№1(73)/2014 Серия филология



Pdf көрінісі
бет5/19
Дата03.03.2017
өлшемі2,13 Mb.
#6022
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19
частью экономической терминосферы. 
Проведенный анализ позволил сделать вывод, что в области экономики преимущественное вни-
мание  в  последнее  время  уделялось  финансовой  терминологии,  что  связано  с  активным  развитием 
данной экономической сферы. 
 
 
Список литературы 
1  Бархударов Л.С., Рецкер Я.И. Курс лекций по теории перевода. — М., 1968. — 263 с. 
2  Щерба Л.В. Опыт общей теории лексикографии // Языковая система и речевая деятельность. — Л., 1974. — С. 265–
304. 
3  Гринев С.В. Введение в терминоведение. — М.: Московский лицей, 1993. — 213 с. 
4  Канделаки Т.Л. Семантика и мотивированность терминов. — М.: Наука, 1977. — 168 с. 
5  Кутина  Л.Л.  Языковые  процессы,  возникающие  при  становлении  терминологической  системы // Лингвистические 
проблемы научно-технической терминологии. — М.: Наука, 1970. — С. 82–94. 
 
 
С.Сапина, А.Т.Есенгелдинова 
Қазақ жəне ағылшын тілдеріндегі банк саласы терминдерінің  
қалыптасуы жəне жалпы сипаттамасы 
Мақала  ағылшын  жəне  қазақ  тілдеріндегі  банк  қызметі  саласы  терминдерінің  қалыптасу  мəселесіне 
арналған.  Мұнда  экономика  саласының  басты  секторларының  бірі — банк  саласы 
терминологиясының  дамуына  талдау  жасалған. «Термин»  ұғымының  басты  анықтамалары,  негізгі 
белгілері,  терминнің  сипаттамасы  мен  қалыптасуы  талданған.  Банк  саласындағы  экономикалық 
терминдердің  сөзжасамдық  үрдістері,  қалыптасу  жолдары  мен  тəсілдері  мен  олардың  қазақ  жəне 
ағылшын тілдеріндегі сипаттамасы қарастырылған. Банк терминологиясының қалыптасуы мен жалпы 
сипаттамасына  аналитикалық  талдау  жасалған.  Мақалада  аталған  терминология  лексиканың  ерекше 
қабатын  құрайтын  білімнің  белгілі  саласының  терминдер  жиынтығы  ғана  емес,  ұғымдардың  белгілі 
жүйесін  білдіретін  семиологиялық  жүйе  ретінде  зерттелді.  Сондай-ақ  қаржы-экономикалық 
терминжүйесінің  басты  кемшіліктері,  олардың  ағылшын  тілінен  қазақ  тіліне  аударудың  тəсілдері 
көрсетілген. 
 

С.Сапина, А.Т.Есенгельдинова 
36 
Вестник Карагандинского университета 
S.Sapina, A.Т.Esengeldinova 
Formation and general characteristic of terms  
of the bank sphere in English and Kazakh languages 
This article is devoted to a problem of the formation of economic terms of the bank sphere in English and 
Kazakh languages. The article analyzes the development of terminology of one of the main sectors of the 
economy — the bank industry. It is highlighted here the key definitions of «term», the analysis of the proper-
ties, characteristics and formation of «term» notion. It is described here the specificity of word formation pro-
cesses of economic terms of the bank sphere, the ways and means of formation, and their general characteris-
tics in Kazakh and English languages. It is made here an analytical overview of the formation and the general 
characteristics of bank terminology. It is considered here the system of bank terminology as one of its most 
important characteristics. It is shown here the ways of word formation and general characteristics of financial 
and economic terms. The article also considers the main disadvantages of current economic and financial 
term system and it`s specifics and ways of translation. The selected terminology is discussed in the article not 
just as a set of terms of the given field of knowledge, forming a special layer of vocabulary, but also as a 
semiological system, expressing a certain system of concepts. The article also provides basic disadvantages of 
financial and economic terminology, and it`s ways of translation from English to Kazakh languages. 
 
References
 
1  Barkhudarov L.S., Retsker Ya.I. Course of lectures on a translation theory, Moscow, 1968, p. 263. 
2  Shcherba L.V. Experience of the general theory of a lexicography // Language system and speech activity, Leningrad, 1974, 
p. 265–304. 
3  Grinev S.V. Introduction in a terminovedeniye, Moscow: Moscow lyceum, 1993, p. 213. 
4  Kandelaki T.L. Semantika and motivation of terms, Moscow: Nauka, 1977, p. 168. 
5  Kutina L.L. The language processes arising at formation of the terminological Systems // Linguistic problems scientific tech-
nical terminology, Мoscow: Nauka, 1970, p. 82–94. 

Серия «Филология». № 1(73)/2014 
37 
ҚАЗАҚ ТІЛ БІЛІМІ 
КАЗАХСКОЕ ЯЗЫКОЗНАНИЕ 
ƏОЖ 811.512.122:014.12 
Ш.М.Мажитаева, С.Ə.Рахымберлина, Ж.Д.Рапишева 
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті 
(Е-mail: sagila_a@mail.ru) 
Қазақ ономастикалық кеңістігіндегі прецедент есімдердің табиғаты 
Мақалада  қазақ  тіл  біліміндегі  антропоцентристік  бағыт  аясындағы  тіл  мен  таным  бірлестігі,  сөз 
құдіреті,  қазақ  халқының  ментальдық  ерекшеліктерінен  ақпарат  беретін  тілдік  бірліктер — кісі 
есімдерінің — жалпыадамзат  мəдениетінің  бір  бөлшегі  ретінде,  халықтың  өзіне  ғана  тəн  тұрмыс-
тіршілігінен  хабар  беретіні  жайлы  сөз  болады.  Авторлар  «əлемнің  тілдік  бейнесінің»  халқымыздың 
сан  ғасырлық  рухани-мəдени  құндылықтарын,  жүріп  өткен  жолын,  өмір  сүру  салтын,  дəстүрін 
бейнелейтін,  солардың  негізінде  қалыптасқан  тіл  бірліктері — прецедент  есімдерде  сақталатынына 
назар аудара келіп, қазақ антропонимикасындағы прецедент есімдердің көрінісіне тоқталды. 
Кілт  сөздер:  антропоцентризм,  əлемнің  тілдік  бейнесі,  деоним,  прецедент  есімдер,  трансонимдену 
құбылысы, когнитивтік сана, ғылыми парадигма. 
 
ХХ  ғасырдың  соңы  мен  ХХІ  ғасырдың  басында  ғылымда,  оның  ішінде  тіл  ғылымы  саласында 
болған 
төңкеріс 
ғалымдардың 
назарын 
антропоцентристік 
бағытқа 
бұрғаны 
мəлім. 
Антропоцентристік  бағыттағы  соны  ізденістер  «əлем  көрінісін»  тілмен  байланыста  қарау  арқылы 
адам  табиғатын  тануды  мақсат  етеді.  Кезінде  В.фон  Гумбольдт  ілімдерінен  бастау  алған  «əлемнің 
тілдік  көрінісі/моделі»  ұғымы  ресейлік  жəне  қазақстандық  ғалымдардың  зерттеу  еңбектерінде  кең 
қолданысқа түсті. «Əлем бейнесін» тілдік бірліктердің, яғни, атаулардың көмегімен түсіну адамның, 
сол  арқылы  этностың  басқаға  ұқсамайтын  қасиеттерін  ашу,  таным  дүниесінің  қырларын  анықтау 
арқылы  дүниені  тану  ерекшеліктерін  бағалау  болып  табылады. «Əлем  бейнесі»  жалпыға  ортақ 
болғанмен,  əр  халықтың  қабылдау  ерекшеліктері  түрліше  болады.  Ол  міндетті  де.  Ұлттық  қалып, 
ұлттық  шеңбер  аясында  əр  ұлттың  басқаға  ұқсамайтын  тілі  мен  ділі,  ойлау  жүйесі,  тарихы  мен 
мəдениеті,  яғни  дүниетанымы,  бар.  Өмір,  қоршаған  дүние  туралы  ой-пікір,  көзқарас — халықтың 
ғасырлар  бойғы  іс-тəжірибесінің  жемісі.  Санада  əбден  қорытылып,  уақыт  елегінен  өткен  ұғым-
түсініктер,  наным-сенімдер,  əдет-ғұрып,  салт-сана,  тəлім-тəрбие  «əлем  бейнесін»  қабылдаудағы 
басты сүзгі, ұстаным болмақ. Адам, оның санасы — ешбір ғылым түпкілікті зерттеп бола алмайтын 
күрделі  де  жұмбақ  феномен.  Адам  санасы  бір  ғана  сəтте  заттың  не  құбылыстың  барлық  жақсылы-
жаманды қасиеттерін сүзіп шығып, алуан түрлі қасиеттерінің ішінен біреуін ғана атауға негіз болады. 
Ол қасиет ұлттың ментальдық ерекшелігін көрсететін дүниетанымына, аялық біліміне байланысты. 
«Тіл — ойлау — объективті шындық» үштағаны субъективті шығармашылық қызметпен тікелей 
байланысты. Қазақ этносының «əлем бейнесін» қабылдаудағы ерекшеліктері ұлттық санамен тікелей 
байланысты. Ұлттық сананың құрылымы, мазмұны əлеуметтік жағдайдың ықпалымен қалыптасады, 
қоғамның əлеуметтік ұжымы мен нақты субъектілердің тұлғалық жеке санасының ара қатынасынан 
туындайды. 
Қазақ  халқының  жалпыадамзаттық  құндылықтар  қатарына  кіретін  асыл  мұрасы — ғасырлар 
бойы  қалыптасқан  əдет-ғұрпы  мен  салт-дəстүрі,  ұлттық  болмыс-бітімі.  Антропонимика  саласы  жер 
бетіндегі  ең  күрделі  жаратылыс — Адамды,  оның  есімін  зерттей  отырып,  тұтас  бір  ұлттың 
ментальдық қасиетін анықтайды. 

Ш.М.Мажитаева, С.Ə.Рахымберлина, Ж.Д.Рапишева 
38 
Вестник Карагандинского университета 
Белгілі  бір  тілдің  ономастикалық  кеңістігін  құраушы  жалқы  есімдер,  ең  алдымен,  лексикалық 
қордың  негізгі  бөлігін  алып  отырған  тілдік  бірліктер  болып  табылады.  Ұлттық-мəдени,  танымдық-
когнитивтік белгінің апеллятивке қарағанда есім семантикасындағы үлес салмағының көптігі белгілі [1]. 
В.А.Никоновтың сөзімен айтқанда, «имя — слово и, как все слова, подчиняется законам языка, т.е. 
подлежит  ведению  языкознания.  Поэтому  ономастика  (в  том  числе  и  антропонимика) — часть 
лингвистики» [2; 6]. Жалқы есімдер, дайын тілдік бірлік ретінде, жаңа атау жасау үдерісіне белсене 
қатысады.  Трансонимдену  құбылысы  жалқы  есімдердің  бір  топтан  екінші  топқа  ауысып,  жаңа 
атауыш бірлік ретінде кейінгі атаудың тууына жағдай жасайды. Қоғамдағы əлеуметтік, тарихи, саяси, 
экономикалық,  мəдени  жəне  т.б.  қарым-қатынастар  атау  берудің  жаңа  үлгілерін  ұсынып,  ұлттың 
когнитивтік санасын  жаңаша біліммен, танымның жаңа қырларымен толықтырады. Кеңес дəуірінен 
кейінгі  кезеңнің  өзі  мұның  жарқын  мысалы  бола  алады.  Атақты,  тарихи  тұлғалар  есімдері 
жаңғыртылып,  қала  (Сəтбаев,  Абай),  аудан  (Бұқар  жырау,  Қазыбек  би),  көше  (Абылай  хан, 
Қабанбай,  Төле  би,  Əйтеке  би),  мəдени-тұрмыстық  кешендер  (Томирис  дүкені,  Алпамыс 
балабақшасы)  т.б.  нысандарға  атау  болып  эргоним;  жұлдыз  (Шəмші),  планета  (Сəтбаев)  т.б.  кісі 
есімдері  космоним  қатарына  өтіп  жатса,  көптеген  этнонимдер  (Мадияр,  Алтай,  Дулат,  Арғын  т.б.) 
мен  жер-су  атаулары  (Байқоңыр,  Жездібек,  Байғұл  т.б.)  сəбилерге  қойылып,  кері  үдеріс  жүруде. 
Мұндай танымдық үрдіс жалқы есімдердің өз ішінде ғана емес, жалқы мен жалпы есімдер арасында 
да  үздіксіз  болып  жатады.  Жалпы  есімнен  жалқы  есімнің  тууы  табиғи,  үйреншікті  болғанымен, 
жалқы есімнің жалпыға айналуы — тілдік сананың когнитивтік базасының күрделі көрінісі. 
Қазіргі  тіл  білімінде  деоним  (бейоним)  деп  аталатын  мұндай  есімдер  тілімізде  арнайы  зерттеу 
нысаны  болмағанымен,  кезінде  ғалымдарымыздың  назарын  аударған  мəселе  қатарында  атауға 
болады.  Онтономасия  деп  аталған  бұл  құбылыстың  нышандары  туралы  академик  І.Кеңесбаевтың 
еңбегінде айтылады. Ғалым жалқы есімнің тууына негіз болған жалпы есімдер, екі есімдер тобының 
арасындағы  өзара  қарым-қатынастар  туралы  айта  келіп,  осыған  кері  процестің,  яғни,  жалқы 
есімдердің жалпы есімге айналуын, соның нəтижесінде ауыз əдебиеті кейіпкерлері есімдерінің лақап 
есімге айналуын мысалдар арқылы көрсетеді. «...Многие лично-собственные имена, закрепившиеся в 
устном поэтическом творчестве народа, связывались с конкретными чертами характера героев легенд 
и  преданий  и,  приобретая  обобщающее  значение,  становились  нарицательными»  дей  келіп,  ауыз 
əдебиеті  үлгілеріндегі  Қарабай,  Қарынбай,  Шығайбай;  Б.Майлин  шығармаларындағы  Мырқымбай 
т.б мысалдар негізінде дəлелдейді [3]. 
Қазақ ономастикасының негізін қалаушы Т.Жанұзақов та бұл мəселеге өз қөзқарасын білдіреді. 
Жалқы  жəне  жалпы  есім  арасында  болатын  ауысу  заңдылығының  тілге  тəн  құбылыс  екендігін  айта 
отырып, бұл құбылыстың тіліміздің сөздік қорын байытудың бір тəсілі болып табылатынына, мұндай 
есімдердің семантикалық құрылымы мен ұғымы əр уақыт заттық мағынаға ие болатынына назар ау-
дарады [4]. 
Тууына негіз болған жалқы есімнен əбден қол үзген мұндай есімдер бейоним (деоним) деп ата-
лады. Бейоним — жалқы  есімнен  пайда  болған  апеллятив, немесе, Н.В.Подольскаяның  анықтамасы 
бойынша, «онимнің  апеллятивке  қосымшасыз  өту  үдерісі».  Қазақ,  орыс  тілдеріндегі  бейонимдену 
құбылысы  салыстырмалы  түрде  А.Е.Бижкенованың  еңбектерінің  арнайы  зерттеу  нысаны  болды. 
Зерттеуші «бейонимдік лексика жалқы есім мен жалпы есімнің шекарасында орналасады, ал жалқы 
есімнің  жалпы  есімге  айналуы  есімді  иеленуші  денотаттың  атақты,  белгілі  болуының  арқасында 
есімнің  ол  денотатпен  байланысын  үзуінен  туады»  деген  қорытындыға  келеді [5]. Осы  мəселеде 
Г.Б.Мəдиева  Қыз  Жібек,  Төлеген,  Балуан  Шолақ,  Алдаркөсе,  Қарабай,  Алатау,  Ордабасы  т.б 
вербалдық  белгілердің  онимдік  жəне  апеллятивтік  лексиканың  шекарасында  орналасқанын,  бойла-
рында  жалқы  есімнің  барлық  қасиеті  сақталғандығын  айта  келіп,  ғылыми-зерттеу  еңбегінде 
прецендентті есімдер табиғатына арнайы тоқталады [6; 85]. 
Прецедентті есімдер — негізінен нақты адамды (оқиғаны, қаланы, нəрсені т.б.) атау үшін емес, 
өз  бойына  жинақтаған  қандай  да  бір  образды  бейнелеу  үшін  қызмет  ететін  жəне  көпшілікке 
танымалдығымен  ерекшеленетін  жалқы  есімдер.  Прецедентті  есімдер — «əлемнің  тілдік  бейнесін» 
қалыптастыруда  шындық  болмыстың  түсінігі,  санаты,  бағасы  сияқты  прецеденттік  концептілердің 
бейнесі  ретінде  көрінетін  тілдік  бірліктер.  Түрлі  лингвомəдени  қоғамдастықтың  өзіне  ғана  тəн 
прецеденттік  атауларымен  қатар,  жалпыадамзаттық  көлемдегі  атаулардың  болуы  əбден  мүмкін. 
Мысалы, əлемдік деңгейде Дон-Жуан, Мать Тереза, Наполеон т.б., орыс халқының тарихында Петр І, 
Чапаев, Пушкин, Иванушка т.б. болса, қазақ халқында Атымтай жомарт, Асанқайғы, Қарабай т.б. 
есімдер ұлттық шындықты, ұлттық мінез бен менталитетті көрсетері даусыз. Яғни прецедент есімдер 

Қазақ ономастикалық кеңістігіндегі прецедент... 
Серия «Филология». № 1(73)/2014 
39 
əлемнің  ұлттық  бейнесін  көрсететін,  өмірдің  шындық  бейнесін  халық  санасында  қалыптастыратын 
жəне дамытатын бірден-бір маңызды құрал болып табылады. 
Түрлі  ғылыми  бағыттарға  сəйкес  зерттеушілер  прецедент  құбылысын  интертекстема, 
прецеденттік  феномен,  тарихи  немесе  əдеби  метафора,  мəтіндік  реминесценция,  логоэпистема, 
антономазия  жəне  аллюзия,  жалпы  есімге  айналған  жалқы  есімдер  деп  түрліше  атайды.  Аталған 
терминнің əрқайсысы өз ғылыми парадигмасында қолданылады жəне сол парадигмадағы көзқарастар 
жүйесін білдіреді. 
Тіл 
біліміндегі 
прецеденттік 
феноменін 
зерттеушілер 
Д.Б.Гудков, 
Ю.Н.Караулов, 
В.Г.Костомаров,  В.В.Красных  т.б.  зерттеу  еңбектері  халықтың  тілдік  санасының  когнитивтік 
базасындағы  прецедент  феноменінің  қалыптасуы  мен  орыс  лингвомəдени  қоғамындағы  прецедентті 
есім феноменін айқындаудағы негізгі концептілерді белгілеуге бағытталған. 
Этникалық  ұжымның  əрбір  мүшесінің  базалық  білімі  белгілі  бір  дəуірдегі  ортақ  тілдік 
ономастикалық  білімді,  кеңістікті  қалыптастырады.  Яғни,  бір  тілде  сөйлеуші  халықтардың  бəріне 
ортақ  мəдени-ұлттық  байлықтың  тілдік  көрінісі  прецедентті  есімдерден  көрінеді.  Зерттеушінің: 
«...под прецедентными именами понимаются индивидуальные имена, связанные, прежде всего, с ши-
роко известной исторической личностью, литературным персонажем, политической фигурой, геогра-
фической реалией, имеющими определенную ценность для народа, а также с конкретной ситуацией, 
хорошо  известной  носителям  языка,  воспроизводимой  в  коммуникации  при  определенных  ассоциа-
циях  и  узнаваемой  коммуникантами.  При  актуализации  прецедентного  имени  в  речи  у  говорящих 
возникают о данном феномене определенные национально детерминированные представления, кото-
рые  хранятся  в  общественном  когнитивном  пространстве» [6; 91], деген  анықтамасына  сүйене  оты-
рып, бейресми есімдердің пайда болуына əсер еткен прецедентті есімдерге тоқталайық. 
Жоғарыда  айтылғандай,  прецедентті  есімдер  жеке  алғандағы  белгілі  бір  ұлттың  когнитивтік 
санасының  көлемінде  болуы  да,  жалпы  адамзатқа  ортақ  когнитивтік  кеңістікте  болуы  да  мүмкін. 
Ұлттық дəстүрдегі есімдер қатарында төмендегі мысалдарды атауға болады: 
І. Белгілі,  атақты  адамдар  мен  тарихи  тұлғалар  есімдерінен  жасалған  есімдер  қатарында  Əз 
Жəнібек,  Төле  би,  Дарабоз,  Ақсақ  Темір,  Жаяу  Мұса,  Біржан  сал,  Ақан  сері,  Қажымұқан,  Балуан 
Шолақ, Өкірегени т.б. есімдерді атауға болады
Əз  Жəнібек  /Жəнібек/ — халық  санасында  дана  да  ақылгөй  хан  ретінде  сақталғандықтан,  өте 
дарынды, үздік оқушыға берілген есім. 
Тарихымызда  екі  тұлға  «əз»  атанса,  ол  есімді  берген  халық,  оның  сүйіспеншілігі,  құрметі. «Əз 
тұтты»  (қадірледі,  құрметтеді,  сыйлады,  пір  тұтты,  əулие  тұтты  мағынасын  беретіні  белгілі 
(ҚТТС, 1961). Ел  билеушісінің  көпшілікке  жағуы,  тілін  табуы,  сый-құрметіне  бөленуі — екінің 
бірінің қолынан келмес іс. 1456 жылы құрылған Қазақ Ордасының негізін салушылар Орыс ханның 
шөберелері Керей мен Жəнібек даналықпен ел бастаған хан болды. «Алдымен жасы үлкен Керей ақ 
киізге  хан  көтерілгенімен,  қазақ  жұртының  іргеленуі  Жəнібек  тұсында  болса  керек....Жəнібектің 
қазақ  тарихындағы  айрықша  тұлға  екендігінің  бір  белгісі — ол  халық  санасында  əулиеге  пара-пар, 
ақылды  əрі  əділетті  əмірші  ретінде  таңбаланған,  ұлттық  тарихымызда  жай  ғана  Жəнібек  хан  деп 
аталмайдыƏз Жəнібек хан деп аталады» (М.Мағауин). 
Төле би /Төлеутай/ — асқан даналығымен, ақылдылығымен жəне шешендігімен халық жадында 
мəңгіге сақталған Төле бидің есімі мақалдап-мəтелдеп сөйлейтін шешен жігітке берілуі заңдылық деп 
түсінген абзал. 
Дарабоз  /Жағыпар/ — жауға  қарсы  жалғаз  шабатын  батыр  бабамыздың  «Дарабоз»  есімі  алыс, 
жақын қашықтыққа жүгіруден алдына жан салмайтын балаға берілген. 
Ақсақ Темір /Темірғали/ — аяғын сəл сылтып басатын кісі. 
Жаяу  Мұса  /Мұқажан/ — халықтың  когнитивтік  санасында  əнші-сазгерлігінен  де  бұрын 
əлеуметтік теңсіздіктің қасіретін тартқан, «аузы қисық бай баласының» арқасында атынан айрылған 
жан есебінде сақталғандықтан, 5–6 шақырымдық жерлерге  көлікті пайдаланбай үнемі жаяу жүретін 
кісіге қойылған. 
Біржан  сал  /Біржан/ — ұлттық  санамызда  «сал-сері»  концептісі — басқаға  ұқсамайтын 
ерекшеліктің үлгісі. Ұлттық өнер мен əдет-ғұрыпты тең игерген өнерпаз есімі əрі аттас, əрі сəнді киім 
киіп, сыпайы сөйлеп, домбырамен əн айтатын адамға қойылған. 
Ақан сері /Жақан сері /Жақсыгелді/ — Ақан/Жақан дыбыстық ұқсастықпен бірге, ат баптаумен 
айналысып, бəйгеге ат қосатын адамға берілген.  

Ш.М.Мажитаева, С.Ə.Рахымберлина, Ж.Д.Рапишева 
40 
Вестник Карагандинского университета 
Қара  күштің  иелері  Қажымұқан,  Балуан  Шолақ  есімдері  халықтың  когнитивтік  санасында 
жауырыны  жерге  тимеген  балуан  ұғымымен  астасқандықтан,  бас  бəйгені  күреспей  алатын  кісіні 
Қажымұқан /Серəлі/ деп, ал кезінде атақты балуан атанып, жылқыға салған бұғалықтың қыл арқаны 
қолын кесіп кеткен кісі Балуан Шолақ /Өзаман/ лақап есімімен аталған. 
Өкірегени  /Нұрлан/  лақап  есімінің  берілуі  ұлттық  тарихтан  хабары  бар  əрбір  адамға  түсінікті. 
Ұлттық  когнитивтік  санаға  орныққан  Сүлейменнің  «Бақырғани»  лақап  есімінің  белгілі  себеппен 
келесі адамға берілгенін көруге болады. 
Шыңғыс  хан  /Жарас/ — бала  кезінен  ешкімге  аяушылық  білдірмейтін  қатты  мінезімен 
ерекшеленген  жас  жігітке  таңылған  есім.  Шыңғыс  хан  халық  санасында  əділ  де  қатал  басшы 
(бауырын  өлімге  қиған)  ретінде  сақталғандықтан  деп  түсінеміз.  Қ.Жалайырдың  «Шежірелер 
жинағында»: «Мұңлие-Ичигеннің  ұлы  Көкəчу  Тəб-Тəңірі  атты  Карим  нафс  атты  көріпкел,  əулиенің 
аузымен: «Алла тағала бұйрық тұр, сенің атың Шыңғыс хан болғай. Шыңғыс хан демектің мағынасы 
патшалардың патшасы демек болады» делінеді [7]. 
ІІ. Ауыз  əдебиеті  мен  жазба  көркем  əдебиет  кейіпкерлерінің  есімінен  жасалған:  Ер  Төстік 
/Қайрат/ — отбасындағы  тоғыз  ұлдың  кенжесі;  Асанқайғы  /Төлеш/ — ештеңеге  көңілі  толмай, 
дүниенің  бар  қызығынан  түңіліп  отыратын  кісі;  Қарабай  /Қаратай/ — (дыбыстық  ұқсастық 
коннотация үстейді) қора-қора малын жұмсауға қимайтын адам; Алдар /Сəулебек/ — өтірікшінің шын 
сөзі де өтіріктің кебін киіп жүрген орта жастардағы кісі; Қожанасыр /Айдос/ — аңқау, сенгіш кісі; 
Шойынқұлақ /Қайкен/ — құлағы үлкен; Төлеген /Ғазиз/ — елуді еңсерсе де, зайыбының асты-үстіне 
түсіп  отыратын  кісі;  Бекежан  /Еркеғали/ — бірін-бірі  ұнатқан  екі  адамның  арасына  түсетіні  үшін; 
Құрмаш /Ербол/ — қасқырдың бөлтірігін асыраған бала; Бандыны қуған Хамит /Хамит/ — түрмеден 
қашқан қылмыскерді ұстауға көмектескен ауылдық милиционер т.б. есімдерді кездестіруге болады. 
ІІІ. Көркем шығарманың атауынан жасалған: Қан мен тер /Жанас/ есімі — ертелі-кеш демалуды 
білмейтін  кісіге  берілсе,  Көшпенділер  /Жақаевтар/ — отағасының  қызмет  бабымен  жиі  көшіп-
қонатын отбасына берілген есім. 
Жоғарыдағы  лақап  есімдерден  адам  қиялының,  тапқырлығының  халық  рухымен  үндестігімен 
қоса  ұлттық  тарих  пен  мəдениет,  əдебиет  жөніндегі  аялық  білім,  ұлттық  санадағы  қалыптасқан 
стереотип байқалады. Этностың когнитивтік кеңістігінде бұрыннан бар есімдердің «мазмұндық» та, 
«тұлғалық»  та  түрлі  тарихи  ассоциацияларды  туғызуға  негіз  болғанын  көреміз.  Тілдік  санада 
сақталған онимдік бай қор бейресми есімдерге ұлттық нақыш, ұлттық колорит беріп тұр. 
Прецедентті  есімдердің  жоғарыдағы  түрлерінен  басқа  фреквенталды  есімдер  тобын  атауға 
болады.  Бұл  есімдердің  ерекшелігі — олардың  бір  емес,  бірнеше  халықтың  когнитивтік  санасына 
ортақтық қасиеті. Елдердің көршілес орналасуы, саяси-мəдени байланыстар мен елдегі тілдік саясат 
т.б.  факторлар  бірнеше  тілге  ортақ  есімдердің  тууына,  ал  ол  есімдер  прецедентті  қасиеттеріне  орай 
лақап есімдердің тууына əкеледі. Мысалы, Гитлер /Жанас/, Сталин /Серəлі/; Чапай /Мерей/, Мистер 
Бин /Бейсенбек/, Геракл /Мұхтар/, Шрек /Шерполат/, Джеки Чан /Несіпбай/. 
Мектеп  жасындағы  балалар  арасында  лақап  есімдер  кең  қолданысқа  ие,  сондықтан  да 
өмірбаяндық  шығарма  болсын,  көркем  əдебиет  болсын,  кейіпкер  балалардың  бейнесін  жасауда, 
олардың сезім-күйлері мен танымдық ой-пікірлерін білдіруде жазушы лақап есімді жиі пайдаланады. 
Басқаға  түсініксіз  есімдердің  қатар  құрбы-құрдас  арасында  өзекті  болып,  қолданысқа  түсуі 
прецеденттіктің  көрінісі  деуімізге  болады.  Мысалы,  Қ.Ысқақовтың  «Қоңыр  күз  еді»  повесінде 
кездесетін «Беликов» есімі бұған дəлел: «Интернаттың завхозы Зейнолла орта жастағы, сүзеген бұқа 
сияқты  бұрылмайтын  адам  еді.  Шілденің  шіліңгір  ыстығында  мысық  жағалы  көнетоз  қыстық 
пальтосын  үстінен  тастамайтын.  Балалар  көзінше  «Ағай»  десе  де,  сыртынан  «Беликов»  деп  айдар 
тағып  алған.  Жақтырмаған  кісіге  бір  көзін  аса  қарап,  бір  көзін  баса  қарайтын  ежелден  əдеті  еді, 
үстіндегісін  шешіп беріп отырғандай-ақ қиналып, қыржиып-быржиып əрең дегенде үлкен əбдіренің 
ішінен қырқыншы размерлі жұмыс бəтеңкесін алдыма торс еткізіп тастай салды». 
Прецедент  есімдерді  сөз  еткенде  халқымыздың  ұлттық  санасынан  орын  алған  жан-жануарлар, 
аң-құс  атауларынан  айналып  өте  алмаймыз.  Елдің  елдігі  мен  халықтың  бірлігін  сақтаған  ата-
бабаларымызды ұлттық менталитетімізден ерекше орын алатын текті де қасиетті аң мен құсқа балау 
Қарлығаш əулие /Төле би/, Арқаның арыстаны /Қозыбай шешен Нəупілұлы/, Ақиық сұңқар /Сеңкібай 
батыр Оразғұлұлы/ лақап есімдерінен, Таймінер /М.Дулатов/, Тайлақбай /Т.Жароков/, Тарпаң, Тоқпақ 
/С.Қожанов/,  Қарлығаш,  Шағала,  Қаршыға,  Көгершін  (белгісіз  б.е.)  бүркеншік  есімдерінен  көрініс 
табады. Қияға самғар сұңқар мен қаршыға; адал, ақ ниетті қарлығаш пен көгершін жəне аң патшасы 
— арыстан концептілері аталған тұлғалардың ерекше қасиеттің, даралықтың иелері екенін танытады. 

Қазақ ономастикалық кеңістігіндегі прецедент... 
Серия «Филология». № 1(73)/2014 
41 
Мейірім  мен  адалдық,  алғырлық  пен  қайсарлық — аталған  нысандардың  ортақ  белгісі,  араларын 
жалғастырушы  дəнекері.  Яғни,  халқымыздың  ержүректікті — арыстанға,  жолбарысқа;  ұшқырлық, 
алғырлықты — қыранға, сұңқарға; сүйкімділікті — құралайға, ботаға; момындықты — қойға, қозыға 
теңеуінің  ар  жағында  халықтың  өмір  тəжірибесімен  байланысты  антропометриялық  дүниетанымы 
жатыр. Қазақ халқы үшін жылқы малының орны ерекше екені белгілі. «Ат — адамның қанаты» деп 
бағалаған халықтың ұлдары өздерін «Тарпаң» атап, «бас білмейтін, үйретілмеген асауға» (ҚТТС, 9-т.) 
теңесе,  ол — күшті  ерік  пен  жігердің,  өрліктің  белгісі.  Осындай  бір  дерек  Р.Жұбанованың 
(Құдайберген  Жұбановтың  жұбайы)  естелігінде  берілген: «…біз  Құдайбергеннің  аулына  келгенде, 
Тəпеннің  (Құдайбергеннің  ағасы)  жұбайы  Балбөпе  (ел  арасында  «Сарыайғыр», «Сəкең»  атанған) 
маған ерекше ықылас білдірді. Сəкең ауыл жастарының ұйытқысы екен. Өзі əнші, өзі домбырашы, өзі 
сұлу,  сауықшыл  адам  (Сəкеңнің  Балбөпе  атын  кейінгі  жастар  тек  сельсоветтің  книгасынан  ғана 
көретін)» [8].  Сондықтан  да  Бозайғыр  /Бозмұхамет  қажы/,  Сарыайғыр  /Балбөпе/  лақап  есімдерінің 
аялық  білімі  ұлттық  салт-санадан  хабары  бар  əрбір  тілдік  тұлға  үшін  түсінікті.  Жылқы  малының 
халқымыз  үшін  орны  бөлектігі  мəлім.  Үйірін  басқа  айғырдан,  қажет  болса  ит-құстан  қорғап, 
шайнасып-тебісіп  жолатпай  жүретін  айғырдың  қасиеті  екі  есімнің  де  пайда  болуына  уəж  болған. 
Алғашқысы  кісінің  төл  есімінің  бірінші  сыңарына  тіркесіп,  екіншісі  түр-түс  ерекшілігін  білдіріп, 
бірақ  екеуінде  де  мінез  ерекшелігі, «алдына  келгенін  тістеп, артына  келгенін  тебетін» жылқы  мінез 
байқалады. 
Лақап  есімдердің  уəжін  анықтауда  В.А.Никоновтың  төмендегі: «В  распространенных  теперь 
лжеклассификациях «по животным», «по растениям» и т.п. имя Арслан «лев» попадает в группу «по 
животным». Но родители, давая имя, думали, конечно, не о льве — четвороногом млекопитающем, а 
хотели чтобы мальчик стал сильным и смелым, как лев. <...> Место имени Арслан — в одной семан-
тической группе не с именами, означающимим «заяц», «собака», а с именами, образованными от слов 
«орел», «дуб», «сталь», «богатырь» /.../ — пожелания мальчикам вырасти сильными и смелыми», — 
деген  пікіріне  сүйендік [2; 94]. Көкжал  Барақ,  Қасқыр  /Бейсен/  лақап  есімдері  флора  мен  фаунаға 
қатысты  топта  емес, «қайсарлық», «батылдық»  уəжі  негізінде  адамның  ерекше  қасиетін  көрсететін 
топқа жатқызылды. Келтірілген мысалдардан «кейінгі зат атаулары бастапқы заттың негізгі не жал-
пы,  негізгі  не  қосымша,  ықтималды  не  кездейсоқ  интегралсемалары  арқылы  байланысатынын» 
көруге  болады.  Тотемдік  «Қасқыр-бабалар» (С.Ақсұңқарұлы)  түркі  халықтары  үшін  жағымды  ассо-
циация арқылы екінші атаудың тууына негіз болатынын көреміз. «Осы тұста Күлтегін ескерткішіндегі 
Истеми қағанның он тайпаны біріктіретіні, көне түркілердің қасқырды қасиет (тотем) тұтып, атын атамай 
«бөрі», «ит-құс»  дейтіні,  қазақ  ішінде  «бөрлі»  деген  рудың,  жер  аттарының  кездесетіні,  тіптен  кейбір 
рудың туына қасқырдың бейнесі салынып, ұранына айналғаны еске түседі» [9]. ЮНЕСКО сыйлығының 
лауреаты, журналист Кенебай Жұмаштың Көкбөрі бүркеншік есімін алудағы уəжі дəл осы мақсатты 
көздегендіктен деп айта аламыз. Сырттан таңылған Қасқыр лақап есіміне қарағанда, автордың саналы 
түрде таңдап алған Көкбөрі бүркеншік есімі жоғары идеяны, мақсатты көздейді. Көкбөріден тараған 
ұрпақтың  бүгінгі  мұрагері  санаған  автор  өзіне  ауыр  жүк  артады.  Ата-баба  мұрасына  адалдықты 
сақтай  отырып,  оны  лайықты  дəрежеде  сақтай  білу  жəне  кейінгі  ұрпаққа  жеткізу  міндетін  алады. 
Мінездің  өрлігін,  қайсарлығын,  қайтпастығын  бойында  сақтаған  ұрпақтың  өкілімін  деген  биіктік, 
асқақтық  сезіледі.  Қасқыр — бір  адамның  ғана  мінез  ерекшелігі  болса,  Көкбөрі — тұтас  ұлттың 
идеялық ұстанымы. 
Көріп  отырғанымыздай,  тұлға  есімдері — тұнып  тұрған  тарих.  Белгілі  дəуірлерді  жүзжылдық-
мыңжылдықтармен өлшемей-ақ, «Əз Тəуке заманы», «Абылай заманы», «Бөгенбай-Қабанбай дəуірі» 
т.б. деу сақталған үрдіс. Бұлай деу тарихты жасаушы халық, оның «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» 
шыққан өкілдері екендігін көрсетеді.  Осы  жүйріктер мен тұлпарларды ұрпақтары ғасырдан ғасырға 
халқы  қойған,  елі  атаған  есімімен  (бейресми,  қосымша)  жеткізеді.  Есімдердің  халық  жадында 
мəңгілік  сақталуы  ат  қою  сəтіндегі  уəждердің  шынайы,  нақ,  асқан  дəлдікпен  таңдалғандықтан  деп 
түсінеміз. 
Прецеденттік атау туралы ғалым А.С.Əділованың: «Прецеденттік атау құрылымының орталығы, 
ядросы — қабылданатын  прецеденттік  атау  инвариантының  дифференциалдық  белгілері,  яғни 
бейненің сыртқы ұқсастығы мен мінез-құлықтарындағы ұқсастық, прецеденттік жағдай, ал оның пе-
рифериясында  атрибуттар  орналасады.  Сол  себептен  де  прецеденттік  атауда  жинақталған  хабар 
қаламгерге  оны  өз  ой  елегінен  өткізіп,  жаңа  образ  жасауға  мүмкіндік  береді», — деген 
тұжырымдамасының аталған есімдерде жүзеге асатынын байқауға болады [10]. 

Ш.М.Мажитаева, С.Ə.Рахымберлина, Ж.Д.Рапишева 
42 
Вестник Карагандинского университета 
Жоғарыда  айтылғандарды  түйіндей  келгенде,  атау,  ат  қоюдың  сөздік  қордағы  дайын  тілдік 
бірліктерді өз орнымен, белгілі мақсатта қолданысқа түсіретін, бойында талғампаздық пен шеберлікті 
ұштастыратын  күрделі  үдеріс  екендігін  көреміз.  Ұқсату,  салыстыру  арқылы  екі  нысанның 
арасындағы  ортақ  белгіні  тани  білу  есім  берушінің  жеке  таңдауы  сияқты  көрінгенімен,  оның  түп-
тамырының  ұлттық  менталитетпен  тығыз  байланыста  жатқанын  аңғару  қиын  емес.  Халқымыздың 
тарихында  қосымша  не  лақап,  бүркеншік  есімдерімен  қалған  əл-Фараби  /Əбу  Нəсір  Мұхаммад  бин 
Мұхаммад  бин  Тархан  бин  Узлағ  əл-Фараби /, Шыңғыс  /Темүге/,  Абылай  /Əбілмансұр/,  Қабанбай 
/Ерасыл/,  Абай  /Ибраһим/,  Шоқан  /Мұхамедқанафия/,  Ыбырай  /Ибраһим/,  Балуан  Шолақ 
/Нұрмағанбет/,  Қаныш  /Ғабдулғани/,  Күлəш  /Гүлбаһрам/,  С.Шəріпов  /М.Дəулетшин/,  Ə.Тарази 
/Ə.Əшімов/  т.б.  есімдер  бейресмилік  шекарадан  өтіп,  ресми  сипатқа  ие  есімдер  болып  табылады. 
Қоғам  мүшелерінің  когнитивтік  санасында  бұл  топ  мол  ақпарат  көзін  иемденген  энциклопедиялық 
есімдер  болып  табылады.  Əбілмансұр,  Ибраһим  есімдері  оқушы  үшін  Абылай,  Абай  есімдерінің 
бойындағы  ақпараттың  жартысын  да  бере  алмауы  мүмкін.  Сол  себепті  де  соңғы  есімдер  үнемі 
қолданыста, жаңа туған сəбилерге қойылып, ұрпақтан ұрпаққа жете бермек. 
Ғасырлар  бойы  халық  санасында  сақталып  келген  ұлы  тұлғаларымыздың  есімдері  осылайша 
прецеденттік феноменін қалыптастырып, нақты адамды, тұлғаны атаудан басқа қандай да бір ұғымды 
білдіріп, сол жайында ақпарат беретінін байқауға болады. Қазақ шежірелеріндегі өткен дəуірдегі та-
рихи  тұлғалардың  бейнелері  туралы  айта  келіп,  тарихшы-этнограф  М.Алпысбес  былайша  ой 
қорытады: «...батырлардың ерлігі (батырлар жырында, тарихи əңгімелерде), билердің шешендігі (би-
лер сөзінде), қариялардың шежірешілігі, даналығы (қария сөзде), хандардың рахымдылығы (төрелер 
туралы  əңгімелерде),  байлардың  дархандығы,  əулиелердің  кереметтері  (агиологиялық  мифтерде), 
сыншылардың  сыншылығы,  бектердің  бектігі,  мырзалардың  мырзалығы,  сондай-ақ  əншілердің, 
ақындардың,  жыраулардың  өнері,  қасиеттері — осылардың  барлығы,  бір  жағынан,  ұлттың  тарихи-
мəдени мұрасы болғанымен, екінші жағынан, ең бастысы, негізінен, өскелең ұрпақтың қалыптасуына 
тəрбиелік  қызмет  еткен.  Тарихта  өткен  əрбір  əйгілі  тұлғаның  əрекеттерін  оңтайлы  түрде  оның 
жарқын  жағынан  да,  көлеңкелі  тұстарынан  да  көрсетіп,  олардың  мінезінен  жақсы-жаман  өнегесін 
көрсетіп тəрбиелей білген» [11]. 
Тіліміздегі  кісі  есімдерінің  бейресми  түрлерінің  тілдік  табиғатын  антропоцентристік  бағытта 
анықтау  барысында  қол  жеткен  нəтижелер  мен  пайымдаулар  қазақ  тіл  біліміндегі 
этнолингвистикалық,  лингвомəдениеттану  жəне  ономасиологиялық  зерттеулердің  теориялық 
негіздері мен принциптерін нақтылай түсуге септігін тигізетіні сөзсіз. 
 
 
Əдебиеттер тізімі 
1  Верещагин М.Е., Костомаров В.Г. Язык и культура. — М.: Рус. яз. — C. 56. 
2  Никонов В.А. Имя и общество. — М.: Наука, 1974. — 276 с. 
3  Кенесбаев С. Использование собственных имен в нарицательном значении // Исследования по казахскому языку. — 
Алма-Ата: Наука, 1987. — С. 198. 
4  Жанұзақов Т. Жалпы есімдердің жалпы есімдерге, жалқылардың жалпы есімге ауысу заңдылықтары // Қазақ онома-
стикасы. — І-т. — Астана: Сервис, 2006. — 84-б. 
5  Бижкенова А.Е. Содержательный и словообразовательный потенциалы деонимов (слов, восходящих к именам соб-
ственным). — Алматы: Ғылым, 2003. — С. 29, 30. 
6  Мадиева Г.Б. Имя собственное в контексте познания. — Алматы: Қазақ ун-ті баспасы, 2004. — 190 с. 
7  Жалайыр Қ. Шежірелер жинағы. — Алматы: Қазақстан, 1997. — 56-б. 
8  Жұбанова Р. Кебенек киіп кетіп еді…// Қ.Жұбанов жəне қазақ совет тіл білімі. — Алматы: Ғылым, 1990. — 238-б. 
9  Жанұзақ Т., Рысберген Қ. Қазақ ономастикасының зерттелуі, болашағы мен жетістігі // Ономастикалық хабаршы. — 
2005. — № 2(4). — 37-б.  
10  Əділова А.С. Əлемдік прецеденттік атаулардың қазақ əдебиетіндегі көрінісі // Ұлттық əдебиеттегі гуманизм өнегесі: 
Ғыл-практ. конф. мат. — Қарағанды, 2006. — 240-б. 
11  Алпысбес М. Қазақ шежірелері тарихи дерек ретінде: Тарих ғыл. д-ры ... автореф. — Алматы, 2007. — 287-б. 
 

Қазақ ономастикалық кеңістігіндегі прецедент... 
Серия «Филология». № 1(73)/2014 
43 
Ш.М.Мажитаева, С.А.Рахымберлина, Ж.Д.Рапишева 

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет