Тарих - адамзаттың қоғамдық-әлеуметтік өсу жолын, мәдени дамуы мен рухани қалыптасуын көрсететін ерекше пән. Қоғамдық - әлеуметтік даму жолында адамзат өз тарихында көптеген қиындықтармен күресе отырып, кемелденді, дамыды. Тарихты тану арқылы адамның тарихи санасы қалыптасты. Тарихи сана, тарихи таным-түсінік әрқашан көркем әдебиет, яғни көркемдік ойлау арқылы өмір сүреді. Халықтың ауызша тараған әдебиетінен бүгінгі күнге дейінгі әдебиеттегі тарихи таным мен тарихи түсінік өткен дәуірден қалған жаңғырық ретінде қазірге дейін жетіп отыр.
Тарихи тақырып қазіргі қазақ әдебиетінде қаламгерлердің жиі баратын тақырыптары. Шығарманың тарихилығы туралы айтқанда міндетті түрде тарихи тақырып қамтылуы керек деген талап қойылмайды. Тарихилық жазушы көркем танымымен ұштасып, шығарманың өн бойынан көрініп отыратын ерекше категория. Ал әдебиеттегі драматизм категориясы шығармадағы негізгі идеяның ашылуы үшін қызмет ететін, әрі шығарма тақырыбын ашатын өзегі десек, екі категорияның үндесуі шығармашылық тұлғаның рухани болмыс-бітімін айқындамақ. Шығарма бойынан көрінетін тартыс сипаты екі түрлі арнада қалыптасады: біріншісі – жалпы қоғамдық ортада қалыптасқан белгілі бір заңдылықтарға деген іштей қарсылықтан туса, екіншісі – сол қоғамда өмір сүретін адамдар арасындағы пікір қайшылығынан болады.
Мұхтар Әуезов шығармашылығын зерттеудегі жаңа белесті жазушы шығармаларының 50 томдық жинағының шығуымен айқындалды. «Дүние мәдениетінің тарихына туған халқының ой-сана, рухани қабілет, парасатын бар болмысымен танытқан даналардың танымы мен тағдыры өзі тіршілік кешкен заманның топырағынан тамыр тартады. Ұлылар барлық дәуірлік, өмірбаяндық, шығармашылық қайшылықтарды басынан кеше отырып, жаратылыстың адамға сыйлаған қасиеттерін бойына сіңірген сәттен ғана замандық тұлға дәрежесіне көтеріледі.
Шынайы дана-өз ұлтының қадым заманнан бергі зейін - зердесінің, түсінік - түйсігінің іріктеліп келіп ұйыған мәйегі. Ірі-ірі қоғамдық қақтығыстар, танымдық тартыстар және биік нысана, үлкен мүдде-мақсаттар жеке адамның кесек қимылына жол ашып, өз мүмкіндігін толық пайдалануға ықпалын тигізеді. Даналардың өмірі халқының тағдырымен біте қайнасып, қоса құйылады. Олардың тағдыры елінен, елінің тағдырын олардан ажырату мүмкін емес..
Мұхтар Әуезовтің даналық көркем ойының мәйегінің құнары - тек оның шығармаларындағы қат-қабат тартыс жүйесінің тоғысыуында, жеке тұлға мен қоғам арасындағы көзқарас тартысында ғана емес, үш формацияны тел еміп өскен тағдырының тамырында жатыр. Көркем шындықты адамзаттың назарына ұсынды. Ол шындық ұлттың тарихына айналып кетті. Мұхтардың танымы да сол ұлттың тамырынан нәр алды.»
Бұл күндерi егемендi елiмiзде күрделi өзгерiстердi басымыздан өткерiп отырған шақта, өткен өмiр жолдарымызға жаңа көзбен, жаңаша ойлау жүйесiмен, уақыт талабына сай түсiнiкпен қарап тарихи есiмiздi жиып, оның тоқырап қалу себептерiн көре бiлiп, әдет салтымызды ұмытпаған тұстарын түгендеп, оларды керегiнше жас ұрпақтар тәрбиесiне жаратуға бетбұрыстар болып жатқаны ақиқат. Әр халық өзiнiң жас ұрпағына iзгi жақсылық тiлеп, өздерi жетпеген, шықпаған биiкке, белеске солардың шығуын армандаған, батасын берген. Оларды өнердiң, оқудың, ғылымның әр саласынан хабардар етiп, адал, әдiл, ержүрек, елiн, халқын бар ынтасымен сүйген ар-ожданы, iзгi ниеттi болып қалыптасуын арман еткен.
Мiне, осы тұрғыданда бiзге Мұхтар Әуезовтiң бай творчестволық мұралары, кезiнде ол тындырған iстер көмекке келедi, жол нұсқайды. Бұған ғалым-ұстаздың, ойшыл-жазушының творчествосындағы халық педагогикасының даму көздерi, қазыналары туралы ойлары менкөркем шығармаларындағы халықтық тәрбие дәстүрiнiң мол көрiнiстерi дәлел.
Мұхтар Әуезов мұрасы көне заманнан бүгінгі күнге, бүгіннен болашақ заманаларға шеру тартқан қазақ өмірінің игілік көші сияқты. М.Әуезов мұрасы – талай қиян-кескі майдан, алай-түлей шайқастардан аман қалып, бар қазына қасиетін енді аша бастаған, өз ұрпақтары арқылы бүкіл әлем жұртының ұлы керуеніне қосылған сахара елінің еркіндігіндей қымбат, арманындай асқақ, алтын кенішіндей терең, жүрегіндей адал мұра.
Қазақ әдебиетінің классигі, заңғар суреткер, біртуар жазушы, бірегей драматург, публицист, кемел әдебиеттанушы Мұхтар Омарханұлы Әуезов қазақ елінің көркем шежіресін жасап, ХХ ғасырдың үздік шығармалары саналған туындыларын дүниеге әкелді. Әлем әдебиеті Мұхтардың шығармалары арқылы ұлы Абайды таныды, көшпелі қазақ тұрмысы мен мәдениетіне қанықты.
Даналық ойдың алыбы саналған Абай қазақ поэзиясының мұзарт шыңы, мызғымас биігі болса, Мұхтар - қазақ прозасының хас шебері, рухани құндылығымызды қастерлеген кемеңгері. ХХ ғасыр басында қазақ қоғамына алапат нәубет төнген шақта ұлты үшін бас көтерген Алаш арыстарымен қатар тізе қосып Мұхтар Әуезовте әдебиет майданына келді. Мұхаңның әдебиеттегі алғашқы қадамы публицистика жанрында басталып, осы саланың жаңа көкжиектерінің ашылуына өлшеусіз қызмет жасады.
Қазақ қоғамының гүлденуіне қапысыз еңбек еткен М.О.Әуезовтің шығармашылық қайнарына бастау болған алғашқы мақалаларының бүгінгі өміршеңдік сипатын ашып, ұлт танымы тұрғысынан саралау арқылы жазушының шығармашылық толысуындағы алар орнын айқындамақпыз. Көп қырлы, терең сырлы Мұхтар Әуезовтің фольклорлық мұраларды жинақтау, оларды саралау ісінде үлкен ыждаһаттылық танытты. М.Әуезовтің ауыз әдебиеті үлгілерін жинап-бастыруы, толымды ғылыми зерттеу жүргізуі, қызғыштай қорып, қамқорлық жасауы – халық игілігі үшін жасалған ерен еңбегінің бір көрінісі»[48, 45], деп мұхтартанушы ғалым Р.Бердібай айтқандай, қазақ фольклортану ғылымына қосқан үлесі ерекше. Мұхтардың ғалымдық келбеті әдеби сын, теориялық зерттеу мақалаларында да кеңінен ашылады. Онда әдеби құбылыстарды терең талдап, көркемдік ойдың дамуын ғылым тілімен жеткізе білген.
Дарын мен даналықты тұлғасына тоғыстырған сыршылдық пен сыншылдықты суреткерлік шеберлігінде шендестірген М.Әуезов сөз майталманы болды десек артық айтқандық емес. Ол өз әңгімелерінде әлеуметтік, тұрмыстық, өмірлік мәселелерді тақырыптық арқау етіп, оны көркемдік және шынайылық ерекшеліктер аясында жарасымды үйлестіре білген. Халық мұрасын, қоғам игілігін тоғыстырған қазақ әдебиетінің қарқынды қарыштауына талмай еңбек етуді мақсат тұтқан сөз майталманы, ұлы суреткер өзінің туындыларында көркемдік деген шешім мен шынайылық деген талаптық мүддесінен шыға білген. Қазақ прозасының даму, өсу жолына көз жүгіртсек, ХХ ғасыр басындағы М.Әуезов әңгімелері көркемдік полотносымен, шынайылық ракурсымен ерекшеленген. Сонысымен де әңгімелерінің халықтық тұғырнамасы өз оқырманын асқақтығымен тартады. Әңгімелеріндегі көремдік және реалистік талабымен ашылатын халықтық идеясын айқында үшін әлем әдебиеті полотносында қарастырудың маңызы қашанда зор. Әуезов әңгімелері түп негізі, асыл тамары ұлттық ауыз әдебиетінен бастау алған. Осы бір асыл негіз Әуезов әңгімелерінің шындықты берудегі әдеби дәстүр мен шынайы шеберлігінің кілті іспеттес.
М.Әуезов шығармалары қазақ әдебиетіндегі кешелі-бүгінгі шығармалардың қай-қайсысымен қатар қойғанда мазмұны мен көркемдігі, тарихилығы жағынан басымдық танытып, халықтық сипатымен ерекшеленеді, көркемдігін әлемдік әдебиет аясында қарастырғанда ғана шығармашылық құдіретінің сыры мен мәнін ашу мүмкін болады.
М.О.Әуезовтің әңгімелерінде ел тағдырын жан-жақты толғайды, қоғам өміріндегі қайшылыққа, тартысқа толы сәттерді баяндай отыра, өмір тәжірибесіндегі оқиғаларды да қалтарыс қалдырмайды.
XX ғасырдың 20-жылдары әдебиеттің теориясы мен методологиясы жөнінде салиқалы еңбек жазған А.Белецкий көркем әдебиет шығармаларын екі түрге бөле қарайды [49, 36]. Оның біріншісі, автобиографиялық нұсқадағы, беллетристиқаға ұқсас шығармаларда көбіне автордың өз өмір тәжірибесінен алынған деректер пайдаланылған мемуар немесе ақындар күнделігі. Мұны Руссо, Гете, Жорж Санд, Диккенс, Толстой шығармаларынан көруге болады.
М.О.Әуезовтің алғашқы шығармаларында осы екі құбылыс та көрініс тапқан. «Қорғансыздың күні», «Қайғылы жетім», «Жуандық», «Қаралы сұлу», «Қыр әңгімелерінде» қазақ өміріндегі болған оқиға шындығы көрініс тауып, автор өмірінен тыс оқиғалар көркемдік реңк алса, «Үйлену», «Ескілік көлеңкесінде», «Кінәмшіл бойжеткен», «Сөніп жану», «Оқыған азамат» сынды әңгімелер желісі тікелей автордың өзі араласып, қатысқан оқиғаларға құрылған.
Әуезов шығармаларында терең психологизм, лиризм басым, адам жанының сан алуан құбылыстарын, нәзіктігін суреттеп, ішкі әлеміне терең уңіледі. Жазушы қаламынан туған әр шығармада халықтың тек өзіне ғана тән қасиеті, өмірлік ерекшеліктері, адамгершілік-рухани құндылықтары бой көрсетеді. Алып сөз зергері елінің тағдырына аянышпен қарап, жетістігіне қуанып, кемшілігіне қайғыра білетінін ұзақ шығармашылық жолында дәлелдеді.[1.35]