттейді. Сөз лексикологияда лексикалық единица ретінде қарастырылады. Лексикалық единицалардың (сөздердің) жиынтығынан тілдің сөздік құрамындағы сөздер қаншама көп және алуан түрлі болғанымен, олар бір-бірімен байланысты, өз ара шарттас элементтердің жүйесі ретінде өмір сүреді және дамиды. Осыған орай, лексикологияда тілдің сөздік құрамы лексикалық жүйе ретінде құралады да, сөз тілдің лексикалық жүйесінің элементі ретінде қаралады. Әрбір тілдің лексикологиясы жалпы лексикологияның жалпы теориялық қағидаларына негізделеді де, нақты бір тілдің лексикасын зерттейді.
Сөздік құрам мен сөздік қор деген екі түрлі түсінік. Сөздік құрамға байырғы төл сөздер де, кірме сөздер де кіресе, сөздік қорға тек қана байырғы сөздер енеді.
Негізгі сөздік қорға түркі тілдеріне ортақ сөздер: тау, тас, көл, түн, ай, жыл, жүр, көк, төрт, мен, сен, ол, т.б. сөздер, сонымен қатар ғасырлар бойы қалыптасып келе жатқан қазақтың байырғы төл сөздері:
Туыстық атаулар: аға, іні, құда, жиен, немере, т.б.
Жануар атаулары: түйе, жылқы, сиыр, т.б.
Ағаш атаулары: тобылғы, емен, т.б.
Киіз үй атаулары: шаңырақ, кереге, т.б.
Жұмыс құралдары: күрек, балға, балта, т.б.
Сапалық сындық атаулары: жақсы, жаман, т.б.
Сөздік қордың мынадай басты белгілері бар:
Тұрақтылық. Оған бірнеше ғасырлар бойы өмір сүріп, барша ұрпақ үнемі қолданып келе жатқан сөздер кіреді: Ат, ер, сіз, өзім, теріс, күн. Бұлар ескерткіш тілдерінде де кездеседі.