2.1. Орта білім беру жүйесін реформалаудың бағыттары мен мазмұны Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қол қойған Қазақстан Республикасының “Білім туралы” Заңы тарихи мәні ерекше айтулы оқиға болып табылады. Жаңа заңның қабылдануы өмірлік қажеттіліктен туындап отыр. Өйткені, оның кейбір баптары уақыт талабына сай келмеуіне байланысты қайта қарау қажет болды. Сондықтан да бұл отандық білім жүйесінің дамуы мен қалыптасуына мол мүмкіндік бер еді.
Біріккен Ұлттар Ұйымы жариялаған Сауаттылықтың онжылдығы (2002-2012 жылдар) кезеңінде еліміздің жаңа заң қабылдауы есте қаларлық жәйт. Білім жүйесін реформалау үдерісінің басталуы қазақстандық білім беруді әлемдік стандарттарға барынша жақындатып, әрі қарай серпінді дамуына оңтайлы ықпал етері анық. Негізі, “Жалпыға арналған білім” моделінен “таңдау бойынша берілетін білім” моделіне өтуге бағдарланған реформалау жүйесі Қазақстан үшін өте маңызды.
Басқа мемлекеттердегі секілді Қазақстанда да білімнің бәсекеге қабілеттілігі бірінші орынға қойылып отыр. Биылғы Жолдауында Елбасы көтерген бәсекеге қабілеттілік идеясы ел дамуының ұлттық ауқымдағы ішкі факторларымен қатар, жаһандық жағдайда да басты идеяға айналды. Ресейде әлемдік рыноктағы білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру басымдық ретінде жарияланды. Малайзияда, Венгрияда, Финляндияда бәсекеге қабілеттілікті нығайту ұлттық білімді дамытуға тірек болды.
Оңтайлы білім жүйесін таңдаған ел ғана өзінің ғылыми, рухани, интеллектуалдық, технологиялық әлеуетін дамытуға мүмкіндік алады және әлемдік қауымдастықта көшбасшылық орын иеленеді.
Экономикасы қарқынды дамыған мемлекеттердің бірі ретінде Отанымыздың білім беру бағыттары Орталық Азия аймағында да нығайып келеді. Бұл біздің әлемдегі озық елдердің қатарына қосылуымызға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда жүзеге асырылып жатқан реформада білім жүйесінің барлық деңгейі және бүгінгі күннің талаптары жан-жақты қарастырылған. “Білім туралы” Заң тиімді білім жүйесін қалыптастыру, кәсіби білімді жандандыру, білім кеңістігінде қоғамдық қатынастарды заңнамалар арқылы реттеуді жетілдіру, барлық білім беру ұйымдарының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, оқыту үрдісін әлемдік білім кеңістігіне ықпалдастыру жағын көздейді.
Іс жүзінде заңға енгізілген толықтырулар эволюциялық сипаттарға ие, түзетілген баптар еліміздің даму сатысына сәйкес бүгінгі күннің сұраныстарын қамтамасыз етуді мақсат тұтады. Сондай-ақ бұл білім беруді біртіндеп реформалаудың жаңа кезеңі болып табылады.
Қабылданған заң білім саласында қоғамдық қатынастарды реттейді, Қазақстан Республикасының барлық азаматтарының білім алуына қатысты конституциялық құқықтарын қамтамасыз етеді. Оқыту сапасының ұлттық жүйесін дамыту нормаларын және әлемде мойындалған қоғамдық-кәсіби аккредиттеуге сәйкес білім мекемелерін мемлекеттік аттестаттау тәртібін де қамтиды.
Жаңа нормаларға сәйкес Қазақстанда төрт деңгейлі оқытуды жеті деңгейлі білім жүйесі алмастырады. Бастауыш, негізгі орта және ортадан кейінгі білім деңгейлері енгізілді. Келесі жылдан бастап 12 жылдық білім беруге көшу мәселесі қарастырылып отыр. Әлеуметтік гранттар мен жеңілдіктер және материалдық, моральдық марапаттаулар арқылы педагогтардың мәртебесі мен қызметінің маңыздылығын арттыруға аз көңіл бөлініп жатқан жоқ. Сонымен қатар, білім органдарының өкілеттігі кеңейтілді. Балалардың міндетті мектепалды даярлығы жүзеге асады. Төменгі сыныптарда сабақ беретін педагогтардың апталық сағат жүктемесін елеулі мөлшерде азайту көзделген. Бұл шаралар жаңа құжаттың өзіндік орнын айқындап отыр.
Елімізде білім жүйесінің ұлттық дәстүрін сақтай отырып, жаңаша дамыту жолдары да қарастырылған. Атап айтар болсақ, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлаудың көп деңгейлі жүйесі белсенді түрде енгізіледі, жоғары мектептердің материалдық-техникалық базасы нығайтылады; жоғары кірісті экономикалық қызметте жаңа білім мен технология трансформациясы үшін жағдайлар жасалады; білім беру мен ғылымның байланысы нығайып, әрі кеңейе түседі; шетелдік әріптестермен үздіксіз білім алуға байланысты тәжірибе алмасулар жалғасын табады.
Отандық білім қызметінің мақсаты жаңа білім мен кәсіптік білікті игерудегі жеке тұлғалардың сұраныстарын қанағаттандыру, шығармашылық білімді тарату және жас буын өкілдерін кәсіпке баулу бұл азаматтардың біліми әлеуетінің нығаюына әкеледі.
Білім – дәл қазір еліміздегі басым бағыттардың біріне айналып отыр. Ол адамның тұлғалық қасиеттерін толықтай дамытуға, қоғам, мемлекет мүддесіне қызмет етіп келеді.