3 М. ӘУезов әҢгімелеріндегі тақырып пен идея


Жазушы әңгімелеріндегі стильдік даралық



бет8/10
Дата22.05.2023
өлшемі135,34 Kb.
#96172
түріДиплом
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10
Байланысты:
stud.kz-42584 2

2.2 Жазушы әңгімелеріндегі стильдік даралық
Болашақ ұлы туынды — «Абай жолының» терең тамырлы идеялық түбірлерінің бірі жазушының «Қараш-Қараш» повесі деуге толық негіз бар. Бұл шығарма суреткердің дүниетанымы мен творчестволық тағдырында ерекше орын иелейді. Егер қаламгер өзінің бұған дейінгі көптеген әңгімелерінде өмір қайшылығын шыншылдықпен ашып, болмыстың терең қатпарларын дәл қалпында бейнелеп келсе, ендігі жерде тіршілік ағынымен ыға бермейтін, өз намысы, правосы үшін күресе білетін жігерлі жандардың тұлғасын мүсіндеуге бет алады. Осы тұрғыдан алғанда, «Қараш-Қараш» оған дейінгі «Қорғансыздың күні», «Оқыған азамат», «Қыр суреттері», «Қыр әңгімелері», «Үйлену», «Сөніп-жану», «Кім кінәлі», «Ескілік көлеңкесінде», «Жетім», «Барымта», «Кінәмшыл бойжеткен», «Қаралы сұлу», «Жуандық» секілді шығармалардан өзгеше екендігі айқын.
«Қараш-қараш оқиғасында» ескі қазақ аулындағы таптық, әлеуметтік қайшылық пен тартыс өте ұтымды көрсетілген. Ағайынды екі жігіт — Бақтығұл мен Тектіғұлдың байларға еткен еңбегі еш болып, бірінің кеселсоқ абақтыға түсу тарихы шыншыл, сенімді баяндалған. Ал таптық, әлеуметтік теңсіздіктің түрлерін тану жазушының дүниетанымына байланысты екені мәлім. Байлардың жалшыны қанауының сорақы астарларын көрсету, аталған шығармада жаңа белеске шығады. Ең маңыздысы - зорлық пен өктемдікке қарсы кедейлердің іштей буырқанған күшін аңғартуы дер едік. Кейіннен «Абай жолының» төрт кітабына үзілмес желі болып тартылған әлеуметтік теңсіздік пен күрес суреттері өзінің мықты бір бастауын «Қараш-Қараштан» алады дегенде біз бірнеше мәселені есте тұтамыз.
Повесте қазақ малшысының жай-күйі, тұрмыс-тіршілік қалпы оның бұрынғы әңгімелерінің қай-қайсысынан да кең, кемел суреттелген. Сәлмен сынды байға жалданған Бақтығұл мен Тектіғүлдың ахуалы мына жолдарда айқын түскен: «..Қысы-жазы ағайынды екі жігіттің еңбегі, ер қайраты кіргізетін кіріс айта қаларлық болса да, Сәлмен осы екі жігітті талай жылдар, езге малайлары тәріздендіріп, ақы бермей жұмсап жүрді. Бүлар көшпелі ел малайы алатын кесікті, дағдылы «пәлен қой, пәлен киімнен» есеп жасап, есесін алуды білген емес. Сондықтан Тектіғұлдың басына біткен, берекелі мал дейтін мардымды түкте болмаған. Жиырма жылғы Бақтығұл еңбегінің, он жылғы әйелінің сауын сауып, күндік еткен қызметінің, орайы да ойдағыдай болған емес. Барлығы Бақтығұл, Тектіғұл екеуінің ортасында осы бүгінгі жыртық қоңыр үй, төрт-бес қара, он шақты ешкі-лақ...» [45,241].
Туған інісі Тектіғұлдың қияпат соққы, қорлықтан дертті болып, өмірден ерте үзілуі Бақтығұлды жаңа бір шешімге жетелейді. Ол ендігі жерде Сәлмен байдың есігінде жүруге мүмкін еместігін сезіп, кек жолына бел байлайды. Қаһарман мінезіндегі іштей өзгеріс, жаңару жолы нанымды берілген. Оның Сәлменнің, жылқысынан боз биені алып шығуы ұрлық емес, кеп еңбегінің мыс-қалдай ғана ақысы секілді. Тек мақсаты ұрлыққа құныққан жанды емес, саналы қайратқа мініп, жауынан есе қайтаруға оқталған әрекетті көрсету жаңа идеялық-көркемдік шешім еді. «Абай жолында» тұлғалары жоталанып кесек шыққан бейнелер: Базаралы, Балағаздар да негізінде кедей ауылдың намысын жыртушы болып көрінеді ғой. Біз Бақтығұл мен Базаралы келбеттерінде көп туыстық бар екенін анық байқаймыз. Бұдан суреткердің бұрынғы көркемдік тәжірибесі мен ізденістері кейінгі еңбектеріне ізсіз, әсерсіз кетпейтіні танылады.
Бақтығұлдың жылқы алуға шыққан бетін, оның ойлары мен сезімдерін түкпірлеп көрсетуі суреткердің реалистік кең ауқымын байқатады. Таулы жердегі түн суреті де, жылқышылармен сойылдасу сәттері де кестелі, келісті тілмен берілген. Автор қазақ елі шаруашылығының негізі — малшылар, жылқышылар өмірін жан-жақты білетіндігін байқатады. Белгісіз, тосын дыбыстан елеңдеген, сергек жылқы мінезін де қапысыз елестетеді. «...Жылқы азғана үркіңкіреп, бергі шеті әрі қарай бұрылып жылжи бастады. Үйірдің орта шенінде жайылып келе жатқан қалың жалды барағы айғыр жерден басын жүлып алып, елен етіп, құлағын Бақтығұл жаққа тіге қойып, оқыранып жіберді. Бақтығұл қоралы қойға шапқалы келе жатқан қасқырдың құйрығын қысып, басып төмен салып, елеусізденіп сөлпеңдеп жүргені сияқты, жай ғана қалғып келе жатқан жылқышының кейпін көрсетпек болды. Өте баяу ілбіп келіп, айғыр үйірінің ортасына кірді» [49,246]
Ал Бақтығұлдың Сәлмен жылқышыларымен кездесу, ұрыс салу мезеттері күрделіленген түрде «Абай жолының» үшінші кітабында Базаралы, Абылғазы бастаған жігітек адамдарының Тәкежан байдың сегіз жүз жылқысын алардағы түсын еске түсіреді. Екеуінде де қаһармандарды жай ұрлық, мал алу, баю ниеті жетелемей.. еттен өтіп, сүйекке жеткен кек, саналы әрекет көрініс береді. Әлбетте, айдауда болып, көп өмір мектебін көріп қайтқан, табиғатында кең парасатты, батыл, өткір Базаралы мен еті тірі, есті болса да, ауыл маңынан ұзап шығып көрмеген, күштілермен күрес тәжірибесі жоқ Бақтығұлды таразыға тең тартқымыз келмейді. Дегенмен, бұлардың портретінен бастап, сөз саптасында, өжет мақсаттылығында бірталай үндестік ұшырайды. Біз мұны суреткердің өмір шындығына адалдығына, әлеуметтік мәселелерді алғы кезекке шығарып көрсетуді түбірлі нысана етіп алғандығына байланысты қараймыз.
Жазушының әр кезде жарияланған шығармаларының кейіпкерлеріндегі ұқсастық жеке өзіндік мақсаттан тумайды. Бұл қаһарманды суреттеу принципіне байланысты нәрсе. «Қараш-Қараш оқиғасында» Бақтығұлдың соққыдан бас көтеріп, айыққан кескіні былайша берілген: «Бір мезгілде сұр шекпеннің оң жақ жеңін сыртындағы белдікке ілген, белуарында жалаңаш алтыатар жарқ-жүрқ етіп, үлкен үй жақтан шығып келе жатқан Бақтығұл көрінді. Даусы әмірлі. Бұл кезде тойынып алған денесі бұрынғыдан да кесектеп, ірілей түскен. Кеуделі, иықты келген де, төсі мен қолының бұлшық еттері — кесек-кесек түйірлердей. Өзі кәзір өзгеріп, өркештеніп, жаңа қырға мініп алған... Қалың қара мұрттың астынан Бақтығұлдың езуі сүйсінгендей жымиып түр. Жүзінде толқынған қуарыңқы рең бар. Көздері қараңғыда қызулы тілектің отын шашқандай, күлімсіреп жарқылдай береді» [49,277]. Ал «Абай жолының» үшінші кітабында Базаралының айдаудан арып-ашып келсе де, сыр бермей, сымбатын сақтаған тұсы төмендегіше: «...Базаралы айдау, азаптың бәрін үйіп-төгіп, бекем бойынан бірақ серпіп тастағандай. Жүдеген жүзінде ойлар мен жылдар салған жүдеу таңба да тез айыға бастады. Ақшыл сарғылт жүзіне енді кайтадан қызғылт қан жүгіргендей. Ұзын, қоңыр сақалына араласқан күміс реңді ақ талдар ғана айқын көрінеді. Бірақ нұрлы, жылтыр жүзінде әлі кәрілікке жеңгізген, жасыған ажар білінбейді». [11,56]Бұл мысалдардан біз дәлме-дәлдік іздемедік, бірақ бұл екі суретті іштей үйлестіріп, үндестіріп тұрған нәрсе — жазушының еңбекшіден шыққан ер адамның өктем, өр бейнесін жасағысы келгендігі. Келтірілген суреттер бір кейіпкердің жас және егде кезіндегі көріністеріндей әсер ету.
Сондай-ақ «Қараш-Қараштан» Сәлмен бай мен Бақтығұлдың, «Абай жолындағы» Тәкежан мен Базаралының сөз сайыстары драмалық қуатқа толы, қаһармандар келбетін, мақсатын, мінезін ашарлықтай туыс құбылыстар. Сәлменнің астамшылық, ірі сөздеріне Бақтығұл дәлелді, салмақты жауап қайырады. Мұндай қайтпас мінезді, ашынған адамдардың тұлғасын жасау М. Әуезов творчествосындағы жаңа биік болатын. Жылқышы Бақтығұлдың күні кешегі өзінің қожасы — Сәлменді кінәлаған сөздері ескі тәртіпке, зорлыққа таңба түсіргенмен бірдей. Сәлменнің өзін, сан жылғы қылықтарын ақтағысы келіп, «неңді алып едім» дегеніне Бақтығұл айыптаушыдай жүйелі, бұлтартпас дәлелдер келтіреді. «... — Немді алмадың? Жанымды да алғансың! Жар деген жалғыз қанатым — Тектімді тепкіңмен өлтірмеп пе едің?
-Бәсе, құныкерім екеніңді аузыңа құдай салып отырған шығар. Сенің соққыңа жығылып, сары төсек болып алты ай қыс жатқанда, жиырма жыл босағаңда шіріген сол Тектіғұлға тым құрыса қатқан тоқты — қалжа бердің бе?
- Е... санай түс ендеше, тағы бар болар менен алмағың? Тегі менің малымның қақ жартысы сенікі шығар. Қалжыраған қара мойын құл! Қалай-қалай тантисың. Жікішкерген аурумен құдай алған ініңді әкеткен ажал мен деп пе ең? Санашы тағы. Қандай алмағың бар екен Қозыбақтан, Сәлменнен әлі де.
Бақтығұл қайнаған әділ ашу үстінде не де болса барын айтып қалмақ ниетте болатын.
— Санаттық ба? Ендеше он алты жасымнан отыз алты жасыма дейін, былтырғы күзге дейін жиырма жылдың қысында қар төсеніп, мұз жастанып, жаз жалғыз түн тыным көрмей күзетіңде, жылқыңның соңында өзім өттім. Қозың мен қойыңның соңында, қораңның шетінде түндер бойы көз ілдірмей, жиырма жыл бойы інім — Тектіғұл өтті. Он екі жыл бойында мынау әйелім — Қатпа шешеңнің, қызыл бәйбішенің қолында сарала етек күң болып, отымен кіріп, күлімен шықты. Сол бәріміз кеше қасыңнан кеткенде немен шықтық? Екі қолымызды мұрнымызға тығып шыққанымыз жоқ па?!» [49,256]
Дәл осы тектес, сарындас шыншыл, өткір үкімдей лебіздер «Абай жолында» Дәркембай, Базаралы секілді езілген тап адамдары аузымен сан рет айтылғанын көреміз. Әсіресе, Базаралы мен Тәкежан арасындағы сайыс сөздер бұл ойымызды сипаттайды. Тек айырмасы — кейіпкерлер аты бөтен, ситуация өзгелеу, ал тартыс пен тұлғаның бағыты, сипаты бір...
Бұл және басқа мысалдардан шығатын маңызды қорытындылардың бірі — сонау, жиырмасыншы жылдардың орта деңгейінде М. Әуезовтің реалистік әдебиеттің шарттары мен тәсілдерін меңгеріп қоймай, үлкен, күрескер адам бейнесін жасауға ұмтылғандығы. Социалистік реализм әдісінің бір маңызды белгісі — қорлық пен езгіге көнгісі келмейтін, үстем тапқа, қиянатшыға қарсы белді буып, білек түріп қарсы шығатын ер, өжет жандар бейнесін жасауында ғой. Ендеше дәл осы сипат «Қараш-Қараш оқиғасы» арқылы жазушы творчествосына дендеп қосылғанын көрмеуге болмайды.
Коммунистік дүниетанымның өзіне хас ерекшелігі — таптық, әлеуметтік қайшылықтарды ғылыми, объективті түсінуі болмақ. Өмірдің сан тарау, шытырман құбылыстары ішінен ең өзекті мәселені екшеп ала білу, соларды озық көзқарас тұрғысында сарапқа салу, шындықты диалектикалық тұтас қалпында тану мен талдау — социалистік реализм әдебиетінің маңызды шарты. «Қараш-Қараш оқиғасы» қазақ аулындағы рулық, ағайыншылық әдеттерімен перделенген қарым-қатынастың шын келбетін, анық суретін берудің биік үлгісін танытады. Бүған шығарманың ширығып барып, шешілетін тұсын мысалға алсақ та болады.
«Қараш-Қараштағы» Жарасбай мен Бақтығұлдың, «Абай жолындағы» Тәкежан мен Базаралының арасындағы тартыстың сырын ашуда, басталуы мен аяқталуын көрсетуінде таңқаларлық ұқсастық бар. Бірақ бұл ұқсастық сөздің, немесе ситуацияның қайталануында емес, авторлық көзқарас пен тенденцияның бірдейлігінде. Жауымнан кек алуға тірек, сүйеніш болар деп паналаған адамы Жарасбай Бақтығұлды өзінің мақсатына пайдаланып болған соң, бойын аулақ салып, безіп шығады. Мұнымен де шегерілмей, күні кеше өзінің шабарманы, барымтаға жұмсайтын шоқпары етіп келген Бақтығұлды кінәлі, айыпкер деп өкімет қолына ұстап беруге кіріседі. Таптық мүдденің алшақтығы бай мен кедейді бір бағыттас ете алмайтындығы, бұлардың арасындағы «жарастық» ұзаққа созылмайтыны тамаша ақиқат ашылған. Бір-бірімен араз, өш болып келген Қозыбақ әулеті мен болыс Жарасбай сәті келгенде қас-қабақпен ұғысып, лезде татуласады да, Бақтығүлдарды «ұры, қары» оп оңай сатып, сырт беріп шығады. Бұл өмір шындығы екені рас. Ал осындай акиқатты көріп, тану үшін суреткердің дүниетанымы кемел озық ғылыми теорияға сүйенуі лазым. М. Әуезов «Қараш-Қараш оқиғасында» құбылыстардың ең мәндісін, нәрлісін екшеп айтарлық, замана талабына толық жауап берерлік деңгейге көтерілген.
Жазушының теңеуі бейнелі теңеу. Кедей-кепшіктің, оның өкілі Бақтығұлдың аянышты халін "жалғыз жорыткан көк қасқырға" теңесе (жығылғанда да. ол "тұмсығынан шаншыла жығылады"), жуан билерді "малына індет келген ауылдың иттеріне" теңейді: "жоны шығып, құйрығын сыртқа салып, көзі қызарып құтырғандай қанталап, кауып түсетін сияқты түр көрсетті".
Әсіресе, зорлықшыл үстем тап өкілдерін бейнелеуде қолданылатын ащы сарказм, уытты мысқыл бірде жоғарыдағыдай ашық берілсе, енді бірде төмендегідей жабық, астарлы сипатта беріледі: "Ақыры, бір күні жандаралдың әмірімен кала сілкінгендей болды..." немесс Жарасбаймен "жең ұшынан жалғасушы" тілмаш Тоқпаевты "тілеулестік ішіндсгі мархамат періштесіндей жаршының өзі болатын" дейді.
Жазушының эпитеттері де - әлеуметтік мән-мағынаға ие бейнелі эпитеттер: "Жалмауыз пышағы жорғалай түсіп...". Пышақтың жайшылықта жалмауыз болмайтыны түсінікті. Жазушы пышақка оның иесінің ішкі сипатын артып отыр. Немесе, "аласа бойлы, тік мұрт қызыл би". Мұндағы эпитеттің астарында да жағымсыз мағына жатқанын оны құрап отырған сөздердің эмоциялық бояуынан байқауға болады.
Жазулы бейне жасауға сөздердің тура мағыналарымен катар, ауыс мағыналарын да пайдаланады. "Сатымсақ билердің" ішкі пікірін түсінген Бақтығұлды "ұзын мұрты тікиіп, түгін сыртына теуіп алды" дейді. Немесс, "билер қырланып, қақауланып, түстерін суытып алып, айыпкерді оңды-солды қаға бастады". Құрмалас сөйлемнің алдыңғы компонентінде тура мағынасындағы сөздермен бейне жасалса, соңғы компонентінде ауыспалы мағынадағы сөздер бейне жасап тұр.
Жетінші, сегізінші бөлімдер Бақтығұлдың тау мен тасқа тығылып, қашқын атанған өмірін суреттеуге арналған. Жарасбай болыс оның тау-тастағы өмірін де тыныштықта қалдырмайды. Тығырыққа қамалған аң сияқты ашынған Бақтығұлдың ашу-кегі шегіне жетеді. Ол Жарасбайды өлтіріп, кек алумен тынады.
Осы оқиғаларды суреттеуде жазушы тіл байлығының барлық қыртыс-қабатын пайдаланған деуге болады. Мұнда қолданылған теңеу, эпитет, метафора... бәрі де жазушының айтайын дегенін жеріне жеткізе бейнелеп, көздеген жерден дәл шығып жатады.
