3 М. ӘУезов әҢгімелеріндегі тақырып пен идея


М. Әуезов прозасы және қоғамдық –әлеуметтік орта мәселесі



бет5/10
Дата22.05.2023
өлшемі135,34 Kb.
#96172
түріДиплом
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10
М. Әуезов прозасы және қоғамдық –әлеуметтік орта мәселесі

М. Әуезов жиырмасыншы жылдары көптеген тамаша повестер мен әңгімелер жазды, кейін бұлар «Қараш-Қараш» жинағына енгізілді. Автор олардың кейбірін қайта қарап, түзетті, бірақ көпшілігі өзгеріссіз күйінде қалдырылды. Жинақтағы әңгімелерді үш топқа бөлуге болады.
Бірінші топқа даладағы әлеуметтік күресті әр қырынан баяндайтын «Қараш-Қараш» повесі және «Барымта», «Жуандық» әңгімелері жатады.
Екінші топқа революцияға дейінгі қазақ халқының тұрмысы мен әдет-ғұрпын, әйелдердің жағдайын көрсететін «Қорғансыздың күні», «Кім кінәлі?», «Ескілік көлеңкесінде», «Кінәмшіл бойжеткен», «Оқыған азамат», «Қаралы сұлу» туындылары жатады.
Үшінші топқа адамның табиғатқа қарым-қатынасын бейнелейтін «Қыр суреттері», «Қөксерек», «Жетім» шығармалары жатады.
М. Әуезовтің жиырмасыншы жылдардағы шығармаларының ішіндегі ең көлемдісі — «Қараш-Қараш» повесі (1927). Ол орыс тіліне және бірқатар шет тілдерге аударылған. Повесть Францияда «Асудағы атыс немесе Бақтығұлдың кегі» деген атпен жарияланды.
Белгілі француз жазушысы А. Стиль «Қараш-Қараш» повесі жайында аса ыстық лебізін білдірді. «Бұл шығарма сонау бір тар кезеңді өте дәл әрі шебер өрнекпен қайта жаңғыртып, арадағы ұзақ уақыт пен алыс-алыс шақырымдардан асып, қожасынан зорлық, қысым көрген, езілген, қаналған, байларға жек көрінішті болған, алайда бостандық пен еркіндікті көксеген, батыл да қайратты, жаза басқан қадамы мен мойын ұсынғанының өзі еркіндік жырындай, ұлылық қасиетіндей танылатын, олардан мінез-бітімі мүлде өзгеше батырлардың, бірінің тарихын бізге айнытпай жеткізеді.[3.45 ]
Андрэ Стиль бұл сөзінде жас жазушының прозасындағы басты қасиеттерді — бостандықты сөзсіз қорғауды және адамның, ұлылығын, өмір шындығында бой ұсынуды, тұрмыс пен әдет-ғұрыпты суреттеудегі көркемдік нақтылықты, негізгі тартыстың, өміршеңдік мен жалпы маңыздылығын, ақырында, шығарма кейіпкерлерінің жігерлілігін, психологиялық сенімін және әлеуметтік орнын — бір сөзбен айтқанда, автордың кейін айтқанда эпопеяда халықтың жарты ғасырлық өмірінің көркем шежіресін жаңа сапада жасауға мүмкіндік бергеннің бәрін жеткізіп айта алған. [3,119]
20-ғасырдың алғашқы жылдарында Б.Майлин тудырған Шұға, Раушан, Дайрабай, Берендер қазақ әдебиетінде алғаш жасалған ұнамды кейіпкерлердің әсем галереясы болса, М. Горький айтқан: «Өткен өмірдің құрсаулы бұғауынан бұлқынып шығуға қайраты жететін» — адамдардың образы М. Әуезов әңгімелерінде ұшан-теңіз. Бейімбет Майлиннен кейін әңгіме жанрында жаңа заманның жаңа адамының бейнесін жасауда М.Әуезов сіңірген еңбектер көл-көсір.
Сондықтан да бірде жазушы Т. Ахтанов: «біздің қазіргі прозамыздағы мәдениетті тіл өнерінің басы Әуезов творчествосында жатыр, біз Әуезов тілінің мектебінен өттік, біз Әуезов тілінен үйрендік» деген пікір айтты. Бұл ұлы жазушының сүйікті шәкіртінің өз ұстазына деген кұрметін көрсетпейді, бұл бір шын ақиқаттың өзіндей.
Тіпті тіл ғана емес-ау, бүкіл Әуезов творчествосының қазақ әдебиетіне еткен әсері ұшан-теңіз, әсіресе, қазақтың талантты деген жас жазушыларына оның мол ықпалы болғаны, әлі де бола беретіні айғақ. З. Қабдоловтың «Өмір ұшқыны», Т. Ахтановтың «Қаһарлы күндер» сияқты оқушы жұртқа танымал шығармаларды оқығанда, Әуезовке тән сыршылдық, сұлу романтика осы кітап беттерінде айқын байқалады.
Әуезовше тыныс алу әрбір суреткердің арманы болмақ. Әрбір ұлы жазушы өзі жасасқан мәдениетке мол жаңалық, мол мүлік әкеліп қосатыны белгілі. Ал қазақ әдебиет тарихына Әуезов сіңірген еңбектің бір оқшаулығы: кемеңгер жазушының қазақтың шын профессионал прозасының атасы болуында жатыр.
Орыс прозасы тарихында Гогольдің орны қандай болса, қазақ прозасын дамытудағы Әуезов сіңірген еңбек сонымен барабар.
М. Әуезовтың творчестволық жолы даңғыл болмағанын бәріміз де білеміз. Оның ұрпаққа қалдырған үлкен де күрделі мұрасын зерттегенде осы айтылғандар да әдебиетші ғалымдардың назарынан тыс қалмайды. Бұл ретте Әусзовтың алғашқы әнгімелерінің де біраз маңызы болуы мүмкін. Бірақ, біз мұндай көлемді мақсат қоймағандықтан, жазушының 1960 жылы басылған «Қараш-Қараш» кітабына енген әңгімелер төңірегінде сөз етуді қаладық.
Ұлы жазушылардың творчестволық өмірбаяны күрделі, қызық болады ғой. Үлкен табысқа, жеңіске бірден қолы жетпейді. Жазушының шығармасы оның өмірбаяны есепті. Өмірде көргені мен сезгені, ұққаны мен түйгені көп жазушынын шығармасы да терең. Олай болса, еңбек иесі көп тер төгеді, бұралаң жол асулардан өтеді. Қазір күллі әлемдік әдебиеттің қазынасына қосылып отырған «Абай жолы» эпопеясының да бірден туа қоймағаны аян. Бұл да талант пен тәжірибенің, дайындық өнердің түпкі көрінісі. «Абай жолына» дейінгі Әуезовтың творчестволық эволюциясын байқау тіпті қызық. Ал жазатындар үшін бұл үлкен өнеге мектебі болмақ.
Әуезовтың осы «Қараш-Қараш» жинағына енген әңгімелерінің жариялану тарихы әрқилы. «Қорғансыздардың күні» сияқты әңгімесі «Қызыл Қазақстан» журналының 1921 жылғы 3-нөмерінен бастап жарияланған («Арғын» деген псевдониммен). Ал Б. Майлин жазған «Шұғаның белгісі» роман деп аталып осы журналдың 1922 жылғы 11 санында басылып шыққан. Егер бұл екі шығарманың жарық көру уақытын ғана есептейтін болсақ, «Қорғансыздардың күні» әңгімесін қазақ совет әңгімесінің басы деп санау керек.
М. Әуезовтың көп әнгімелері 20-жылдары Ташкент қаласында қазақ тілінде шығып тұрған «Шолпан» журналында жарық көрген. («Қыр суреттері», «Оқыған азамат»,«Қыр әңгімелері», «Заман еркесі», «Өшіп-жану» «Шолпан» журналының 1923 жылғы № 6, 7, 8) «Таң», «Жаңа әдебиет» журналдарында да көптеген әңгімелері басылған. Олардың көбі «Қараш-Қарашта» жоқ .
«Қараш-Қараш» жинағына енген әңгімелердің өзін тақырып жағынан топ-топқа бөліп қарауға болады. Қорғансыздардың ауыр хал-күйін көрсететін әнгімелер («Жетім», «Жуандық», «Корғансыздардың күні»),әйелдер теңдігін сөз ететін әңгімелер («Кім кінәлі», «Ескілік көлеңкесінде», «Қаралы сұлу»), қазақ аулының романтикалы тұрмыс тіршілігін көрсететін әңгімелер («Сыбанның моласында», «Текшенің баурында», «Қысқы түн»), оқыған жастар туралы әңгімелер («Оқыған азамат», «Кінәмшіл бойжеткен», «Сөніп жану»).
Жазушының сол жиырмасыншы жылдарда жазған барлық шығармаларына тән тұтас үндестік, тақырыптық, идеялық туыстық бар.
Әуезов әңгімелерінде жиырмасыншы жылдардағы қазақ даласындағы өмір тіршілік қамтылады. Ол жылдары қазақ қоғамының құрамы ондағы революциялық қақтығыс әр жерде әрқилы еді. Уақыттың осы құрылыс сырлары Әуезов әнгімелерінде айқын аңғарылады. Тырнақалды шығармаларының өзінде-ақ жас Әуезов қоғамдық ең көкейкесті мүдделеріне назар аударған. Қазақ батырақтарының аянышты тағдырын жанашырлықпен сөз еткен. Гоголь, Достоевский, Чеховша «ұсақ адамдар» туралы қалам тартқан. «Ұсақ адамдар» туралы жазды дегенде, мына жайды ескеруіміз керек. Әуезов әңгімелерінің басты кейіпкерлері кім болмасын, онда таптық қайшылық, қоғамдық жік айқын ажыратылып суреттеледі. Терең де нәрлі ойды жетік, еркін жеткізіп беру үшін бай форма, яғни асқан шеберлік керек, ал шеберлік—өмірдің үлкен шындығын шынайы суреттеу искусствосы. Өмір шындығын суреттейтін сөз де, сол сияқты әңгіменің формасын құрайтын басқа компоненттер оқушының жаны мен қиялына күшті әсер етеді. Әуезов әқгімелерінен біз сөздің ғажайып дәлдігін сеземіз. Бұл дәлдік стильдік биік талғаудың талабынан туған, мағынаның талабынан туған. Әуезов адамды, олардын әрекетін басынан өткізген күйініш-сүйініштерін суреттеумен қатар уақиғаның болған жағдайларын бір нәрсеге негіздеп, негізгі мақсатына байланысты суреттейді. «Жалғыз қабат терезеге екпіндеп келіп соққан қатты дауыл біресе гуілдеп шыдамсызданып, біресе ысқырып әлек салып, біресе дүрсілдетіп ат ойнатқандай болып құтырып ауру баланы қайта-қайта шошытып оятады. Терезенің тесіктерінен кірген тыстағы суық енді, бу болып шығып үй ішіне тарап тұр. («Қыр суреттері») М. Әуезовтың суреттеуі ерекше қайталанбайтын шынайы. Әуезов табиғат көрінісін адамның көңіл-күйімен ұштастырып отырады.
Сөздердің құрандысы көркем образға айналады. Шындық пен сұлулық сөзде емес, сол сөз арқылы берілген мазмұнда. Мысалы, «Ескілік көлеңкесінде» әңгімесінде ауыл қызы Жәміш шын махаббат көңілін білдірген оқыған жігіт Қабышқа жылы жауап бермейді. Енді ол бай-жуан Кенжеқанға өз еркімен тоқалдыққа бармақшы. Оған себеп: Кенжеқанның бұрынғы тоқалы—Жәміштің апасы Қадиша өлерінде: «Төсегіме Жәміш жатсын»—деген тілек қалдырады. Өлгеннің аруағын аттамау керек. Жәміш 50 дегі шалға кете барады. Ескілік әдет Жәміш қыздың жас өміріне құрығын салады. Қорлық-зорлық тапқан Жәміш, ақыры, есін жиып қатты сілкінді. Ақыры, қайта, Қабышпен табысады.
Автор Жәмішті өмірдің ащы-тұщысынан өткізіп ескі салт-санаға бой ұсынған қыздың психологиясындағы күрт өзгерісті терең көрсетеді.
Дала шексіз кең. Дала сұлу, көркем. Бірақ надандық, қараңғылық жайлаған далада береке бітім жоқ, тұрмыста жарасым жоқ. Оқыған азаматтардың көбі сана өсірер ойдан, ел жаңғыртар батыл әрекет істен аулақ. Алған білімдерін қайда жұмсарға білмей, әйтеуір, елдегі жарлы-жақып-байларға «қотыр қожа». Бұлар уақыттарын мағынасыз жастық желікпен, данғоза думанмен өткізеді.
Іс-әрекетке икемі жоқ бұла болып өскен сонын салдарынан жеңіл жүріске әуестенген бай қызы Ғайша да («Кінәшыл бойжеткен») іш пыстыртатын халде. Уәде жасаған жігіті келмесе, жанын қоярға жер таппаған күйгелек қыз қазақтың бүкіл жігіт атаулысын айыптап, сынап, мінеп шығады. «Сүйгенін күтіп сарылғандыктан жастығын құшақтап жатқан қыз. Жұмсак, ақ дене. Толқынды қара шаш мынау. Осының бәрі рас болса, жас жігіт қайтіп қана келмейді. Әттең, қазақтың салқын, көңіл суық жігіті-ай. Жүрегінде от сезімінің лапылы жоқ. Бәрі де жанға сөлөкет тиетін тарамыс-ау. Болсаң еттің басқалардай—деген ой келгенде Ғайшаның көз алдынан ұзынды-қысқалы денелер мен тоғыз жігіттің суреті елестеп кетті». [16,299]
Мұндай оқығандардан не үміт, не қайыр күтуге болады. Үстемдерді, мансаптыларды өмірге қыры жоқ кейбір оқығандарды, бойжеткендерді сынаған жазушының үміт артары еқбекші бұқара адамдары. Үміт — Ғазиза, Қасым, Жақсылық сиякты қорлық көргендерде.
Мұхтар Әуезовтың «Қорғансыздардың күні» әңгімесі туралы С. Мұқанов былай деп жазды: «Қорғансыздардың күні» атты алғашқы әңгімесімен Мұхтар шын мағнасындағы европалық прозаның дәрежесіне көтерілді».
Ақан болыстың хайуандығына төзбеген он үш жасар Ғазизаның әрекетін кейбір әдебиетші ғалымдар Островскийдің «Найзағайындағы «Катеринаның әрекетімен салыстырады. Бұл дәл емес. Катерина туралы Добролюбов: «Патшалық түнектегі жарық сәуле»—деп жазған. Ал Ғазиза, «Жетімдегі» Қасым оқыс әрекеттерімен коғам ортасына ой тастап, от тұтатушылар ғана. Ал «Жуандық» әңгімесіндегі Жаксылық образының сыр-сипаты басқашарақ. Жақсылық кедей Әбіш байдың жаратпай тастап кеткен Ақөзегіне егін салады. Аз уақытта шаруасын түзеп алады. Бірақ күзге салым бітік өскен егінге Әбіш, Құрман байлар жылқысын жауып жібереді. Жақсылық милицияға арыз беріп байларды ұстатады. Бірақ ел жуандары Әбіштерді босатып алады. Ал милиция оларға қарсы пәрменді әрекет қолдана алмайды. Ызалы Жақсылық қоныс аударады.
Сырт қарағанда, бұл әңгімеде ауыл кедейін байлар өктеп, жеңіп кеткен сияқты. Бірақ осы әңгімеде кедей санасындағы әрекеттей жаңалық айқын аңғарылады. Кедейлерде ынтымақ молайған. Бай жеріне егін салу да батылдық. Жақсылық болса өмірге жақсы өнеге таратушы. Тіршілік қамы жөнінде оның өзіндік философиясы да бар. Мысалы, «Баяғыдан бері арам тер болып жүріппіз, мал жерде көмулі жатыпты. Еңбек қылсаң бермесі жоқ екен. Енді барымызды егінге салып күтінсек деген ниетіміз бар»,—дейді ол.
Мұхтар Әуезовтың «Көксерек» атты әнгімесі туралы әр кезде әртүрлі пікір айтылып жүрді. Әңгіменің идеялық мазмұн мәнін жете түсінбеген кезендер де болған. Бірақ осының бәріне қарамастан, «Көксерек» классикалық әңгімелер қатарына қосылады. Қасқыр туралы басқа да жыртқыштар туралы шығармалар үлгісі дүииежүзілік әдебиетте бар екенін білеімз.
Дүниежүзілік әдебиеттің алтын қорынан орын алатын Дж. Лондонның «Ақ азуындағы» ит-қасқырдың қалай қолға үйретілгені сөз етіледі. «Ақ азудың» бейнесінен екі қарама-карсылықты кереміз. Біріншісі оның бойындағы қасқырға тән жыртқыштық. Мысалы, Ақ азудың өзі жәбір көрген қожасына деген өшпенділігі, қастандық ойы. Екінші, қасқыр қанша жыртқыш болғанмен адамның жақсы тәрбиесі оны өзгертеді. Оған дәлел кейінгі қожасының тілін алып, кек алу сезімін жеңуі. «Қасқырда қас қылмайды қасындағысына» деген мақалды Дж. Лондонның «Ақ азуы» туралы айтуға болады.
Ал Мұхтар Әуезовтың «Көксерек» әңгімесінің көп ерекшелігі бар. Көксерек қасқыр ғана емес, ол — жыртқыш. Жыртқыш қана емес, ол — жау. Ол қойдың, жылқының ғана жауы емес, адамның, адамшылықтың жауы. Көксерек өзінен басқаның бәріне жау, бәріне қас. «Қасқыр да қасындағысына қас қылмайды» деген мақалды «Көксерек» туралы айтуға болмайды. Өйткені Көксеректің бойында қасқырлық қомағайлық қана емес, айлалы арамдық бар, Әңгімеде қасқырдың, дұшпанның психологиясы қандай шеберлікпен берілген! «Көксерек өскен сайын сызданып, суықтанып келеді. Құрмаш қанша тәрбиелесе де Көксерек ұрлықпен адал астың айырмасы не екенін ұға алмайды» [16,379]. Қасқыр атаулының осылай өсуі ғана мүмкін. Қасқырдан қастықтан басқаны күтуге болмайды. М. Әуезовтың «Көксерек» әңгімесі М. Горькийдің «Егер жау берілмесе, оны құртар болар» дейтін атақты идеялық ұранының көркемдік шешімі іспетті.
Дүниежүзілік әдебиетте әнгіменің әйгілі шеберлері бар. Әуезов, Чехов, Мопассан әңгімелерінде үндестік те, оқшаулық та бар, Тақырыпты сөз еткеннің өзінде де Мұхтар Әуезов қоғам өміріндегі кездейсоқ құбылыстарды суреттеуге аз барған, ал Мопассан әнгімелерінде бұл жай баршылық оның жастық махаббат жемісі төңірегіндегі әңгімелерінің өзінде уақыт пен тұрмыс бірінші планда тұрады. Уақиғаға автор қызу араласып отырады. Бұл Әуезовті Мопассан, Чеховпен туыстырса, Хемингуэйдой оқшаулайды. Сонан соң, осы жинақтағы Әуезов әңгімелеріне бір байқар нәрсе: образдың күрделілігі. Әсте Әуезов геройлары қашаннан да жаны тайыз, жұқалаң емес қой. Қат-қат сыр иелері ғой. Әңгімелерде осының жеріне жете көрінгені жақсы-ақ.
Кең эпикалық масштаб, қыран байқағыштық, терең психологизм, конфликт, композиция, портрет жасаудың Әуезовке тән тәсілдері, сүбелі тіл-жиырмасыншы жылдардағы Әуезов әңгімелерінің ерекшелігі бола отырып, осы айтылғандардың бәрі Әусзовтың алғашкы шығармаларын «Абай жолы» эпопеясымен жақындатады, біте қайнаса туыстырады.
Демек, жиырмасыншы жылдардың өзін де-ақ 50—60 жылдардағы Әуезов айқын көрінеді деп айтуымызга болады.





  1. Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет