Стилистикалық қателер: 1. Қазақ тілінің стилистикалық ресурсын толық меңгермеудің салдарынан болатын қателер: 1) Сөздік қорының жетіспеуі:
а) Бір контексте бір сөздің немесе түбірлес сөздердің себепсіз қайталануы: «Біз бұл өмірде бақытты болу үшін туылдық, сол себептен біз өзімізді бақытты қылуымыз керек». «Осы жерден басталып екеуіміздің таныстығымыз басталды». ә) Плеоназм мен тавтологиялық сөз қолданысының салдарынан сөйлеу тілінің көріксіз, кедей болуы: «15 сәуір күні біздің университет ұжымы жылдағыдай наурыз мерекесін Алматы қаласының орталық бағындағы стадионда тойлады». Осындағы университет және ұжым сөздері бірін-бірі толықтырып тұрған сөздер болса да автор оларды қайталап қолданып, плеоназмдардың әсерінен көпсөзділікке жол берген. Сондай-ақ, сөйлемдегі сөздердің орын тәртібі де сақталмағандықтан, «жылдағыдай» сөзі «наурыз» сөзіне қатысты мағынаны нұсқап тұр. «Мысалы, оған біреудің мүлкіне қол сұқса, ұрласа, тонаса, біреудің өміріне қасақана не болмаса абайсызда нұқсан келтіру жатады немесе қылмысқа әрекетсіздік жатады. Мысалы, дәрігер науқас адамға жәрдем етіп көмектеспесе соның нәтижесінде науқас қаза болса», «Өмір жолы өте қиын, бұралаң жол. Осы жолда саған демеу болатын, құлап қалсаң көтеріп көмегін беретін ана ғой», «Сол кезде ғана қылмыс кішкене, аз-маз болса да азаяды». Тавтология: «Сонан кейін тағы да шашу шашылған соң ойындар ойналып, ән шырқалып, би биленіп той қызығы жалғасты», «Барлығы іс-шаруасын бітіріп, құмырсқа ініне жиылғандай барлық отбасылары жиылады». Штамп сөздердің қолданылуы: «Міне, көзді ашып-жұмғанша тамылжыған көктемнің екінші айы да келіп жетті. Қар еріп, жер қарая бастаған күннен-ақ әр тіршілік иесі өзіне тиесілі жұмыстарымен айналысады». Қыстырма сөздерді орынсыз қолдану: «Қылмыстың алдын алу үшін мектеп қабырғасында дұрыс тәрбие беріп қадағалап, және де діни сабақтар жүргізу және де инспекторлар қою керек». «Ауыр қылмыс негізінен үлкен, жауапты құқықбұзушылық болғанда, яғни ауыр қылмысқа жаза пайдаланылады. Негізінде жеңіл қылмыс немесе құқық-бұзушылық үшін де негізінде елімізде адамның белгілі бір құқығынан айырады».
Әдеби тілге жатпайтын сөздерді себепсіз қолдану: «Арман алысты арымай, тереңге тегеурінмен түссең түбі мұратыңа айналмай қоймайды».
Тілдің көріктеу құралдарын керекті жерінде пайдаланбау: «Әрине, әр адамның өзі біртуар, қайта келмес даналары болады. Бұл адамзаттар елі үшін күрескен, сонымен қатар бізге туындыларын қалдырып кеткен данышпандар болмақ».