Соңғы жылдарға дейін әдебиеттану ғылымында қалыптасып, қайталана айтылып келген жаңсақ пікірдің бірі — жазушы М. Әуезовтің 20-жылдардағы шығармаларында бірыңғай ескі өмірді суреттеу басым, оларда халықтың азаттық, революциялық күресі көрсетілмейді деп тұжырушылық еді. Мұндай долбар әдебиет оқулықтарында 60-жылдарға дейін орын теуіп келді. Мұның өзі шығармадағы революциялық мазмұн дегенді тек қана тақырыптың атынан, автордың тікелей публицистикалық шақыруларынан іздеуден туатын еді. Кейінгі кезде М. Әуезовтің кейбір бұрын жарияланбай келген еңбектерінің басылуына байланысты әлгіндей бір жақты бағалар сейіле, жазушы творчествосының шын келбеті таныла бастағандай. Атап айтқанда, «Қараш-Қараш» повесіне беріліп жүрген талдау суреткердің тұтас бір дәуірдегі туындыларының көп қырлы екендігін түсінуге кемектеседі.
Жазушының шығармашылық жолындағы үлкен белестің бірі — «Қилы заман» повесі (1928) болатын. Бұл шығарма М. Әуезовтің суреткерлік мол мүмкіндігін, революциялық дүниетанымын, таңғажайып тіл кестесін, қаһармандарды көркем бейнелеу шеберлігін айрықша әйгілейтін бірегей туынды. Повесть қазақ әдебиетінің үлкен досы А. Н. Пантиелевтің аудармасында 1972 жылы «Новый мир» журналында орыс тілінде жарияланды, орысша басылымға Лениндік сыйлықтың лауреаты, көрнекті жазушы Шыңғыс Айтматовтың алғы сөзі берілді... «Қилы заман» 1974 жылы «Жұлдыз» журналының сегізінші санында басылды, 1976 жылы жеке кітап больш шықты. Аталған шығарма М. Әуезовтің творчестволық эволюциясын, күрделі прозалық жанрда заманалық мәні бар құбылыстарды меңгеру әрекетін түсінуге кемектеседі. Мұнда шыншыл, биік өмірлік аңсардан туған суреттер мол.
«Қилы заманның» жариялануы оқушы жұртшылық үшін әдемі олжадай қуанышты құбылыс. Мұнан атақты суреткердің үлкен өнер жолына белді буып, білек түріп кіріскен шабытты кезеңін, көркемдеп жинақтаудың өріне беттеген шағын танығандай боламыз. Болашақ «Абай жолы» эпопеясы авторының таланты толысқан, қандай қиын жанрды да баурап алуға бабы келген тұсы осы шығармадан айқын аңғарылады. Сондықтан «Қилы заман» туралы сөз қозғау қай жағынан алсақ та қызық. Бұл шығарма, бір есептен, жазушының көркем прозадағы алғашқы тәжірибелерін қорытындылаған, оның кең көлемді полотнолар жасауға, психологиялық талдауға жетіккенін сипаттайтын саты, сапалық секіріс секілді.
Ең алдымен «Қилы заманның» жанры туралы бірер сөз. Ә. Шәріпов журналдық басылымға жазған алғы сөзінде мұны «эпикалық байсалды баяндау тәсіліне, психологиялық сезім күйлерінің тереңдігіне, характерлердің сомдалуына, ел өмірінің бүге-шігесіне дейін жомарт қаламға ғана тән дарқандықпен берілуіне қарағанда повестен гөрі романға лайық туынды» — деп бағалайды. Бұл сөздерде шындық жатқанын құптамасқа болмайды.
Тек қана көлемінің шағындығы болмаса, «Қилы заманда» роман жанрының нышаны толық табылғандай. Қарқара жәрмеңкесі басындағы әкімдер ортасы, патшаның 1916 жылғы июнь жарлығын қабыл алмаған халықтың стихиялық қозғалысы, елді басқарушылардың іс-әрекеті, таптық қайшылықтың байқатылуы, ел азаматтарының қапыда ұсталып, абақтыда азап шегуінің суреттелуі, ұлықтардың Жәмеңке өлімі кезіндегі қаскүнемдігін көріп, халықтың тағы да ереуілдеп шығуы, көптің қаһарына шыдамай, отаршыл өкілдердің жәрмеңкеден қашып кетуі, патша әскерінің мейрімсіз жазалаушылығынан сескенген жұрттың туып-өскен қонысын еріксіз қалдырып, тау асып босып кетуі секілді жүйелі, желілі қат-қабат сюжеттік өрілімдер нағыз романдық оқиғаның жүгін көтеріп тұр. Бір, немесе бірнеше адамның емес, бүкіл бір рулы елдің тағдыр талқысына түсіп, азаттық, бақыт үшін күресін көрсету тек романға ғана тән сыбаға. Шығармада аталатын қырықтан астам кейіпкердің дені өздеріне тән іс-әрекет атқарады. «Қилы заманда» патша жарлығына наразылық қозғалысының, бір емес, екі кезеңі елес береді. Алғашқыда ел сөзін Ұзақ, Жәмеңке, Серікбай, Әубәкір секілді естияр, дуалы ауыз ересектер ұстаса, кейін күрес кезегін Кекбай, Баймағамбет, Жансейіттер алады. Сонымен шығармада көтерілген идея мен көрсетілген қаһармандар, оқиғалар «Қилы заманның» романдық белгісін айқындайды.
Бұл шығармасына автордың көзқарасын, аңсарын айқындайтын аса бір қымбат деректі А. Пантиелевтің «Ұлан даланың ұлы жыршысы» («Жұлдыз», 1975, № 2) деген естелік мақаласынан табамыз. М. Әуезовтің, көп араласқан, сырласқан достарының бірі — А. Пантиелев суреткердің творчестволық сырын тереңірек тануға көмектесетін дәлелдер келтірген. Аталған естелігінде ол мынандай бір қызық тұжырым айтады. «...Әуезов өзінің ертеректе жазған шығармаларын, әсіресе, осы повесін орыс оқырмандарына, қаламдас орыс достарына керсетуді арман етті». Осының ізінше жазушымен арада болған әңгімені еске алады. «Осы бір дүниелікті қаншама азаптанып, қинала отырып жазғанымды сезетін шығарсыз деп ойлаймын, — дейтін Әуезов, — қазір қазақ халқының қаншалық тұңғиық түнек түбінен бас көтеріп, бой жазып шыққандығын ойлаудың өзі сонша қорқынышты» ( 33,200).
Шығарманың жанрын жазушының өзі қалай түсінгенін сипаттайтын куәлікті де осы естеліктен табамыз. Жетісу елінің 1916 жылғы азаттық қозғалысы оқиғасы суреткерді қатты қызықтырғаны соншалық, ол трилогия жазуға да ниеттенген екен. «...Әуезов «Қилы заман» — ойға алған трилогияның бірінші бөлімі, — деуші еді. Екінші бөлімнің геройы — Серікбайдың, азамат соғысына қатысқан баласы, ал үшіншіде Серікбайдың Отан соғысына басынан аяғына дейін қатысқан (соғыстан кейінгі жылдары министрдің орынбасары) немересі болуға керек; олардың бәрі де өмірде болған, бар, тірі адамдар, ал тағдырлары қаншалық таңданарлық болса, соншалық көңілге қонымды да»(33,200) Бұл айтылғандар біздің «Қилы заманды» роман санатында қарайтын пікірімізге дәйектеме берерлік мысалдар.
«Қилы заман» романында жазушы халқымыздын, ұлт-азаттық қозғалысының көркем суреттерін жасаған. Мұнда алғы кезекте зорлыққа, астамшылықка көнгісі келмей, әділетсіздік атаулыға қарсы тұрған ерлер бейнесі көрсетілген. Суреткердің шығарма негізіне 1916 жыл оқиғасын таңдап алуы кездейсоқ емес. Бұл материал оның күрескер тұлғасын жасамақ ниетіне сай келген. Отаншыл, азамат қаламгер қазақ халқының Октябрь революциясы қарсаңында өз бойынан үлкен жігер, қайрат тауып, елдік намыс үшін ата жаумен айқасқа шыққанын халық санасындағы сапалық ілгерілеу деп бағалағаны айқын. «Қилы заман» М. Әуезовтің дүниетанымындағы зор өзгерістің де нышаны секілді. Егер ол бұдан бұрынғы кейбір әңгімелерінде күштілерден зәбір шеккен панасыз жандардың мүшкіл халін керсетсе, аталған шығармада қалыптасып қалған көне тәртіпке бұдан былай көнгісі келмеген қаһармандар тұлғасын мүсіндеді. Бұдан шығатын тағы бір ірі қорытынды — М. Әуезов өз творчествосында революциялық тақырыпқа замандас, қаламдас серіктерінің көбінен бұрын дендеп барғандығы.
Ақиқатшыл суреткер өзі анық зерттеп білмеген мәселеге қалам ұрмағаны белгілі. Оның революция алдындағы, совет өкіметінің алғашқы жылдарындағы өмірдің өте мәнді тұстарын көрсететін әңгімелерінің езі халық өміріндегі өзгерістерді керемет шеберлікпен аңғартатын. Олардың қайсыбіреуінде ұран тастап, немесе ескілікті «талқан етіп» жүрген кейіпкерлер кездеспегенімен, өмірдің шымырлап жатқан тереңінде қылаң берген белгілерді білгірлікпен көрсету жағы күшті болатын.
Қоғам өмірін өзгертуге бағытталған анық іс-әрекетті алғаш кең көлемде кемел бейнелеген шығармасының бірі «Қараш-Қараш» болса, екіншісі «Қилы заман» еді. Соңғы туынды елдік азаттық пен ар үшін шайқасын сенімді серпінмен жырлаған. Халықтың бойындағы тасқындаған күштің қүдіретін көрсете алуы жағынан кезінде «Қилы заманға» барабар келетін шығарма сирек. Елдің революциялық ұмтылысын көрсетуде «Қилы заман» ғибратты дәстүр салды дей аламыз. Шыңғыс Айтматов бұл шығарманың жазушының творчестволық сапарындағы орны мен маңызын дәл таныған. «Қилы заман» Әуезовтің «Абай жолынан» көп бұрын, сол кездің, өзінде-ақ кең тынысты эпикалық баяндау формасын игергендігін дәлелдейді. Осы тұрғыдан алғанда «Қилы заман» — кейін Әуезовтің телегей-теңіз эпопеясын тудырған ең алғашқы куатты арналардың бірі... Жазушы талантының революциялық қалыптасуының айқын мысалы».
Жазушы бұл шығармасына тұп тұлғаны (прототипті) нағыз өмірдің өзінен, ізі суымаған тарихи оқиғаның белгілі қайраткерлерінен тапты. Автор 1916 жылы Албан көтерілісі болып өткен жерге барып, көптеген адамдармен тілдескен. Ол кезде көтеріліске қатысқан кісілердің бірталайының көзі тірі еді. Бүкіл бір аймақты дүрліктірген бұл оқиғаның анықтығына көз жеткізу жазушының қолына қалам ұстатқызған. М. Әуезов өзінің шығарма қаһармандары Ұзақ Саурықовтың, Жәмеңке Мәмбетовтің, тағы басқаларының тарихына қатысты қыруар мағлұмат жинағанын, бұлар турасында бір емес, әлденеше кітап жазуға бел буғанын А. Пантиелев естелігінен көрсетіп өткен еді. Кесек, көркемдігі қуатты шығарманың биік аңсардан, үлкен мұраттан, елдің тағдырына күшті әсер еткен оқиғалардан ғана туатындығына да «Қилы заман» куә бола алады. Ұзақ, Жәмеңке, Серікбай, Әубәкір секілді табанды, саналы, халық мүддесі үшін өздерін құрбан етуге даяр ерлер бейнесін жасау — қазақ әдебиетінің қорына қосылған тың табыс болатын.
Қаламгер ешқашан болған істің көшірмесін ұсынбайтыны, өмір шындығынан көркемдік шындық тудыру үшін автордың эстетикалық мұраты ықпал ететіні мәлім. Ендеше М. Әуезовтің халық қозғалысын, оның қайсар, ер мінезді басшыларын көрсетуді нысана етуі, ең алдымен, өз басының дүниені революциялық жолмен өзгертуге деген сенімінің беріктігін де әйгілейді. Ұзақ, Жәмеңкелер қоғам кұрылысын саналы түрде қайта құруды көздеген большевиктік күрескерлер болмаса да, объективтік жағынан патшалық саясатқа қарсы азатшыл қызмет атқарған ерлер болып саналады.
Халық бір көтерілсе селдей қаптап, бөгесіндерді басып өтетіндігін, стихиялы қозғалыстың үстем таптың зәресін ұшыра алатынын «Қилы заман» қапысыз шебер аңғартады. М. Әуезов бейбіт жатқан албан елінің 1916 жылғы июнь жарлығын естігенде іште тұншығып жатқан кегі оянып, дүр сілкініп шыққанын, сөйтіп, айбарлы күшке айналғанын өмір шындығына да, мінезге де сәйкес кестелеген. Патшалық әкімдердің, қазақтың өз арасынан шыққан озбыр болыс, жебір тілмаштардың қиянатын көп көрген, өз жеріне, малына иелік етуден қалған, адамдық праводан жұрдай болған халықтың аянышты халін жазушы шығармасының өн бойында кейде кейіпкерлер сөзімен, кейде өз атынан тетелей дәлелдеп, түсіндіріп отырады. Қазақ кедейінің есепсіз зорлық көріп келгенін шығарманың ең басында келтірілген эпизод — жерін саудагердің малынан қорығаны үшін «кінәлі» болғандарды пристав Подпороков теркеген тұстан айқын танимыз. Қарапайым адамның зәредей тілегімен есептесу дегенді мансап иелері мүлде ұмытқандығы приставтың жазықсыз жандарға айтқан мына сөздерінен толық танылады.
Сен ақымақтар жәрмеңкеге келген саудагердің алдынан шығып, қарсылық қыласың!... Олардың малын жерімізге түсті деп қуалайсың! Сендерде жер бар ма? Жер патшаныкі, ал саудагер малы да патшаныкі»
Міне, осы секілді әділетсіздік, зомбылықты көп көрген халықтың «патшаға адам бермейміз» деп бұрқ етіп кетерілуі табиғи. Романда елдің стихиялық қозғалысының басталу, өршу, басылу кезеңі жүйелі оқиғалар үстінде нанымды ашылады. Көптің кекке қайралған қимыл-әрекетін көрсету жөнінде «Қилы заман» қазақ әдебиетінде жаңашыл сипатымен ерекшеленеді. Мұнда халықтын, отаршылдыққа деген жиіркеніші зор көркемдік қуатпен бейнеленген. Бұл ретте Ш. Айтматовтың тағы да бір пікірін келтіріп ету артық емес. «Царизмге, оның зорлықшыл аппаратына деген өшпенділікті жас Әуезовтей соншалық суреткерлік нанымдылықпен көрсеткен, патшаның отаршылдық саясатының безбүйрек қаталдығы мен айуандығын соншалықты ашына әшкерелеген, көшпенді елдің өзіне жат патшалық әкімшілік жүйесін қабылдамауының табиғатын мол мысалымен ала отырып, соншалық тереңдікпен ашып берген, сорына қарай көтеріліске шығып, сонысы үшін қан жоса қырғынға ұшырап, туып-өскен жерінен қуылған қарапайым халықтың қасірет-қайғысын ет жүрегі езіле отырып айтып берген мұндай шығарманы мен шығыс әдебиеттерінен сирек кездестірдім» (33,8-5.).
Шығарма авторының тап қайшылығын нанымды аша білгендігін ерекше ескерту лазым. Стихиялы түрде өрбіген көтерілістің кезінде байлар мен кедейлер мүддесінің екі тарапқа айрылғандығын автор сара жіктеп көрсетеді. Сонымен қатар еңбекші бұқараның өз ішіндегі болыс, билерге сенімінің жоқтығы, оларды жат санайтындығы әуел бастан-ақ анық аңғарылады. Бұны «патшаға жігіт бермейміз» дегенді айтуға бекінген елдің ауқымы байқатады. Бір мысал келтірейік: «Бұл жиындағы үлкендердің бәрінің де көңіліндегі күдігі болыстарда болатын. Алғашқы сөз байланған соң, ендігі міндет соларды ауыздықтау екені барлығына да мәлім жұмыс, кезекті мәселе сияқты болатын. Бұның да байлауын Ұзақ айтып берді. Бірақ болысқа ел қабағын танытып, үнемі тәубесін еске түсіргендей сескенетін бір мінез істеп жіберу керек. Ұлық алдына барғанда қайқақтамас үшін қалың топтың ұжымын анық көрсетіп, шырық бұзған кісіге көп айдыны қалай төңкерілетінін ашық сездіру керек. Жәрмеңке осыны ойлады да:
— Болыстың барлығы шырық бұза бермес. Бірақ бәрі бірдей елдік ойлайды, ұлыққа сатпайды деп айтуға болмайды. Ертең мен бір бозқасқа айтып сойып, бір қауым елді жиғалы отырмын. Албан болыстарының бәрі де сонда келер. Бұдан былай тантырамай, аяқты нық бас деген сөзді қауым алдында айтармыз да, біржолата шегелерміз. Содан әрі ауа жайылған болса, ондай мұттайымның малы мен басын елдің қолы білсін. Албанның ақ патшамен қатар мың да бір жауы сол дерміз» (33,20).
Көтеріліс басшыларының бірі — Ұзақтың туған ағасы Тұнғатар бас сауғалап, өз қамын ғана ойлап, жан сақтайды. Халық қозғалысы осылайша бай мен кедейді ғана емес, ағалы-ініліні де жігін ажыратуға мәжбүр еткен. Кейін Албан көтерілісі қырғынға ұшырап, ел көшкенде ескі жұртта патшалыққа тіреу болып келген бірнеше байдың аулы ғана қалады. Мұның бәрі «Қилы заманда» тап қайшылығының іші мен тысы жан-жақты айтылғанын дәлелдейді.
Отаршылдық саясаттың ең асқынған түрі — геноцидтің жексұрын кескіні «Қилы заманда» ақиқат көрінісін тапқан. Қарақол шаһарына айдалып апарылған Ұзақ, Жәмеңке, Серікбай, Әубәкір сынды ел басшыларын айуандықпен азаптаушылық, уланып өлген Жәмеңкенің денесін өз жерінде қоюға рұқсат етпеушілік, халықтың наразылығын әдейі өршітіп, артынан «айыпты» етіп көрсетіп, қанын судай ағызуға жоспарлы түрде әзірленушілік патшалықтың нағыз жауыз тәсілі болатын. Тұтас халықты жер бетінен жок қылып жіберуге отаршы жендеттер шімірікпестен баратыны әшкереленген.
Таптық қайшылықтың табиғатын терең түсінген жазушы «Қилы заманда» шет жағалап қана керсеткен мәселені — ағайынды адамдардың қоғамдық мүдделерінің кереғар кету жағдайын кейін «Абай жолының» көп беттерінде түбірлеп, объективтік өмір ағыстарына да, мінезге де сәйкес етіп ашады. Бұған Абай мен бірге туған бауыры Тәкежанның көзқарастары мен өмірлік принциптеріндегі алшақтықтардың кең жүйеде көрсетілгені мысал. Бұндай қарама-қайшылык «Абай жолында» үлкен тартыстар, өштіктер туғызған күрделі қорытындыларға алып барады. Кедейлерге Тәкежандар жасаған көп қиянатты тыям, әділет арашашысы болам деп Абайлардың қаншама сарсаң болғаны белгілі. Ақын өмірінің қасіретке толы талай шақтары дәл осылай, алыстан емес, жақыннан шыққан жаулардың қастандығынан туады. Тіпті, Абайдың ішіне мұз қатқан надан, қуыс кеуде байлардан көрген тақсыретінің де бір ұштығы ағайынмен алалығына тіреледі. Бір таптың, немесе топтың емес, дәл бір ата-анадан тараған жандардың да әлеуметтік орны мен мақсатына сәйкес түрліше нысана көздейтінін бұл айырмашылықтық жеңіл-желпі шешілмейтінін, олардың өмірмен бірге кететін жаулықтарға апара алатынын М. Әуезовтің алғыр қаламы сонау жиырмасыншы жылдардың, өзінде-ақ көрсете білгенін атап өткіміз келеді.
«Қилы заманда» 1916 жылғы азаттық қозғалысының Жетісуда ғана емес, Қырғызстанда да лап еткені, көптеген қырғыз жігіттерінің абақтыда опат тапқаны, ауылдары шабылғаны, қуғын-сүргін көргені ескертіліп отырады. Бұдан бұқара халықтың әрқашан мүдделес, ниеттес болып келгендігінің нышанын көреміз.
М. Әуезовтің, кейіннен «Абай жолы» романында толық кемелденіп көрінген шеберлігі «Килы заманда» да еркін танылғандай. Егер автор бұл шығарманы қайта бір қарап шығуға үлгергенде роман анағұрлым ажарлана түскендей екен. Үлкен реалистік көркемдік жинақтауларға тән қасиеттің бәрі де «Қилы заман» бойынан табылады. Қаһармандардың пішіні мен ісін, мінезін даралық ерекшелігімен беруде автор қалыптасқан өрнек танытады.
Қаһарман мінездерін ашудың түрлі амалын жазушы жұмсап көрген. Басты кейіпкерлердің іс-әрекеті сырт қарағанда қалың болмаса да, олардың тұлғасы тілдік мінездеулер, бір де болса бірегей дәл, нақты берілген суреттер арқылы ашылады. Мәселен, көтеріліс басшыларының бірі — Ұзақты үш-төрт-ақ рет көреміз. Бірақ ол әр эпизод сайын ірілене, даралана түседі. Халықтың бас біріктіріп, жігерлі ұйымшылдықпен патша жарлығына қарсы келерлік ниетін көргенде Ұзақ: «Ақ патша тоз-тоз қылып әкетіп еді, құдайға шүкір, қартайған шағымда болса да, елдің бір әкенің баласындай жамырап табысқан күнін бір көрдік... Жалғыз арман: жас шағымда кездеспеді — не керек»
Бұл сөздерде парасат, білік, үміт, арман, өкініш күшті айтылған. Ұзақтың да, Жәмеңкенің де терең саналы ойлары мен сөздері олардың табиғатындағы үлкен дарынды, кең пайымдылықты, кесек мінезді кәміл білдіреді. Ұзақтың тағы бір ретте айтқан: «Киіз туырлықты қазақтың бүгінгідей ынтымақ, тілегі қосылып, ел болам деп ту көтерген, ұран салған күнін көре алмай өттік. Енді міне сойған қойдай бұзып-жарып, он екі жілікке бөліп, боршалап тастаған заманда , біз де кісі болдық дейміз. Мақтанар, жұбанар жері бар ма»—деген мұңы, шыны аралас сөздері оның ішкі тұлғасын қомақтандыра түседі.
Осылайша Ұзақты біз шығармада аз кездестірсек те, мінез ашылар, мейлінше дәл берілген суреттер арқылы танимыз. Оның абақтыдағы қалпын жазушы сараң сөздермен тұжырады, сонда да болса, ол бізге өмір бойы сыр мінез адамдай жақын тартады. Прокурордың сұрағына ол: «Мен сенімен сөйлеспеймін. Сенің ісің зорлық. Зорлықшымен сөйлесуші ме еді? Жауап бермеймін» — деген сөзден басқа айтпайды. Осы қысқа сөзде өр мінезді, қайратты, кекті, арманды адамның құлқы жатыр. Елін шауып, малын талап, халықты қан-жоса етіп жүріп, сондай сорақы істерін басқаға жауып, «заңдандырмақшы» болған әкімге бұдан артық жауап лайық келмес еді. Бүкіл бір елді қырғынға батырған тілсіз жаумен осылайша ғана жауаптасу Ұзақтың сөзін лұғаттай салмақты етеді.
Ұзақтың басынан батырға тән байсалды тұжырымдылық пен шешімділікті байқасақ, ел ақсақалы Жәменкенің сөздерінен халық даналығын санасына дарытқан үлкен естілікті танимыз. Әубәкірдің батыл, өжет мінезі, тар жерде ақыл табар алғырлығы елестейді. Пристав Подпороковтың, жылпос болыс Рахымбайдың айласы да, арамдығы да дәл штрихтармен суреттелген. Мұның өзі кейіпкерлердің мінез даралығын нақты, сенімді ашуда автордың көп ізденгенін аңғартса керек. Қаһармандарға портрет беру, табиғат суретін кестелеу, монолог, жанама мінездеу тәсілдерін жазушы кең қолданған.
М. Әуезовтің қаламына тән стильдік сипат, көркемдік кестелеу заңдылығы мен айрықшылығы «Қилы заманнан» зайыр көрінеді. Құбылыстардың мән-жағдайын авторлық баяндаудың өзі суретке, мінездеуге ұласып кетіп отыратындықтан бұл шығармада жиі кездесетін көрініс. Пристав Подпороковтың албан елінің болыстарын жинап алып, патшаның июнь жарлығын естіртуге арналған кеңесінің суретін мысалға алып кетейік. Осы жиынның үстінде Подпороковтан бастап тілмаш Оспан, болыс Рахымбай секілді қилы-қилы жандардың түр-түсінің құбылыстарына, іштегі ойларына дейін анық көрінеді. Құбылыстарды кейде автордың сөзімен, кейде кейіпкердің көзімен суреттейтін тәсіл шығармада негізгі тәсілдердің біріне айналған.
Жазушының қою бояулы, алуан түсті дарқан көркемдік қолтаңбасы «Қилы заманда» өте жатық, әсем, әсерлі түскен.
Эпитет пен теңеуді, мінездеуді кілемнің түсіндей құлпыртып, тығыз қалайтын автордың айшықты, оймышты, сан құбылмалы сөз кестесін шығарманың кез келген бетінен кездестіреміз. Мұны туындының ең басындағы: «Жаз жауынды, мол сулы, қалың шалғынды, қызықты, қалың албанның ертегідей бай, сұлу жайлаулары: Үш Мерке, Дөңгелек саз, Үшқарқара, Сырт, Лабас-жайлау күндерінін. жасыл торғын шымылдығы, көк жібек бесігі» — деген сөйлемнен де байқауға болады. Бірыңғай мүшелі сөздерді топтап, тіркестіріп, үстемелеп қолдану («Ішіліп, қыздырып, желік беріп, жеңілдендіріп жатыр» тағы басқа жағына автор ерекше ден қойған. Шығарманың сөз кестесінің жалпы тұлғасынан бояудың кейде тым мол жағылғанын, оның өзі қайсыбір ретте сөздердің толық мағынасын тасаландырып тұрғанын аңғарар едік. Бұны біз дарыны дәуірлеп, суреткерлік қуаты толысқан жазушының табиғи қадамы деп білеміз. «Абай жолында» автор сурет кестелерін тізуге, сөз қолдануға анағұрлым талғампаз, үнемшіл болғанын тәжірибенің артуынан деп қарау керек.
Асы жайлауының табиғат суретін берген тұс ғажап! Мұнда әрбір сөз, қартына көзге, көңілге елестерліктей дәл, анық, бояуы қанық, қара сөзбен берілген поэзия.
«Қилы заманда» халықтың аңыз әңгімелері, шешендік сөздері орнын тауып, оқиға өріліміне үйлескен. Қарт Жәмеңкенің халыққа қарата айтқан сөзінен ескі жыраулардың дана тілмарлығы елес береді. «Баяғыдан бері албан баласы қарын шашы алынбағандай болып, ала бөтен амандықпен келіп еді. Мына жетпіс беске келгенше малы, басы пәле-қазаға ұшырағанын көрген жоқ едік. Бұл тау арқасындағы елдің ұйқысы қалың еді. Таудың киігіндей кек жайылған тіршілігі бар еді. Албанның тоқсанға, жүзге келген шалы болса да, бұл елдің қыс күнінде жұтағанын, жаз күнінде індетке ұшырағанын білмеп еді... Енді мына бүгінгі күн мынадай кер заманға кездестік. Қалың апат селге киліктік».
Қорыта айтқанда, «Қилы заманда» 1916 жылғы Жетісудағы халық қозғалысының көркем ескерткіші, ел үшін жанын пида еткен ерлердің жарқын тұлғасы жасалған. Бұл дәуірдің көп қайшылығын, мол қатпарын ашатын, отаншылдық, перзенттік аңсардан туған, жүрек қанымен жазылған, терең, қасиетті, кәделі ойларға, ұлы үмітке толы туынды. Мұндай кең, еңселі, сом сурет, бейнелер жасай алған, адам мінезінің диалектикасына барған суреткердің прозадағы кезекті ірі туындысы оның есімін әлемдік даңққа бөлеген «Абай жолы» сынды зеңгір эпопеяға ұласуы барынша табиғи.
«Қилы заманға» қатысты әңгіме аяғын Ш. Айтматовтың төмендегі тебіреністі сөздерімен тұйықтауды жөн көрдік. «Өткендегі шексіз тұңғиық халық қасіреті мен біздің бүгінгі шындығымыздың арасы жер мен көктей, тіпті салыстыруға келмейтін категориялар. Бірақ сол өткеннің ішіндегі жақсылық жағы — жұрт еңсе көтеріп, патшаның отаршылдық қанауына қарсы халықтың стихиялық толқуы, өз істерінің дұрыстығына көздері жетіп, еркіндікке ұмтылып, адам рухының соншалықты мол қуатын танытып, зорлық-зомбылыққа қарсы тұруы таң-қалуға болатын дүние» (33).
«Қилы заман» ұзақ жылдар бойында баспа жүзін көрмей келгенімен, жазушының санасынан шығып кеткен дүниелік еместі. Шығарманың азатшылдық идеясы, әсіресе, түрлі табиғи, шыншыл адам типтері жазушының «Абай жолы» эпопеясында кей тараптан дамытыла елес бергенін, көркейе, келісті бітім тапқанын аңғару қиын емес. Тобықты елінде, Семейде билік, үстемдік жасап жүрген патша чиновниктерінің, бейнелерінде, әсіресе, «тентек ояз» тұлғасында «Қилы замандағы» Подпороковтан ауысқан «белгілер» барға ұқсайды. Сол сияқты роман-эпопеядағы болыс-билер іс-әрекетінде албан атқамінерлерінің кейіп-кескінін елестетерлік тұстар кездеседі. Әсіресе, «Килы замандағы» ел қамқоры, өткір тілді, шешен Жәмеңке мен «Абай жолындағы» кедей, жатақтар жоқшысы, үлкен саналы ерлік пен адамшылыққа қабілетті, асыл ойлары мен ізгі армандары сөздерінде ұшқындап тұратын нағыз халык даналығын бойына жинаған дерлік Дәркембай арасындағы «жақындық» үстірт қарағанда да көзге шалынбай қалмайды. Ал кейбір тұста Ұзақ батырдың ел тағдыры мен намысын армандаған сәттері, кесек мінезі, қасиетті толғаныстары «Абай жолындағы» Базаралыны еске түсіреді. Мұның өзі араға көп жылдар салып барып жазылған, екі басқа тақырыпқа арналған шығармалардың бітіміндегі қайсыбір үндестік пен сарындастықтың, жазушы көкірегіне ұялаған идеялардың түрлі көлемде көрініс табуының жарқын мысалы секілді. Сонымен «Абай жолына» барардағы идеялық-көркемдік сатылар қаламгердің әңгімелерімен де, «Қараш-Қараш оқиғасы», «Қилы заман» повестерімен де табиғи қалыптасқанын көреміз.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет