Мидың тамырлары Бас миын — ішкі ұйқы артериясымен омыртқа артериясы қанмен қамтамасыз етеді.
Ішкі ұйқы артериясы ми сауытының ішіне енгеннен кейін, көру нервісінің айқасқан жерінде алдыңғы және ортаңғы ми артерияларына бөлінеді. Алдыңғы ми артериясы мидың алдыңғы бетіне қарай бағытталып, сүйелді дене үстімен, ми сыңарларының арасымен жүріп отырып, мидың ішкі бетің қоректендіреді. Ортаңғы ми артериясы мидың бүйір сайын қуалай жүріп отырып, сыртқы бетіне тарамдалады.
Омыртқа артериялары шүйде сүйектің үлкен тесігі арқылы ми сауытына енгеннен кейін, көпірдің алдыңғы бетінде өзара қосылып, негізгі артерияны түзеді. Одан көпір мен мишықты қоректендіретін артериялар таралады. Ал, негізгі артерияның өзі, сәл жоғары көтеріліп, көпірдің жоғарғы жиегінің тұсында екі артқы ми артерияларына тарамдалады. Олар үлкен ми сыңарларының шүйде бөліктерін қанмен қамтамасыз етеді.
Алдыңғы, ортаңғы және артқы ми артериялары мидың астыңғы бетінде өзара қосылып артерия шеңберін түзеді, оны Виллизи шеңбері деп атайды. Осы артериялы шеңбер, мидың негізгі үш артерияларын бір-біріне байланыстырып жатады. Осының нәтижесінде қан бір артериядан екіншісіне көшіп отырады.
Мидағы вена қаны, майда вена тамырлары арқылы жиналып, мидың қатты қабығындағы қойнауларға құяды. Осы қойнаулардан қан жүріп отырып, сигма қойнауы арқылы ішкі мойындырық венасына жалғасады.
Ішкі мойындырық вена мидан вена қанын жинап жүрекке қарай әкететін, негізгі тамыр болып саналады. Сонымен қатар вена қаны ми сауытының тесіктері арқылы веналы қойнаулардан, бастын, тері асты веналарына да өтеді.
Жұлын-ми сұйықтығы ми сұйықтығының қысымын сақтап тұруға жәрдем етеді. Бұл сұйықтық тамырлар өрімдерінен (торларынан) пайда болып, ми қарыншаларын толтырып, одан жұлын мен ми қабықтарының астына еніп, оларды өзара байланыстырып жатады.
Ми қабықтары Ми сырт жағынан қатты, торлы және тамырлы үш қабықшалармен жабылған.
Қатты қабық мидың ең сыртқы қабығы, ол ми сауытының ішкі жағында жатқан сүйек жабындысы болып саналады. Бұл қабықтан ми бөліктерінің аралығына еніп жатқан өсінділер шығады. Оларға үлкен, орақ тәрізді, кіші орақ тәрізді өсінділер мен мишық шатыры, түрік ершігінің пердесі жатады.
Үлкен орақ тәрізді өсінді ми сыңарларының аралығындағы саңылауға кіріп екеуін бөліп тұрады.
Кіші орақ тәрізді өсінді үлкен орақ тәрізді өсіндінің төмен мишыққа қарай созылған жалғасы болып саналады. Ол мишықтың екі жарты шарының аралығына кіріп жатады.
Мишық шатыры мишықты ми сыңарларының шүйде бөлігінен бөліп тұрады. Мишық осы шатырдың астында жатады, сондықтан оны мишық шатыры деп атайды.
Түрік ершігінің пердесі (диафрагмасы) түрік ершігінің алдыңғы қасы мен артқы қасының аралығында керіліп жатады. Перденің астында (түрік ершігінің ойысында) гипофиз безі жатады. Оның аяқшасы пердеден шығып, безді мидың астыңғы бетіне жалғастырады.
Қатты қабықшаның тағы бір ерекшелігі, ол мидың веналық қаны жиналатын түтік тәрізді веналық қойнауларын түзеді. Олар аттарын атап кеткен өсінділердің басталар жерлерінде жатады. Бұл вена қойнауларына жоғарғы және төменгі орақ тәрізді қойнаулар, ал ол екеунің аралығын қосып жатқан тік қойнау, тік қойнаудан сигма тәрізді қойнаулар шығып, шүйде сүйегінің сигма тәрізді сайымен жүріп отырып, мойындырық тесігіне келіп ашылады. Осы қойнау ашылған жерден ішкі мойындырық венасы басталып қанды жүрекке қарай әкетеді.
Торлы қабық мидың ортаңғы қабықшасы болып табылады. Бұл қабықша мен тамырлы қабықша аралығында жұлын-ми сұйықтығы жататын кеңістіктер болады. Бұл кеңістіктер ми қарыншалары мен тесіктер арқылы қатынасады.
Тамырлы қабық мидың ең ішкі миға тығыз жанаса жатқан тамырлы қабықшасы. Тамырлы қабықша ми сайларына терең еніп, ми бөліктеріне қан тамырларын жеткізіп жатады. Бұл қабықша ми қарыншаларының ішінде тамырлы өрімдер, торлар түзіп, жұлын-ми сұйықтығын шығарып тұрады.