5-дәріс. Абайдың әдеби ортасы
Абай, ең алдымен, ақын. Ал «ақын жолы халық жолымен, тарих жолымен қабыса табысқан шақта оның өзіне өлім жоқ, сөзіне заман, дәурен шегі жоқ». Абайдың мұндай заңғар биікке көтерілу жолын тану – Абайдың әдеби ортасын танудан басталады.
Абайдың әдеби ортасы ұғымын М.Әуезов екі үлкен салаға бөліп қарастырған. Оның алғашқысы - Абайдың өзі нәр алған рухани қазына көздері. Олар: төл әдебиет, Шығыс әдебиеті және орыс, сол арқылы Батыс әдебиеті. Ал екіншісі - Абайдың өзгеге берген нәрі. Оған Абайдың ақын шәкірттері мен Абайдың ақындық дәстүрін жалғастырушыларды жатқызған. Ал бұл мәселелер М.Әуезовтің «Абай ақындығының айналасы» және «Абай еңбектерінің биік нысанасы» атты мақалаларында тұжырымдалған.
Өзі нәр алған рухани қайнарлардағы ой-танымдарды дана ақылдың диірменінде қорытып, заманы мен келешектің өлмес, өшпес бұйымы ретінде туған халқына ұсынудағы кемеңгердің шығармашылық ғұмыр жолын ғылыми тұрғыда танытуда Абайдың ақындық кітапханасының ауқымен білудің мәні зор. Ол үшін Абай шығармаларында кездесетін әдеби-тарихи деректер мен оларды қолданудағы Абайдың идеялық мақсат-мүддесін айқындай білу қажет. Мысалы, Абай шығармаларында кездесетін Дауани, Аристотель, Сократ, Ескендір, «Бабурнама», Құтайба, т.б. есімдер мен шығарма аттарын Абай өз туындыларында не мақсатпен, не себепті атап отыр. Бұл бағытта Абай қолданған өзге тілдегі сөздердің де маңызы ерекше. Өйткені оларды Абай өзінің ағартушылық, гуманистік идеяларын халыққа жеткізуде саралап, ойының нәрін, сөзінің мәнін анық, дәйекті түрде айтуда қолданған. Ол сөздердің көпшілігінің Ислам дінінде, Шығыс фәлсафасында терең терминдік мәні, кең ауқымды мағыналық ұғым беретін мазмұнды сипаттары бар. Абай қолданған мұндай сөз бен сөз тіркестерінің жалпы саны - 578. Олардың 402-сі араб, 50-і парсы, 5-уі латын, 25-і татар, ноғай, 62-сі орыс, 27-сі шағатай, 4-уі түрік тілінен алынса, грек, поляк, қытай тілдерінен бір-бір сөзден қолданған. Сондай-ақ түркі руханияты, Шығыс, Батыс ойшылдары мұраларындағы ой тұжырымдардың Абай шығармаларындағы заманға сай жаңғырып, өзгеше реңде жаңарып көрініс беруінен де Абайдың әлемдік ой-таным кеңестігінің көкжиегін тани аламыз.
6- дәріс. Абай және төл әдебиет
Абайға ана сүтімен, бесік жырымен, әке тағылымымен, ұлт фольклоры, ақындық поэзия өнерін ел ішіне таратушы ақын-жыршылар, шешен-билер, айтыс ақындарының жыр маржандары, сөз кестелерімен сіңіп, «ақындықтың Әбулхаят суып ішкізген, өлімді жеңген, мәңгі тірлік тапқызған» ақындық өнердің алғашқы нәрі - төл әдебиет, туған халқының рухани ой қазынасы. Мұны М.Әуезов: «Қазақ халқының, есте жоқ ескі заманнан жиып, өсіріп келген өз даналығы, халықтың ауызша әдебиет қоры»- деп атап көрсеткен.
Абай төл әдебиеттің өзіне дейінгі фольклорлық және поэзиялық барша мұраларын өз жүрегі мен санасына сіңіріп қана қоймай, оны өзге халықтар әдебиетімен иық тірестірген, тың поэтикалық биікке көтеріп, қазақтың жаңа жазба әдебиетінің негізін салды.
Бұл жолда Абай ел билеу ісіне араласа жүріп фольклорлық мұралардағы қалыптасқан дәстүр үлгілерінің ел өміріндегі әдет-ғұрып, салт-сана, тіл өрнегі мен сөз мәдениетіндегі көріністеріне қанықты, оларды өзі де шебер қолдана білді. Абайдағы нақыл, ғибрат түріндегі ағартушылық мәндегі шығармалар, қара сөздеріндегі композициялық құрылым мен идеялық-мазмұндық сипаттардың шешендік үлгідегі көріністері - осының айғағы. Бұл орайда Абайдың «Бір дәурен кемді күнге - бозбалалық», «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат»,т.б өсиет мәндегі өлеңдері мен «Оныншы сөз», «Отыз жетінші сөз» сынды қара сөздерін дәлел-дәйек ретінде талдап оқыту орынды.
Абай сусындаған төл руханияттың фольклорлық мұраларынан өзге, қазақ поэзиясының көне бастаулары ежелгі дәуір әдебиеті, оның түркі халықтарына ортақ мұралары да енеді. Бұл жай Абай шығармашылығындағы ой-танымдардың әл Фараби, Ж.Баласағұн сияқты түркі халықтарына ортақ тұлғалардың туындыларындағы идеялармен сабақтастығынан айқын танылады.
Төл әдебиеттің Абай поэтикасының өзегін құрайтын нәрлі бұлағының айғағы Абайға дейінгі және Абай тұсындағы қазақ поэзиясының үлгі өрнектерінің Абай шығармаларындағы нышан белгілері мен нақты шығармашылық тұлға есімінің аталу жайынан да анық байқалады. Мысалы, «Біреудің кісісі өлсе, қаралы - ол» өлеңі, немесе Дулат поэзиясы мен Абай поэзиясындағы заман адамы, ел билеушілердің образдарын сомдаудағы өзара үндестік.
Осынау ұлттық көркемөнер өзегінен сусындап өсіп, өнген Абай сөзі - халқымыздың рухани мұрасының дана жүрегінде қорытылып, ұсынылған маржаны болды. Өйткені Абай сөз өнерінде өзі ұстанған «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы» принципіне сай қазақ поэзиясын «иненің жасуындай жасандылығы жоқ, «жалын мен оттан жаралған» өнер түріне айналдырды. Сондықтан Абайдың қазақ сөз өнеріндегі көшбасшылық қасиетінің поэтикалық сыр-сипаттарын З.Ахметов, Қ.Жұмалиев зерттеулері негізінде нақты дәйектеп оқыту қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |