№2(70)/2013 Серия филология



жүктеу 5.04 Kb.

бет5/14
Дата15.03.2017
өлшемі5.04 Kb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14

Научные основы исследования этнокультурной лексики казахского языка 
В  статье  рассмотрена  история  становления  и  развития  этнолексики  казахского  языка,  дан  обзор 
научной  литературы  по  этнолексике.  Этнос,  бытие  этноса  и  его  языковые  особенности 
характеризуются  на  основе  конкретных  примеров.  Авторами  статьи  отмечено,  что  этнокультурная 
лексика  является  основой  этнолингвистических  направлений,  которая  обогащает  лексико-
семантический  фонд  языка.  На  основе  языкового  материала  показано,  что  этнонаименования, 
употребляемые  в  произведениях  Ж.Аймауытова,  М.Ауезова,  А.Нурпеисова,  являются  средством 
выражения национального колорита. 
 
A.Z.Kazanbaeva, A.Ye.Kapanova 
Scientific bases of research of ethnocultural lexicon of the Kazakh language 
In article the history of formation and development of ethnolexicon of the Kazakh language is considered, the 
review of nauchey literature on ethnolexicon becomes. The ethnos, life of ethnos and its language 
ososbennost are characterized on the basis of concrete examples. Avtoora articles note that the ethnocultural 
lexicon is a basis of the ethnolinguistic directions which enriches lexico-semantic fund of language. On the 
basis of language матераила show that the etnoimenovaniye used in works J.Aymauytov, M.Auyezova, 
A.Nurpeysov, are means of expression of national color. 
 
 
 
 

Психикалық жай-күйлердің танымдық сипаты 
Серия «Филология». № 2(70)/2013 
33 
ƏОЖ 811.512.122:81'22'373 
Е.Е.Түйте 
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті (E-mail: eldos_t_e@mail.ru) 
Психикалық жай-күйлердің танымдық сипаты 
Мақалада  психикалық  жай-күйлер  лексикасының  танымдық  ерекшеліктері,  олардың  ұлттық  сипаты 
сөз  болады.  Психикалық  жай-күй  мəселесінің  адамтану  ғылымында  маңызы  зор,  себебі  психикалық 
жай-күй адам іс-əрекетінің сипатын айқындайды, атап айтқанда, оның мінез-құлқын, жүріс-тұрысын, 
қай халық өкілі екендігін, ұлттық болмысын т.б. қасиетін анықтайды. Осындай психологиялық негізде 
көрініс  беретін  белгілер  тілдік  тұрғыдан  талданды.  Мақалада  сөз  болған  мəселелер  адамның 
психологиялық  ерекшелігінен туындайтын  психикалық  жай-күйлердің  тілдік  көрінісі  мен табиғатын 
айқындауға бағытталған жəне қазіргі таңда қоғам қажеттігін өтейтіні даусыз. 
Кілтті  сөздер:  психикалық  жай-күйлер,  метафора,  таным,  концепт,  түр-түс,  фразеологизм,  мінез-
құлық, болмыс, адам, мəдениет, салт-дəстүр, эмоция, аффективті көңіл-күй, ұлт. 
Қазақ  топырағында  қазіргі  өмір  сүріп  отырған  кезеңде  антропоцентристік  парадигманың,  яғни 
аталмыш  бағыттың,  нəтижесінде  тіл  мен  мəдениет,  тіл  мен  таным,  тіл  мен  адам,  тіл  мен  ұлт  т.б. 
көптеген  осындай  байланыстардың  нəтижесінде  жаңа  ілімдер  дүниеге  келе  бастады,  олар: 
этнолингвистика,  лингвомəдениеттану,  психолингвистика,  əлеуметтік  лингвистика,  этно-
психолингвистика, когнитивтік лингвистика. 
Адам  өзінің  физикалық  кейпін,  өзінің  ішкі  жай-күйін,  эмоциясын,  дүниеге,  табиғатқа  деген 
заттық  немесе  заттық  емес  қарым-қатынасын  тіл  арқылы  көрсете  алуы  мүмкін.  Осы  себептен  тіл 
антроцентрикалық болып табылады. 
Адам өзін қоршаған ортаны таным үдерісі арқылы қабылдап, оны сыртқа тіл арқылы шығарады. 
Тіл — ойдың жемісі. Ой — сана. Сана — психологиялық құбылыс. Кез келген адам ішкі жан дүниесі 
арқылы қабылдаған сыртқы дүниелерге өз бағасын, көзқарасын немесе қарсылығын білдіруі мүмкін. 
Мысалы,  ұнамаған  затына  ашулануы  немесе  ұялуы  мүмкін.  Керісінше,  қуанышты  жағдайда  жүзі 
жадырап, небір дүниелерді тудыру не тындыруы мүмкін. Осындай жағдайдан кейін біз адамдардың 
психикалық құбылыстарының да (ойлау, қабылдау, сөйлеу) бірдей емес екендігін аңғарамыз. Таным 
үдерісінде  адамдар  қабылдаған  ұғымдар  ауыспалы  мағыналарға  ие  болып  жатады,  яғни 
семантикалық  өрісті  қайта  құрушы  үдеріс  ретінде  тіл  адамдарды  жаңа  ақпарат  ағынын  қабылдауға 
қажетті ауыстырулармен қамтамасыз етеді. Ғылымда мұны метафора (грек сөзі — ауыстыру) дейді. 
