Языковая характеристика этнофразеологизмов
В статье рассматривается функционирование этнофразеологизмов казахского языка в
художественном тексте, которые определены как особый пласт фразеологических единиц,
непосредственно связанных с сущностью этноса. В таких фразеологизмах отражаются национальное
мировоззрение, психология, менталитет, традиции народа. Этнофразеологизмы являются богатым
пластом лексического фонда национального языка, в котором ярко прослеживается связь языка с
культурой.
На
конкретных
примерах
из
художественного
текста
автором
показан
общеупотребительный характер этнофразеологизмов.
This article is devoted to the language nature of ethnophraseological units of our language. In
ethnophraseological units are presented the outlook, life, tradition, customs of the nation.
Ethnophraseological units are presented as riches of language of the nation through examples. Communica-
tion between culture and language is shown on the basis of an ethnophraseological unit. It is considered the
use of ethnophraseological units in works of art and as an indicator of language of the nation.
Ethnophraseological units are specified as national source of knowledge. Ethnophraseological units are con-
sidered as unities and synthesis of phraseological unities which concerns the life of ethnos.
18
Вестник Карагандинского университета
ƏОЖ 81’
М.Қ.Қанабекова
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті, Алматы
Көркем мəтіндегі тарихи стилизация құбылысы
Мақалада автор көркем мəтіндегі стилизация құбылысының орнын, оның белгілі бір кезендегі тарихи
дамуын, прагматикалық сипаты мен танымдық жағын анықтайды. Көркем əдебиеттің тілін тек қана
лингвостилистикалық қырынан ғана зерттеп қоймай, оны коммуникативтік, прагматикалық,
функционалдық қырларынан да қарастырады. Өткен дəуірдегі халық тілінің көрінісінен сыр шертетін
тілдік тұлғалардың қолданысы, сол заманға сай авторлық баяндау амал-тəсілдері көркем шығарма
мысалдарымен дəлелденіп, жан-жақты баяндалған.
Кілтті сөздер: көркем мəтін, тарихи даму, лингвостилистикалық қыры, көне əдеби ескерткіштер,
лингвистикалық зерттеулер, лексикалық бірлік, Монғол империясы.
Соңғы уақытта қазақ əдеби тілінің коммуникативтік-прагматикалық əлеуеті күшейіп, қоғамдық-
əлеуметтік қызметі артып, қолданыстық аясы кеңейе түсуде. Қазіргі тіл білімінде жаңа бағыттағы
зерттеулер мен танымдық негіздегі ғылыми ізденістер қарқынды жүргізілуде. Əсіресе қазіргі
тіліміздің құрылымдық жүйесін, оның белгілі бір кезеңдеріндегі даму тарихын, сөздік қазынасын,
прагматикалық сыр-сипатын, тағы басқа қырларын зерттеуге баса көңіл бөлініп отыр.
Лингвостилистика ғылымында көркем əдебиет тілін зерттеу аспектілері тілдік-стильдік
құбылыстардың мазмұнын кеңейтіп қана қоймай, оның дамуында мəтіннің құрылымдық-
семантикалық ұйымдасуын, авторлық баяндаудың стилистикалық жүйесін, мəтін ішіндегі əр түрлі
стилизация белгілерінің көрінісін де қолданыстық тұрғыдан қарастыру да жиі қолға алынып отыр.
Демек,
лингвистикалық
зерттеулер
ауқымының
кеңеюі
мен
тілдегі
функционалдық,
коммуникативтік-прагматикалық бағыттың қарқынды дамуы көркем əдебиет стилінің де ғылыми-
танымдық тұрғыдан жаңаша сипатта қарастырылуына зор ықпалын тигізуде. Эстетикалық қызметтегі
тілдің бар болмысын ашатын ерекше қолданыс түрі — көркем əдебиет стилі екені мəлім. Оның
лексика-фразеологиялық, грамматикалық, фонетикалық тəсілдерді пайдаланудағы, мəтіннің
құрылымдық ұйымдасу принциптеріндегі түрлі ерекшеліктері болатындығы белгілі.
Бірқатар зерттеушілердің пайымдауынша, мəтін лингвистикасы қазақ тіл ғылымында əр түрлі
мəтіндік үлгілерді ғылыми талдаулармен, оның теориялық негіздерін анықтаумен байланысты
қалыптасқандығы айтылып, ғылыми-теориялық тұрғыдан негізделуде. Мəселен, көркем мəтін
лингвистикасын Р.Сыздық, Е.Жанпейісов, Х.Кəрімов, М.Серғалиев, Б.Шалабай, Г.Смағұлова,
Г.Əзімжанова, публицистикалық мəтін үлгілерін С.Исаев, Б.Əбілқасымов, Б.Момынова, О.Бүркіт,
Қ.Есенова, ғылыми мəтіннің синтаксистік құрылымын С.Əлісжанов, З.Ерназарова, мəтінмен тікелей
байланысты текстологиялық талдауды Ғ.Əнес, тағы басқа ғалымдар қарастырған.
Прагмастилистика ғылымының да зерттеу нысаны — мəтін, бұл мəселеге қатысты алғашқы
теориялық тұжырымдар мен пайымдаулар М.М.Бахтин, В.В.Виноградов, Г.О.Винокур,
А.А.Реформатский, Н.С.Поспелов, Г.В.Колшанский, И.Р.Гальперин, Ю.Д.Апресян, тағы басқа
ғалымдардың зерттеу еңбектерінде негізделеді. Мəтін стилистикасында негізінен көркем əдебиет тілі
зерттеу нысанына алынады, онда көркем мəтіннің түзілу ерекшелігі, құрылымдық-стилистикалық
сипаты, автор мəселесі, кейіпкерлердің тілдік ұйымдасуы, баяндау типтері, мəтіндік бірліктердің
қызметі т.б. қарастырылады. Көркем əдебиеттің тілін тек лингвостилистикалық аспектіде ғана емес,
коммуникативтік-прагматикалық, функционалдық тұрғысынан да зерттеу ісі қолға алына бастады.
Негізінен əрбір мəтін функционалды стиль түрлерінің тілдік-құрылымдық белгілерін көрсетіп бере
алады. Көркем мəтіннің сипаты коммуникативтік жəне эстетикалық қызметтердің бірлігімен
айқындалады.
Тарихи жанрда жазылған əдеби туындылардың мəтіні де стиль тезіне түсірілген тілдік
элементтердің іштей ұйымдасқан, өзара тығыз байланысқан бірлігінен тұрады, белгілі бір тарихи
кезеңнің көркем бейнесі эстетикалық-танымдық ақпарат түрінде жеткізуде автордың идеялық
көзқарасына бағытталған тұтас жүйе ретінде қарастырылады. Тарихи мəтіндердегі баяндау — көркем
шығарманың конструктивтік принципін белгілейтін стильдік категория. Ол, бір жағынан, өткен
дəуірлердегі қоғам, əлеумет өмірін бейнелі де көркем түрде суреттеп, қалың көпшіліктің білік-
Көркем мəтіндегі тарихи…
Серия «Филология». № 2(66)/2012
19
танымын көтерсе, екінші жағынан, ана тіліміздің бұрынды-соңды сөз байлығынан, образдар
жүйесінен ақпарат береді. Олай болса, тарихи шығарма табиғатындағы өткен өмір, дəуір шындығын
бейнелейтін сипаттауыш тілдік элементтердің мəтінтүзушілік қызметін талдау, тарихи баяндаудың
қолданыстық ерекшелігін ашып көрсету, стилизация құбылысының көрінісін тілдік деректер
негізінде зерттеп-зерделеу əлі де жан-жақты талдауды қажет етеді.
Жалпы тіл біліміндегі ғылыми-теориялық зерттеу еңбектерде тарихи көркем мəтіннің өзіндік
сипаты, ондағы стилизация проблемасы, автордың тілдік бейнесі, баяндау перспективасы, кейіпкер
тілі мен автор тілінің қарым-қатынасы т.б. мəселелер таза ғылыми сипатта талданып, стилизацияны
танытатын тілдік құралдарды жүйелеп, оларды пайдалану жолдарын, қолданылу принциптерін
айқындап береді [1]. Тарихи көркем мəтіндегі баяндау типтері, кейіпкерлер сөзінің тілдік
ұйымдасуын белгілеу, ондағы стильдік құралдардың жұмсалу заңдылықтарын ашып көрсету т.б.
мəселелер тарихи стилизацияның өзіндік ұғым-категорияларын қалыптастырып, құрылымдық
компоненттерін белгілейді. Тарихи стилизацияға қатысты мұндай зерттеу тəжірибелер бұл мəселенің
аса күрделілігін, көпжақтылығын көрсетеді. Қазіргі уақытта əдебиеттанушылар мен тілші-ғалымдар
авторға жəне мəтінге ерекше назар аударып келгені мəлім, яғни «автор — мəтін — оқырман»
категорияларының құрылымдық ерекшелігі прагматикалық тұрғыдан біршама зерттеуге алына
бастады.
Қазіргі таңда функционалды стиль түрлерінің жүйеленіп, сараланып орнығуына байланысты
көркем мəтінде əр түрлі стилизация құбылысы көріне бастады. Оның ішінде тарихи стилизация
белгілері қазіргі тарихи жанрдағы көркем туындылар тілінен анық байқалады. Əр суреткер-жазушы
белгілі бір тарихи кезеңді суреттейтін тілдік құбылыстарды стильдік мақсатпен орынды, дəл қолдана
білсе, əр кейіпкерін өз «дəуірінше» сөйлетсе, тарихи шығарманың стильдік тұрғыдан қойылатын
талапты жақсы өтегені, оқырманды шындыққа сендіртіп, өзіндік ұғым-көзқарасын қалыптастыра
білгендігі. Мұндай əдіс шығарма тілін тарихи стиль тезіне түсіру деп танылады. Қазақ тіл ғылымында
стилизация құбылысын алғаш танып табиғатын анықтауда, тілдік-стильдік тұрғыдан талдап-танытуда
төмендегідей пікірлер бар: «Стилизация дегеніміз шығарманың тақырыбына, жанрына, эстетикалық
мақсатына жəне «автор образы» дегенге (яғни автордың идеясы, көзқарасы, позициясына) тілінің
үндес келуі ғой. Мысалы, тарихи шығарма авторы жеке атауларды таңдауда болсын, кейіпкерлерін
сөйлетуде болсын, т.т. суреттеп отырған дəуір шындығына мейлінше жақын, сəйкес келуді көздесе,
ол тарихи стилизация болмақ» [2].
Қазіргі тарихи мəтіндер тілінде өткен ғасырлардағы қазақ халқының əлеуметтік-саяси өмірі, сол
кезеңдердегі тыныс-тіршілігі суреттелетіндіктен, сол дəуірге тəн тілдік реалийлерді (белгілерді),
ескіліктер мен байырғы сөз орамдарын тауып, соларды көркемдік қажетіне жаратады. Көркем
əдебиет тіліндегі стилизация табиғаты автор мен адресат арақатынасының алуан түрлі формаларда
болатын байлығымен, екеуінің де тұлғасы айқын, анық, бейнелі түрде көріне алатындығымен
ерекшеленеді.
Тарихи көркем мəтіннің тілі, негізінен екі тұрғыдан сипаттамалы болып келеді. Онда оқиға
желісі жалпыға ортақ əдеби тілмен суреттеле отырып, сол дəуір тілінің де сипаты қатар көрінеді. Бұл
екі тілдік құбылыстың (екі құрылымдық жүйенің) көркем баяндауға ену жолдары, əдістері сан түрлі
болуы мүмкін. Олар оқырман санасында тұтас бір дəуірді сипаттайтын суреттемелік құралдар əрі
тарихи көркем баяндауды құрайтын стильдік элементтер ретінде көрінеді. Демек, тарихи стиль тезіне
түсірудің мəні, дəлірек айтқанда, мəтіннің тілдік ұйымдасуындағы екінші құрылымында ғана толық
көрінеді. Көркем мəтіндегі нормадан ауытқулар белгілі бір стилистикалық мүдде-əрекеттен
туындайды жəне тарихи ақпарат жеткізушісі болады. Қазіргі бірқатар тарихи туындылардың тілін
тарихи баяндаудың құрылымдық ерекшеліктері тұрғысынан талдағанда, стильдік екі құрылымның да
үлгісі бола алатынына тілдік деректер арқылы көз жеткіздік. Ə.Кекілбаевтің «Үркер» романында
Əбілқайыр ханды суреттеген тұстарына назар аударалық: Елшінің көз алдына қашан көрсең де бір
қалпында тұратын сұп-сұр жүзі, тұнжыр жанары мен салыңқы қабағы келді. Бұның бəрі бұрын
оған қайдағы жоқ сұмдықтарды ойлап отыратын ішмерездік қана сияқты көрінуші еді, енді
байқаса, ішіндегі қара қазандай бұрқ-сарқ қайнап жатқан əлем-тапырық көңілін байқатқысы
келмеген ерекше бір ұстам, сабыр екен ғой... Белгілі бір прагматикалық мақсат көздеген автор бір сөз
не тіркесті тірек көркемдік амал ретінде таңдап, стильдік жүк арқалатады. Демек, сұп-сұр сөзінің
контекстегі қызметі, бейнелілік сипаты айрықша, мұнда кейіпкердің сыртқы кескін-келбетін,
портретін суреттеуден гөрі, Əбілқайыр ханның ішкі психологиялық күй-қалпын, саясаттағы
М.Қ.Қанабекова
20
Вестник Карагандинского университета
пиғылын, күрес амалын ашып көрсетуде қолданысқа енген. Сол арқылы адресат қабылдауына
айрықша əсер етіп, ішкі эмоциялық ой əлеміне жетелейді.
Суреттеліп отырған дəуір шындығын адресатқа шынайы жеткізуде тарихи мəтіндерде
сипаттауыш элементтердің бірі — экспрессиялық қуаты күшті бейнелі тұрақты тіркестер мен
байырғы сөздердің, көркемдеуіш амал-тəсілдердің тиімді үлгілерін оқырман қабылдауына лайық
ұсынады. Мəселен, белгілі жазушы М.Мағауин «Аласапыран» романында көне құбылыстарды,
əсіресе қару-жарақ атауларын тарихи ақпаратты жеткізуде ғана емес, көркем бейне тудыруда, мəтінге
поэтикалық сипат беруде тиімді пайдаланады. Автор мен адресат арақатынасы, тұлғасы бейнелі
тілдік бірліктердің (метафора, теңеу, эпитеттің) қатысуымен айқындала түскен: Қандауырдың
жүзіндей қайқы кірпіктері; Хан-аға — жақ болғанда, сұлтан-іні — жебе; Арғы атаңа орнықты
орда болған, бергі атаңа қайраусыз қара қанжар, берік түйінді берен сауыт болған мына біз едік...»
тəрізді экспрессивті эпитет, теңеулерде қару-жарақ атауларын адамзатқа теңеу болса, он сан оқ,
аламан оқ, дізе оқ, ши оқ, томар оқ, доғал оқ сияқты тіркестерде бір «оқ» сөзінің бірнеше сөздермен
тіркесіп келіп, стильдік бедерге ие болуы таңбаның əрқилы прагматикалық сипатын таныта алады.
Бұл — автордың тілдік тұлғасын айқындаудың мəнмəтіндегі поэтикалық элементтер əрі көркем
баяндаудың ішкі құрылымдық, тілдік ұйымдасуын белгілейтін мəнерлі тəсілдер.
Автор-суреткердің тарихи баяндаудан тағы бір өзіндік құрылымдық-стильдік ерекшеліктері
аңғарылады. Автор тілінде де, кейіпкер атынан берілетін баяндауларда да өткен дəуірге тəн халық
тілінің асыл қазынасы — мақал-мəтелдерді, байырғы шешендік сөз үлгілерін, нақыл сөздерді де
ұтымды қолданады: «Қылыш үстінде — серт жоқ, қымыз үстінде — кеңес жоқ, Аға тұрып іні
сөйлегеннен без, төре тұрып қара сөйлегеннен без» — тəрізді ақиқатқа айналған мақал-мəтелдердің,
фразалық тіркестерінің қолданылуы — тарихи баяндаудың стильдік белгілері əрі мəтін түзудің
элементтері. Автор əрбір кейіпкерін өз атақ-дəрежесіне қарай сөйлетуде де, оның іс-əрекетіне баға
беруде де, тіпті оның кескін-келбетін, ниет-пиғылын (интенциясын) оқырманға (адресатқа) сенімді
түрде де жеткізуде де осындай шұрайлы сөздердің керектігін жақсы түсінген. Жазушының
дүниетанымы, өзіндік көзқарасынан, сөз саптаудағы шеберлігінен кейіпкерлерінің де танымдық-
мəдени деңгейі анық аңғарылады. Мысалы, мына бір жолдарға назар аударалық: «...ұсақтан ұтпа,
ұзағын күт. Халық — бала, өзін кім жақсы көрсе, құлап түседі. Қарашы бегің — қыран құс, жем
үшін ұшады, қызылдан қақпасаң қызыл шолақтың өзін алып береді; Өкпе арты өштікке ұласатын
кез бар, наз арты түңіліске ұласатын кез бар», — дейді Əз-ханым əже. Бұл — сол заманның ой
ағымы, философиясы. Жəне ол философия ел анасы — əженің танымымен беріліп отыр. Автордың
прагматикалық мақсат көздей отырып, мұндай тілдік таңбаларды қолдануы арқылы аталған
туындының ақпараттық əрі эстетикалық-көркемдік мазмұны ашыла түседі. Соның негізінде
көркемділіктің айрықша көрінісі ретіндегі шығарманың поэтикалық тіл кестесі айқындала түседі.
Тарихи көркем шығармалардың поэтикалық тіл кестесін айшықтайтын үлгілердің бірі — шешендік
сөздер екені анық.
Өткен ғасырларда шешендік сипат алған лексикалық бірліктер тек өнер туындысы ғана емес,
əлеуметтік-рухани іс-əрекеттің танымдық құралы болған. Шешендік сөздердің прагматикалық мəні
айтылар ойдың логикалылығы мен аргументінің тереңдігінен, дəлелінің мықтылығынан, тыңдаушыға
(адресатқа) əсер ететін эстетикалық қасиетінен (эмоциялық көзқарасынан, ойлантудан т.т.) нақты
көрінеді. Тарихты көркем түрде бедерлеуде көркем сөз шебері М.Мағауин жоғарыда аталған тарихи
романында ақылгөй дана Əз-ханым əженің түйінді ойын (монологын) былайша жеткізеді:
Егер Тəуекел хан алаш бегін қоңыраттан, ұлыс бегін жалайырдан қойса, бар қазақты тең
тұтам деп жар салғаны емес пе? Бегін белге шығарып, еліне қоныс берсе, жау қолында қалған
барлық руға ұран шашқаны емес пе? Жетім қозы тас бауыр, жат болып кетсе, қайтесің... Бірақ,
балам, өкпе арты өкінішке ұласатын кеп бар, наз арты түңіліске ұласатын кез бар... Мен ақылы
қысқа əйелмін, көсемдігімнен емес, көргендігімнен айтам... Мұнда ел анасы атанған Əз-ханымның
философиялық ой ағымы нағыз шешендік сөз үлгісінде берілген. Əлеуметтік мəселені қозғаған
толғау мəніндегі сөзі шешендікке тəн шарттары мен белгілері (ұйқасты параллелизмдер, дыбыстар
үйлесімділігі, мақал-мəтелдер мен афоризмдер) арқылы айшықты да көркем тілмен шебер
жеткізілген. Тыңдаушыға ықпал ететін, оның айрықша реакциясын туғызатын, айтылған ойдан
тұжырым жасай біліп, нəтижеге итермелейтін данагөй əженің даналы ойынан (монологінен)
сөйлеушінің жалпы білім-түсінігі, əлеуметтік мəселеге деген көзқарасы мен танымы, түсіну қабілеті
қабылдаушы тұрғысынан айрықша бағаланады. Бұл тұрғыдан суреткер-жазушы би, хан, елші,
ақылгөй даналарын шешен тілмен əсерлі сөйлете білген. Тағы бір дəлел: Сүтемген бидің Тəуекел
Көркем мəтіндегі тарихи…
Серия «Филология». № 2(66)/2012
21
ханның «...келешек күндерде ата жұртының тізгінін ұстауға лайық қалға — ізбасарға қай сұлтанды
қалайсыңдар» деген сұрағына қарата айтылған сөзін алайық. Мұнда билер аузынан шығатын
шешендік сөздерге тəн шарттар түгел сақталған. Басты шарттардың бірі — адресатқа, яғни
көпшілікке, қарата айтылған сөздің түсініктілігі мен əсерлілігі, эстетикалық қуатының молдығы,
айтар ойының (идеясының) айқындылығы. Осындай шарттары сақталған жағдайда ғана шешендік сөз
тыңдаушылардың ақыл-ойы мен еркіне əсер етіп, оларды белгілі бір іс-əрекетке ұмтылдыратын сөз
болып шығады. Сондықтан да Сүтемген бидің ізбасар-сұлтандар жайындағы сөзі тек Тəуекел ханға
емес, өзге де сұлтандарға, бектерге, батырларға жəне оларды қаумалаған қалың жұртшылыққа қарата
айтылады жəне бұл сөзінің əлеуметтік-пафостық үні ерекше сезіледі. Демек, жазушы əлеуметтік-
тарихи тақырыптың тыңдарман қауымға əрі түсінікті, əрі психологиялық əсер ететін болып шығуы
үшін би сөзінің көркемдік-эстетикалық көрсеткіштерін толық сақтаған. Ол көрсеткіштер: дəстүрлі
жəне мəнмəтіндік (авторлық) эпитеттер мен теңеулер, метафора, метонимия, аллегория, гипербола
т.б. троптың түрлері, қайталама құрылымдар, параллель түзілімдер, дамыту мен антитеза
(шендестіру) тəрізді айшықтау тəсілдері, дыбыстық қайталаулар (ассонанс, аллитерация) болып
келеді. Мысалы, Бөрі боп туған баһадур көп; Арыстан боп туған асылзада көп. Сондай-ақ Сүтемген
бидің сөзінің тағы бір үзігін алып,...хан иемнің үзеңгісіне ілесіп, бүкіл түстікті тітіретті дегенді
«ханмен қатар шабуыл-соғысқа қатысып, оңтүстікте жатқан жауларды жеңді» деген жалпыға
түсінікті тілде ұғынсақ, астарлы мəнде айтылған метафораның əсемдігі мен əсерлілігі айрықша назар
аудартады. Мұндай жайттарда шешен (сөйлеуші тұлға) өзін өзгеше күйде ерекше қолтаңбасымен
танытады. Нені түгел айтып, нені бүгіп отырғаны, оның ұғымынша қандай нəрсені атамаса да
түсінікті екенін сөйлеу кезінде қандай мүмкіндіктер байқалатындығын біледі. Шешеннің
коммуникативтік тұспалын (интенциясын) тыңдаушының аңғара білуі сөйлеу жағдаятының
ойдағыдай өтуіне септігін тигізеді. Олай болса, шешендік сөздер — стилистикалық əсері айрықша,
тыңдаушыға тікелей бағытталған, прагматикалық əлеуеті бар ерекше сөз өнері. Көпшілікті сөйлеу
мəдениетіне тəрбиелейтін, адамның дүниетанымын, мəдени өресін танытатын тағылымы мол құрал.
Бірқатар зерттеу еңбектерде, ғалымдар танығандай, шешендік сөздер дискурсында сөйлеуші мен
тыңдаушы арақатынасынан туындайтын осындай прагматикалық ерекшеліктерді тарихи көркем
мəтіндерден де анық аңғаруға болады. Бұл да көркем шығарманы тарихи стиль тезіне түсірудің өткір
де ұтымды тəсілдерінің бірі.
Жазушы-авторлар тарихи мəтін құрылымындағы баяндау типін түрлендіруде кейіпкерлер
сөзінің тілдік ұйымдасуын өзгеше қалыптастырады. Кей сөздерді тек номинатив мағынасында
жұмсамай, оларға тарихи семантикалық рең үстеп, өзгеше сөздермен жаңаша тіркестіріп қолданады.
Бейнеленіп отырған дəуірде қалыптаса қоймаған сипаттауыш тұрақты тіркестердің мұндай
қолданысы арқылы өткен заманның мазмұны анық танылып жатады:... «Өкінішім — үш жүздің
басын қоса алмадым: аз елге хан болдым, қазаққа мал емшегін емізгенмен, жер емшегін емізе
алмадым. Өзге жаудан қазақтың жерін қорғаймын деп жүргенімде дүние құрғыр өтіп кетіпті ғой.»
(І.Есенберлин. «Көшпенділер»). Бұл үзіндіден көркем мəтіннің стильдік мəнері бірден аңғарылады.
Бұқармен диалогінде Абылайдың қайраткер ретіндегі шешендігі анық танылады. Қазіргі əдеби тілдегі
жалпыға түсінікті «мал бақтырғанмен, егін салдыра алмадым» деп жай баяндап айтудан гөрі, автор
суреттеліп отырған дəуірге тəн арнайы тілдік реалийлерді пайдаланбаса да, мал емшегін емізу, жер
емшегі тəрізді фразеологизмдер арқылы Абылай дəуіріне тəн ірі əлеуметтік мəселенің (саяси
отырықшылық) тарихи мəні ашылып, сол заманның үні естіледі. Бұл — көне заманның мазмұнын
жеткізудегі автор бейнесін қалыптастырудың стильдік тəсілі. Автор мұндай амалды уəжді
ұстаныммен мəтіннің эстетикалық қуатын арттыруда тиімді пайдаланған.
Тарихи стиль тезіне түсірілген (стилизацияланған) шығармаларда өткен дəуірдің ұлттық-тілдік
колоритін жеткізуде, тарихи шындықты шынайы суреттеуде ерекшеленетін тəсіл, əрине, танымдық
сипаты басым — көнерген жəне ескірген лексикалық бірліктердің болатыны табиғи. Бұл тəсілдер
тарихи стиль тезіне түсірудің негізгі тілдік көрсеткіштері бола отырып, бүгінгі оқырмандар
көзқарасына, қабылдауына лайықты дəуір тілін қатаң сұрыптауды, орнымен өз мағынасында дəл
жұмсай білуді талап етеді. Қысқасы, əр сөзді (тарихи реалийлерді) өз мағынасында дəл танып, дұрыс
қолдана білу — стильдік қана талап емес, ол — мағына айқындығының да талабы деп түсіну лазым.
Сондықтан мұнда танымдық-теориялық талдаулармен қатар, бүгінгі тілде мағынасы мүлде түсініксіз
немесе біршама түсінікті, бірақ сирек кездесетін, не болмаса мəнмəтін (контекст) арқылы түсінуге
болатын ескірген жəне көнерген сөздер жөнінде түсіндірме сипатындағы ізденістер де қажет-ақ.
Соңғы бағыттағы ой-пікірімізді бір-екі тілдік деректер негізінде ашып көрсетелік.
М.Қ.Қанабекова
22
Вестник Карагандинского университета
Тарихи мəтіндер тілінде ескіліктердің (көнерген сөздердің) бірқатары түсініксіз сөздер,
сондықтан мұндай жағдайда ұмыт болған немесе мағынасы күңгірттенген сөздер мен сөз тіркестерін
реті келген сəттерде автор (ғалым, жазушы, журналист) тарапынан түсіндіріліп отырса, игілікті іс
болар еді. Өйткені қалың оқырман қауым мəнмəтін (контекст) бойынша жалпы мазмұнын ұққанымен,
сол кездегі (өткен дəуірлерде) білдірген мағынасын дəл тани бермейді. Белгілі жазушы
І.Есенберлиннің «Көшпенділер» романындағы мынадай сөйлем жолдарына назар аударалық: «Ол
ератын да осы ажалмен қорқытып ұстаған жоқ па?; Бас наибы Қастек би мен ауыз үйде күтіп тұрған
паруалар үн-түнсіз соңынан ере берді». Бұл үзінділердегі мағынасы түсініксіз ерат, паруа сөздеріне
автор өз тарапынан сілтеме беріп, мағынасын ашып отырады: «Ерат — ескі түркі тілі, «əскер»
мағынасындағы сөз. Ал паруа сөзінің «хан соңындағы қорғаушы адамдары» деген мəнде жұмсалып
тұрғандығын автор ұғындыра кетеді. В.Бартольдт өзінің көптомдық шығармаларында паруа сөзінің
мағынасына осы ұғымда төмендегідей түсінік береді: «перване, занимавшие эту должность, в
которых в средние века была связана передача личных распоряжений государя» [3]. Сол сияқты
мəтінде кездесетін пасбан, тұтғақ сөздерінің де оқырман қауым контекст ішінде нақты мағынасын
тани бермейді, яғни бұл екі лексикалық бірліктің де І.Есенберлин шығармасында күзетші, түнгі
күзетші тобы деген мəнде жұмсалғандығын мəнмəтін арқылы түсінуге болады.
«Аласапыран» романында М.Мағауин қолданысында кейбір ескіліктер контекст ішінде жеңіл
ұғынылады. Мысалы: «Сұлтан сол қолда — ең құрметті орында, Көшек сұлтанмен тізе түйістіре
отырған, көк бурыл сақалды, білгі, беделі алашқа əйгілі Томан бимен арнайы тіл қатысты; Қала
ішінде ханға сенімді қиындық күндері қасында болған, бұқаралық Баба-Сұлтанның басын кескен,
басқа талай сұлтанды тітіреткен, ақыры Тəуекелді осы дəрежеге жеткізген атақты əскерден мың
қаралы ғана аламан бар».
Осы мəтін үзіктерінен қазіргі тілімізде нормативтік бірліктер ретінде танылатын: алаш, аламан
сөздерінің мынадай көне ұғымдарда жұмсалғандығын бірден аңғаруға болады: алаш — «ел-жұрт,
халық» деген мəндегі сөз, ал аламан мұнда негізінен «қол, сарбаз» мағынасында жұмсалғандығы
өткен дəуірдегі əдеби тіл үлгілері де дəлелдей түседі.
Лексикалық бірліктердің бүгінгі күндегі түсініктілік дəрежесі айқын емес көнерген сөздің бірі —
басқақ. Зерттеушілер танығандай, ол — түркі сөзі, «алым-салық жинаушы» мəнінде «Көшпенділер»
романында жұмсалған. Бұл сөздің көбінесе монғол тіліндегі даруғачи / даруға титулының түркілік
варианты ретінде жұмсалғандығын тарихи деректерден кездестіреміз. Шыңғысхан, оның ұрпақтары
жөнінде, Түркістан тарихын суреттейтін көптомдық шығармасында белгілі тарихшы В.Бартольдт
«басқақ» жөнінде мынадай деректер келтіреді: «Может быть, следует транскрипции тюркского
термина баскак, соответствующего монгольскому даругачи» [3]...
Басқақ сөзі туралы аталған авторда екінші бір деректер келтірілген: «Во всех странах,
завоеванных монголами, они мусульманские купцы... самые выгодные должности, в частности, в
руках купцов находилось финансовое управление, а также должности сборщиков податей баскаков».
Тарихи деректерден келтірілген басқақ сөзінің мағынасы жазушы В.Янның «Шыңғысхан»
романының қазақша басылымында да «алым-салық жинаушы бастық» ұғымында қолданылады.
«Көшпенділер» авторы бұл сөзді «монғол хандарының басып алған жерлеріндегі халықтан алым-
салық жинап тұратын уəкілі» деген мағынада жұмсаған. Монғол империясы орнаған кездегі
əлеуметтік тарихи шындықты дəл бейнелеп көрсету үшін осындай тілдік белгілерді стильдік
мақсатпен орынды қолданған: «Құлағу арғын əйелінің айтқанын орындап, қарамағындағы бүкіл Қара
теңіз маңындағы елге бас басқақ етіп Арғын батырды отырғызды».
Монғол империясы тұсында хан сарайында қызмет көрсететіндер бірнеше топқа бөлінген,
солардың бірі — ат əзірлеп сайлайтындар болса, келесілері — хан сарайындағылар ішетін тағам мен
сусындардың даярлығын ұйымдастырып, табақ тартушылар т.т. Соңғы қызметті атқарушыны
бақауыл, немесе бауыршы, деп атаған. «Көшпенділер» туындысында да бақауыл сөзі осы мағынада
жұмсалған. Бұл сөздің бөкеуіл варианты да ұшырасады. М.Мағауинның тілдік қолданысында да осы
ұғымдарда бауыршы, сабадар сөздері де стильдік мақсатпен жұмсалған. Мұнда бауыршы — «ас-су,
дастархан жайын басқаратын бек» болса, сабадар — «қымыз құюшы, сусын иесі» деген мəндегі
авторлық-окказионалдық қолданыстағы тілдік бірлік ретінде танылады. Мысалы, «Бауыршы ертемен
екі өгізше əкеп береді...», «Ол иіліп тұрған қалпы ыдысты сабадарға өткізген». Бақауыл, не бөкеуіл
варианты, көнерген сөзі қазіргі тілімізде мақал-мəтелдер құрамында сақталған: «Аз жақсыға
жасауыл болма, көп асқа бөкеуіл болма». Мақал-мəтелдер құрамында сақталған нақыл сөздерді
«Көшпенділер» авторы да Абылай ханның тілдік мінездемесін ашып көрсетуде пайдаланған. Бірде
Көркем мəтіндегі тарихи…
Серия «Филология». № 2(66)/2012
23
Қалден Церен Абылайға: « Дүниеде не жаман?» — деп сұрағанда, ол: « Дүниеде аз асқа бақауыл, аз
елге хан болған жаман», — деп жауап береді. Бақауыл сөзі өзге де түркі халықтарының тілдерінде
кездеседі. Өзбек тілінде баковул — аспазшы [4].
Сөйтіп, тарихи көркем мəтіндердегі стилизация құбылысының көріну жолдары, баяндау
перспективасы, кейіпкерлер сөзінің тілдік ұйымдасуы, тілдік бірліктердің мəтін түзудегі стильдік
қызметі, ескіліктердің тарихи-танымдық мəні жоғарыда сөз еткен тілдік деректермен шектелмейді,
мұндай жанрдағы мəтіннің тіл қолданысындағы орнын тиянақты талдау үшін стилистикалық,
прагматикалық тұрғыдан жүйелі зерттеулер жүргізу — бүгінгі ғылымның абыройлы міндеті.
Жазушылардың халқымыздың өткен тарихына батыл қадам жасаған сайын құдіретті тіліміздің сан
алуан бай сөздік қазынасын, тарихи көркем сөз үлгілерін стилизация құралы ретінде бедерлейтіндігі
даусыз.
Əдебиеттер тізімі
1 Левин В.Д. Средства языковой исторической стилизации в романах Ю.Н.Тынянова // Исследования по языку
советских писателей. — М.: Изд. АН СССР, 1959. — С. 87.
2 Өнер алды — қызыл тіл. — Алматы: Жазушы, 1984. — 82-б.
3 Бартольдт В.В. Сочинения: В 9 т. — М.: Наука, 1963. — С. 296.
4 Узбекско-русский словарь. — М.: ГИИНС,1959. — С. 840.
М.К.Канабекова
Достарыңызбен бөлісу: |