Шығармалары. 1912-15 жж. «Айқап» журналына жарияланғандары: «Құрметтті басқарушы», «Бұлар кім?», «Қазақ тілінде оқыту жайы қалай?», «Өлең һәм айтушылар», «Басқарушы мырза», «Өтініш», «Ауырмай есімнен жаңылғаным», «Қымыз» т.б.;
Сондай-ақ «Қазақ» :- «Міне, алақай!», «Жазықсыз тамған қан», «Февраль», «Жалытау баба».
«Сарыарқа» газетіне шыққандары: «Жас жирен», «Сарыарқаның жаңбыры», «Шәкірт ойы» (1917, 3 ноябрь), «Алаш ұраны» (1917, 13 ноябрь);
«Абай» журналына басылғандары: «Абай», «Неге жасаймын», «Ескі сөз», «Ақнайман», «Ойсынбай».
Кітап болып шыққандары: Адасқан өмір. Қазан, 1922 (Адасқан өмір, Кедей, Айтыс); Толық шығармалар жинағы, Қызылорда, 1933 (Жүсіпбек); «Кедей», А., 1922; Адасқан өмір, А., 1944; Таңдамалы шығармалары. А., 1950, 1957 (Б.Кенжебаев); Избранное, А., 1958; Шығармалары, II томдық, А., 1967; Избранное, А., 1971; Огонек в степи М, 1979; Стихи и поэмы. А.,1989; Сарыарқаның жаңбыры, екі томдық, А., 1987; Таңдамалы, 2 том, А., 1993
Лирикасы. Сұлтанмахмұттың әдеби мұрасын түгелдейтін болсақ, қысқа өмірінде 110-нан артық өлең, 5-6 поэма, 2 роман, 7-8 мақала, очерк жазған. Өлең жазуды 1907 жылдан қолға алып, алғашқы шығармалары 1913 ж. бастап баспа бетінен көріне бастады. Атап айтқанда, 1913 ж. «Айқап» журналында ақынның «Түсімде» өлеңі жарияланды.
Тақырып жағынан алғанда ақын өмірдегі алуан түрлі: өзі өмір сүрген дәуірдің шынайы өмірін көрсету арқылы тақырып ауқымы да байып отырды.
Ақынның алғашқы жазған өлеңінің бірі - «Секілді өмір қысқа жарты тұтам» деп басталатын өлеңі. Бұдан басқа 1907 ж. жазған алғашқы өлеңдерінің қатарына «Қайқы құйрық шұбар қыз, істік мұрын» және «Таңқы мұрын, быртиған қара бұжыр» атты екі өлеңі. Бірінші өлеңі ерке-шолжаң бай қызының портреті, сыртқы формасын сқақтаса, екіншісінде бай қызын әйелдікке алмақшы болған бір дәулетті адамды мазақ етеді.
Осы алғашқы өлеңдерінен-ақ Махмұттың ақындығы анық байқалады, қоршаған ортадағы көрген жайттарды шынайы қалпында суреттейді, яғни сыншылдық, сатира басым.
1908-09 жж. жазған өлеңдері «Орнымыз медресе оқып жатқан», «Күншіл ақ кірпік», «Қ...ға сәлем», «Жан қайда әділетті іздейтұғын», «Бір адам көп жасады жер бетінде» деп аталатын өлеңдері.
Әлеуметтік теңсіздікті жырлаған «Байлық», «Кедейлік», «Жарқынбай», «Әйел», «Түсімде көрген бір аяныш хал» өлеңдері 1910-12 жж. жазылған.
Ақынның «Дін», «Намаз», «Жұмақ», «Дозақ», «Ораза», «Зекет», «Сарыбас», «Соқыр сопы», «Некеқияр», «Мағынасыз мешіт» өлеңдері аттарынан аңғарылып тұрғандай дінге, дін өкілдеріне қатысты сыни өлеңдері. Бұл өлеңдердің барлығы 1910-12 жж. жазылған, сол кездің өзінен ақынның дінге деген көзқарасы анық көрінеді. Діни уағыздың ел өміріндегі зор кесапат екендігін айтып, ежелгі надандықтың кесірі деп түйіндейді.
Ағартушылық идеяны көтерген өлеңдерін ақын 1911-12 жж. өндірте жазды. «Оқу», «Оқып жүрген жастарға», «Талиптарға», «Оқуда мақсат не?», «Анау-мынау», «Бір баланың тілек батасы» өлеңдері Сұлтанмахмұттың жеткен биігі деуге болады.
Ақынның 1913-14 жж. жазған «Қандай басшы», «Түсімде», «Бұлар кім», «Қымыз», «Ендігі бет алыс» өлеңдерінде саяси-қоғамдық тақырыпты қозғайды. Әлеуметтік, ұлттық теңсіздікті көтереді.
Осы кездері жазған өлеңінің бірі- «Бір адамға» (1914 ж.)- сыншыл реализмді меңгерген жазушының алғашқы құнды дүниесі сатираны үлкен эпикалық шығарманы қамтитын оймен жеткізеді. Шығарманың түйіні:
Қолыма кесені алып қарай бердім,
Ішінде нахақ көзден жас бар ма деп, өз заманындағы әлеуметтік теңсіздікті сынай отырып саяси философиялық ой қорытады.
Сұлтанмахмұттың махаббат, сүйіспеншілік тақырыбындағы өлендеріне «Келді хатың мен шаршап», «Алты аяқ», «Жанқалқам», «Орамалға», «Жүрегім тулап шабасың» лирикаларын жатқызуға болады. Бұл өлеңдер 1914-15 жж. Қатонқарағай, Зайсан жағында жазылған. Аталған өлеңдерінде қоғамдық, әлеуметтік мәселелерді көтеруден гөрі махаббат, сүйіспеншілік, интимдік сырларды шерту молырақ.
Сұлтанмахмұттың ерекше атап өтетін өлеңінің бірі- «Алаш ұраны», яғни Алашорданың гимні, 1917 ж. Ақпан төңкерісінен кейін жазылған. Ақын Ақпан революциясын құшақ жая қарсы алады, патшаның тақтан құлауын бостандыққа жеттік деп ұқты.
Құрт аурудай жайлаған,
Құртпаққа бізді ойлаған,
Қанымызға тоймаған,
Қолымызды байлаған
Елімізді айдаған
Жерімізді шимайлаған
Өшті залым қарасы
Жасасын, алаш, жасасын!
«Жасасын алаш, жасасын» референі арқылы өзінің қуанышын жеткізеді, автономия алу, жеке ел болу идеясын қуаттайды. Бұл ең алғашқы жазылған Алаш гимні.
Алаш туы астында
Күн сөнгенше сөнбейміз
Енді ешкімнің алашты
Қорлығына бермейміз!
Жасасын алаш, жасасын!
Ақынның саяси көзқарастағы, саяси өмірдегі күрделі мәселелерді қозғаған, әлеуметтік сан-саланы жәйттерді көтерген өлеңдері де осы 1917-18 жж. жазылды. Олар: «Жас жүрек», «Неге жасаймын?» өлеңдері.
«Сарыарқаның жаңбыры» (1917) өлеңінде ақынның көтергені- бостандық мәселесі. «Жаңбырды» символдық белгі ретінде ала отырып 1917 ж. ақпандағы революцияны қурап, күйіп кеткен далаға жан бітірген жаңбырға теңейді.
Сұлтанмахмұттың өлеңдерінің көпшілігі саяси лирикаға жатады, тіпті табиғат, көңіл-күй, махаббат лирикасы деп шартты түрде топтағанның өзінде бұлары әлеуметтік өмірге, саяси мәселеге қарай бұрыла береді. Мәселен, махаббат лирикасы деп жүрген «Альбомнан», «Сымбатты сұлуға», «Қыз сүю», «Гүләйім», «Жан қалқам», «Орамалға», «Күншіл ақ кірпік», «Қ...ға сәлем»; табиғат лирикасына жататын «Гүл», «Жапырақтар», «Кеш», «Жазғы қайғы», «Жылы кеш», көңіл-күй деп атап жүрген «Көңілді көндіретін тағдыр», «Тұрмысқа», «Жақсылық көрсем өзімнен», «Туған еліме», «Алты аяқ», «Көңілім неге жасисың» т.б. барлығының да астарында саяси-элеуметтік мәселелер жатыр.
Поэмалары. Махмұт поэмалары дегенде кеңестік дәуірде «Адасқан өмір» мен «Кедей» поэмалары ғана аталып келді. Сонымен қатар барлығы 28 жол «Қайғы» поэмасының жұрнағы ғана келіп жеткен. Ақынның тағы бір екі поэмасы «Таныстыру» мен «Айтыс» кезінде аталмады. Себеп: «біріншісі- Алашорда басшыларын дәріптейтін, екінші- байшыл-ұлтшылдықты дәріптейтін» туындылар деп айыпталып келді.
«Таныстыру» поэмасы 1917 күзі мен 1918 ж. қысында ақын Абай еліне емделіп дем алуға келген кезде жазылған. Поэма ауылдың оқымаған қазағы мен қаланың оқыған зиялы қазағының бір-бірімен айтысуы, жауаптасуы арқылы өрбиді. Негізінен төңкерістен кейінгі елді бастайтын кімдер, қазақтың ел басшы серкелері бар ма, болса кімдер дегенге ақын өзінше жауап береді. Сол кезедегі қазақ оқығандары, зиялылары таныстырылады. Әрқайсысына жеке-жеке мінездемелер беріледі. Ондағылар: Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ә.Ермеков, Х.Ғаббасов, Ш.Құдайбердідиев, Нәзипа Құлжанова мен Нұрғали Құлжанов, Райымжан Мәрсеков және т.б. қазақ оқығандары таныстырылады. Осылардың ішіндегі Әлихан, Ахмет, Міржақып, Шәкәрім кімдер болғаны белгілі.
«Айтыс» («Қала ақыны мен дала ақынының айтысқаны») дастаны 1919-1920 жж. денсаулығы нашарлап Шідертіде жүргенде жазған туындысы аяқталмай қалған. «Таныстыру» да «Айтыста» сюжетке құрылмаған, лирикалық-философиялық дүниелер.
«Айтыстағы» негізгі мәселенің қойылысы: ата қоныстың тұтастығы, ана тілі мәртебесі, салт-дәстүрдің сақталуы, өнер-білімнің дамуы, ауыз бірліктің болуы жайында қозғалады.
Даланың намысын қорғайтын ақынның позициясы анық, белгілі болса, ал оның қалалық қарсыласы- даланы өлердей жек көретін, өз ұлтынан жеріген, өзге жұрттың (орыс, еуропа) тұрмыс-тіршілігін жан-тәнімен қабылдап, соның қолжаулығына айналған біреу. Оның алғашқы сауалының түрі мынау:
Сен кімсің семіз, толық тән жағынан?
Өгіздей бар шығарсың әл жағынан
Көрінген көрнегіңнен, жүрісіңнен,
Топастығың білінген ар жағыңнан.
Дала ақыны қыңырлық пен қырсыққа бой алдырмай байсалды да тиянақты жауап береді:
Мен- қазақ, қазақпын деп мақтанамын,
Ұранға «алаш» деген атты аламын.
Сүйгенім-қазақ өмірі, өзім-қазақ
Мен неге қазақтықтан сақтанамын? - деп кең сахараны еркін жайлаған Ер Түріктің бір өкілі екендігін мақтана мәлімдейді.
«Айтыстың» бір ерекше айтатын жері ана тілінің қадір-қасиетін баяндайтын жерінде жатыр.
Сүйемін туған-тілді-анам тілін
Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.
Шыр етіп жерге түскен минөтімнен
Құлағыма сіңірген таныс үнім,- деп кейін ақын «Сүйемін» деген өлеңінде жалғастырады. Ақынның «Айтыс» поэмасы XX ғасыр әдебиетіне қосылған үлкен үлес.
«Адасқан өмір» поэмасы 1918 ж. жазылған лирикалық-философиялық, сюжетсіз поэма. Поэмада адамның өмірі, қоғамдағы орны, әлеуметтік іс-әрекеті лирикалық кейіпкердің монологымен берілген. Поэма- «Мен бала», «Мен жігіт», «Мен тоқтадым», «Мен кәрі», «Мен өлік» деп бөлініп адам өмірінің кезеңдерін поэзияға арқау етеді. «Адасқан өмір» поэмасы арқылы Махмұт қазақ әдебиетіне үлкен бір жаңалық әкелді.: 1) Өмір жөнінде философиялық тұжырымдар жасай отырып, поэмаға заманның ең басты мәселелерін сыйғызады. 2) Адамның өмір кезеңдерін сөз еткенде ақын өз ойларын абстракты түрде бермей, әрбір ұғымды заман шындығы арқылы бейнелейді, яғни реалистік тұрғыдан келеді.
«Кедей» поэмасы- лирикалық-реалистік поэма. Мұнда да белгілі сюжет жоқ. Өзінің негізгі идеясын дұрыс таныту үшін ақын бұл шығармасында да «Адасқан өмірдегідей» тарауға бөлген: «Қызметі һәм хәлі», «Қаладағы жебірлер», «Үмітсіздік», «Өзін мырзалармен салыстыру», «Қорытынды». Осы поэма арқылы ақын бір адамның өмірі туралы сөз етіп, сол тұстағы кедейлердің көрген күнін, тартқан азабын жинақтап көрсетеді. Бас қаһарман қазақ кедейі, суыққа тоңып қой күзеткен күзгі түнде өз өмірін шолып өтеді. Қазақ кедейінің тұрмыс-тіршілігі реалды түрде беріледі.