10. Жасылжелектерді жобалау Жасыл желектерді көшелердің санитарлық-гигиеналық жағдайын жақсарту және сәндік үшін орналастырады. Жолақ ені бір қатар ағаш еккен жағдайда 2м, ағаш екі қатар орналасқан жағдайда - 5,0м, яғни желек түріне, қатар санына және басқа да ерекшеліктерге байланысты ҚНжЕ талаптарына сай қабылданады. Солтүстік аудандарда ағаштарды терезелерді қараңғыламау мақсатында ғимараттан 5-6м қашықтықта орналастырады,. Оңтүстік аудандарда керісінше, оларды ғимараттарға жақынырақ 2-3м етіп орналастырады. Ағаштарды тротуар шетінен 1м, бұталарды 0,5м қашықтықта орналастырған дұрыс. Көше қиылыстары мен алаңдардағы жасыл желектерді орналастырғанда қозғалыс жағдайы мен көру мүмкіндігіне кедергі жасамайтындай етіп қабылдау керек.
11. Велосипед жолдары. Трамвай жолдары Велосипед жолдарын кең көшелерде жүріс бөлігі мен тротуарлар арасына, екі жақтан орналастырады. Велосипед жолдарын жүріс бөлігінен газон жолағы арқылы бөлген дұрыс. Велосипед жолдарының ені, бір жолақты қозғалыс үшін 1,5м, екі жолақты қозғалыс үшін - 2,5м етіп қабылданады.
Трамвай жолдары бірнеше тәсілдермен орналастырылады: көше ортасында, көшенің бір шетіне қарай немесе бульвардың екі жағына. Трамвай төсемесін көшенің жүріс бөлігінен биіктігімен бірдей етіп, немесе жеке төсемде орналастыруға болады.
Трамвай жолының ені 1524мм тең. Көшенің жүріс бөлігінің биіктік деңгейінде орналастырғанда трамвай төсемесінің ені: екі жолақтық қозғалыс үшін – 6,6м, бір жолақтық қозғалыс үшін – 3,4м. Тәуелсіз төсеменің ені 7,0м және 3,8м етіп қабылданады. Трамвай вагоны мен автомобиль кузовының арасындағы қашықтық 0,4м. Төсем өсі мен тротуар арасындағы минимал қашықтық – 2,0м.
Трамвай рельстерінің тербелісінің әсерінен көшенің асфальтобетон жабынының бүлінуін болдырмау үшін, рельстерді жүріс бөлігінен брусчаткалар немесе ірі тастар жолағымен (ені 0,4-0,5м) бөледі. Сондай-ақ жетілдірілген трамвай төсемелерін қарастырады (тербелісті болдырмайтын, рельстерді қатаң бекітетін бетон негіздер).