Шығармалары Құдайбердіұлының қаламынан терең ойлы, сыршыл лирик. өлеңдер, «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек», «Нартайлақ-Айсұлу» сияқты оқиғалы дастандар, «Әділ-Мәрия» романы жөне басқа да прозалық туындылар, аудармалар, тарихқа, философияға қатысты еңбектер, сазды әндер туды. 1911 ж. «Түрік, қырғыз, қазақ Һәм хандар шежіресі», 1912 ж. Семей қаласындағы «Жәрдем» баспасынан «Қазақ айнасы», «Қалқаман-Мамыр», «Жолсыз жаза яки кез болған іс», «Еңлік-Кебек», «Үшанық», «Мұсылмандық шарты», «Ләйлі-Мәжнүн» т. б. шығармалары жарық көрді. 1978 жылы Ленинградта шыққан «Поэты Казахстана» деген жинақта Құдайбердіұлының бірқатар өлеңдері орыс тілінде басылды. Үлкен жинағы 1988 ж. «Жалын» баспасынан жарық көрді.
Әндері Шәкәрімнің әндерін алғаш рет нотаға түсірген голландық Альвин Эрнестович Бимбоэс. Ол 1919 - 1922 жылдар аралығында Ақмола саяси бөлімінде нұсқаушылық қызмет атқарып жүріп, қазақ әндерін нотаға түсірумен шұғылданады. Соның нәтижесінде 1926 жылы Н.Ф. Финдейзеннің редакциялауымен шыққан «Музыкалық этнография» жинағында Бимбоэстің қазақ музыкасы туралы жазған көлемді мақаласына қоса қазақтың жиырма бес әнінің нотасы басылады. Осы аталған жинақтың ішінде «№ 1 Шакарим», «№ 2 Шакарим» деген атпен Шәкәрімнің екі әні жарық көреді. Бірақ, екі әннің де өлеңі нота астына жазылмаған, тек орыс тілінде мазмұны берілген. А.Э. Бимбоэс нотаға түсірген «№1 Шакарим» әнінің екінші түрі А.В.Затаевичтің 1925 жылы шыққан «Қазақ халқының 1000 әні» жинағына «Тілек - бата» деген атпен енген. Ал Шәкәрімнің «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деген әні А.В. Затаевичтің 1931 жылы жарық көрген «Қазақ халқының 500 әні мен күйі» деген жинағында «Шәкәрім Құдайбердин әні» деген атпен жарияланған. Осы жинақтың № 156 анықтамасында А.В.Затаевич: «Шәкәрім Құдайбербин - Семей уезінің қарт ақыны, қазір тірі, жасы жетпістер шамасында. Жинақта келтірілген әнін орыс әндерінің үлгісіне еліктеп шығарса керек, - деп жазған.
Шәкәрім әндері қазақ композиторларының шығармаларына да арқау болды. Ахмет Жұбановтың «Абай» сюитасының бірінші бөліміне, А. Жұбанов пен Л. Хамидидің «Абай» операсындағы Айдардың ариозосына, Айдар мен Ажардың дуэтіне сазгердің шығармалары пайдаланылды. Ал ақын поэмаларының сюжеті еліміздің ақын-жазушыларының, композиторларының шығармашылығынан кең орын алғанын айтсақ артық болмас. Мысалы, «Қалқаман - Мамыр» балетіне, «Еңлік - Кебек» пьесасына, «Еңлік - Кебек» операсына Шәкәрім туындылары арқау болғаны барша жұртқа аян.
Орындаушылар Шәкәрім әндерін өз бабында, иін қандырып айтатындар Әбдіғали Алдажаров, Зікағил Абайұлы, Рақымжан Мамырқазов, Есбай Бекхожин, Зұлғарыш Әзімбаев, Жебрайыл Тұрағұлов, Әлмағамбет деген өнерпаз адамдар болды.
Шәкәрімнің әндерін өзінен үйренгендердің ішінен басқалардан шоқтығы биік, көпке танымал болған әнші Қабыш Керімқұлов болса керек. Ол ақынның оншақты әнін музыкатанушы Асқан Серікбаеваға айтып береді. Ал ол өз тарапынан осы әндерді қағазға түсіреді. Шәкәрімнің «Жиырма үш жасымда», «Жылым - қой, жұлдызым - шілде», «Қорқыттың сарыны», «Қорқыт, Хожа Хафиз түсіме енді де», «Анадан алғаш туғанда», «Сұраған жанға сәлем айт», «Ойладым бір сөз жазайын да», «Мұтылғанның өмірі», «Сен ғылымға болсаң ынтық», «Көңіл», «Байғазы» сынды әндері ұзақ жылдар Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның фольклорлық зертханасының қорында сақталып келген бұл әндер сол Қабыш айтқан, Асқан нотаға түсірген дүниелер екенінде дау жоқ. Ал қазір Шәкәрім әндерінің бірден-бір насихатшысы, жанашыр іздеушісі әрі орындаушысы әнші Келденбай Ұлмесеков. Ол ел ішінде ұмыт болып бара жатқан ақынның біраз әндерін жинастырып, жарыққа шығарды, қазақ радиосының Алтын қорына жазғызды
75. ХХ ғасырдың бас кезіндегі балалар әдебиеті. Тарихи-әлеуметтік жағдайлардың әдебиетке ықпалы. А.Байтұрсынов - балалар әдебиеті тарихындағы ірі тұлға, аса көрнекті ғалым, қоғам қайраткері, ақын, аудармашы («Қырық мысал», «Маса» жинақтары).