Қазіргі заман білім жүйесін реформалаудың негізгі бағыттары. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында əлем қауымдастығының басқа да елдеріндегідей білім жүйесін жаңарту жəне дамыту мақсаттарында ұланғайыр реформалау шаралары қолға алынып жатыр. Осы заманның білім жүйесін реформалаудың басты бағыттары төмендегідей:
- білімді адамиластыру(гуманизациялау);
- оқуды үздіксіз жүргізу бағыт-бағдары;
- білім технологиясындағы пəн аралық бірігім-байланыстарды (инеграция) іске асыру;
- оқу процесін компьютерлестіру жəне технологизациялау;
- білім берудің ақпараттандыру формасынан проблемдік, ғылыми ізденіс, оқушылардың өзіндік жұмыстарын кең қамтитын оқудың белсенді əдістері мен формаларына өту;
- оқу желісінде мұғалімнің оқыту жұмыстарынан гөрі оқушылардың танымдық іс-əрекеттеріне көбірек мəн беру;
- оқу-танымдық процесін ұйымдастыру мен сол процесті басқаруда жоспарлы қадағалау, қатаң бағдарластыру тəсілдері орнына оқудың дамытушылық, белсенділік көтеру, жеделдестіру мүмкіндіктерін мейлінше тиімді пайдалану;
- білімнің дамытушылық жəне азаматтық баулу қызметтерін назарда ұстау. Қазақстан мектебінің 2005-2010 жылдардағы даму бағдарламаларында белгіленген аса маңызды мəселе- азаматтық, дербестік, жеке жауапкершілік, қоғамға қызмет ету құндылығын түсіну, демократиялық қоғам құру проблемаларын шешуде ынтымақ сезімін тəрбиелеу.
Қазақстан білім кеңістігінде қалыптасып жатқан осы заман білімін реформалау бағыттары жалпы əлемдік бағдар мен үндес келіп, іске асырылуда.
2009-2010 оқу жылында Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін мектептеріндегі оқыту Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің 2002 жылғы 24 қыркүйектегі № 693 бұйырығымен бекітілген жалпы орта білім берудің жалпыға міндетті мемлекеттік стандарты негізінде жүзеге асырылады. Білім беру ұйымдарында пайдалануға рұқсат етілген оқу басылымдарының тізімі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2009 жылдың 3 сәуіріндегі №160 бұйрығымен, 2009 жылғы 14 мамырдағы № 217 бұйрығымен анықталған.
Қазақстандық мектептердi жаңарту тұжырымдамасы жалпы бiлiм берудiң басым бағыттарын, яғни оқушы мен оқытушының өзара ынтымақтастығы үлгiсiн оқу үдерісiнде қалыптастыру мен әртүрлi оқу iс-әрекетiн қамтитын оқыту әдiстерiнiң үйлесiмдiлiгi негiзiнде жүзеге асырылуы тиiс екендiгiн анықтап берiп отыр. Бұл басым бағыттар мектепте бiлiм берудi дамытуға негiз болады. Осыған орай мектептiң әр деңгейінде оқыту мен тәрбие берудің мақсаты, бiлiм мазмұнын iрiктеу ұстанымдары, сондай-ақ, оқушылардың дайындық сапасын бағалау тәсiлдерi нақтыланды. Бүгінгі таңда мектептің алдына қойып отырған басты міндеттерінің бірі қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру болып табылады.
Бәсекеге қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру барлық педагогикалық ұжымдардың бірігуін талап етеді. Жеке тұлғаға бағытталған сабақ – оқушылардың тұлғалық ерекшеліктері ашылатын, қасиеттері қалыптасатын, мүмкіндіктері жүзеге асырылатын оқыту жағдаяты. Әр оқушының болмысы арқылы дамытушылық, шығармашылық ойлау, өзбетінше шешім қабылдау қабілеттері қалыптасуы тиіс.
Осыған орай оқыту технологияларын жаңарту, педагогикалық мамандардың шығармашылық бастамасына қолдау жасау талап етілуде. Жеке тұлғаны қалыптастырудағы жаңаша оқытудың әдіс-тәсілдерін іздестіру пәндік білім аймағында игерілетін білімдерімен анықталады. Мұғалім қазіргі заман технологияларын игеру мәселесіне көбірек көңіл бөлуі қажет.
