1-сурет. Шұбалшаңның зәршығару мүшесінің сызбанұсқасы. Шаянтектестерде зәршығару мүшесінің қызметін жасыл түсті жұп без атқарады. Әр безден шығатын түтікше қан арқылы жиналатын зиянды заттарды мұртшалардың түбінен сыртқа шығарады.
Өрмекшілер мен бунақденелілер негізінен мальпигий түтікшелері арқылы зәр шығарады Дегенмен өрмекшінің көкірек бөлімінде бүйрегі болады. Ал қоңыздың тоқ ішек пен аш ішектің жалғасатын жеріндегі мальпигий түтікшелеріне денедегі зиянды сұйықтар жиналып, аналь тесігі арқылы сыртқа шығарылады.
Омыртқалы жануарлардың зәршығару жүйесі бір-бірімен ұқсас. Бүйректен несеп (зәр) несепағар түтігі арқылы қуыққа жиналып, одан клоака арқылы сыртқа шығарылады. Дегенмен бұл жүйеде әр жануардың түріне қарай аздаған өзіне тән ерекшеліктер бар. Мысалы, құста қуық болмайды. Несеп бүйректен несеп түтігі арқылы клоакаға жиналады да, сыртқа жиі шығарылады. Бұл – құстың ұшуымен байланысты ерекшелік, яғни оның денесін жеңілдететін бейімділік қасиеті болып табылады.
2-сурет. Құстың зәршығару мүшесі. Қорытынды. Сонымен зәршығару – жануар ағзасына тән, асқорытумен тікелей байланысты, денені артық, зиянды заттардан тазартып, тіршіліктің сақталуын қамтамасыз ететін аса маңызды процесс.
Зәршығару мүшелері жануарлардың әрқайсысында әр түрлі болғанымен, барлығының қызметі ағзаға түскен немесе ағзада түзілген зиянды заттарды «сүзіп», «жинақтап», сыртқы ортаға шығару болып табылады.
Зиянды заттарды ағзада бөліп, жинақтайтын негізгі мүше: қарапайымдарда – жиырылғыш вакуольдер, құрттарда – жұлдызша түтікшелер, ұлуда – шұбалшаңның жұлдызша түтікшелеріне ұқсас бүйрек, шаянтектестерде – жасыл түсті бір жұп бездер, өрмекшітектестер мен бунақденелілерде – мальпигий түтікшелері, омыртқалы жануарларда – бүйрек.
Қарапайымдылардың жіктелуі және құрылымы
Қарапайымдылар – Animalia жануарлар әлемінде Protozoa патшалық тармағын (грек тілінен рrotoz-бірінші, zoon-жануар) құрайтын эукариотты бір жасушалы микроорганизмдер (8 – сурет). «Eucarya» доменіне жататын эукариоттар болып табылады. Қарапайымдылардың жасушасы ядро қабықшасы мен ядрошықтан, эндоплазмалық ретикулумнан құралған цитоплазмадан, митохондрия, лизосома, көптеген рибосомалардан және т.б. компоненттерден тұрады.
Қарапайымдылардың өлшемі орташа 2 ден 100 мкм –ге дейін ауытқып отырады. Сыртынан жануарлардың жасушаларының цитоплазмалық мембранасының аналогы - мембранамен (пелликуламен ) қапталған.
Қарапайымдылардың қозғалу (талшықтар, кірпікшелер, псевдоподийлер), қоректену (қоректену вакуольдері) және бөліп шығару (жиырылғыш вакуольдері) мүшелері бар. Талшықтар блефаропласттан шығады. Олар 9 жұп перифериялық, 2 жұп орталық микротүтікшелер және қабықтан тұрады. Кейбір қарапайымдылардың тіректік фибриллалары бар. Қарапайымдылар фагоцитоз нәтижесінде немесе ерекше құрылымдар түзіп қоректенеді. Жыныссыз жолмен – екіге бөліну немесе көптеп бөліну (шизогония), кейбіреуі жынысты жолмен (спорогония) көбейеді. Қолайсыз жағдайда олардың көпшілігі температура, ылғалдылық өзгерістеріне төзімді – тыныштық сатысындацисталартүзеді. Романовский-Гимза әдісімен бояғанда, қарапайымдылардың ядросы - қызыл, цитоплазмасы-көк түске боялады.
Қарапайымдылар 7 типке бөлінеді, соның ішінде төртеуі (Sarcomastigophora, Apicomplexa, Ciliophora, Microspora) адамдарда ауру қоздырады. Олардың бір қатарының нақты таксономиялық жіктелуі жоқ. Мысалы, пневмоцисталар мен бластоцисталар саңырауқұлақтар мен қарапайымдылардың қасиеттеріне ие.
Sarcomastigophora типіSarcodina және Мastigophora типшесінен тұрады. Sarcodina типшесіне (саркодалылар)- Entamoeba histolytica жерше амебасы - адам амебиазының қоздырғышы, еркін тіршілік ететін амебалар (неглерия, акантамеба және т.б. туыстастықтар) және патогенсіз амебалар (ішек амебасы т.б.) жатады. Бұл қарапайымдылар жалған аяқтар (псевдоподий) түзіп қозғалады, олардың көмегімен қоректік заттар ұсталып жасуша цитоплазмасына енеді. Амебалар жынысты жолмен көбеймейді. Қолайсыз жағдайда олар циста түзеді. Мastigophora типшесінің (талшық тасымалдаушы) патогенді өкілдері бар, мысалы: трипаносомалар-африкалық трипаносомоз (ұйқы ауруы) және Шагас ауруларының қоздырғыштары; лейшманиялар – тері және висцеральды лейшманиоз; қынаптық трихомонада-трихомоноз қоздырғышы; лямблия-лямблиоз қоздырғыштары. Бұл қарапайымдылар талшықтарының болуымен сипатталады, мысалы, лейшманияларда бір талшық, трихомонадаларда – 4 еркін талшық және қысқа мембранамен қосылған 1 талшығы бар.