Способы передачи описательных портретов героев в казахских рассказах
В статье рассмотрены способы передачи портретов героев в казахских рассказах. Определены
функции начальных и последних предложений (абзацев) в структуре текста рассказа. Авторы статьи
на основе анализа конкретных языковых примеров доказали основную функцию начальных и
последних предложений, при этом определили разграничивающую (делимитативную, демар-
кативную) функцию начальных и последних предложений, или абзацев.
M.K.Zhunusova, S.A.Rakhymberlina
Transfer of descriptive portraits of heroes in the Kazakh stories
In article ways of transfer of portraits of heroes in the Kazakh stories are considered. Functions of initial
offers (paragraphs) and the last offers (paragraphs) in structure of the text of the story are defined. The author
of article on the analysis of concrete language examples proves the main function of initial offers and the last
offers, thus defines limitor (delimitativny, demarkativny) function of initial and last offers or paragraphs.
References
1 Sarseke G. NAN RK'S News, Language and literature series, 1998, 3.
2 Tarakov A. Тhe Messenger TREASURY, Series philology, 2003, 7, р. 3–5.
3 Syzdyk R. Sil of the word, Almaty: Sanat, 1995, p. 186.
66
Вестник Карагандинского университета
ƏДЕБИЕТТАНУ ЖƏНЕ ФОЛЬКЛОРТАНУ
ЛИТЕРАТУРОВЕДЕНИЕ И ФОЛЬКЛОРИСТИКА
ƏОЖ 82 - 1(574) «19»
Р.С.Каренов
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті
(Е-mail: rkarenov@inbox.ru)
Қасым Аманжолов соғыстан кейінгі дəуірде қазақ
поэзиясына жаңа леп енгізген ақын
Мақалада Қасым Аманжоловтың соғыстан кейінгі жылдары отандық поэзияға жаңа бағыт əкелген
ақын екендігі айтылған. Ақынның соғыстан кейінгі жылдардағы шығармашылығына баға берілген.
Соғыстан кейінгі алғашқы жылдарда ол өзінің ірі эпикалық шығармаларын жасағаны туралы
пайымдаған. Өткен ғасырдың ортасы кезеңіндегі отандық поэзияның «алтын қазынасы» екендігі
көрсетілген. Ақын денсаулығына тұрмыстық алауыздықтар, дұшпандардың қудалауы қалай ықпал
еткені суреттелген. Оның сан қырлы ақындық таланты көрсетіліп, ақынның аударма ісінің майталман
шебері ретіндегі айрықша орны бағаланған. Өмірде сирек кездесетін осынау бірегей тұлғаның өмірі
мен қызметін терең зерттеу қажеттігі негізделген.
Кілт сөздер: эпикалық шығармалар, əшкерелеу, толғау, жер, билік, күндестер, ауру, ақын,
аудармашы, қағытпалары.
Кіріспе
Соғыстан кейін Қ.Аманжолов он жыл өмір сүрді. Бірақ ақынның осы соңғы жылдардағы
туындыларының сапасы айрықша бағаланады. Махаббатты, достықты, жаратылысты жырлаған, ұлы
адамдарға көптеген өлеңдерін арнаған Аманжолов ел өміріндегі жаңалықтарға да үнемі үн қосып
отырды. Əлеуметтік тақырыпты да мол жырлады. Өз көңіл-күйі арқылы қоғамдық көзқарастарды
таныта білді. Ұнатпағанын аяусыз əшкерелеп, ұнататынын барынша мадақтауда ол өзінің ақындық,
азаматтық арына еш көлеңке түсірген емес [1].
Əсіресе 1949–1950 жылдары Қасым өзінің лиро-эпикалық ірі шығармаларымен қазақ совет
поэзиясының төрінен лайықты іргелі орын алды. Солардың ішінде «Дүние дұшпандарына»,
«Бактерия королі», «Дүние сыймас бомбаға», «Май майданы» сияқты туындылары бейбітшілікті
жақтау, соғыс өртін тұтандырушыларды əшкерелеу ретінде жазылған.
Ақынның соғыстан кейінгі жылдарда жазған жырлары жайлы ой-толғау
Бірде Қасым: «Жаман өлеңдерім жақсы өлеңдерімді асырайды», — депті. Сонда жаман өлеңі
қайсы? Кеңестік дəуірде тырнақ астынан кір іздеген, сөз баққан цензура болды. Ол биліктің саясатын
қолпаштаған цензура еді. Сонымен, жаман өлең дегені — билікті жырлау. Жақсы дегені, əрине,
ақынның «Қазақстан» деген керемет толғауы [2; 58, 59]:
...Көкше, Баян, Қарқаралы, Алатау,
Тоны — алтын, түгі — торқа жер мынау!
Қарағанды — қара қазан қайнаған,
Дүние-байлық тұрған жайнап айналам,
Елдігіме етер шүбə қандай жау?!
Қасым Аманжолов соғыстан кейінгі ...
Серия «Филология». № 1(73)/2014
67
Дүрсілдейді сонау Балқаш жағасы,
Баршы өзің, көңіл қойып тыңдашы!
Тұр ғой соғып туған дала жүрегі,
Кім қызықтап, мақтан етпес бұл жерді,
Бақытыңа қуан, қазақ баласы!
Кең далалы, кең пейілді қазақпыз,
Құл емеспіз, еркін жанбыз, азатпыз.
Ел намысын ешбір жауға бермейміз,
Өмірді алға бастырамыз, өрлейміз –
Сертің осы, азат жігіт, азат қыз!
Байтақ Отан — туып-өскен өз елім,
Өмірімдей өршіп аққан өзенім!
Артым жақсы, алдым қандай тамаша,
«Бөтен елдің падишасы болғанша,
Өз елімнің терсем артық тезегін!»
Қуанамын көрсем атты қазақты,
Əн шырқаған алшы тастап тымақты.
Қуанамын шапқанына құйғытып,
Қанаттанып, алыс жолды тез ұтып,
Отты көзбен тұрса шолып жан-жақты...
...Кемпір көрем көк өзендей күй төккен,
Шалды көрем жыр ұшырған көкіректен.
Қызымыз бар құралай көз, қара шаш,
Күлкісі — күн, сайрап кетсе — сандуғаш,
Жігітіміз барабар жас түлекпен.
Көк құрыштан құйылғандай бір елміз,
Əрі биік, əрі кеңбіз, тереңбіз.
Əніміз бар асқақ жалау сықылды,
Көтерілсе — тік көтерер жұртымды,
Біз дүниеге мəңгілікке келгенбіз.
Елу жаста елім бар деп айта алмай,
Кетпес естен күйінгенің, мұңлы Абай.
Елім бар деп айтатын бір туды күн,
Елім бар деп шырқатамын мен бүгін,
Еркелеймін кең даламда баладай.
Қазақстан дейтін менің бар елім,
Жатыр алып жарты дүние əлемін!
Бұл даланы анам жаспен суарған,
Бұл далада атам қолға ту алған,
Бұл далаға жылап келіп уанғам,
Бұл даланы көріп алғаш қуанғам,
Бұл далада өскен жанда жоқ арман!
Қасыммен замандас ақындардың қайсысы дəл осылай тепсініп еді? «Құл емеспіз, еркін жанбыз,
азатпыз!» Кейінгі буында да ешкім дəл бұлай айта алған жоқ (тəуелсіздік таңы атқанға дейін).
Ұлы Отан соғысынан кейінгі дəуірде Қ.Аманжолов бір ғана «Сақыпжамал» атты туындысы
[3; 220, 221] арқылы ұлттық поэзияға махабаттың — ғашықтық жырының ғажап үлгісін ұсынды:
Р.С.Каренов
68
Вестник Карагандинского университета
Сақыпжамал! Бір өзіңде
Екі əйелдің аты бар;
Күн боп көзің күлгеніңде,
Қабағыңнан ай туар.
Сол кез саған қарай берем
Көрмегендей мен бұрын,
Жанның сырын жатқан терең
Оқи берем жасырын.
Сақыпжамал! Атың қандай!
«Сəпен» дейміз қысқартып.
Жар бола гөр айтылғандай;
Сенен қайсы қыз артық?!
Махаббаттан талай жастың
Жүректері күюлі,
Мүмкін жөндеп сүйе алмаспын,
Өзің үйрет сүюді.
«Сенен артық жан табам» деп
Ойлайтын жан мен емес.
Қате бассам, кетсем желдеп,
Өзің сотта, өзің кеш.
Бұл өлеңінде ақын асыл жарының жарқын жүзіне ай мен күнді қатар сыйғызады. Өйткені поэзия
— оның əлемі болса, Сақыпжамал — оның музасы еді.
Қасымның соғыстан кейінгі жылдарда жазған жырларын əңгіме еткенде оның «Дариға, сол қыз»
атты толғауын [2; 72,73] аттап өтуге де, айналып өтуге де болмайды:
I
Өңімде ме еді,
түсімде ме еді,
Көріп ем ғой бір
армандай қызды...
Бір нəзік сəуле
күлімдеп еді,
Сұрапыл соғыс
соқты да бұзды.
Сапырды дауыл,
тебіренді теңіз,
Тулады толқын,
шайқалды шың-құз...
Қып-қызыл өрттің
ішінде жүрміз,
Қайда екен, қайда,
Дариға, сол қыз?!
ІІ
Оқ тиді келіп,
қайратым кеміп,
Барамын сөніп,
келмейді өлгім!
Тұрғандай сол қыз
жаныма келіп,
Қасым Аманжолов соғыстан кейінгі ...
Серия «Филология». № 1(73)/2014
69
Талпына берді
қайран жас көңілім!
Барамын сөніп,
барамын сөніп,
Жұтар ма мені
мына сұм соғыс?
Арманым бар ма
өлсем бір көріп,
Қайда екен, қайда,
Дариға, сол қыз?
ІІІ
«Келмейді өлгім,
келмейді өлгім!
Қайратым қайда,
келші осындайда», —
Дедім де тұрдым,
жүгіре бердім,
Қолымда найза
шағылып айға.
Жеңдік қой жауды,
арман не, құрбым!
Күркіреп күндей
өтті ғой соғыс.
Келемін қайтып,
өлеңімді айтып...
Қайда екен, қайда,
Дариға, сол қыз!
Ақынның осы шығармасында соғыстың алапат суреттері де, адам қажырының күші де, өмірге
деген шексіз сезім де тапқырлықпен бейнеленген. Бұл өлең — астаң-кестеңі шығып, қан сасыған
дүниенің ішінде жазылған махаббат гимні.
Қасым өлеңдеріне əн-романстарын жазған, «Жиырма сегіз панфиловшылар» операсына
ақынның жырларын қолданған Ғазиза Жұбанованың Қ.Аманжолов шығармашылығына берген
тамаша бағасы келесідей: «1955 жылы «Əдебиет жəне искусство» деген журналды оқысам,
Қасымның соңғы жазған өлеңдері бар екен. Соның ішінде «Ақсəуле» деген өлеңі маған бірден əсер
етті. Біздер, композиторлар, кейде бір өлең ұнаса, оқып жатқанда ішімізден музыка шығып жатады.
Осы өлеңді оқығанымда бірден əні, мелодиясы жүрегімнен шықты» [2; 75]:
Бір күй бар домбырада тартылмаған,
Бір сыр бар көңілімде айтылмаған,
Сен үшін келдім сақтап, сүйген сəуле!
Көзіңнен айналайын жалтылдаған.
Ақ сəуле, аспанда аймен таласасың,
Төгіліп иығыңа қара шашың.
Жалт беріп құралай көз қарағанда,
Жанымның жайлауына жарасасың.
Ақ сəуле, арнадым мен арманымды,
Бұлбұлдай аялаған таңда гүлді.
Көркіне еңбегі сай келіп тұрған
Арман не көргеніңде жан жарыңды!
Р.С.Каренов
70
Вестник Карагандинского университета
Композитор Ғ.Жұбанова өз ойын былай түйіндейді: «Қасым өлеңдерін тек композиторлар емес,
кішкентай баладан бастап білуі керек. Адам өзі жаным сұлу болсын десе, əдемі болсын десе, Отанды
сүйем десе, жарын сүйем десе, əр адамның алдында Қасым Аманжоловтың өлеңдері тұруы керек. Біздің
үйде Қасымның кітаптары біраз: үш томдығы да бар, бір томдығы да бар, екі томдығы да бар. Орысшасы
да бар, қазақшасы да бар. Мен үйде балаларыма: «Қасым Аманжоловтың өлеңдерін білмесеңдер,
оқымасаңдар, сендер тек поэзия ғана емес, музыканы да білмейсіңдер, музыканы естімейсіңдер», — деп
айтамын. Қасымның өлеңдерінің ішінде музыка ойнап тұрады. Кəдімгі қазақтың əуені. Əр сөзінде, əр
өлеңінде. Сондықтан Қасымның өлеңі десек, музыка естіледі, ал музыка десек, Қасым Аманжоловтың
өлеңін айтуға болады» [4].
Иə, Қасым — біздің ұлтымыздың туы, тəуелсіздігіміздің жыршысы. Оны қазақ атаулы түгел
білуге, оқуға тиіс. Мысалы, əркімнің патриоттық сезімін қозғайтын «Туған жер» өлеңін [2; 65] оқып
көрелік:
Шықшы тауға, қарашы кең
далаға!
Мəз боласың, ұқсайсың жас
балаға.
О шеті мен бұ шетіне жүгірсең
Шаршайсың ба, құмарың бір
қана ма?
О дариға! Алтын бесік —
туған жер,
Қадіріңді келсем білмей,
кеше гөр.
Жата алмас ем топырағыңда
тебіренбей,
Қасым болмай, тасың болсам
мен егер.
Неткен байтақ, неткен ұлы,
жер едің,
Қандай күйге жүрегімді бөледің.
Сенде тудым, сенде өстім,
сенде өлсем,
Арманым жоқ бұл дүниеде дер
едім.
Мен де өзіңдей байтақ едім,
кең едім,
Қызығыңды көріп еркін келемін.
Сен де аямай бердің маған
барыңды,
Мен де аямай бəрін саған
беремін.
Болдым ғашық, туған дала,
мен саған.
Алыс жүрсем, арманым сен
аңсаған.
Жақын жүрсем, мен төрінде
жаннаттың
Алтын діңгек — өзім туған
босағам.
Осы толғауды бүгінгі ұрпақ оқыса, жаттап өссе, туған жер қасиетін Қасымша сезінсе,
патриоттық тəрбиенің ең үлкені сол болар еді [5].
Қасым Аманжолов соғыстан кейінгі ...
Серия «Филология». № 1(73)/2014
71
Кезінде Қасымның жұбайы Сақыпжамал былай деген екен: «Қасым екеуіміз соғыс аяқталған соң, 1946
жылдың қаңтарында қосылдық. Алғашқы мекеніміз қаланың солтүстік-шығыс жағындағы Городская
көшесі, 69-үй еді. Қасымның ағасы Ахметжан да осы үйде тұратын. Осы үйдің бізге кішкентай бір
бөлмесі тиді. Бөлмеде бар болғаны — бір темір пеш жəне екеуміздің төсегіміз ғана. Тіпті ас ішетін,
жазу жазатын үстел қоюға орын жоқ. Кішкентай қара чемоданның үстіне қағаз жайып, ас ішетінбіз.
Сол чемодан Қасымның жазу үстелі де болды. Сол кездегі барлық шығармаларын Қасым сол қара
чемоданды тізесіне қойып отырып жазды...» [6].
Əбден жаны қиналған, баспананың зары өткен Қасым өзінің «Баспана» атты əйгілі өлеңін [2; 74, 75] 1946
жылы жазады:
Баспана деп бастайын бұл жырымды,
Отырғанда жамылып жылы күнді.
«Қылышын сүйреп» қатал қыс қысса келіп,
Өлең менің тыңдамас бұйрығымды.
Он жыл бопты, жүгірдім астанада,
Шақырса да бармадым басқа қалаға.
Алдамшы елес сықылды үміт қуып,
Он жыл бойы болдым зар баспанаға.
Қалай салған ағашты не кірпішті,
Баспана бір үй еді төрт бұрышты.
Алғашқыда, өртенгір, жерде еді,
Енді бүгін қиял боп аспанға ұшты.
Құзға салған қыранның ұясындай,
Ұшпақтағы софының хұжрасындай
Елестейді баспана, — Алматының
Кең қойнына бір Қасым қойды сыймай.
Он жыл босқа жүгірдім, болмай жолым,
Баспалдағын тоздырдым квартбюроның.
Бір ордерға бір бастық қол қойғанша
Үлгеріппін мен жазып өлең томын.
Талай үйдің телміртті терезесі,
Алматыны шарладым ерте-кеші.
Алғызбады баспана — қиын қамал,
Көңілімде қалды тек көлеңкесі.
Ақын болдым, жырладым астанам деп,
Бос жүгіріп жүрмедім, босқа нан жеп.
Солдат болдым, сағындым, келдім қайтып,
Тағы біраз сенделдім баспана іздеп.
Жер сұрадым, ақыры, күрке салар,
Жер де жоқ боп шыққан соң, не шара бар?!
Жер сұрасам, сілтейді зират жаққа,
Өлген жоқпын, қақым жоқ олай барар.
Қойдым енді, сірə, мен үй алмаспын,
Үйім жоқ деп ешкімнен ұялмаспын.
Өгей ұлдай қойныңа сыймасам да,
Кете алмаспын, астанам, қия алмаспын.
Р.С.Каренов
72
Вестник Карагандинского университета
Аспан мен жер бəрі де үйім менің,
Сенің көркің, астанам, сүйінгенім.
Кең көшеңде еркіндеп жүрсем басып,
Не қиындық болса да иілмедім, —
дейді қайсар ақын.
Өкінішке орай, Қасым өмір сүрген кезеңде сүйген елінің құрметіне лайықты бөлене алмағаны
анық. Тағдыры оны аса қуанта қоймады. Тарихы өлеңге айналған «Баспанаға» да ие бола алмады. Өзі
сүйген астанасынан, əр талын өлеңге қосқан Алматысынан ақынға сүйіспеншілік байқала қоймады.
Өмірінің соңғы жылдарында коммунистік билік оның жазғандарын тергеп маза бермеді. Жарты
əлемді табанға сап, бөксесіне басып отырған Кеңестік үкімет өзіне бағынбаған шəйірге «қан
шығармай өлтіру» əдісін пайдаланды. Қаңғытты. Ақынның алқымын қысты. Күндестер бұрыш-
бұрышта күбірлеп, бақастар бақадай шулады.
«Қасым деген — қалғыған жанартау ғой, жанартау ғой жанды да кетті өртеніп», — деді
Мұқағали аға рухына тағзым қылып. Қасым шынымен де дəл осылай өртеніп кетіп еді. Тəрк етті
барлығын... «Өзім туралы» деген өлеңін алты жыл жазды [7].
Ұзақ аурудан əлсіреген ақын екіжақты қиыншылықпен алысты. Күйзеліс күйінді де:
Мен не жаздым, сонша
соңыма түскендей,
Мен не жаздым, мұнша
қорлық кешкендей.
Мен не жаздым, жапырақтай қуарып,
Күлге айналып қоламтада өшкендей!
Мен не жаздым, өмірден қол үзгендей,
Мен не жаздым, панасыз боп кезгендей,
Мен не жаздым, аласталып тұрмыстан
Адамшылық дəрежеден безгендей!
Мен не жаздым, бойым
жазып жүрместей,
Мен не жаздым, қызықты өмір сүрместей,
Мен не жаздым, жұрт көргенді бір көріп
Жұрт білгенді мен де бірге білместей!
Мен не жаздым, шығармастай үнімді,
Əлде маған қырқ дей ме екен тілімді,
Əлде менің жүрегіме су құйып —
Өшірмек пе оттай жанған көңілімді, —
деп өкініш білдіреді.
Шынында, байғұс ақын соншалықты не жазып қалды? Оның айтқаны халқының мұңы,
жоқтағаны халқының жоғы емес пе еді? Бар айыбы, бейберекеті қашқан жалпақ жұртты
жарасылымдылыққа, жақынын да жау көріп жағаласып жататын үдеріскен қауымды үйлесімге,
сондай-ақ əділдік пен адалдыққа шақырғаны ма? Неге бұлай? Оның бір-ақ жауабы бар. Өйткені ол —
үлкен əріппен жазылатын Талант! Ал талант еш уақытта, еш жерде кешірілмейді. Сондықтан да оны,
жас болсын, жасамыс болсын, бəрібір, əйтеуір көрге тықпай тынбайды [8].
Кеңестік билік дауылпаз ақынға өлім мен өмірдің арасында төсек тартып жатқан кезде де тыным
бермеді. Бірақ ол тартысып жүріп шыдады, жағаласып жүріп төзді. Өліммен күресте зор қайрат,
тегеурінді табандылық танытты. «О, тағдыр, мені сауықтыр!» атты соңғы туындыларының бірінде
[2; 117]:
О, тағдыр, мені сауықтыр!
Айтатын жыр, ойым бар.
Қасым Аманжолов соғыстан кейінгі ...
Серия «Филология». № 1(73)/2014
73
Көңілім соған ауып тұр,
Алда бір қызық тойым бар.
Бір өзім емес, көп үшін
Көкірегім толы күйім бар.
Сау болып соны шертейін,
Ауыра берсем — қиындар.
Өлең мен күйден жаралған
Мен де бір адам ғажайып.
Құтқаршы, ауру, жараңнан,
Жазылып бір жыр жазайық.
Көңілдің күйін төгейік,
Арманда кеттік демейік,
Бəрін де беріп ел-жұртқа,
Қарыздар болмай өлейік! —
деген Қасым өмір-бесіктің əлдиінде жатып өлім күйіне бой алдырмай 44 жасында өмірден өтті.
Бүгінгі мөлшермен есептегенде, өзек өртердей тым ерте өтті. Өйткені берері өте мол болатын.
Қасымның поэмалары — оның эпиктігінің дəлелі
Қасым Аманжолов тек қана лирик емес, сонымен қоса эпик ақын. «Дүние қандай жап-жарық»,
«Сақыпжамал», «Күйім тасып барады, күйім тасып», «Жаным сəулем, еркешім, қызыл гүлім» атты
өлеңдері Қасымның лириктігін танытса, «Ақын өлімі туралы аңыз», «Боран», «Біздің дастан»,
«Жамбыл тойында» атты поэмалары — оның эпиктігінің дəлелі.
Қасымның соғыс тақырыбына жазған еңбектері ішінде аса биік бағаланатын шығарма —
«Абдолла» («Ақын өлімі туралы аңыз») поэмасы [2; 119–124].
Майдан етіп дүние төрін,
Темір гүрзі қақтап отқа,
Жекпе-жек кеп өмір, өлім,
Соққыласып жатқан жоқ па?
Арқалап сол майдан жүгін,
Қырғын соғыс ортасында
Жүрді ұлан, кекті зілін
Қоса түйіп қорғасынға.
Ырғып бұлттан түсер жайдай,
Өзі оқ боп атылғандай,
Ерегіске жанып тігіп,
Күтті жауын тас бекініп.
Өмір гүлін жаншып, таптап,
Шаштан сүйреп махаббаты,
Жерімізде жындай қаптап,
Найзаға іліп ар-ұятты, —
Келе жатты сұм жендеттер,
Жиіркеніп, жиырылды жер.
Жауға тамшы татырмастай
Буырқанып тасты өзендер.
Ашулы жел ащы даусы
Тұндырғандай жау құлағын.
Сол аймақтың əрбір тасы
Күйретердей жау қамалын... —
деп барған сайын үдей, өрши, шапшыған фонтандай боп басталатын дастан өзі бір-ақ уыс қалпымен
сені уысынан шығармай, зымыратып ала жөнеледі. Бас миың, бойда қаның шымырлап, тұла бойың
ысып-күйіп, дедектеген күйіңмен майданға сен де барып кіресің, Абдолламен қосыла ышқынып,
қаhарға мінесің:
Р.С.Каренов
74
Вестник Карагандинского университета
Қасиет күші Ұлы Отанның,
Қанатын бер қыран құстың,
Ашуын бер арыстанның,
Жүрегін бер жолбарыстың!
Күллі əлемнің ашу-кегі,
Орна менің кеудеме кеп!
Жау жолына атам сені,
Бомба бол да, жарыл, жүрек!
Бар арманым асқар тауым,
Көтеріл, ел намыс туы! —
Деп ер ұлан бақты жауын,
Болып серік жан ашуы.
Поэманың шырқау биігі — Абдолланың жау қолына түскеннен гөрі, жанып жатқан отқа
түскенін суреттейтін тұсы:
Қайсар батыр от киінген
Күш-қайратын тіске жиып,
Жаңағы ақшыл ер жүзінен
Жалын тілі тұрды сүйіп.
Шұғыла шалған кешкі бұлттай
Толқын шашта оттар ойнап,
Өрт топанын кешіп, таптай,
Жалғыз өзі тұрды бойлап.
Тұрды ұқсап, тұрды кейде
От ұстаған Прометейге...
Ғ.Қайырбеков «Дауылды жыр төгіп өткен ақын» атты мақаласында [9] Қасымның осы поэмасы
жайлы мынадай пікір білдірген: «Бастан-аяқ жатқа айтып шықпасаң, жарыса сипаттап жеткізу қиын
дастан бұл. Осы күнге орыстың үлкен ақыны Николай Тихонов: «Бұл шығарма — қазақ поэзиясының
інжу-маржаны!» — деп, Қасымның көзі тірісінде айтқан. Ғабит Мүсірепов: «Майданнан ескен жаңа
леп», — деп соғыс жылында «Социалистік Қазақстанда» жазған. Өз пікірім — қазақ хрестома-
тиясынан мəңгі тастамайтын шығарма осы дер едім».
Сонымен, Ұлы Отан соғысы жылдары Қасым жазған «Ақын өлімі туралы аңыз» поэзиясы —
Қ.Аманжолов шығармашылығының биік шыңы, қазақ поэзиясындағы осы кезеңдегі елеулі
құбылыстың бірі. Майданда қаза тапқан қазақ ақынының ерлік өліміне арналған бұл шығарма —
ақынның жарқын тұлғасын отты сезіммен бейнелеген шын мəніндегі сəтті поэтикалық туынды.
Өмірдің мəнін, ез тірліктен ерлік өлімнің қасиеттілігін көркем бейне арқылы бейнеленген бұл поэма —
нағыз оптимистік трагедия. Сондықтан да «Ақын өлімі туралы аңыз» одақтық поэзияның таңдаулы
үлгілерінің қатарынан орын алды. Бұл поэмасынан кейін де Аманжолов Кеңес адамдарының өршіл
мінезін танытарлық, олардың жан сұлулығын, эстетикалық талғамының өскендігін байқатарлық
көптеген лирикалық өлеңдер жазды. Мұның қай-қайсысында болсын ол өз ойын өзінше, ерекше айта
алды.
Қасым Аманжолов білікті аудармашы ақын ретінде
Қасым ақын сусындаған тағы бір мектеп — ол Батыс пен Шығыстың классикалық поэзиясы еді.
Қасым оларды оқып қана қоймай, дүние əдебиетін, орыс классикасын көп аударған адам.
Ақынның алғашқы аудармаларының бірі — Низамидің «Лəйлі-Мəжнүнінен» тараулар, Байрон
өлеңдері. Əсіресе Байронның жан дүниесі Қасымға соншалықты жақын əсер етті. Ол ағылшын
ақынының «Романс» атты өлеңін [2; 36] қазақ тіліне сəтті тəржімалады:
Сұлулығын асырам деп
Кім таласар сенімен?
Теңіздегі күй естілед
Сенің нəзік үніңнен.
Қасым Аманжолов соғыстан кейінгі ...
Серия «Филология». № 1(73)/2014
75
Алыстағы океанда
Естілгендей, күй тұманда,
Толқын сүйіп ескен желдей,
Тəтті ұйқыда өтер тербей.
Түн ортасы болғанда, ай
Суға сүңгіп шомылар,
Ұйқыдағы жас баладай
Теңіз жайлап дем алар.
Сонда жанды қиял кернеп,
Сұлу сымбат демді тербеп,
Жанға тиіп сенен əсер,
Көңілдегі толқын өсер.
Соғысқа дейінгі Қ.Аманжолов шығармашылығында бұл аудармалардың ерекше орны бар.
Осылардан бастап, Қасымның алғашқы соғыс өлеңдерінде тіл кескіні мүлде өзгеріп сала берген.
Тарас Шевченконың «Өтеді күндер» өлеңін [2;
4] қазақ тіліне аударуы Қасымның
шығармашылық өнерінің өсу жолын анықтай түскен. Кез келген өлең сүйгіш өркен:
Өтеді күндер, өтеді түндер,
Өтеді жазым зымырап.
Соғады дауыл, солады гүлдер,
Сарғаяды жапырақ.
Ой ұйқыда, жүрегім жым-жырт,
Сөнеді көздің жанары.
Бəрі ұйқыда жатыр ғой мүлгіп,
Тірліктің жоқ еш хабары.
Осынау жарық дүниеде
Бармын ба мен — білмеймін.
Қаңғалақтап жүрмін бе əлде,
Жыламаймын, күлмеймін.
Сыбағам қайда, сыбағам?
Жоқ па, сірə, ешқандай?!
Жақсылық менен аясаң,
Жамандық бер, а Құдай!
Берме ұйқы кезбе жанға,
Жүрегі бос қатпасын,
Ұқсап сұрсыз қу томарға
Бұл дүниеде жатпасын.
Берші өмір, бер махаббат,
Жүрекпен сүйсін адамды
Ол болмаса, етіп талақ,
Өртесін мына жалғанды.
Қандай қиын қаза тапсаң
Тар қапаста, зынданда.
Еркіндікте ұйықтап қалсаң,
Қиынырақ одан да.
Р.С.Каренов
76
Вестник Карагандинского университета
Ұйықтап өтсең өміріңде,
Ұйқың ешбір қанбаса,
Тірлігің не, өлгенің не.
Ешбір ізің қалмаса, —
деп сайрап ала жөнелері анық. Қасым аударған өлеңдерді өз шығармаларынан бөліп ала алмайсыз.
Қазақ əдебиетінде аударма жанрының дамуына зор үлес қосқан Қасым Пушкиннің «Полтава»,
Лермонтовтың «Маскарад», Твардовскийдің «Василий Теркин» поэмаларын, Маяковскийдің он
шақты өлеңдерін қазақ тілінде өзіндік нəр-нақышымен сөйлетті. Түпнұсқаның идеялық сапасы мен
көркемдік қасиетін ана тілде шебер сақтай алуы осы саладағы жақсы үлгілердің бірі болып келеді.
Бұл жерде Қ.Аманжолов өзінің ақындық дарынының екінші бір қырын таныта алды.
Қасым ақындығымен қатар үлкен сазгер де болған. Оның əндері, өзі шығарған «Дариға, сол
қыз», «Туған жер», т.б. шығармалары халықтың сүйікті əндеріне айналған [10].
Қ.Аманжолов қазақ поэзиясына он буынды өлең түрін енгізіп, оны əбден тұрақтандырды. Ол
қазақ поэзиясына Ұлы Отан соғысы жəне одан да кейінгі дəуірде жаңа мəдениет дарытқан жаңашыл
ақындардың бірі болды. Қасым поэзиясының осы қасиетін жақсы сезінген жас ақындардың біразы
өздерін оның шəкірттері деп санады.
Қасым ақынның қағытпалары
Қасым Аманжоловтың қағытпалары ел ішінде аңыз болып тарап кеткен. Оған мына жолдар куə.
Елуінші жылдардың басы болу керек, бірде Ғабдол Сланов, Қасым Аманжолов жəне тағы
бірнеше адам жаздың əсем бір күнінде қала сыртына, Талғарды бетке алып, серуенге шығады. Сонда
Ғабдол:
– Шын ақын екеніңді білейін, мына Талғар шыңы туралы табан астында суырып салып, бір
шумақ өлеңді шығаршы, — депті.
Сонда Қасым қолма-қол:
Биіксің, Талғар, тамаша!
Тұрсың көкпен таласа,
Əттең ғана бауырыңда
Адамдар бар аласа, —
деген екен [3; 309].
Ғабдол Сланов жаңа бөрік, жаңа пальто киіп келіп, Қасымға «байғазы бер» депті.
– Байғазыға бір ауыз өлең берейін, — депті ақын.
– Берсең бер, — депті жазушы.
Сонда ақын:
Жігіттің көрдік, «жүйрік, шабанын да»,
Япыр-ай, бір шаба алмай қаламын ба?
Үстімнен қойды-ау түспей қара тоным,
Көк бөрік, көк жағаның заманында, —
дегенде [3; 293], Ғабдол өте риза болып, Қасымды арқаға қағыпты.
Соғыстан кейін, 1948 жылдары Қасым Алматыдан үй ала алмай, көп қиындық көріпті. Қаланың
кейбір басшылары ақынға ыңғай бермей, құрғақ сөзбен шығарып салыпты. Сонда ақын Қалалық
атқару комитетінің төрағасы Айбасовтың кабинетінен шығып бара жатып:
Берсең бер, бермесең қой, баспанаңды,
Сонда да тастамаспын астанамды;
Өлеңнің отын жағып жылытармын
Өзімді, əйелімді, жас баламды, —
деп [3; 242] жүре беріпті.
Қасым Аманжолов соғыстан кейінгі ...
Серия «Филология». № 1(73)/2014
77
Бірінші Мамыр мерекесіне шыққан бір топ жазушылар жолдағы бір үлкен бастықтың үйін көріп,
бəрі қызыға қарап, «осындай үйіміз болса...» десе керек.
Сонда Қасым ақын:
Бір нəн бастық жолдастың үйіне біз
Қараймыз да сыртынан сүйінеміз...
Қашан түсіп қалғанша хатшы болмай,
Қайдан ақын болдық деп күйінеміз, —
деген [11] екен.
Тағы бірде:
«Маскарадтың» шығарып масқарасын,
Алматыда жортып жүр ерке Қасым.
Мазасын ап Қаратай Құрманычтың,
Жыр етіп жүр өзінің баспанасын, —
деп [2; 68–69] өзіне-өзі достық əзіл жазып, жанын жұбатады.
Жазушылар одағының бильярд залында, араларында Жазушылар одағының сол кездегі төрағасы
Сəбит Мұқанов бар, бір топ қаламгер бильярд ойнайды екен. Сонда Сəбең ұтса да, ұтылса да бильярд
таяғын қолынан тастамайтын көрінеді.
Қаншама уақыт кезек күтіп тұрған жастар Сəбеңе батып ештеңе айта алмай, тосылған кезде
қайтпас қайсар Қасым ақын:
Айналып жүріп көтені,
Бильярд мұның не теңі, —
дегенде, қасында тұрған ақын Леонид Кривощеков: «Қаске, переведи на русский» депті.
Сонда Қаскең:
Страдая болезнью геморрой,
Зачем надо было ему
бильярдный бой, —
деп қоя беріпті [12].
Өкпесін дерт тессе де, езілмеген қайсар ақын балағына жармасып, ит пен биттей өршеленген
ергежейлілерге:
Жазғанымды жамандап
Сен төккенмен жыныңды...
Мен жатқам жоқ алаңдап,
Қайтем сенің сыныңды.
Ауырсам да қажыман,
Құйған қайрат-жігермен,
Соның үшін жазылам,
Қайта аунап түлермін, —
деп болашағынан еш күдер үзбеген [3; 309].
Бұған қоса Сарыарқаның сабазы:
Аты шулы шығып тұр
Қасым деген бір ақын!
Киіп-жарып, басып жүр,
Болды-ау мынау қыратын!
Р.С.Каренов
78
Вестник Карагандинского университета
Шығып тұр ғой бұ күнде
Қасым деген бір ақын,
Осы болар түбінде
Енелеріңді ұратын, —
деуінен («Экспромт» [3; 120]) танбай кеткен.
Қанатты тіркестері осылай мақал-мəтелге айналып ауыздан түспеуі тек шын ақындардың, ұлы
ақындардың ғана құдіреті болса керек.
Түйін
Армансыз адам болмайды. Ақын дүниеден озар алдында өзінің шəкірті əрі досы Сырбай
Мəуленовке мынандай үш мақсатымды жүзеге асырмадым деп армандапты: «Біріншіден, Абайдай ой
мұхитының алыбы дəрежесіне көтеріле алмадым, екіншіден, осы заманның батырлары туралы
Александр Пушкиннің «Евгений Онегин» шығармасы өресінде өлеңмен роман жазайын деп едім, ол
мақсатыма жете алмадым, үшіншіден, Парижде ғажайып романист, сұңғыла суреткер Виктор
Гюгоның мыңдаған халық өз балконына шыққанын тағатсыз күндіз де, түнде де күтіп тұрады екен,
мен де сондай мерейге ие болсам деп едім, оған жетуді тəңірім менің маңдайыма жазбапты» [13].
Бірақ, біздің ойымызша, Қасым арманы қазіргі уақытта толық орындалды деуге болады. Оның
екінші өмірі өлең өрнегінде, əн əлемінде жалғасып келеді. Əсіресе Қ.Аманжоловтың ақындық мұрат-
мақсатын, суреткерлік миссиясын анық таңбалаған, көркем бейнелеген туынды, əлбетте, оның «Өзім
туралы» атты толғауы [2; 96–98]. Бұл Қасым — тағдырды бейнелеген көлемді де күрделі лирикалық
баян Абайдың «Өлсем орным қара жер», Мағжанның «Жан сөзі» сияқты классикалық
туындыларымен мазмұндас, бəлкім, деңгейлес дүние. Мұнда өмірге ақын болып келген адамның
барша күдігі мен үміті, мынау жарық дүниеге айтар назы мен мұңы, өзегінен шыққан өлең-өнерге
деген махаббаты мен құштарлығы соншалықты терең, соншалықты əсерлі айтылған. Сондықтан біз
сөз түйінін ақынның осы ғажайып шығармасымен түйгенді мақұл көрдік:
Өзге емес, өзім айтам өз жайымды,
Жүрегім жалын атқан сөз дайында.
Тереңде тұнып жатқан дауыл күйді
Тербетіп, тулатып бір қозғайын да...
Аманжол Рахымжанның Қасымымын,
Мен қалған бір атаның ғасырымын.
Біреуге жұртта қалған жасығымын,
Біреуге аспандағы асылымын.
Шарлаған жолым жатыр жер бетінде,
Көрінер көлеңкесі келбетімде.
Қай жерде үзіледі қайран сапар,
Түйін боп өмірімнің бір шетінде?
Сол жерге қалармын ба мəңгі тоқтап,
Жоғалып жер бетінен сүрлеу-соқпақ?
Немесе бастармын ба екінші өмір,
Жалынды жыр жолында қызыл шоқ қап?
Дүние, жалт-жұлт еткен кең мекенім,
Көре алмай көп жеріңді мен кетемін.
Арпалыс алақұйын заманалар
Арбасып тұрып алды, мен не етемін?!
Өмір жоқ түскен жерде бір арнаға,
Көп күттім, көп тіледім құмарлана.
Қайтейін, жетер емес қысқа өмірім,
Алыстан көрінгенмен мұнарлана.
Қасым Аманжолов соғыстан кейінгі ...
Серия «Филология». № 1(73)/2014
79
Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ,
Қараймын елесіңе мен таңырқап.
Жаңғыртып жыр сарайын сен келгенде,
Көрпемді мен жатармын қырда қымтап...
Ежелден еркебұлан Қасым едім,
Бұлқына тасып едім, басып едім.
Жүзім — жаз, көңілім — көктем, кең пейілді,
Жақсының жүрегіне ғашық едім.
Сөзім — жыр, лебізім — күй, ерке едім,
Өз жерім, өз елімде еркеледім.
Өмірдің алтын сарай аспанына
Қиялым қақты қанат ерте менің.
Кең жайдым құлашымды дүниеге,
Білдім мен қайғыра да, сүйіне де
Əйтеуір, əрі-сəрі болғаным жоқ,
Ұқтым мен көңілімнің күйі неде...
Аяған жүрегім жоқ жолдасымнан,
Сый көрді небір сараң мол Қасымнан.
Жолдастың жүзін қайта алдым жинап,
Айрылсам ала көңіл он досымнан.
Қасыммын, сол баяғы бір Қасыммын,
Бақытын ойламаймын құр басымның.
Тымырсық түнек болсаң — дұшпаныңмын,
Ақ көңіл адал болсаң — сырласыңмын.
Боламын ақын Қасым əлі де мен
Өлеңін бөбегіндей əлдилеген.
Қанатын қағып жылдам келер жылдар,
Бəрін де қарсы аламын əн-күйменен.
Бір күні от өмірім қалса өшіп,
Қайран ел туған жерден кетпес көшіп.
Торқадай жамылып ап топырағын,
Жатармын өз жерімде бір төмпешік.
Дариға, о дариға, шіркін дəурен,
Басымнан таярмысың бір күн, дəурен?!
Жалт беріп жоғалар ма нажағайдай
Жүзінде шалқып тұрған күлкім, дəурен.
Тоқтамас өмірімнің сағатындай
Жүрегім енді қанша соғар тынбай?
Тыншыр ма ақтық рет бір талпынып
Мерт болған балапанның қанатындай?
Түсірген ой сəулесін шар тарапқа,
Ақылдың алтын оты сөнген шақта,
Бұл күнде саңқылдаған сұңқар үнім,
Кетерсің судай сіңіп табиғатқа.
Р.С.Каренов
80
Вестник Карагандинского университета
Сондықтан ап кел бері домбырамды,
Кеудеме күй қанатты қондыр əнді.
Берейін өмірімнен өлең жасап,
Шашайын оңды-солды сол мұрамды.
Дүниеге келер əлі талай Қасым,
Олар да бұл Қасымды бір байқасын.
Өртке тиген дауылдай өлеңімді
Қасымның өзі емес деп кім айтасың?!
Сөз соңында айтарымыз, Қасым ақынның қайсар, өршіл жырлары поэзия əлемінің қайталанбас
асыл мұрасына айналды. Дауылпаз ақынның өлеңдеріндегі жиі ұшырасатын дауыл, жел, жаhан,
жүрек, қыран, намыс, нұр, от, өрт, сұлу, таң, тағы басқа сөздер адам жанын рухтандырады.
Қиялына қиял қосады. Жүрегіңді жаниды, отаншылдық сезіміңді оятады. Сөз жоқ, қазақ
поэзиясының саңлағының бірде алмас қылыштай, бірде сылдырап аққан бұлақтай өткір де жан
сезіміңді тербер сыршыл өлеңдері жыр өнерінің керегесін кеңітіп, шаңырағын биіктеткен жауhарлар.
Сондықтан да ұлы тұлғаның дүниелері жайлы айтылар əңгіме қашанда ұшан-теңіз.
Өмірінің ең соңғы күндерінде, төсек тартып хал үстінде жатқанда жазған «Нұрлы дүние» атты
өлеңінде [2; 118,119] ақын былай толқиды:
Нұрлы дүние, шіркін дəурен,
Ойлаймын ғой сені ылғи.
Көкейімнен кетпей сəулең,
Көкірегімде толқиды күй.
Қатты сырқат үстінде де
Бір сені ойлап қиналамын.
Өңім тұрсын, түсімде де
Сені қайтіп қия аламын.
Тірліктегі тыпыршыған
Бір күніңе не жетеді!
Аулақ, ауру ыңырсыған,
Өмір күйі тербетеді!
Нұрлы дүние — думанды елім,
Жарқылдайсың жас айбынмен.
Бір сен үшін туған едім,
Бір сен үшін жасаймын мен!
Нұрлы дүниені қия алмай, достарымен жəне жақындарымен жылай-жылай қоштасқан, артында
таусылмас арманы қалған аяулы ақынымыз Қасым Аманжолов əрқайсымыздың жүрегімізде мəңгі-
бақи сақталатын қасиетті есім болмақ. Оның өлмейтін өлеңінің құдіреті уақытпен бірге қайта түлеп,
мазмұны жарқырай түсуде.
Əдебиеттер тізімі
1 Тарихи тұлғалар: Танымдық-көпшілік басылым / Құраст.: Б.Тоғысбаев, А.Сужикова. — Алматы: «Алматыкітап»
ЖШС, 2006. — 196-б.
2 Аманжолов Қ. Дауыл. Өлеңдер. — Алматы: Жазушы, 2001. — 128-б.
3 Аманжолов Қ. Нұрлы дүние: Таңдамалы өлеңдер мен поэмалар. — Алматы: Жазушы, 1991. — 392 б.
4 Қасым — жыр, Қасым — əн // Егемен Қазақстан. — 2011. — 7 қырк. — 4-б.
5 Қирабаев С. Мен қалған бір атаның ғасырымын // Орталық Қазақстан. — 2011. — 8 қырк. — 3-б.
6 Кəріпбеков А. Баспана... жəне Қасым ақын // Жас Алаш. — 2011. — № 36. — 11 мамыр. — 5-б.
7 Жаңқашұлы Ж. Жанартау ғой, жанды да кетті өртеніп // Орталық Қазақстан. — 2011. — 29 қазан. — 8-б.
Қасым Аманжолов соғыстан кейінгі ...
Серия «Филология». № 1(73)/2014
81
8 Медетбек Т. Мен не жаздым мұнша қорлық кешкендей // Орталық Қазақстан. — 2011. — 7 мамыр. — 5-б.
9 Қайырбеков Ғ. Дауылды жыр төгіп өткен ақын // Қазақ. — 2007. — 1 маус. — № 22 (327). — 6–7-б.
10 Қазақстан: Ұлттық энциклопедия. 1-т. / Бас ред. Ə.Нысанбаев. — Алматы: Қазақ энцикл. Бас ред., 1998. — 335,336-б.
11 Аманжолов Қ. Біздің дастан. (Таңдамалы өлеңдері мен поэмаларының бір томдығы). — Алматы: Жазушы, 1965. —
240-б.
12 Нысанов Т. Сарыарқаның сабазы // Орталық Қазақстан. — 2011. — 17 наур. — 2-б.
13 Тобаяқов Б. Өлең отыменен жылытқан ақын // Егемен Қазақстан. — 2011. — 23 там. — 5-б.
Р.С.Каренов
Достарыңызбен бөлісу: |