Бәсекеге қабілетті білім беру кеңістігін құруға бағытталған қазақстандық білім беру реформасы бағыттарының біріне жалпы орта білім берудің жоғары деңгейіндегі бағдарлы оқыту жатады. Бұл үдерістің нормативтік жақтары жалпы орта білім берудің жалпыға міндетті мемлекеттік стандартында (2002 ж.) көрсетілген.
Бағдарлы оқыту жалпы орта білім берудің жоғарғы деңгейіндегі оқытуды саралау жүйесі ретінде қарастырылады. 2006 жылдан бері Қазақстан мектептерінде жүзеге асырылып келе жатқан бағдарлы оқыту 10-11 сыныптарда екі бағыт бойынша: қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық бағытта оқытылып келеді. Мектеп бұл екі бағыттың бірін немесе екеуін де оқушылардың қажеттілігі мен олардың ата-аналарының сұранысын ескере отырып таңдап алады. Оқушылар таңдаған бағыттары бойынша физика-техникалық, экономика-математикалық, химия-биологиялық, география-экологиялық, көркемдік, лингвистикалық, тарихи-құқықтық, т.б. бағдарларда білім ала алады.
Жалпы орта білім беретін мектептердің жоғарғы деңгейі оқушылардың кәсіби өзін-өзі анықтауына, әлеуметтенуіне септігін тигізуі, мектеп пен кәсіби білім арасындағы сабақтастықты қамтамасыз етуі тиіс. Оқушының әр түрлі іс-әрекет түрлерінде өзін байқау мүмкіндігі арқылы болашақ қызмет аясын саналы түрде таңдап алуы үшін жағдайлар туғызу қажет. Бұл шара жалпы орта білім беретін мектептердің жоғарғы деңгейіндегі оқу жоспарының вариативті компонентінің оқу курстары аясында жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасында білім берудің жалпыға міндетті мемлекеттік стандартына (2002 ж.) сәйкес оқу жоспарының вариативті компонентінің гуманитарлық бағытындағы да, жаратылыстану-математикалық бағытындағы курстарына да барлық пәндер циклі бойынша (3 сағат қолданбалы курс және 3 сағаты таңдау курстары) бөлінген. Осындай курстар оқу жоспарының мектеп және оқушы компоненттері есебінен оқытылады және олардың авторлық сипаты болады. Вариативті компоненттің оқу курстары бойынша бірыңғай ұлттық тестілеу жүргізілмейді.
Мектептің жоғарғы деңгейіндегі бағдарлап оқытудың маңызды бөлігі негізгі мектептің 8-9 сыныптарында ұйымдастырылатын бағдаралды дайындық болып табылады. Ол құрамдас үш бөліктен тұрады:
1. Кәсіби бағдарлау бойынша ақпарат беру.
2. Кәсіби бағдарлау бойынша таңдау курстарын ұйымдастыру.
3. Психологиялық көмек беру.
Бағдаралды дайындық нәтижесінде оқушыға мектептің жоғары деңгейіндегі оқу бағдарын немесе орта кәсіби білім беру жүйесіндегі мамандықты саналы да сенімді түрде таңдап алуына мүмкіндік туады. 5-10 сыныптарда білім берудің алдында тұрған міндеттер 2002 жылғы білім беру стандарты негізінде дайындалған оқу бағдарламалары мен оқу жоспары арқылы жүзеге асырылады:
– жалпы білім беретін оқу орындарының негізгі орта деңгейінің базистік оқу жоспары (Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің 24.09.02 ж. № 693 бұйрығы);
– жалпы білім беретін оқу орындарының жоғары деңгейінің базистік оқу жоспары (Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің 24.09.02 ж. № 693 бұйрығы);
– 5-7 сыныптарға арналған оқу пәндері бойынша бағдарламалар (Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің 11.03.2003 ж. № 148 бұйрығы);
– 8-9 сыныптарға арналған оқу пәндері бойынша бағдарламалар (Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің 12.05.2004 ж. № 405 бұйрығы);
– 10-11 сыныптарға арналған оқу пәндері бойынша жаратылыстану-математика және қоғамдық-гуманитарлық бағыттарға арналған бағдарламалар (Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің 18.10.2005 ж. № 672 бұйрығы).