Д.Қонаевтың қызметі.Дінмұхамед (Димаш) Ахметұлы Қонаев (1912—1993) — аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымының докторы, КСРО шет ел ордендері мен медальдарының иегері.Тау кен инженері мамандығын алған Қонаев Балқаш мыс қорыту комбинатының Қоңырат руднигіне жұмысқа орналасып, онда бұрғылау станогының машинисі, цех бастығы, рудниктің бас инженері және оның директоры болып істейді. Екінші дүниежүзілік соғысының қиын күндерінде ол тылдағы жұмысты ұйымдастыруда іскерлігімен көзге түседі. «Алтайполиметалл» комбинаты бас инженерінің орынбасары, Риддер руднигінің және КСРО қорғасын мырыш өнеркәсібінің ең ірі кәсіпорындарының бірі Лениногор кен басқармасының директоры қызметтерін атқарады. 1942—52 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасының орынбасары болып қызмет етеді. Осында жүргенде Қазақстан ғалымдары оған зор сенім көрсетіп, оны Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі және оның президенті етіп сайлайды. Тау кен ісі саласының ірі ғалымы Қонаев республика ғылымының дамуы жолында зор еңбек сіңіреді. Ғылыми ұйымдық жұмыстарды жақсарту, ғылыми зерттеулердің негізгі салаларын білікті кадрлармен нығайту шаралары оның басшылығымен жүзеге асырылады. Дінмұхамед Қонаев 1955—60 және 1962—64 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы, 1960—62 және 1964—86 жылдары. Қазақстан коммунистік партиясының Орталық комитетінің бірінші хатшысы болды. Ол Қазақстанның экономикасы мен мәдениетін өркендету жолына өзінің білімін, мол тәжірибесін және ұйымдастырушылық қабілетін аянбай жұмсай білді. Ол бірнеше мәрте КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. СОКП-ның 19 съезінен бастап кейінгі съездерінің бәріне делегат болды. Парламент және партия делегациясын басқарып, әлденеше рет шетелдерде болып қайтты. 1956 жылы СОКП Орталық комитетінің мүшесі.Партияның 23 съезінде ол СОКП Орталық Комитетінің Саяси Бюросының мүшелігіне кандидат, ал 24 съезде мүше болып сайланды. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының мүшесі болды.Дінмұхамед Қонаев өз заманының ұлы саясаткері бола білді. Ол билік басында болған уақыт қаншалықты күрделі, қарама қайшылықты болғанымен, елдің экономикасын, әлеуметтік саласын, ғылымын, ұлттық мәдениетін дамыту ісіне айтулы еңбек сіңірді. Түрлі деңгейдегі партия және кеңес қызметін атқара жүріп, Орталықтың өктем саясатының ығымен кете бермей, ел мүддесін, болашақ қамын да бір сәт естен шығарған жоқ. 1960 жылдар басында Н.С. Хрущевтің озбырлығымен Өзбекстанға беріліп кеткен қазақ жерінің біраз бөлігін қайта қайтарып алуы соның айқын бір дәлелі еді.1986 жылы СОКП Орталық Комитетінің Бас Хатшысы болып М.С. Горбачевтің келуіне байланысты Дінмухамед Қонаев Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшылығынан босатылды. 18 минут өткізілген пленумда орнына Ульяновск облысынан Г.В. Колбин отырғызылды. Орталықтың жүргізіп отырған әділетсіз саясатына қарсы республика жастары өз қарсылықтарын білдіріп алаңға шықты. Бұл әйгілі Желтоқсан оқиғасына ұласты.Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев Республика партия ұйымын басқарған ширек ғасырға жуық уақыт ішінде өзінің үлкен мәдениеттілігімен, иманжүзді ізеттілігімен танылып, халық дәстүрін жақсы білетін, тағылымы терең, ой өресі биік жан екенін көрсетті. Кейін мемлекет ісінен қол үзген кезде де ол білімдар білікті жан ретінде елде жүріп жатқан реформа бағыттарын, қоғамды демократияландыру қажет екенін терең сезініп, қолдай білді.Өзі өмір сүрген күрделі уақыттың адал перзенті бола білген абзал азамат 1993 жылы тамыздың 22-інде, 82 жасқа қараған шағында қайтыс болды.1986 жылы 16 желтоқсан күні небәрі 18 минутта өткен Қазақстан КП Орталық Комитетінің бесінші Пленумы Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевты қызметінен босатып, Қазақстан КП Орталық комитетінің бірінші хатшылығына республика халқына мүлде таныс емес, қазақ халқы туралы еш хабары жоқ Г.Колбин тағайындалды. Қазақстанда бір күн де жұмыс істемеген және есімі де елге белгісіз Геннадий Колбиннің тағайындалуы көтерілістің негізгі себебі болса да, көтеріліске шығудың басқа да, бірнеше себептері бар еді. Атап айтсақ намысты қазақ жастарымыз, ұлттық даму деңгейінің тежелуіне, кеңестік салттың кеңінен дәріптелуіне, әміршіл-әкімшіл жүйенің күштеп басқаруына шыдай алмады. Болып жатқан окиғалардың әсері, қазақ жастарының козғалыс ашуына түрткі болды.
Ертесіне 17 желтоқсан күні сол кездегі Брежнев алаңына, лек-легімен ағылған қазақ жастар тобы бейбіт шеру арқылы Орталықтың кадр саясатын дұрыс жүргізбей отырғандығына өз наразылықтарын білдірген еді. «Қазақстанға қазақ басшы!», «Әр халыққа-өз көсемі деген ұрандармен, «Менің Қазақстаным» әнін айтып алаңға шыққан еді. Ұлт саясатын дұрыс жүргізуді, ұлттық тіл мәдениеттің дамуына қамқорлық жасауды, ұлттық саяси қайраткерлердің басшылық орындарында лайықты лауазымға ие болуына назар аударуды ашық түрде талап етті. Жастардың барлығы өздерін толғандырып жүрген мәселелерді сол сәтте айтып қалуға тырысты. Алайда, жастар шеруі құқық бұзушылық, ұлтшылдық сипаттан алшақ еді. Тек лениндік ұлт саясатының бұрмаланбауы, әр ұлтқа өз басшысын қою керек деген сөз жазылған тақтайлар ұстап жүрді Бірақ 1986 жылғы 17-18 желтоқсанда Брежнев алаңындағы қазақ жастарының толқуы қанды оқиғаға айналарын ешбір қазақ білмеді. Өкініштісі, жүректері қазақ деп соққан батыр ұл-қыздарымызға «Ұлтшыл» деген кінә тағылды. Алаңдағы жастарды тоқтату үшін жастарға қарсы «Бұрқасын-86» жоспары бойынша іс-шаралар жасалынды. Жастарға көрсетілген азаптарды елестетсек, көзімізге жас келетіні анық. Жастарға өрт сөндіру машиналарымен суық сумен атқылап қана қоймай, оларға қарсы арнайы дайындықтан өткен иттерді салып қойған. Сапер күрегі, үйретілген иттер, су шашатын машиналар, сойылдар т.б. қарулар көмегімен басшылық демонстрацияны тоқтатып тынды. Қоғамдық тәртіп сақшылары өте үлкен өрескел қатыгездікке барды. Шеруге қатысқандарды тергеу ісі мүлде қатал, әрі заңсыз жүргізілген еді. Тергеу камераларына, қаланың сыртына әкетілгендердің саны 8,5 мың болды. Көптеген жастар оқу орындарынан, комсомолдан шығарылды. Оқу орнынан 271 студент қуылса, 787 адам комсомолдан шығарылды. Қазақ жастары жазықсыздан-жазықсыз өктем биліктің құрбандары болды.Желтоқсан көтерілісі – 1986 жылы 16 - 19 желтоқсан аралығында Алматыда болған қазақ жастарының Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы үкіметінің отаршылдық, әміршіл-әкімшіл жүйесіне қарсы наразылық қимылдары. Көтерілістің басталуына Мәскеудегі орталықтың республика халқының пікірімен санаспастан Ресейдің Ульянов облыстық партия комитетінің 1 -ші хатшысы Г.В. Колбинді Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 1-ші хатшысы етіп тағайындауы түрткі болды. 17 желтоқсан күні таңертеңгі сағат 8-де қаладағы Л.И. Брежнев атындағы алаңға (қазіргі Республика алаңы) саяси тәуелсіздікті талап еткен ұрандармен алғашында 300-дей адам жиналып, кешкісін көтерілісшілер саны 20 мыңға жетті.