Элективтілік – тыңдаушыларға өз бетінше білім алу маршрутын таңдауға барынша мүмкіндік беру.
Контексілік тәсіл – оқу материалының мазмұнын оны баяндау логикасына бағындыру.
Ынтымақтастықты дамыту – білім алушылар мен оқытушылардың арасындағы сенім, өзара көмек, өзара жауапкершілік принципіне көшу.
Педагогикалық практикада белсенді оқыту әдістерін пайдалану – оқу орындарында оқу іс-әрекетін белсенділендіру проблемасын шешу, бұл қазіргі таңдағы барлық педагогикалық теориялар мен технологиялардың негізінде жатыр. Олардың көпшілігі бұрыннан қалыптасқан проблемаларды: ойлауды, танымдық белсенділікті, танымдық қызығушылықты дамыту қажеттілігін шешуге бағытталған.
Интерактивті тәсілдің негізін интерактивті жаттығулар мен тапсырмалар құрайды. Интерактивті жаттығулар мен тапсырмалардың әдеттегілерден басты айырмашылығы олар меңгерілген материалды тек бекітуге ғана емес, жаңаны оқып-үйренуге бағытталған. Қазіргі таңдағы педагогика интерактивті тәсілдерге бай, олардың ішінен мыналарды атап көрсетуге болады:
1. шығармашылық тапсырмалар;
2. шағын топтардағы жұмыстар;
3. оқытып-үйретуші ойындар (іскерлік ойындар, имитациялар, рөлдік ойындар);
4. қоғамдық ресурстарды пайдалану (мамандарды шақыру, экскурсиялар);
5. әлеуметтік жобалар мен басқа да аудиториядан тыс оқыту әдістері (әлеуметтік жобалар, жарыстар, радио және газеттер, фильмдер, қойылымдар, көрмелер, көріністер және т.б.);
6. жаттығулар;
7. жаңа материалды оқып-үйрену және бекіту (интерактивті дәрістер, көрнекі құралдармен, бейне- және аудиоматериалдармен жұмыс істеу, Сократтық диалог және т.б.);
8. күрделі және пікірталас тудыратын сұрақтар мен мәселелерді талқылау (сөзжарыстар, пікірталастар, сипозиумдар және т.б.);
9. мәселелерді шешу («миға шабуыл», «шешімдер ағашы», «келіссөздер мен медиация» және т.б.).
13-дәріс Тақырыбы: Ойын технологиялары.
Ойынның пайда болу құпиясын ашуға бірнеше жүздеген жылдар бойы әртүрлі ғылыми бағыттағы ғалымдар әрекет жасап көрген. Ойынның пайда болғандығы жөніндегі ұсынылған жауаптардың көлемі өте кең.
Ойын проблемасы адамдардың бос уақыты мен оны өткізу проблемасының қосындысы ретінде пайда болған. Көне заманда ойын қоғамдық өмірдің түйіні болған, оған діни-саяси мағына берген.
Ертедегі гректер құдайлар ойыншыларды жақтайды деп есептеген. Көне қытайда мерекелік ойындарды император ашып, өзі оған қатысқан. Кеңес уақытында халықтың ойын мәдениетінің дәстүрін дамыту мен сақтау жазғы қала сыртындағы лагерлер тәжірбиесінен басталған.
Әлемдік педагогикада ойын, ойынға қатысушылар арасындағы жарыс немесе бәсекелестік ретінде қарастырылған, олардың іс-әрекеті белгілі бір шарттармен шектелген және белгілі бір мақсатқа жетуге бағытталған.
Ең алдымен ойын қарым-қатынас және өмірлік тәжірбиені үйрету мен жинақтаудың құралы ретінде күрделі әлеуметтік мәдени феномен болып табылатынын ескеру қажет.
Ойын әріптестік қарым-қатынаспен қатар, ішкі еркіндік сезімін, достық қолдауды сезінуді және қажет болған жағдайда әріптесіне көмек көрсетудің қалыптасуын ынталандырады, бұл ойынға қатысушыларды бір-біріне жақындатады және олардың өзара қарым-қатынасы тереңдей түседі. Ойын педагогтың авторитарлық позициясын төмендетіп, ойынға қатысушылардың бәрінің құқықтарын тең етеді. Бұл әлеуметтік тәжірбиені, соның ішінде адамдармен өзара қарым-қатынас жасауды үйренуде өте маңызды. Ойын барысында бала әртүрлі ережелермен танысады, ол ережелерді түсініп, саналы түрде оларды қабылдап, ары қарай туындаған қиындықтарға қарамастан орындауы қажет. Бұл балалардың ойын жүйесіне бағына отырып, өзінің іс-әрекетін ерікті түрде реттеп отыру қабілетін дамытады.
Ойын зейінді ұстап отыруға көмектеседі, ал ол білімдерді терең және берік меңгеруге алып келеді. Осыған сәйкес баланың пассивті позициясын саналы белсенді позицияға айналдырады, танымдық белсенділігінің өсуін ынталандырады, бұл оларға ақпараттың көп көлемін алуға және меңгеруге мүмкіндік береді.
Ойын барысында ойынға қатысушылар мен педагог арасындағы қарым-қатынас жақсара түседі, өйткені ойын өзара әрекеттесуде формальді емес қарым-қатынасты қарастырады және сол арқылы білім алушылардың жеке тұлғалық қасиеттерін және мінез-құлықтарының жақсы жақтарын ашып көрсетуге мүмкіндік береді.
Ойынды дайындау мен оны өткізу педагогқа өзінің кәсіби мүмкіндіктерін тереңінен түсінуіне алып келеді, соның нәтижесінде ол өзінің оқыту әдістемесін өзгертеді, оны тиімді ете түседі, өйткені оқытушы көбінесе өзінің табиғи қабілеттеріне сүйене отырып, білім алушылармен қарым-қатынас барысында өзінің жеке тұлғасын барынша көрсетуге ұмтылады.
Ойынды қолдану барысында білім алушыларға жан-жақты және тереңінен диагностика жасау жүзеге асады, соған сәйкес оқушылардың жас және жеке ерекшеліктерін ескеру принципі жүзеге асады.
Оқушыларға іскерлік және рөлдік ойындарға қатысуға мүмкіндік бере отырып оқытушы оларды белсендіреді, баланың мотивациясын жеке тұлғалық-маңызды ете түседі. Кәсіптік мектептердің жоғары курстарында сабақ барысындағы ойындар бітірушілердің болашақ кәсіптік қызметке дайындығы мен өзінің күшін тексеріп көруге мүмкіндік ретінде қарастырылады, әсіресе іскерлік ойындар болашақ кәсіптік қызметтің моделін жасауға мүмкіндік береді.
Оқытушы үшін ойын-сабақтар бір жағынан оқушыларды жақсы білуге және олардың жеке ерекшеліктерін бағалауға, екінші жағынан өзін-өзі жүзеге асыруға, жұмысқа шығармашылықпен қарауға, өзінің идеяларын жүзеге асыруға берілген мүмкіндік.
Сонымен, ойын материалды жақсы есте сақтау мен түсінуді ынталандырады, сондай-ақ мотивацияны жоғарылатуға және ақпаратты қабылдау кезінде сезім мүшелерін кешенді қолдануға, сонымен бірге оны жаңа жағдайларда өз бетінше және бірнеше рет еске түсіруге мүмкіндік береді.
Бүкіл сабақ барысында ойнауға болады немесе сабақта ойын үзінділерін қолдануға болады.
Ойын технологиялары:
- іскерлік ойындар, бір сабақтың немесе бірнеше сабақтың уақытын алуы мүмкін;
- дидактикалық ойындар;
- логикалық ойындар;
- рөлдік ойындар;
- ойын тапсырмаларын қолдана отырып оқу процесін ойын түрінде ұйымдастыру (жарыс-сабақ, конкурс-сабақ, саяхат-сабақ, КВН-сабақ);
- ойынды сабақтың белгілі бір кезеңінде қолдану;
- әртүрлі сыныптан тыс іс-шаралар.
Алайда ойын технологиясын сабаққа енгізбестен бұрын мыналарды анықтап алу қажет:
қандай оқу материалын ойын технологиясын қолдана отырып меңгерген мақсатқа сай болады;
ойынды пайдалану үшін оқушылар құрамы қандай болуы тиіс;
ойынды оқытудың басқа тәсілдерімен қалай байланыстыруға болады;
ойынды пайдалану үшін оқу жоспарынан уақытты қалай табу керек;
нақты бір оқу тақырыбы үшін қандай ойын технологиясын қолданған тиімді болады.