«Метафора — жаңа  ұғымдарды  жасай  отырып,  жаңа  білімнің  жасалуына  ықпал  ететін  фактор, 
тұжырымдау мен танымның үлгісі» [1]. Сонымен қоса метафора адамның эмоционалды реакциясын 
білдірудің маңызды құралдарының бірі болып есептеледі. Мəселен: Жүрегім менің жүйіткіп жүзген, 
долы мұхит кемесі (М.Мақатаев). 
«Метафора — сөзге  жаңа  мағына  қосып,  оның  семантикалық  шеңберін  кеңейтіп,  əрдайым 
үздіксіз дамытып отыратын тілдік құбылыс» [2; 88]. 
Тілімізде  адамның  психикалық  жай-күйлерін  білдіретін  метафоралар  саны  жеткілікті.  Оларды 
қолдану  белгілі  бір  жағдайларға,  оқиғаларға  байланысты  болуы  мүмкін.  Көп  жағдайда  біз  мұндай 
қолданыстарды  ақын-жазушылар  шығармаларынан  көптеп  кездестіреміз.  Бұл  туралы  ғалым 
А.Сыбанбаева былай дейді: «Əлемдегі салыстырылатын заттар мен құбылыстар, іс-əрекеттер, қалып-
жағдайлар  арасында  ұқсастық  табу  мүмкіндігі  қандай  шексіз  болса,  метафоралардың,  əсіресе 
индивидуалды-авторлық метафоралардың тілде жасалу мүмкіндігі де сондай шексіз» [2; 11]. Кейбір 
болып жатқан ақиқат дүниелер адам санасындағы эмоционалды, аффективті көңіл-күйі арқылы, ішкі 
сезімі арқылы танылатыны белгілі. Мысалы, қайғы, уайым ұғымы жағымсыз мағынада танылатыны, 
оның  сары  уайымға  салыну,  күйзелу,  көңіл-күйі  болмау  т.б.  деп  объективтенетіні  белгілі.  Бірақ  оны 
нақты  денотатпен  көрсете  алмаймыз.  Мұндай  күйді  тілдік  тұрғыда  беру  үшін  ақын-жазушылар  т.б. 
күңгірт,  бұлдыр,  түсініксіз,  ауыр  пəс  күйге  ену  т.б.  белгілер  арқылы  танытады.  Мысалы:  Бір 
қайғының  үстіне  бір  қайғы  жамалып,  Ақбілек  ең  соңғы  алданышынан  айырылғандай,  ойын  қара 
тұман  басты. «Кешегі  баладан  неге  өліп  кетпедім  екен»  деген  ой  тағы  келді.  Өзін  бұл  дүниеге 
керексіз, артық адамдай көрді (Ж.Аймауытов). 

Е.Е.Түйте 
34 
Вестник Карагандинского университета 
Дүниенің көктемі Құтжанның былтыр ғана осындай кезде, күліп жайнап жүрген аман шағын 
еске түсіреді. Еске түсіреді де, тағы да толқып келген құсамен басады. Жүрек басынан запыран, зəр 
төгілгендей болады (М.Əуезов). 
Қарқара  жазығына  қарай  жіңішкелеп  созылып  кеткен  кішкене  өзен  де  күнбатысқа  таман 
барғанда көкшіл мұңды сұр далада теңге-теңгедей болып тағы да қотырланып жарқырайды. Сай — 
қайғы, мұң сайы (М.Əуезов). 
Кейде  мұндай  көріністерді  параллельді  түрде  суреттеу  арқылы  да  ауыс  мағынада  көрсетуге 
болады: 
– Жоқ,  бір  жазым  болған  шығар, — деген  сəуегейлер  озып  келген  аттардың  соңынан  ұшып,
желдетіп жүрген жүйріктерге анталады. 
Ақан  ештеме  естіген  жоқ.  Екі  құлағы  тарс  бітіп,  басы  зеңіп,  құбылаға  қарай  атының  басын 
қоя берді. Көзден жас бұршақтап ұшыртып келеді. 
Ереймен  тауының  ығынан  қара  құрымдай  қалың  бұлт  шығып,  тым-тырақай,  быт-шыт  боп 
сеңдей соғылып, мағынасыз жүгіріскен құмырсқаның илеуіндей жұртты ат-матымен бір-ақ бүріп 
əкететін  алып  бүркітше  төніп,  қанатын  жайып  келеді.  Дала  қапырық  тартып,  алыстан  дымқыл 
жауын иісі білінді. Қас қарайып, көз байлана бере бес жүз аттың тұяғы қазып кеткен борпылдақ 
жерге  ақынның  көз  жасындай  жылы  тамшылар  көктен  секіріп,  топ-топ  түсе  бастады 
(С.Жүнісов). 
Мысалы, ақын Мұқағали «Бұлт» деген өлеңінде табиғат құбылыстары арқылы адамның ішкі жан 
дүниесін, ішкі психикалық жай-күйлерін тілдік тұрғыдан тамаша, əсерлі етіп суреттейді: 
Бұлтты кенет буды ашу, 
Долдана дауыл сыпырды. 
Көк беті болды уда-шу, 
Найзағай оғы атылды. 
Тəкаппар, долы тынды жел, 
Бұлт өксіді еңіреп. 
Қарық болды қара жер, 
Қайғылы жасын төгіп ед. 
Кенет дауыл сап етті, 
Қайтадан мініп қалпына. 
Бұлтты айдап əкетті 
Бұрылттырмай артына! 
«Қазақ халқы өзіндік ұлттық ойлау ерекшелігі — дүние шындығын көркем образбен қабылдауы, 
шешендік  сөз  өнерін  ұлт  ментальдылығы  ретінде  көрсетуі,  қала  берді,  табиғат  аясындағы  көшпелі 
өмір  салты — бəрі  «ішімдегінің  бəрі — тілімде,  тілімдегінің  бəрі — түрімде»  дегеніндей  қазақ 
ұлтының психологиялық терең болмысын байқатады» [3]. 
Психикалық  жай-күйлердің  танымдық  сипаты  халықтың  салт-дəстүрі,  əдет-ғұрпы,  қоршаған 
орта  əлемі  сияқты  түсініктерімен  танылып,  ұлттың  тұтас  болмысын  айқындауға  мүмкіндік  береді. 
Мəселен, халқымыз ертеде бір нəрседен қатты қорқып сескенгенде, яки құдайға сиынғанда, аруаққа 
жалынып,  кездескен  қиындықтан  өзін  сақтауын  тілеп,  жолына  мал,  зат,  ақша  атап  отырған.  Оның 
саны  жетеу  болуы  шарт  болған  екен.  Міне,  бұл  жағдай  ұлтымыздың  бір  нəрседен  қатты 
қорыққандағы  типтік  көрінісін  жалпы  байқатады.  Мұндай  жағдайда  көбінесе  адамның  қатты 
қорыққан  кездегі  айтатын  сөздері  (көп  жағдайда  іштей  сөйлеуде,  ал  сырттай  бет-əлпетінің  өзгеруі) 
тіліміздегі «құдай, аруақ» сөздерімен тығыз байланысты болып отырған. Мысалы: Ол жүрегі белгісіз 
қауіптен қорыққандай болып: «А, құдай, ақсарбас!... Кеселдердің отына күйгізе көрме, қарағымды! 
Жалғыздың жары құдай!» деп тілеу тілеп жүрді... (М.Əуезов). Немесе: Қас-қағымда найзағай сөнді, 
бірақ жаңағы жалғыз қабірге жабысқан елес Сапардың көзінен өшер емес. Найзағай оты өшісімен 
басын көтеріп, қараңғыны қармай еңбектеп келе жатқанға ұқсайды. 
– Лə хаулə, ла хаула, — деді Сапар бір сөздің өзін екі түрлі күбірлеп. Мұнша неден қорыққанын
айтуға дəрмені жоқ, əрі намысы да жібермей тұр. 
– Осы  бо-са-ға  да  же-тер, — деп  қабырғаны  сүйкей  отыра  бере  Иманның  етегінен  тартып
немесе  (Ə.Əбішев):  Кемпір  күннің  түрін  көріп,  назалы  дауыспен: «Құдай  тағы  төбемнен  ұрайын 
деген екенсің ғой! Қарағым адасты ғой! Ұшып өлді ғой. Аруақтарым, қолдай гөр! Ақсарбас!» — деп, 
баласын  шақырып  айғайлай  бастады.  Келіні  де  сүйенгені  тілеуі,  зары  болып,  қорқып  тұрды 
(М.Əуезов). 

Психикалық жай-күйлердің танымдық сипаты 
Серия «Филология». № 2(70)/2013 
35 
«Қорқыныш»  психикалық  жай-күйінің  мағынасы  танымымызда  «қорқақ»  сапалық  қасиетпен 
тығыз байланысты, яғни қорқыныштың көрінісі болып табылатын қалтырау, дірілдеу жалпы бейнеде 
«суық»-ты  береді.  Мысалы,  дененің  мұздауы,  маңдайдан  суық  тер  шығуы:  тұла  бойы  қалтырап 
кетті,  көңілі  мұздады,  іші  мұздады,  арқасы  мұздап  қоя  берді:  Қып-қызыл  боп  шатынаған 
жанарлардан  шексіз  өшпенділік  уытын  көріп,  қорқыныштан  оның  өне  бойы  мұздағандай  денесі 
қалтырап кетті (Ж.Жағыпарұлы). Керісінше, «ұят» психикалық жай-күйіне келер болсақ, танымдық 
тұрғыдан  алғанда,  қазақ  тіліндегі  ұя,  ұяң,  ұят  сөздері  о  баста  «жылы»  деген  сөз  мағынасымен 
төркіндес болғанға ұқсайды. Ұят, ұялу бұл адам іс-əрекетіне байланысты психикалық күйі болса, ал 
ұяң сөзі –адамның тікелей бойындағы мінезі, «ұят» психикалық жай-күйінің көрінісі. Мысалы: 
Қандым, Гүлия, сүтсіз қара шай кісінің ішін кептіреді екен, сиыр сатып алмасақ болмас. Сүт 
ішетін  адамның  басы  көбейейін  деп  тұр  ғой.  Гүлия  ұяла  жымиып  төмен  қарады.  Ұяңдығы  əлі 
қалмаған (О.Бөкеев) немесе: – Рас-ау, мен күн райын көп сұраппын-ау! Оны сұрағанша, сенің жүзіңе 
қарасам  етті.  Тыс  қанша  көріксіз  болса  да,  қоңыр  үйдің  өз  күні  балқып  тұр  екен  ғой!.. — деді. 
Əйгерімнің  өңі  бұрынғысынан  да  қысыла  қызарды.  Сыпайы,  ұяң  үнді  күлкісі  естілді  (М.Əуезов), 
немесе: Ұяты бар, инабатты. Қыз көзіне əлдеқалай көзі түссе де ұяң жігіт ұялып, жұқалаң өңіне 
лып етіп қан жүгіреді де, төмен қарап кетеді (Ə.Нұрпейісов). 
Жоғарыдағы мысалдан біз «қой аузынан шөп алмас» халқымыздың дəстүрлі мінез-құлқын айқын 
да анық аңғара аламыз. Қыз балалардың, келіндердің, көбіне, мұндай ұялып, төмен қарауын ұлттық 
дəстүрге байланысты сыпайы мəдениеттілігі деп түсінгеніміз жөн. «Европалық əйелдерге қарағанда 
қазақ əйелдеріне тəн қасиет — сыпайылық, ибалық, имену, ұялшақтық, ұяңдық. Олар үлкен кісілер 
мен  ер  адамдарды  қадірлеп,  сыйлап,  өзінен  жоғары  сатыға  қояды» [4]. Бұл  пікірге  дəлел  ретінде 
мынаны  айта  кетейік.  Қазақ,  орыс  тіліндеріндегі  ұят  сөзінің  мағыналары  əр  басқа.  Орыс  тіліндегі 
«стыд»  сөзі  туралы  М.И.Лазариди  былай  дейді:  «В  основе  «стыд»  лежит  метафорический  образ 
холода;  более  того,  само  слово  стыдъ  (студъ)  на  определенном  этапе  означало  и  холод 
(физиологическое  ощущение)  [студа  -холод,  архан.;  ц.-  слав.  Студъ — холод;  чеш. — стыд;  польск. 
Ostuda — простуда;  студить  греч.  Мн. — ледяной  холод; — ужас,  отвращение  (ср.  Источник  в 
Аркадии;  адская  река)  ЭСРЯ,  Фасмер, 1986, III: 786],  и  стыд  (как  психическое  состояние).  Позже 
значения  слова  разошлись,  а  слово  стыд  в  результате  переосмысления  данного  понятия  стало 
только  обозначением  эмоции;  таким  образом,  обозначения  состояния  стыд    результат 
вторичной номинации» [5]. 
Яғни орыс тілінде «ұят» сөзінің астарында суық сөзі жатыр. «Ұят» сөзі о баста бір мезгілде орыс 
тілінде суықты (физиологиялық тұрғыдан) білдірсе, екіншіден, ол ұятты (психикалық күй) білдірген. 
Уақыт  өте  келе  екеуінің  де  мағыналары  ажыраған.  Осы  тұрғыдан  келгенде,  қазақ  жəне  орыс 
тілдеріндегі «ұят» сөзі қарама-қайшылықты білдіреді, яғни бұлар екі ұлттың өзгеше дүниетанымынан 
туындаған  қарама-қарсы  құбылыстар  болып  табылады.  Бұлай  болуы  екі  халықтың  орналасу 
жағдайынан  да  сияқты.  Орыс  халқының  (славяндардың)  мекен  ететін  территориясы  бізге  қарағанда 
суықтау  болып  келеді.  Себебі  географиялық  орналасу  жағдайдың  да  тілдегі  сөздер  мен 
оралымдардың жасалуына біршама əсер ететіні рас. Мəселен, біз, қоңыржай континенталды климат 
жағдайында өмір сүретіндіктен, тіліміздегі «қоңыр» сөзінің жанымызға жақындығы тағы бар: қоңыр 
күз, қоңыр күй, қоңыр ой т.б. 
Осыған орай Н.Н.Аитова тіліміздегі концепт құруда түр-түстердің ерекше мазмұнға ие екендігін 
айта келіп, олардың алдымен от тарихи болмысының түрлі қасиеттері негізінде пайда болған концепт 
жасауға қатысатындығын айтады. «От жылу береді, қыздырады, соңғы шегінде күлге айналып суиды. 
Осымен байланысты жылу (қызу) — суық (салқындау) концепті өріс құрады. 1. «От-су» концептілік 
өрісіндегі «жылы» мағынасы: қып-қызыл болу, беті қызару, құлағының ұшына дейін қызару т.б., яғни 
ұялу, болса; 2. «От-су» концептісінің «суық» мағынасы: қара суық, қақаған қара суық, қара дауыл, 
қара боран т.б., яғни ашу-ыза, болып табылады. Бұдан шығатын қорытынды «от» пен «су» бірін-бірі 
қолдамайды. От суды кептірсе, су отты өшіреді» [6]. Мысалы: Ақтотының екі беті алаулап, тағы да 
күліп жіберді. Қызғалдақтай үлбіреген ерні дір-дір етіп: 
–  Ақан  аға,  бұл  қай  қызға  шығарған  өлеңіңіз?  Жамалға  ма,  Зағипаға  ма,  Ақшабаққа  ма, 
Мақпалға ма, əлде Шамшиқамарға ма? — деді. 
Ақанның да екі беті оттай күйіп, Ақтотының қаздың қауырсынындай ұзын саусағына тесіле 
қарап: – Қалай дедің, қайталап айтшы, — деп көзін алмай отырып қалды (С.Жүнісов). 
Танымдық  тұрғыдан  «ұят»  сөзін  тіліміздегі  қызыл,  қара  сөздері  (түстері)  арқылы  да  беруге 
болады.  Мəселен,  екі  беті  шиедей  қызарды,  қарабет  болды,  жүзі  қара  т.б.  Əбіш  үнсіз  ғана 

Е.Е.Түйте 
36 
Вестник Карагандинского университета 
жымияды. Өз ойынан өзі ұялып, ұрланғандай. Жауапсыз, байлаусыз қобалжуда... Жүзі де бір ағара 
түсіп, біресе дуылдап қызарып кетеді (М.Əуезов). 
Тағы  бір  айта  кететін  мəселе,  психикалық  жай-күйлер  лексикасы  адамды  толығымен  тануға 
мүмкіндік береді жəне белгілі бір ұлтқа ғана тəн мінез-құлықты да ашуға көмектеседі. Мысалы, адам 
қатты  ашу  үстінде  сыпайылық  танытатын,  қатты  сыйлайтын  адамына  «сен»  деуі  немесе  орынсыз 
қылық,  əрекеттер  көрсетуі  де  мүмкін.  Мұндай  қарым-қатынастарда  адамдар  (əсіресе  қазақтар 
арасында көп байқалады) мақалдап, мəтелдеп, жұмбақтап, астарлап сөйлеуге құштар келеді. Мəселен: 
Жалғыз  кетіп  бара  жатқан  Абайдың  артынан  Оспан  желе  жортып  жеткенде,  Абай  інісіне 
суық жүзбен қатуланып, зеки сөйледі. 
– Сенің  ішіңе  қандай  от  түскен?  Балалар  көзінше  талағыңды  соншалық  тарс  айырғаның  не?
Əлі де қу күндестік жыны буып жүр ме? Айт, шапшаң! — деді. 
Бүгін  таңертеңнен  бергі  жүрісте,  əр  сөзде  Абайдан  үстемірек  болмаса,  өзін  кіші  танытпай, 
дардайсып  келген  Оспан  қазір  бір  сəтте  өзгерді.  Абайдың  ажарына  көз  қиығын  тастап,  əлгідей 
ұрыс үнін естумен ілес, енді сескене түсіп, бой бақты. Үнін ақырын ғана шығарып: 
– Ашуым  орынсыз  болса,  болар  Абай.  Балаға  білдіргенім  орынсыз.  Бірақ  соным  тегін  емес.
Таңертеңнен сені оңаша алып шыққанымның мəні де осында. Кешелі-бүгіндер мен біреудің қолында 
өлгендей боп, қаныма қарайып жүрмін. Құнанбай баласы біз бүгін бір қорлықта тұрмыз! — деді. 
– Не қорлық? Не айтасың? — деп, Абай атын оқыс бұрып алды.
– Айт! — деп, Оспанның көзіне көзін қадады. Дірілдей түсіп, жаманат хабарды тосты.
Оспан  Абайға  енді  сызды  қабақпен,  тура  қарады.  Күнге  қарсы,  өткір  көздеріне  қызғылт  ашу 
отын жиып тұр. 
– Қорлықты Нұрғанымнан көріп тұрмын. Үш күннен бері əкеңнің үйінде сол тоқалдың қылмас
қонағы  боп  Базаралы  жатыр.  Əкемнің  əулиедей  ақ  төсегің  арамдап  жатыр!  Бар  дертім  осы. 
Көптен білсем де, бүгін сенен ірке алмадым. Білдірдім міні! Сенен басқа сөз саларым, сыр шашарым 
жоқ. Дəл сол үйдің шаңырағына əкем анау қаралы үйде отырғанда, мынау қос қара бетті осы түнде 
асып өлтірсем деп тұрмын! — деді. 
Абай кеудесіне оқ тигендей, демі үзілердей сілейіп бір тұрып қалғанда, ат үстіндегі денесі дір-
дір  етіп,  үзеңгілері  табанына  тұрмай,  ойнақшып  кеткендей  болды.  Бірақ  қатты  ашу  үстінде, 
булыққан тамағына тас тығылғандай. Оның да көздері оқыс қанталап, Оспанға ақырып қалды: 
– Қысқарт!  Оттама!  Намыс  емес,  арсыздық!  Тоңмойын,  топас,  надандық.  Не  бетіңмен
сөйлейсің?.. Осыдан қимыл етіп бүлік салсаң, сол шаңыраққа өзіңді мен астырамын. Тіліңе тыйым, 
қолыңа тұсау салдым! Төрінен көрі жуық əкеңді қабырына тонап кіргізбекпісің? Масқарасын əлемге 
шашып,  итжемі  қып  өлтірмек  өшің  бар  ғой,  сірə?! — деді.  Қалған  сөзді  бір-ақ  тыйып,  атын 
борбайға бір салып, қатты жорғалатып, Ақшоқыға қарай жалғыз  тартты. Бұл кезде күн ұясына 
жаңа кіре бастап еді (М.Əуезов). 
Адамның  көңілі  жай  таппаған  мазасыз  сəттерде  көбіне  ол  өзін  қоярға  жер  таппай,  ой  үстінде 
болып,  басқа  адамдармен  қарым-қатынас  жасаудан  гөрі  өзімен-өзі  іштей  (монолог  басым  болады) 
əңгімелесіп,  мазалаған  ойына  жауап  іздейді.  Мұндай  арпалыс-толғаныс  күйдегі  адам  ұзақ  уақыт 
істеген  іс-əрекеттеріне  ойланып  толғанады,  күйінеді,  ұялып  не  болмаса  ашулануы  да  мүмкін,  бұл 
адамдардың  мазасыздық  жай-күйін  байқатады.  Мысалы,  мазасыздануды  тілімізде  «ат  үстінде 
ұйықтады», «жын  буған  бақсыдай  бүлінді»  сияқты  тұрақты  сөз  тіркестерімен  береміз.  Ат  үстінде 
ұйықтау,  біз  үшін,  жаугершілік  замандардан  туындаған  болса,  жын  буған  бақсыдай  бүліну 
шамандық  кезеңдерден  қалыптасқан  тіркес  екенін  аңғару  қиын  емес.  Бұл  фразеологизмдердің 
тілімізде қалыптасуы халқымыздың басынан кешкен тарихи жағдайларына байланысты. 
Ұлттық танымдық тұрғыдан қуаныш жай-күйін қазақ тілінде төбесі көкке жетті, төбесі көкке 
екі-ақ елі жетпеді т.б. деген тұрақты тіркестермен беріп жатамыз. Мұндағы көк түсінің бірінші аспан 
атауынан  көк  тəңірі  деген  екінші  мағыналы  сөз  туындайды.  Басқаша  айтар  болсақ, «тəңірі  қолдап, 
ісімізді оңынан тудырды» дегендерден «қуаныш» жай-күйі келіп шығады. 
Бұлардан  басқа  ұлттық  танымдық  (əдет-ғұрып,  салт-дəстүр  бойынша)  тұрғыдан  қуанышты 
жеткізудегі  тілдік  амалдардың  бірі — сүйінші  сұрау.  Сүйінші — бұл  жағымды,  қуанышты  хабарды 
жеткізудің  бір  тəсілі.  Адамдар  жақсылық  болған  жағдайда,  қуаныштары  қойнына  сыймай  басқа  да 
адамдарды  қуанту  мақсатында  ырымдап  сүйінші  сұрайды.  Сүйінші  сұраған  адамға  міндетті  түрде 
сый-кəде беріледі, бұл — қуаныш, қуанышты күй əрі қарай тоқталмасын дегеннің белгісі. Мысалы: 

Психикалық жай-күйлердің танымдық сипаты 
Серия «Филология». № 2(70)/2013 
37 
Жұман дыңғырлаған дауысын көтере түсіп: 
–  Енді  мені  тыңда!  Тыңдаңдар,  міне,  қаладан  хабар  естіп  отырмын.  Жаңа  біздің  ауылдың 
шетіне  соғып,  таудағы  Жігітекке  қарай  бір  шапқыншы  кетті.  Сүйінші  сұрап,  қуанышы  қойнына 
сыймай барады. Əулекіленіп барады. Əлгі Түсіптің Мадияр дейтін, ана бір қоңқақ мұрын қу немесі 
«сүйінші» дейді. «Ақ түйенің қарны жарылды. Жігітектің жылаған жасын құдай иді. Көз жасымды 
тыятын арысым қайтты. Базаралым айдаудан қашып кепті!» деп иен өлкені шулатып, жосытып 
барады! — деді  (М.Əуезов)  немесе:  Қамария  қой  сауып  отырған  қатындарға  əмір  қылып,  есік 
алдында тұр еді. Қасына қозышы бала шауып келіп: 
– Шүйінші-шүйінші, апа! Жұмағұл ағам келіп қалды, — деді. 
Бұл  сөздер  естілген  жерде,  ауылдағы  барлық  жан  ұйқы-тұйқы  болып,  əбігерленіп  қалды. 
Жұмағұлдың келуін асығып күткендері барлық қарбаласынан білініп тұр. 
Əрлі-берлі жүгірісіп сенделген қатындар; шулап секіріп, күліп ойнаған балалар; құдық басынан 
жаңа  хабарды  естіп,  ауылға  қарай  жылдамдатып  келе  жатқан  үлкендер — барлығы  да 
Жұмағұлдың келуін үлкен қуаныш қылған сияқты (М.Əуезов). 
Жоғарыдағы мысалды байқағанымыздай, мұндай жағдайдағы айтушы (қозышы бала) сөзін естіп, 
қабылдағаннан  кейінгі  тыңдаушының  (ауыл  адамдары)  қуанған  сəттегі  қимыл-əрекеттері  жай 
кездегіндей емес, айрықша. Бұл — қатты қуанғанның белгісі. 
Кез келген халықта қуаныш жай-күйінен туындаған сөздер мен сөз тіркестері бар. Бірақ олардың 
тіл  арқылы  берілуі  əр  басқа.  Олай  болуы,  сол  халықты  қоршаған  ортасындағы  заттары  мен 
құбылыстардан  туындаған  тілдік  оралымдармен,  мəдениетімен,  бастан  кешкен  тарихи 
жағдайларымен байланыстылығында жатыр. Мəселен, қазақтарда балалы болса, «əйелі ұл тапқандай 
қуанды»,  көптен  бері  көрмеген  біреуді  көрсе, «балаша  мəз  болды»,  көптен  күтіп,  тосқанда, «əкесі 
базардан келгендей қуанды», жоғалтқанын тауып алғанда «жерден жеті қоян тапқандай қуанды» т.б. 
сияқты тұрақты тіркестермен (жағдаятқа байланысты) береміз. Мысалы: 
–  Оу,  шешелерің  ұл  тапқандай  қуанып,  түн  ішінде  еліріп  жүрген  кімсіңдер? — деп  Ақан 
бейтаныс  аттылының  бетіне  еңкейе  түсіп  үңілді.  Басына  екі  құлағын  артына  қайырып  балаған 
түлкі тымақ, үстіне ақ сеңсең қойдың терісінен əдіп жүргізген шолақ тон киген он бес, он алтылар 
шамасындағы  бала  күлгендей  болды.  Мұрнына  дейін  түбіт  бөкебаймен  тартқан  баланың  екі  көзі 
ғана жылтырайды. 
– Тауып айттыңыз, ағасы. Шешеміз ұл таппағанымен жеңгеміз ұл тауып, соның қуанышымен 
жүрміз, — деді бала сыпайы ғана (С.Жүнісов). 
Ұлттық  танымымызда  «қайғы»  жай-күйінің  берілуінің  бір  жолы,  əсіресе  адам  қайтыс  болған 
жағдайда, арнайы  сөздердің  жұмсалуы. Мəселен, адам қазасын естірткенде, оны  жақындарына тура 
сөзбен  жеткізе  салмай,  астарлап  айтады  немесе  «ой-бауырым» — дап  естірту  салады,  жоқтайды. 
Мысалы: 
Боз айғыр жау қолында кете барып, Қалбағай жоқ болған соң ұрысып жүрген жылқышының 
бəрі  «Ой,  бауырым!»  салып,  Қалбағайдың  басына  жиылып  қалды...  Жау  кете  барды.  Кейінгі 
қуғыншы  да  Қалбағайдың  басында  шулап  жылап,  үйіліп  қала  берді  (М.Əуезов)  немесе:  Абылайға 
Бөгембайдың  өлімін  жеткізу.  Немесе  жоқтағанда,  Есмағамбеттің  əйелінің  жоқтауы:  Асылым  түсті 
қолымнан,  Қанатым  сынды  оңымнан.  Құдай  қосқан  жайсаңым,  Адастырды  жолымнан.  Отыз 
төртке  келгенде,  Ұядан  ұшты  алғаным,  Дүниенің  білдім  жалғанын  (А.Байтұрсынов).  Жоқтау 
көптеген  халықтарға  тəн,  алайда  қазақ  халқы  үшін  оның  философиялық  мəні  ерекше.  Өлімді 
бағаламай, өмірдің мəнін түсіну мүмкін емес біз үшін. 
Танымдық тұрғыдан бұл жай-күйді төмендегідей етіп көрсетуімізге болады: 
1. Қайғы — мұң. 
2. Қайғы — азап. 
3. Қайғы  қиыншылық. 
4. Қайғы — апат. 
5. Қайғы  қаза. 
6. Қайғы — суық (метафоралық бейне). 
Тілімізде  «қайғы»  психикалық  жай-күйіне  байланысты  жұбату,  тілек  сөздері  де  бар.  Олар 
біреудің жақыны қайтыс болған жағдайда оны жұбату мақсатында арнайы айтылады: Қаза қайырлы 
болсын!  Алдынан  жарылқасын!  Топырағы  торқа  болсын!  Жатқан  жері  жайлы  болсын!  Арты 
қайырлы болсын! Болғанға (болмасқа) болат бол! т.б. Мəселен: 

Е.Е.Түйте 
38 
Вестник Карагандинского университета 
Шырағым  келін!  Болғанға  болат  бол!  Боздамаған  жұбай  жоқ,  Оны  көрген  құдай  жоқ! 
Шыдамасаң  шырт  кетесің,  Бүктетілсең  күрт  кетесің!  Бес  балаға  шешесің,  Толтырмасын  жасқа 
де, Осылардың бет кесесін! Бірі — балаң, бірі — бай, Əлі-ақ жетіліп кетесің (А.Ə.) немесе: 
– Жаңыл-ау,  саған  не  болған?!  Басқан  қадамың  кейін  кетіп  жүр  ғой.  Мана  көзіңнен  жас
шықпағанға тас бауыр боп кеткен екен десем... Алда, сорлы бала-ай, өзің əбден біткен екенсің ғой. 
Бар  күйігің  ішіңе  түсіп  іш-құса  бопсың  ғой... «Өлгеннің  артынан  өлмек  жоқ», — деген.  Есіңді  жи, 
шырағым  (Т.Ахтанов)  немесе:  Əлиза  оқтын-оқтын  тұрғысы  келгендей,  қолымен  ауа  қармап, «а-
аһ!..» — деп қайта құлайды. 
Жұбатпақ  болған  бірде-бір  адамның  сөзіне  құлақ  аспай,  дүниеден  түңілгендей  боп  жатқанда 
қасына  Есбол  қария  кеп  отырды.  Тіл  қатысқысы  кеп  отала  түсті  де,  тамағына  жас  тіреліп 
тоқтап қалды. Сосын біраз отырып барып: 
– Уəй, Мөңке, — деп өктем тіл қатты, — уа, жарқыным, басыңды көтер! Құдай өзінің бергенін
өзі  алды. Алланың  əміріне қай пенде  араша  боп  еді? Сен  неге  төңірегіңе  қарап, тəубаға  келмейсің! 
Уа,  мен  сенен  кем  бе  едім?  Сен  өлген  балаңа  жылап  жатырсың,  менің,  тым  құрыса,  молада  да 
тілекшім жоқ екенін неге ойламайсың, — деп өмірбақи тірі жанға тісінен шығармай, өзегін өртеп 
жатқан ащы сырды — өзінің баласыз, жалғыз, қу бастығын айтты да, тоқтады (Ə.Нұрпейісов). 
Тілімізде «қайғы» психикалық жай-күйін қоңыр, қара, сары сияқты түстермен де беруге болады. 
Мысалы:  қоңыр  ой,  қоңыр  əуен,  қоңыр  күй,  қаралы  болу,  қара  тігу,  қара  жамылу,  сары  уайымға 
салыну т.б. 
Қорыта келгенде, психикалық жай-күйлер лексикасы кез келген халықтың болмысын танытудың 
басты  көрсеткіштерінің  бірі  бола  алады.  Психикалық  жай-күйлер,  біріншіден,  адамды  толығымен 
танып-білуге  мүмкіндік  береді.  Мəселен,  адамды  бір  көргеннен,  я  болмаса  сол  сəтте  оны  сөйлеген 
сөзінен  танып  білу  мүмкін  емес.  Оның  мінез-құлқын,  іс-əрекетін  т.б.  жекелеген  қасиеттерін  белгілі 
бір  күйге  түскен  жағдайда  оңай  көруге  болады.  Екіншіден,  ол  ұлттық  мінез-құлықты  (байсалды, 
шыдамды, көңілді, қызу қанды т.б.) көрсетеді. 
Əдебиеттер тізімі 
1  Файзулла  Г.Ф.  Когнитивтік  лингвистика  ұғымдарының  ерекшеліктері // Жаңа  ғасырдағы  Қазақстанның  тілдік 
кеңістігі  жəне  əлемдік  лингвистиканың  өзекті  мəселелері:  Халықарал.  ғыл.-теор.  конф.  материалдары. — І-т. — Алматы, 
2008. — 428-б. 
2  Сыбанбаева  А.  Метафораның  тілдік  болмысы  жəне  концептуалды  метафоралар. — Алматы:  Қазақ  ун-ті  баспасы, 
2002. — 161 б. 
3  Смағұлова Г. Мағыналас фразеологизмдердің ұлттық-мəдени аспектілері. — Алматы: Ғылым, 1998. — 57-б. 
4  Мамаева Г.Б. Ерлер мен əйелдердің сөз қолданыстарындағы ерекшеліктер (гендерлік зерттеу): Филол. ғыл. канд. ... 
автореф. — Алматы, 2003. — 23-б. 
5  Лазариди М.И. Психические состояния в полевом описании. — Бишкек: Киргизско-Славянский ун-т, 2003. — С. 65. 
6  Аитова  Н.Н.  Қазақ  тіліндегі  түр-түс  атауларының  когнитивтік  семантикасы:  Филол.  ғыл.  канд. ... автореф. — 
Алматы, 2005. — 14-б. 
Е.Е.Туйте 

1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14


©emirsaba.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал