12.3. Бюджет тапшылығы, оның түрлері және қаржыландыру әдістері.
«Ұсыныс экономикасы» теориясын жақтаушылар салық мөлшерлемесін төмендетуді экономикалық өсудің маңызды факторы деп санайды. Американдық экономист Артур Лаффер (1941 жылы туылған) өткен ғасырдың 80-жылдары АҚШ президенті Рональд Рейганның экономиканы тұрақтандыру бағдарламасына қатысу барысында өзінің теориясын қалыптастырды. Ол «Лаффер қисығы» арқылы сипатталатын «Лаффер әсері» деген атқа ие болды.
Лаффер қисығы – бұл бюджетке түсетін салықтық түсімдердің салық мөлшерлемесінің деңгейіне тәуелділігін сипаттайтын қисық сызық.
Лаффер әсері – бұл кәсіпкерлік табысқа салынатын салықтардың тым жоғары болуына байланысты инвестициялық белсенділіктің жоғалуы мен еңбекке ынтаның төмендеуі салдарынан ресми экономиканың көлеңкелі экономикаға өтуі.
Ең алдымен, бюджет-салық саясатының мән-мағынасын жете түсіну үшін, мемлекеттік бюджет туралы қарастыруымыз қажет.
Мемлекеттік бюджет – мемлекеттің міндеттері мен қызметтерін қаржыландыруға арналған ақша-қаражаттарын қалыптастырудың және шығындаудың нысаны; заңдылық тәртіппен бекітілген мемлекеттің кірістері мен шығыстарының құрылымы. Мемлекеттік бюджеттің атқарылуын талдауда мемлекеттік шығындардың орны ерекше болады.
Мемлекеттік шығындар төртке бөлінеді:
1. Мемлекеттік тұтыну (СG).
2. Мемлекеттік инвестициялар (IG).
3. Трансферттік төлемдер (Tr).
4. Мемлекеттік қарыз бойынша пайыздарды төлеу (rDG).
Мемлекеттік кірістің көздері мыналар:
1. Салықтар (Tх ), соның ішінде, тікелей (Тdirx ) және жанама (Т indx ) салықтар. Олай болса, жиынтық салықтар мынаған тең:
Tx =Тdirx + Тindx.
Осы жерде, таза салықтар (Т) деген ұғым да қарастырылады.
Достарыңызбен бөлісу: |