3 ҚОҒамның даму тенденциясына сай қазақстанның мектептегі білім беру жүйесінің дамуы


«Білім туралы» жаңа Заң қазіргі білім жүйесінің



бет17/28
Дата26.06.2022
өлшемі0,67 Mb.
#37309
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   28
2.2. «Білім туралы» жаңа Заң қазіргі білім жүйесінің
дамуының кепілдігі

Қолданысқа енгізілген жаңа заң туралы айтпас бұрын осыған дейін "Қолданылып келген Заң бізге не берді?", "Ол қандай міндеттерді шешуге мүмкіндік туғызды?” деген сұрақтарға қысқаша болса да тоқтала кеткен орынды болар еді. Бұл тұрғыда мынадай мәселелерді айтқан абзал. Қазақстан Республикасының 1999 жылы қабылданған "Білім туралы” Заңы көптеген міндеттерді шешуге мүмкіндік берді. Нақтылай түссек бұрынғы заң:


* білім алудың қолжетімділігін;
* білім берудің бірыңғайлығы мен үздіксіздігін;
* білім беру ұйымдарының оқушылар үшін нысандары мен түрлерінің әр түрлігін қамтамасыз ете алды.
Осы уақытқа дейін қолданылып келген заң аталған міндеттерді атқаруға мүмкіндік беріп келген болса, онда "Білім туралы” жаңа Заңды қабылдау қандай қажеттіліктен туындады” деген мәселеге келсек, уақыттың өзі алға тартып отырған мына факторларды ескермеуге болмайтын еді. Қолданыстағы Заңның қабылданғанына 8 жыл өтті. Адамзат қоғамы бүгін аса жылдам қарқынмен дамып келеді. Өркениет көшінен қалмай, ғылымы мен білім беру жүйесі озық елдердің, Ыбырайша айтқанда, "өнер-білім бар жұрттардың” қатарында боламыз десек, заман талабын ескеріп, соған сәйкес қадам жасауға тиіспіз. Сонымен арада өткен он шақты жыл уақыт ішінде:
* заман ағымы, уақыт өлшемі едәуір өзгерді;
* жаһандану процесі қарқын алды;
* білім беру экономиканы дамытудың басты факторына айналды.
Өзгермелі әлемде өзгермейтін нәрсе жоқ. Осы жылдар ішінде біз де өзгердік. Әлемнің көптеген елдерімен тығыз байланыс орнатып, саяси-экономикалық және ғылыми-мәдени қарым-қатынастарымызды едәуір тереңдете түстік. Қазіргі күн сайын жаңарып жатқан қоғамда өзгелермен иық тірестіріп қатар тұрып, батыспен байыпты сұхбат құрып, шығыспен шынайы қатынас орнатып, түстіктегі жұрттармен тең сөйлесе алатын іргелі ел болуымыз білікті мамандарға тәуелді екендігіне тағы да көз жеткіздік. Ал білікті маман дайындау – білім берудің моделіне, құқықтық базасына тікелей байланысты.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында əлем қауымдастығының басқа да елдеріндегідей білім жүйесін жаңарту жəне дамыту мақсаттарында ұланғайыр реформалау шаралары қолға алынып жатыр. Осы заманның білім жүйесін реформалаудың басты бағыттары төмендегідей:
- білімді адамиластыру (гуманизациялау);
- оқуды үздіксіз жүргізу бағыт-бағдары;
- білім технологиясындағы пəн аралық бірігім-байланыстарды(интеграция) іске асыру;
- оқу процесін компьютерлестіру жəне технологизациялау;
- білім берудің ақпараттандыру формасынан проблемдік, ғылыми ізденіс, оқушылардың өзіндік жұмыстарын кең қамтитын оқудың белсенді əдістері мен формаларына өту;
- оқу желісінде мұғалімнің оқыту жұмыстарынан гөрі оқушылардың танымдық іс-əрекеттеріне көбірек мəн беру;
- оқу-танымдық процесін ұйымдастыру мен сол процесті басқаруда жоспарлы қадағалау, қатаң бағдарластыру тəсілдері орнына оқудың дамытушылық, белсенділік көтеру, жеделдестіру мүмкіндіктерін мейлінше тиімді пайдалану;
- білімнің дамытушылық жəне азаматтық баулу қызметтерін назарда ұстау. Қазақстан мектебінің 2005-2010 жылдардағы даму бағдарламаларында белгіленген аса маңызды мəселе- азаматтық, дербестік, жеке жауапкершілік, қоғамға қызмет ету құндылығын түсіну, демократиялық қоғам құру проблемаларын шешуде ынтымақ сезімін тəрбиелеу.
Қазақстан Республикасы білім кеңістігінде қалыптасып жатқан осы заман білімін реформалау бағыттары жалпы əлемдік бағдар мен үндес келіп, іске асырылуда.
Қазақстандық мектептердi жаңарту тұжырымдамасы жалпы бiлiм берудiң басым бағыттарын, яғни оқушы мен оқытушының өзара ынтымақтастығы үлгiсiн оқу үдерісiнде қалыптастыру мен әртүрлi оқу iс-әрекетiн қамтитын оқыту әдiстерiнiң үйлесiмдiлiгi негiзiнде жүзеге асырылуы тиiс екендiгiн анықтап берiп отыр. Бұл басым бағыттар мектепте бiлiм берудi дамытуға негiз болады. Осыған орай мектептiң әр деңгейінде оқыту мен тәрбие берудің мақсаты, бiлiм мазмұнын iрiктеу ұстанымдары, сондай-ақ, оқушылардың дайындық сапасын бағалау тәсiлдерi нақтыланды. Бүгінгі таңда мектептің алдына қойып отырған басты міндеттерінің бірі қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру болып табылады.
"Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанды” құру біздің алдымызға үлкен мақсаттар қойып отыр. Ол – жеке тұлғаның және қоғамның, "парасатты экономиканың” қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін бәсекелестікке қабілетті білім беру жүйесін қалыптастыру. Осындай мақсатқа қол жеткізу үшін қолданыстағы заңның мүмкіндіктері жеткіліксіз болып қалды.
Сондықтан "Білім туралы” жаңа Заңды қабылдау – заң шығаруға әуестенушіліктен туындаған нәрсе емес, бұл заман талабы болып отыр.
Сонымен қатар, бұл Заңды қабылдау – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жолдауларында анықталған және Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында белгіленген міндеттерді шешу үшін де қажет.
Елбасы өзінің "Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан” атты Жолдауында "Дүниешаруашылық байланыстары жүйесіне белсене кіріккен осы заманғы белді мемлекеттердің барлығы дерлік бәрін де "парасатты экономиканың” жолына тіккен еді” деп атап көрсетті. Бұл дегеніміз – білім беру білімнің қайнар көзі ретінде аса маңызды басымдық әрі қоғамды дамытудың негізі болып отырғанын көрсетеді. Сондықтан бүкіл қазақстандық азаматтардың толыққанды білім алуға қолжетімділігін қамтамасыз ету өзекті мәселеге айналып отыр. Мұндай мәселенің шешімін табу бүкіл ел аумағындағы білім беру қызметінің құқықтық негізін жасауды қажет етеді.
"Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанды” құру бізден жеке адамдардың, қоғамның және еңбек рыногының талаптарын қанағаттандыра алатын бәсекеге қабілетті білім беру жүйесін қалыптастыруды талап етіп отыр. Қазақстан Республикасының "Білім туралы” жаңа Заңы дәл осы бәсекеге қабілетті отандық білім беру жүйесін қалыптастыруға бағытталған.
Жаңа заң туралы айтқанда оның құрылымына айрықша назар аударған жөн. Ол Қазақстан Республикасындағы жетілдірілген жаңа білім беру ортасын қалыптастырудың тұжырымдамалық идеясына сәйкес құрылған болатын. Біздің елдегі Білім беру қызметі іштей жүйелендіріліп, оның барлық аспектілері бір жүйеге бағындырылған, ол қисынды сабақтастыққа сәйкес заңның мазмұнынан көрініс тапқан. Заң "білім беру жүйесі” ұғымы мен оны құрайтын білім беру деңгейлерінің анықтамасынан басталады. Одан әрі әр түрлі деңгейдегі оқу бағдарламалары арқылы білім берудің мазмұны ашылады. Келесі кезекте білім беруді ұйымдастыру, білім алушыларға қойылатын талаптар, қабылдау ережелері, оқу түрлері, білім берудің оқу, тәрбие, ғылыми және оқу-әдістемелік жұмыс сияқты түрлі бағыттары сипатталады. Сондай-ақ, білім беру деңгейлері мен оларға сәйкес келетін білім беру ұйымдарының түрлеріне сипаттама беріледі.
