19. Оомицеттер класына және өкіліне сипаттама.
Бұл класс көлденең перделерге бөлінбеген, көп ядролы мицелийлерінің болуымен сипатталады. Кейбіреулерінде вегетативтік денесі плазмодий түрінде болады. Гифаларының қабығы целлюлозалы және глюканды келеді, хитиндер болмайды. Басым көпшілігі сулы ортада, өсімдіктердің қалдығында, жануарлардың өлексесінде сапрофитті және балдырларда, су саңырауқұлақтарында, омыртқасыздарда, қосмекенділерде, балықтарда паразитті тіршілік етеді. Екі талшықты зооспора арқылы жыныссыз көбейеді. Зооспора талшығының бірі қауырсынды, екіншісі жай құрылысты. Оомицеттер класында эволюция судан құрлыққа қарай тіршілік етуге көшуіне байланысты біртіндеп конидиялар арқылы жыныссыз көбеюге ауыса бастағандығы байқалады.
Оомицеттер оогамиялы жолмен жынысты көбейеді, оогониінде көп жұмыртқа клетка, антеридийде көптеген ядро түзіледі. Ұрықтанудың нәтижесінде түзілетін ооспора оогонийдің ішінде бос жатады және қалың қоңыр қабығы болады. Оомицеттер вегетатитвік күйінде гаплоидты, зиготасы ғана – диплоидты, зигота өсер алдында редукциялы жолмен бөлінеді. Бұл класқа 150-дей (550) түр жатады. Оларды 4 қатарға (Lagenidiales, Leptimitales, Saprolegniales, Peronosporales) бөледі.
Лагендиялықтар – Lagenidiales қатарына вегетативтік денесі қарапайым түрлерінде хитриомицеттердікі сияқты бір клеткалы, күрделі құрылысты түрлерінде жақсы жетілген жіптесінді келеді, жетілген уақытта көп ядролы бөліктерге бөлінеді. Жыныссыз көбеюі екі талшықты зооспора, жынысты көбеюі холомагия, күрделілерінде оогамия. Өкілі Olpidiopsis saprolegniae сапролегнияда, ал Lagenidium giganteum масаның балақұртында (личинка), бір және көп клеткалы жасыл балдырларда, Langena radicicola астық тұқымдасының тамырларында және жабайы өсімдіктерде паразитті тіршілік етеді.
Лептомиталықтар – Leptimitales қатарына нашар жетілген мицелийлері бар организмдер жатады. Мицелийлері жіңішке тармақталған жіптесінді пішінді, олардың жалған перделері болады. Оның мицелийлері өрімделіп ақ ұлпа сияқты үлпілдек келеді. Мицелийінен ұзын цилиндр пішінді зооспорангия түзіледі. Зооспоралары диморфты және дипланетті. өкілі Leptomitus lacteus өсімдік қалдығында, лас суда тіршілік етеді. Жынысты көбеюі белгісіз.
Достарыңызбен бөлісу: |