Тіл нормасы - тарихи құбылыс. Ол сөйлеу және жазу арқылы қалыптасып, адамдардың санасында сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа ұласып, дамып жетіліп отырады. Соған орай, әр кезде тіл қолдану заңдылықтарын білдіретін ұғымдар да өзгеше болады. Мысалы, белгілі бір тарихи кезең үшін «дәстүр» деп қолдану орынды болса, қазір «тіл нормасы», «әдеби норма», «әдеби тіл» терминдері қалыптасты.
Әдеби тіл ұғымын дұрыс түсіну үшін, алдымен, «әдеби» сөзінің терминіне түсінік бере қеткен жөн. Әдебиет сөзінің қазақ тіліне арабшадан ауысқаны белгілі. Орыс тілінде әдебиет (литература) латынша жазу деген сөзден алынған. Ал, әдебиет тілі, әдеби норма деп жоғары тіл нормасы мағынасында қолдану орыс тілінің ықпалы екенін аңғару қиын емес.
Әдебиет ұғымына әлеуметтік мәні бар жазу үлгілерінің бәрі енеді, мысалы, саяси әдебиет; ғылыми әдебиет, медициналық әдебиет және көркем әдебиет. Ал бұлардың барлығы да жалпы халықтық тілдің жазбаша түріне жатады да әдеби тілде жазылады. Сонымен бірге, сөйлеудің ауызша және жазбаша формалары бір-бірімен ара қатынаста болады.
«Ауыз әдебиеті мен жазба әдебиет тарихи даму үстінде бір-бірімен қарым-қатынаста болып, фольклор жазба әдебиеттің қалыптасуына ықпал жасады. Оны әсіресе, Орта Азия халықтарының әдебиетінен байқауға болады. Қырғыз, қазақ жазба әдебиетінің дамып, қалыптасуына фольклорлық шығарманың реалистік тенденциясы әсер етті».
Әдеби тілдің нормасы жазба тіл арқылы қалыптасып, шындалып отырады. Ал оның өнделіп жетілуі және халық арасында тарап, жалпыға танылуы ұлттық әдебиеттің дамуымен байланысты болды. Қазақта тұңғыш жазба әдеби тіл үлгісін жасағандар - Абай мен Ыбырай. Олар жалпы халықтық тіл қорының тек түсінікті формаларын ғана шығармаларында қолданған. Фольклорлық бай мұраны шебер пайдалана білген. Сөйтіп, Абай мен Ыбырай шығармалары жалпы халықтық тіл қорының бай қазынасының ең тамаша қасиеттерін бойына сіңірген. Сондықтан да, ол шығармалар көркем сөздің ерекше үлгісі ретінде мәңгі жасамақ.
Стилистиканың міндетін жалпы халықтық тіл мен әдеби тілден бөліп қарауға болмайды.
Жалпы халықтық тіл негізгі қатынас құралы ретінде өмірдің барлық саласында пайдаланылады. Осы негізгі қатынас құралы жалпы халықтық тілді белгілі бір жүйелілікке, нормаға салатын әдеби тіл.
Әдеби тіл жалпы халықтық тілдің ауызша және жазбаша түрлерінің негізінде қалыптасады. Сондай-ақ жалпы халықтық тілдің ауызша және жазбаша формалары стильдердің де қалыптасуына негіз болады.
Стилистика жалпы халықтық тілдің ауызша және жазбаша формалары мен оның стильдерінде тілдік белгілерді қалай қолдану қажет екендігін көрсетеді.
Стилистика жалпы халықтық тілдің қолдану заңдылықтарын зерттейтін ғылым болғандықтан, тілдік белгілердің дұрыс қолданылу нормасын көздейді. Тілдік құралдарды дұрыс, ұтымды қолдана білудің қоғамдық үлкен мәні бар.
Тілдік белгілерді сұраптап қолдану заңдылықтары әдетте, айтылатын ойдың мазмұнына байланысты. Ойлау жұмысының нәтижелерін тіл сөз арқылы бейнелейді. Ал сөз арқылы жеткізілетін ой мен оның мазмұнының арасында тығыз байлалыстылық болады. Егер ой түсініксіз болса, онда сөз де түсініксіз шығады.
Мысалы: «Палеонтолог - мамандар бұл теңіз корольдары планетамыздың дамуындағы тас көмір дәуірінде болған деп тапшылайды, бұдан үш жүз миллион жылдай бұрынғы ол кезде «дүние шатырының» қазіргі алып таулы аймағы орнында ұшы-қиырына көз жетпейтін мұхит шалқып жатқан» (газеттен).
Сөйлемді түсіну өте қиын. Айтылатын ойды сауатты жеткізе білмей тек сөйлеушінің не жазушының жалпы мәдениетінің төмендігін ғана білдіріп қоймайды, сонымен қатар ол адамдардың бір-бірімен түсінісуін де қиындатады. Сондықтан ауызша не жазбаша түрде айтылатын ойдың түсінікті, нақтылы болуына айрықша көңіл бөліп, оның мазмұнын дәл бере алатын тілдік құралдарды сұрыптап қолдана білудің манызы зор. Мына бір газет оқушысының хатын алайық:
«Айтпағым көп ретте келіншектер от басында қалып қояды. Кейде күйеуінің бюір мезгіл орынсыз ашуына киліксе үндемейді. Бірақ әркім де өмірдегі, өз еншісіндегі қызықтан, жақсылықтан құр қалмауы керек емес пе? Тұрмысқа шыққасын тоқырау керек пе? Жоқ. Осыған орай әріптестерім, жас келіншектердің көңіліндегілерін білгім келетінін де жасырмаймын» (газеттен).
Хат қысқа жазылған. Бірақ мұнда автордың ойы түсініксіз, жас келіншектерді нендей игілікті, жақсы іске шақыратыны айқын, нақтылы жеткізе алмаған. «...Күйеуінің бір мезгіл орынсыз ашуына киліксе үндемейді», «тұрмысқа шыққасын тоқырау керек пе?» - дегендерді қалай түсінуге болады?! Тілді бұлайша қолдану логикалық қате болып есептеледі. Сонымен бірге, хатта кейбір сөздердің стильдік бояуы ескерілмей қалған: (айтпағым, әріптестерім). «Айтпағым» деп қолдану қарапайым сөйлеу тілінде орынды: әріптестерім - кітаби лексика (коллеги), жалпы қолдануға болады, бірақ дәл осы тексте «замандастарым» десе, дұрыс болатын сияқты.
Стилистика әдеби нормадан ауытқымай, тілді тек дұрыс қолдануды үйретеді, әдеби тілдің стильдік сапасын, мәнерлегіштік қасиетін арттыру жолын көрсетеді. Стилистика жалпы халықтық тілдің ауызша жолын көрсетеді. Стилистика жалпы халықтық тілдің ауызша және жазбаша формаларын, оның әр түрлі стильдерін зерттеп, олардың бір-бірінен айырмашылықтары мен өзіндік ерекшеліктерін қарастырады. Стилистика тілдік құралдардың стильдік белгілерін анықтап, оған сипаттама береді. Стилистиканың объектісі болатын негігі мәселелер - осылар.