21. Сұрақ-жауап әдісі –педагогикалық зерттеу тәсілі ретінде.
Сұрақ-жауап әдістері. Олардың ерекшелігі педагогикалық жағдайлардың элементтерінің объективті қасиеттерімен қоса өзара байланысты «субъект – субъект” жүйесінің қасиеттері танылып, есепке алынады. Эмпирикалық зерттеу тәртіптерін құрастыру кезінде субъектінің өз іс-әрекетінің жағдайын оның сол іс-әрекет туралы түсінігі ретінде қабылдайтынына сүйену керек. Бұл ретте “түсінік” терминінің мағынасы ”білім” терминіне қарағанда кеңірек. “Түсінік” ғылымында субъектінің танымдық педагогикалық жағдайды қабылдау ерекшілігі дұрысырақ беріліп, нақты-сезімдік пен абстрактілі-түсініктемелік бейненің бірлігі белгіленеді.
Сұрақ-жауап әдісінің мақсаты бірлі-жарым және жекелеген белгілердің жоғалып кетпеуін қадағалайды, өйткені олар жоқ болса, жалпы абстрактіге айналуы мүмкін.
Анкета мен сұхбат жүргізу әдістері
Сұрақ алу әдісі. Эмпириялық ақпараттар сұрақ алу арқылы алынады. Бұл әдіс ұйымдастыру жағынан артықшылығымен, арзандығымен, ақпараттың мазмұндылығы және әмбебаптылығымен, алынған ақпаратты өңдеуге техникалық құралдарды барынша мол пайдалану мүмкіндігімен ерекшеленеді.
Сұрақ әдісінің негізгі түрлеріне анкеталық сұрау мен әлеуметтік сұхбат (интервью) жатады.
Сұрақ алу тәсілінің өзіндік ерекшелігі «сұрақ-жауап» жүйесі логикалық көзқарас тұрғысынан жүзеге асып, алынған жауаптар кейіннен сапалық және сандық өңдеулерге түсуінде жатыр.
Анкета – зерттеушінің жауапшымен (респондент) анкета арқылы контактыға негізделген эмпирикалық әлеуметтану зерттеуіндегі әлеуметтік өлшеуіштің бірден-бір кеңінен тараған тәсілі.
Анкетаны жасаудың, онымен жұмыс жүргізудің өзіндік ерекше әдістемелік тәсілдері мен сипаты бар. Кез-келген анкетаның үш құрамдас бөлігі: кіріспе, мазмұндық (негізгі бөлім) және қорытынды (төлқұжат) бөлімдері болады.
Кіріспеде зерттеуді кімнің жүргізетіндігі, оның мақсаты мен міндеті, анкетаны толтыру тәсілі, оны толтырудың жасырын екендігі көрсетіледі. Анкетаны қалай толтыру керектігі жайлы нұсқау кіріспенің соңында беріледі.
Сұхбат - әлеуметтану зерттеуінің сауалдау тәсілі, әлеуметтанушының алдын ала әзірлеген жоспары бойынша қайсыбір адаммен немесе адамдар тобымен мақсатты әңгімелесу формасы, оларға қойылған сұрақтарға қайтарылған жауаптар әлеуметтік ақпараттың бастапқы қайнар көзі қызметін атқарады.
Сұхбат социологтың сұралушымен тікелей байланысына негізделіп, белгілі бір тақырып бойынша әңгіме өткізу арқылы социологиялық ақпараттар жинаудың барынша қолайлы әдісі.
Әлеуметтік сұхбат жүргізгенде сұхбат алушы социолог пен сұралушы арасындағы байланыс тікелей болады; зерттеуші сұхбатты ұйымдастырады, сұрақтар қояды, әңгімелеседі, оны бағыттап отырады, алынған жауаптарды жазып алады. Яғни, сұхбаттың анкетадан ерекшелігі: зерттеуші сұралушы сұрақты түсінбеген кезде түсіндіреді, сұралушының көзқарасын нақтылай түседі, сұрау парақшасына толығырақ мәлімет жазу үшін қосымша сұрақтар сұрайды. Сұхбат мынандай түрлерге жіктеледі:
Формальді сұхбат – тақырып бойынша алдын ала құрастырылған сұрақтарға орай реттік тәртібін сақтау арқылы сұралушымен пікір алмасып мәліметтер жинау. Бұндай сұрақтарға өзгерістер енгізуге, одан ауытқуға болмайды.
Жартылай формальді сұхбат – пікір алмасу барысында тақырып бойынша алдын ала дайындалған сұрақтармен қатар, қосымша сұрақтар қою арқылы мәліметтер жинау.
Формальді емес сұхбат – нақты тақырып бойынша зерттеуші мен респонденттің еркін пікір алмасуы арқылы мәліметтер жинауы болып табылады. Бұндай сұхбатта сұрақтар алдын ала дайындалмайды, зерттеуші сұхбат барысында туындаған сұрақтарды қойып, респондент оған өз ойын еркін білдіріп жауап беруіне толық жағдай жасалады және зерттеушінің жауаптарды тіркеу формасының стандарты болмайды.