Қазақстанда өте кең тараған. Көбінесе дала, құмды дала және шөл өңірлерінің жусан мен астық тұқымдас өсімдік аралас өсетін мөлтектерді мекендейді. Ал оңтүстік өңірде көгал жерде де кездеседі. Шегіртке түсі ашық қоңырдан қара-қоңырға дейін өзгереді.
Алдыңғы арқа сақинасының бүйір қырлары түзу. Үстіңгі қанаттарына көптеген қара дақтары бар.
Артқы дақтарының негізгі бөлігі және артқы сандарының ішкі жағы қызғылт, артқы сирақтары шымқай қызыл. Аналықтарының ұзындығы 24,5–40мм, аталықтары 14,5–23мм болады.
Италияндық шегіртке дернәсілінің дамуы 40–45 күнге созылады. Осы мерзім ішінде дернәсіл 5 рет түлейді. Ересек шегірткелер толық қанаттанғаннан кейін 10–15 күн өткен соң жұмыртқалай бастайды.
Күбіршектерін өсімдігі селдір, топырағы тығыз тапталған мөлтектерге, тіпті құмдауыт, сусыма құмды жерге де сала береді. Күбіршектері аздап доғаша иілген цилиндр тәрізді, ұзындығы 41мм-ге жетеді. Әрбір күбіршекте 4 қатарға орналасқан 30–40 жұмыртқа салады.
Азиялық, мароккалық, итальяндық шегірткелер, ал анда - санда тұрандық және шөл далалық шегірткелер кезеңдік өзгерістерге (үйірлі, ауыспалы, саяқ) ұшырайды.
Олардың үйірленуі кезінде бір шаршы метрде 1000 мың және одан да көп дернәсілі болады. Үйірлі шегірткенің сандары көбейген кезде, алғашқыда дернәсілдің шоғыры (кулиги), кейін олардан шегіртке табындары (стая) пайда болады.