Білім беру қызметінің субъектілері, олардың құзыреттері, құқықтары, білім алушылар мен тәрбиеленушілердің және олардың ата-аналары, басқа да заңды өкілдерінің міндеттері мен жауапкершіліктері жеке тарауға бөлініп берілген.
Заң құрылымындағы маңызды жаңалықтардың бірі, көптен бері сөз болып келе жатқан – педагог қызметкерлердің мәртебесі туралы норманың енгізілуі. Бұрынғы заңда педагог қызметкерлердің мәртебесі туралы бірде-бір сөз айтылмаған еді. Одан кейін білім саласын басқарудың мазмұны ашып көрсетілген. Онда білім беру саласындағы мемлекеттік басқару мен мемлекеттік билік субъектілерінің құзыреттері жазылған. Заңның осы бөлігінде тұңғыш рет Қазақстан Республикасы Президентінің құзыреті жеке бап түрінде беріліп отыр. Елбасы білім жүйесіне айрықша назар аударуымен қатар, білім саласын дамыту мен реформалауға қатысты көптеген шаралар оның бастамасымен, тікелей басшылығымен жүзеге асырылып отырғандықтан, осылай болуы орынды деп білеміз.
Демократиялық қоғам құруда тікелей әкімшілік басқаруды жүзеге асырудан гөрі көбінесе реттеу құралдарын жетілдіру дұрыс саналады. Осыған байланысты білім беру саласын басқарудың көптеген тетіктері мен ықпал ету құралдары ревизияланып, "Білім саласындағы мемлекеттік реттеу” деп аталатын дербес тарауға бөлінді. Білім беру саласын дамыту, білім берудің сапасын көтеру көп жағдайда бөлінген қаржы көлеміне, қаржылық нормалау процесіне тәуелді болады. Бұл мәселе де назардан тыс қалмай, заңның білім беру жүйесін қаржыландыруға арналған тарауында көрініс тапты.
Осылайша заңның құрылымы білім беру саласын модернизациялауды жүзеге асырудың, оның академиялық мазмұнын жаңартудың, субектілердің құқықтық ережелерін жақсартудың жалпы концептуалды бағыттарын толық қамтып тұр.
Заңның білім беру саласының барлық субектілерінің, оның ішінде, ең алдымен білім алушылар мен тәрбиеленушілердің мүдделерін қорғауға бағытталғандығын айрықша атап айту керек. Біздің республикада олардың саны 4 млн. 473 мың адамды құрайды. Оның сыртында білім беру саласында 432 мың қызметкер еңбек етеді. Сондықтан жаңа қабылданған заңда білім беру қызметімен айналысатын әр түрлі категорияға жататын адамдардың мүдделері ескерілген.
Ал енді заң қандай міндеттерді атқарады дегенге келсек, жаңа қабылданған Қазақстан Республикасының "Білім туралы” Заңы мынадай міндеттерді шешуге:

  • бірінші, әлемдік білім беру кеңістігіне кірігуге (интеграцияға);

  • екінші, педагог қызметкерлердің мәртебесін көтеруге;

  • үшінші, сапалы білім берудің қол жетімділік кепілдігін көтеруге;

  • төртінші, басқару және қаржыландыру жүйесін жетілдіруге мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасының "Білім туралы” Заңына сәйкес Қазақстанның әлемдік білім беру кеңістігіне кіру міндеті:
* білім берудің құрылымы мен мазмұнын жаңарту;
* оқыту технологиясын жетілдіру;
* білім беру сапасының ұлттық бағалау жүйесін дамыту жолдары арқылы шешіледі.
Заңның жаңа редакциясының тағы бір үлкен ерекшелігі – білім беру құрылымының халықаралық білім сыныптамасы стандарттарына сәйкестендірілуі. Яғни, нақтырақ айтқанда, сөз болып отырған заңда білім беру құрылымы ЮНЕСКО ұсынған 1997 жылғы Халықаралық білім сыныптамасы стандарттарының (ХБСС–1997) білім беру бағдарламалар сыныптамасының өлшемдеріне сәйкестендірілді.
Бұрынғы заңда – 4 деңгей (мектепке дейінгі тәрбие және оқыту, орта білім, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім) болса, жаңа заң 7 деңгейден (бастауыш, негізгі орта білім, орта білімнен кейінгі білім сынды жаңа деңгейлер енгізілді) тұрады.
Білім беру мазмұнының өзі жоғарыда аталған білім беру бағдарламаларын ғана емес, сондай-ақ білім берудің арнаулы, мамандандырылған оқу бағдарламаларын, қосымша білім берудің оқу бағдарламалары мен ересектерге арналған бағдарламалардың да жүзеге асырылуын қарастырады.
Осылайша білім берудің парадигмасы "өмір бойына алған білімнен” қажеттілік пен мүмкіндікті сезінуге "бүкіл өмір бойы білім алуға” дейін өзгеріп отыр. Осы парадигмаға сәйкес білім берудің жаңа технологиялары мен әдістемелері, білімді өзгелерге жеткізу мен білім алушылардың уәжін дамытудың жаңа тәсілдері енгізіледі.
Атап айтуды қажет ететін тағы бір жаңалық – заңнамалық деңгейде 12 жылдық орта білімге көшу қамтамасыз етілді. 2008 жылдан бастап 12 жылдық оқыту жүзеге асырылады. Заңда 12 жылдық білімнің құрылымы анықталды. Ол:
- бастауыш білім – 4 жыл, 1- 4-сыныптар аралығы;
- негізгі орта білім – 6 жыл, 5 -10-сыныптар аралығы;
- жалпы орта білім – 2 жыл, 11-12-сыныптар аралығы.
Мұнда бастауыш білім берудің оқу бағдарламалары баланың тұлғасын қалыптастыруға, оның жеке қабілеттерін дамытуға, оқуға деген жағымды уәжі мен икемін қалыптастыруға бағытталған. Мәселен, оқуға, жазуға, санауға, тілдік қарым-қатынасына, өзін шығармашылық тұрғыдан танытуға, өзін ұстау мәдениетін дағдыға айналдыруға арналған.
Негізгі орта білім беруге арналған оқу бағдарламалары білім алушылардың ғылымдар жүйесінің базалық негізін игеруге, олардың жеке адамдар арасындағы және этносаралық қарым-қатынастарда жоғары мәдениеттілігін қалыптастыруға, тұлғаның өзін тануы мен кәсіптік бағдарын айқындауға бағытталады.
Жалпы орта білім беруге арналған оқу бағдарламалары бейіналды дайындық пен бейіндік оқыту бағдарламаларын жүзеге асыруға көзделген. Бұл бағдарламалар білім алушыларға оқудың жеке траекториясын таңдауға және алдағы уақытта әлеуметтік-гуманитарлық, жаратылыстану-ғылыми бағыттар бойынша оқуына педагогикалық қолдау көрсетуді қамтамасыз етеді.
Бұл жерде орта білімнің мазмұнында тұлғаның құзыреттілігін қалыптастыруға баса мән берілгенін айрықша атап өткім келеді.
Жаңа заңда техникалық және кәсіптік білім берудің мазмұны мен құрылымы елеулі өзгертілді.
Білікті техникалық және қызмет көрсету еңбегінің кадрларын даярлау негізгі орта білім беру базасында (10 сынып) және кәсіптік лицейлерде, училищелерде, колледждерде және жоғары техникалық мектептерде жалпы білім беру базасында (12 сынып) жүзеге асырылатын болады.
Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының басты міндеті – әмбебап және икемді дағдыларға ие үздіксіз білім беруге қатыса алатын мамандарды даярлау болып табылады.
Техникалық және кәсіптік білім беруге арналған оқу бағдарламалары біріншіден, техникалық және қызмет көрсету саласындағы жаппай қажет болатын мамандарды дайындау, екіншіден, мамандықтары мен практикалық дағдылары арқылы экономиканың барлық салаларындағы техникалық және қызмет көрсету еңбегінің жұмыстарын орындайтын күрделі кәсіптерді игеру; үшіншіден, техникалық еңбектің жоғары білікті мамандарын даярлау және оларды қайта даярлау мен біліктілігін көтеру.
Жоғарыда атап өткеніміздей, білім берудің жаңа деңгейі – "орта білімнен кейінгі білім” енгізіліп отыр. Бұл деңгейдің кәсіптік оқу бағдарламалары гуманитарлық мамандықтар бойынша қызмет көрсететін және басқару еңбегінің кіші мамандарын даярлауға бағытталған. Әдетте бұл бағдарламаларды меңгеру 1-2 жыл мерзімді құрайды. Оларды меңгергендерге қызмет көрсету және басқару еңбегінің кіші маманы біліктілігі беріледі.
Кредиттік технологияға негізделген жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің үш деңгейлі моделі (бакалавриат-магистратура-докторантура Ph.D) заңнамамен бекітіліп отыр. Бұл Болон декларациясының ережелері мен халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Халықаралық білім беру стандарттары туралы сөз еткенде, олардың біріздендірілгендігін емес, үлгісінің жақсылығын, мамандар даярлаудың жоғары сапасы мен кәсібилігін айтады. Өйткені "білім беру стандарты” ұғымы шетелдерде біздегіден өзгеше түсіндіріледі. Білім беру стандарттары бар елдерде оқу процесіне қандай да бір регламент қойылмайды. Онда оқу орындары үлкен академиялық құқықтар мен дербестікке ие.
Жоғары білім мен одан кейінгі білім беру жүйесінде де елеулі өзгерістер болды. Бұрынғы заң бойынша жоғары кәсіби білім көпсатылы құрылымға ие болса, енді жоғары білім бірсатылы болады. Енді жоғары білім беру халықаралық үрдістерге сәйкес тек бакалаврлық оқу бағдарламалары бойынша жүзеге асырылады. Бұл базалық білімі бар және еңбек рыногының өзгермелі талаптарына тез бейімделуге қабілетті кең профилді мамандар даярлауға мүмкіндік береді. Мәселеге бұлай келу мейлінше тиімді де дұрыс болып табылады. Сонымен қатар, жекелеген мамандықтар бойынша (олар негізінен медицина, ветеринария, әскери мамандықтар) дипломды мамандар даярлау да жүзеге асырылады.
Жоғары оқу орындары мен олардың филиалдарының қызметтерін реттеуге арналған нормаларына да назар аударған жөн. Дәлірек айтқанда, жоғары білімді мамандарды даярлау сапасын көтеру мақсатында бүкіл білім процесі тек бас жоғары оқу орнында жүзеге асырылады. "Білім туралы” Заңның 31 бабына сәйкес жоғары оқу орындарының филиалдары лицензияланған білім беру қызмет түрлерін жүзеге асыра алмайды. Сондықтан жаңа оқу жылынан бастап, бүкіл республика көлемінде жоғары оқу орындарының филиалдарына білім беру қызметін тоқтатуына тура келеді. Бұл бағыттағы жұмыстарды қазірден қалдырмай бастау қажет.
Жаңа заңға сәйкес магистратура жоғары оқу орнынан кейінгі деңгейге жатқызылады.
Заң жобасының жаңалықтарының бірі — ол "Педагогикалық қызметкер мәртебесі” бөлімінің енгізілуі. Педагог мәртебесін көтеру ең алдымен, материалдық, әлеуметтік, және моральдық тұрғыдан ынталандыру арқылы жүзеге асырылады. Бастауыш мектепте оқу жүктемесін аптасына 20 сағаттан 18 сағатқа азайту, жоғары оқу орындарында магистранттар мен оқытушылар қатынасын 4:1, докторанттар мен оқытушылар – 3:1-ге жеткізу, әлеуметтік кепілдемелер - сауықтыру төлемдері, "Үздік педагог”, "Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы” гранттары, ауылды жерлерде жанар жағар-май үшін қосымша төлемдер және т.б. қарастырылған.
Сапалы білім алуда жаңа кепілдіктер белгіленуде. Бұл — білім берудің барлық деңгейлері және білім алушылардың барлық категориялары (мамандандырылған, арнайы, кәсіптік, біріктірілген және т.б.) үшін оқу бағдарламалары түрлерін кеңейту. Оқытуда жаңа технологияларды, оның ішінде жоғары оқу орындарында кредиттік технология мен қашықтықтан оқытуды негіздеу. Бұл Қазақстан Республикасында білім беру ұйымдарының жаңа түрлерін енгізу: жоғары техникалық мектептер, инновациялық университеттер, инновациялық – білім беру консорциумдары.
Пәнаралық оқыту мен сабақ беру тәсілі туралы көп айтылып келді. Бұл ретте пәнаралықтық көбінесе сабақ берудегі қайталауды жою көзқарасы тұрғысынан қаралатын. Бұл мәселе шешімін тапты. Жаңа Заңға сәйкес білім берудің барлық деңгейлерінде ықпалдастырылған білім беру бағдарламалары енгізілетін болады. Олар – пәнаралық, деңгейаралық, жоғары оқу орындары аралық, халықаралық. Жоғары оқу орындары ғылыми, білім беру және инновациялық қызметті нақты біріктіруге мүмкіндік беретін инновациялық білім беру бағдарламаларын іске асыруға бағытталатын болады.
Қоғамды демократияландыруды дамыту шеңберінде білім беруді басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар көзделген. Жаңа Заңның 53-бабына сәйкес өңірлердегі (облыстық, қалалық, және аудандық) білім берудің бірінші басшысын тағайындау Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрінің келісімімен жүзеге асады. Сонымен қатар, педагогикалық кеңестің ұсынымын, білім беру ұйымы орынбасарларының және бас бухгалтерлерінің келісімдерін ескере отырып, мемлекеттік орта білім беру ұйымының басшысын іріктеу конкурсы арқылы тағайындау көзделген.
Білім беру мониторингінің нәтижесі негізінде білім беру сапасын басқару алғаш рет енгізілді. Білім беру мониторингінің, білім беру статистикасы анықтамасының және индикаторлар есебінің нәтижесі бойынша жыл сайын білім берудің жай-күйі және дамуы туралы ұлттық баяндама дайындалатын болады.
Қорытындылай келе, "Білім туралы” Қазақстан Республикасының жаңа Заңының қабылдануы 41 заңнамалық актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізуге әсер еткендігін атап айтқым келеді.
Қазақстан Республикасында Білім беру процесіне қатысушылардың жауапкершілік шараларын күшейтуге бағытталған принципті өзгерістер мен толықтырулар "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы” Қазақстан Республикасының Кодексіне енгізіледі. Ол 5-тен 50 есеге дейінгі айлық есептік көрсеткіштегі айыппұл қарастырылған мынадай жаңа 20-1 тарауымен толықтырылды. Олар:
* педагог қызметкерлердің педагогикалық этика нормаларын бұзуы;
* білім беру саласындағы заңнамада қарастырылған ата-аналар орындауға жатпайтын міндеттер;
* білім беру ұйымдары басшыларының оқушылар мен қызметкерлердің денсаулығына жеңіл залал келген жағдайда орындауға жатпайтын міндеттері;
* лицензиялық талаптар мен мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартын бұзушылық.
"Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектерге және соларға теңестірілген адамдарға берілетін жеңілдіктер мен оларды әлеуметтік қорғау туралы” Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес (1995 жылғы 28 сәуірдегі) жоғары және орта кәсіптік оқу орындарына соғысқа қатысушыларға берілетін жеңілдіктерге теңестірілген адамдардың конкурстан тыс түсуі қарастырылған. Сол секілді аталмыш Заңға орай соғысқа қатысушыларға берілетін жеңілдіктерге теңестірілген адамдар үшін республикадағы жоғары оқу орындары мен колледждерге қабылдау квотасын қарастыратын толықтырулар енгізілді.
"Мемлекеттік құпиялар туралы” Қазақстан Республикасының Заңына ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу кезінде пайдаланылатын тестілер мен дұрыс жауаптар кодтарын ұстау туралы мәліметтерді беру бөліміне толықтырулар енгізілді. Бұл толықтыру білім беру саласындағы қызметтік құпияны құрайтын мәліметтерді жариялауға кінәлі адамдарды жауапкершілікке тартуға мүмкіндік береді.
Елбасы қол қойған "Білім туралы жаңа Заң білім саласының дамуына, жастардың сапалы оқып, тәрбие алуына мол мүмкіндік береді деген сенімдемін.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   28




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет