№4(68)/2012 Серия филология


О творчестве и судьбе поэта, певца и композитора



Pdf көрінісі
бет6/30
Дата06.03.2017
өлшемі2,98 Mb.
#8349
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   30

О творчестве и судьбе поэта, певца и композитора  
Ибрая Сандыбаева 
Дана  характеристика  творческой  деятельности  выдающегося  поэта,  певца  и  композитора  прошлого 
столетия  Ибрая  Сандыбаева,  автора  многочисленных  лирических  стихотворений.  Особую  популяр-
ность ему принесла знаменитая песня «Гакку», имеющая четыре варианта. Указано, что в творениях 
поэта и певца нашли традиционные для отечественных импровизаторов качества: прямота, находчи-
вость, смелость, красноречие. Отмечено, что поэт в своих произведениях воспевал любовные пережи-
вания, красоту родного края, силу знаний и призывал свой народ к духовной чистоте, справедливости, 
честности.  
 
R.S.Karenov 
About creation and fate of the poet, singer and composer  
Ibray Sandybayev 
The characteristic of creative activity of the outstanding poet, the singer and the composer of last century 
Ibray Sandybayev is given. It is emphasized that his poetic gift was revealed and formed early. Also it is 
shown that Ibray — is the author of numerous lyric poems. Special attention is paid to that the song «Gakku» 
which has four variants brought him main popularity. It is pointed that the qualities peculiar to native impro-
visators are reflected in his works: straightforwardness, resourcefulness, courage, eloquence. It is noted that 
the poet sang of love experiences, beauty of the native land, power of knowledge and called the people for 
spiritual purity, justice, honesty in his works. It is proved that creative life of Ibray was many-sided and he 
gained wide recognition both as the poet, and as the composer, and as the singer. 
 
 
 
 
 
ƏОЖ 821.512.122 
Ж.Ж.Жарылғапов, А.А.Мирзахметов 
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті (E-mail: mirza_achmet@mail.ru) 
Қазіргі қазақ прозасындағы романтизм 
Романтизмге  қатысты  мəселелер,  оның  жаратылысы,  романтикалық  жанрлардың  даму  барысындағы 
типологиясы,  жекелей  романтикалық  шығармалардың  поэтикалық  жүйесін  зерттеу  қазіргі  қазақ 
əдебиеттануында  ерекше  көзге  түсіп  отыр.  ХХ  ғасыр  əдебиеттануында  көркемдік  əдіс  ретінде 
«романтизм»  деген  толыққанды  ұғым  қалыптасты.  Романтизм  тарихи  үрдіспен  қалыптасқан,  аса 
күрделі əдеби құбылыс бола отырып, тамыры терең типологиялық зерттеулермен тығыз байланысты, 
қазақ прозасында романтизм еуропалық контекст арқылы анықталуда, анығырақ айтатын болсақ, əлем 
əдебиетіндегі  жаңашылдықты,  дамуды,  əр  түрлі  романтизм  түрлерін,  əдеби  дамудың  алдыңғы  жəне 
кейінгі кезеңдеріндегі арақатынасын ескеретін тарихы үдерісте зерттеліп келеді. 
Кілтті  сөздер:  қазақ  прозасы,  қазіргі  проза,  проза,  ұлттық  таным,  көркемдік  əдіс-тəсілдер,  əдеби 
жанрлар, романтизм, романтикалық үдеріс, əдебиет, əдеби тенденция, тəуелсіздік қаламгерлері. 
 
Бүгінгі  таңда  ұлттық  прозадағы  романтизм  мəселесі  арнайы  зерттелмей  келеді.  Кешегі 
социалистік  реализмнің  көлеңкесінде  қалған  шынайы  романтизм — бүгінгі  əдебиеттануымыздың 
өзекті мəселелерінің бірі. 
Тəуелсіздік тұсындағы əдеби тенденцияны тұтастай алсақ, əдебиеттің бірнеше даму бағыттарын 
байқаймыз.  Олар — дəстүрлі  реалистік  əдіс жəне модернистік,  постмодернистік  ағымдар.  Сонымен 
қатар  осы  кезең  прозасынның  өкілдері  (М.Мағауин,  Б.Мұқай,  Р.Тоқтаров,  Т.Ахметжан, 
А.Жақсылықов,  Х.Əдібаев,  А.Алтай,  Д.Рамазан,  Д.Амантай,  С.Сағынтай,  Д.Бейсенбек,  А.Мантаева, 
Л.Қоныс  т.б.) 2000–2010 жылдары  жарық  көрген  шығармаларынан  романтикалық  үдерістің  де 

Қазіргі қазақ прозасындағы романтизм 
Серия «Филология». № 4(68)/2012 
61 
айрықша  орын  алғанын  байқаймыз.  Қазақ  прозасында  алуан  түрлі  көзқарастардың,  бағыттардың, 
көркемдік  жүйелердің  өзара  үзеңгі  қағыстыруы  əдебиетті  жаңа  сапаға  көшіріп,  жаңа  деңгейге 
көтереді. Əлбетте, тəуелсіздік идеясы қаламгерлерге жаңа серпін берді, туындыларына романтикалық 
рух дарытты. Сондықтан егемендік алған жылдардан бері қазақ прозасының мақсат-мұраты, тыныс-
демi, өрнек-айшықтары да жаңаша, өзгеше болып қалыптасты. 
XVIII  ғасырдың  аяғы  мен XIX ғасырдың  алғашқы  жартысында,  феодалдық-крепостнойлық 
қоғам  іріп,  ыдырап,  буржуазия  қанат  жая  бастаған  дəуірде,  орыс  жəне  Батыс  Еуропа,  Америка 
елдерінің  рухани  мəдениетінде:  музыка,  театр,  бейнелеу  өнері,  эстетика,  тағы  басқа  əдеби-көркем 
салаларда  қанатын  кеңге  жайған  идеялық  көркемдік  бағыт — романтизм  (ағылш.  romantіcіsm,  фр. 
romantіsme, нем. romantіk) болды. 
Қоғам өміріндегі экономикалық өзгерістер идеологиялық мəселелер де əр алуан өзгеріс, əр түрлі 
көзқарастарды туғызды. Айналасында болып жатқан өзгерістерге, өмір құбылыстарына қалай қарау 
мəселесі, əсіресе көркемөнер, əдебиетте анығырақ. 
Ақын,  жазушылардың  бір  алуаны  ескі  феодалдық  заманды  аңсап,  өткен  күндерді  мадақтап 
жырлауға,  жаңа  кезеңді  экономикалық  дамулардың  негізінде  туа  бастаған  құбыжық  етіп  көрсетуге 
тырысты. 
Екінші  тобы  жаңалықтың  жаршысы  болып,  жақсылықты  келешектен  күтті.  Бірақ  бұлардың 
барлығына  тəн  нəрсе — төңірегіндегі  шындық  болмысқа  разы  болмаушылық,  төңірегіне  өздерінің 
жеке  идеяларын  қарсы  қоюшылық,  бұл  дүниені  тастап,  басқа  бір  дүниені  аңсаушылық.  Бұл 
романтизм  күні  өткен  феодал  табының  идеологтарына  да,  жаңа  капиталистік  жолға  түскен 
дворянстволарға да жəне буржуазия идеологтарына да, əсіресе ұсақ буржуазия идеологтарына да тəн 
нəрсе болды. 
Феодал  табының  өкілдері  өз  үстемдіктерінің  құлауына  разы  болмады,  сондықтан  өткен  өмірді 
аңсады, мистика, қиял дүниесіне жүгірді. Буржуазия сол кезде қожалықтарын əлі бекітіп болған жоқ 
еді.  Сондықтан  олар  өмірдің  барлық  тарауындағы  өздерінің  тілегендерін  асыра  көрсетіп, 
нықтанқырап, өз мақсаттарын ұсынды. 
Дамып,  өсіп  келе  жатқан  капитализмнен  қысымшылық  көре  бастаған  ұсақ  буржуазия,  бір 
жағынан,  өткен  күнді  аңсап,  өткен  күнді  асыра  дəріптесе,  екінші  жағынан,  қандай  болары  белгісіз 
алдағы күндерін де қиял етті. Бұл сықылды идея жəне көңіл-күйлері ол кездегі қоғам құрылысындағы 
зор  қайшылықтар  жəне  белгілі  бір  қоғамдық  құрылыстың  əлі  толық  үстемдік  ете  алмауымен 
байланысты еді. 
Жоғарғы айтылғандардың жиынтығы əдебиетте романтизмнің дəуірлеп өсуіне əкеп соқты. 
Романтизм  классицизммен,  оның  түр  мен  мазмұнға  белгілі  бір  мөлшер  қоюшылығымен  жəне 
жазу жөніндегі тəртіптерімен күресе отырып, қалыптасты. Романтизм кім қай тақырыпты таңдайды, 
оны қалай суреттеп береді, бұл жағынан суретшінің ерікті болуын талап етті. 
Шындық  өмірден  алыстап,  болған  нəрседен  гөрі  болуы  керек  деп  аңсаған  нəрсесін  суреттеуші 
романтик  жазушылардың  шығармаларында  дағдыдан  тыс  тарихи  не  географиялық  жағдайларды 
немесе өзгеше бір жаратылыс не əлеуметтік орталарды алатындары өте жиі кездеседі. 
Олардың  бұл  сықылды  ерекшеліктері  адамның  мінездерін  суреттеулерінде  де  мығым  болып 
отырады.  Романтикалық  шығармалардың  қаһармандары  көбіне  бір  жақты  жəне  өте  асыра 
дəріптелініп суреттелді. Бұлар не болмаған күшті, не болмаған əдемі немесе мүлде бұзылған, шектен 
шыққан,  бұзақы,  əйтеуір  өзінің  жаратылысында  не  іс-əрекеттерінде  көңіл  аударарлық  бір  қасиеті 
болады.  Романтиктердің  назарын  аударған  нəрсе  де  жайшылықтағы  қалыптан  үздік  шыққан, 
дағдыдан тыс ерекшеліктер. Олар сол ерекшеліктерді не жақсы жағынан, не жаман жағынан көрсетті. 
Бірақ қалай көрсетсе де, дағдыдағы қалыптан өзгеше етіп суреттеді. 
Романтизмнің  адамзат  мəдениеті  дамуындағы  тарихи  рөлі  зор.  Ол  көптеген  елдердің  рухани 
мəдениетін  гуманистік  идеялармен  байытты.  Романтизм  бағытында  туған  туындылардың 
кейіпкерлері  əдетте  болмыстың  ырқымен  келіспейтін,  жақсы  өмір,  бақыт,  азаттық  үшін  күресетін 
күшті жандар болып келеді. Романтизм туындаларының тілінде əсірелегіш суреттер мол ұшырайды. 
Адамның бас бостандығын, ірі іс-əрекеттерге ұмтылыстарын мадақтау — романтизм туындыларына 
ортақ қасиет. Кейде романтиктер туындыларында өмірден түңілушілік, тағдырға бас июшілік сарыны 
бой  көрсетеді.  Романтиктер  өздерінің  мұратына  сай  келетін  өмір  материалдарын  өткеннен  де, 
келешектен де қатар іздейді. Романтиктер ауыз əдебиеті, тарих, дін, өнер мəселелерін өз идеяларын 
насихаттау  құралы  ете  білді.  Олар  дүние  жүзі  өнерінде  тұңғыш  рет  адам  жанының  иірімдерін, 
тұңғиық тереңін ашып көрсетті. 

Ж.Ж.Жарылғапов, А.А.Мирзахметов 
62 
Вестник Карагандинского университета 
Əдебиеттануда романтизм: 
 біріншіден, көркем шығармада өмір шындығын бейнелеудің бір тəсілі, көркемдік əдіс; 
 екіншіден, XVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың басында Еуропа мен Америка елдерінде 
пайда  болған,  осы  əдісті  қалыптастырған  əдеби  бағыттағы XVIII ғасырдың  ортасында 
«романтика»  сөзі  ағылшын  поэзиясында  шығармашылық  пафосты  таныту  мақсатында 
қолданылды.  Сол  кездегі  эстетикалық  түсінік  бойынша  ол  поэзияның,  əсемдіктің  ажырамас 
бөлігі болуға тиісті ғажайып, құпия, жұмбақ нəрсе ретінде қабылданды. 
Ал XVIII ғасырдың  аяғында  Германияда  «романтикалық  поэзия»  жаңа  əдеби  бағыттың 
шығармашылық  принциптерінің  тұтастығын  танытатын  термин  ретінде  қолданылып, «Иен 
мектебінің»  теоретиктері  (ағайынды  Шлегельдер,  Новалис,  Ваккенродер,  Тик)  алғаш  рет 
романтизмнің  біршама  толыққанды  теориясын  жасады.  Бұл  поэзия  ереже  мен  дəстүрді,  өмір 
заңдылығын мүлде мойындамайтын еркін поэзия ретінде қабылданды. 
Романтизмге  толыққанды  əмбебап  анықтама  беру  мүмкін  емес,  ол  əр  ұлт  əдебиетінде  əр  түрлі 
көрініс тапқан. Романтизмде ортақ ұқсастықтармен қатар бір-біріне мүлде ұқсамайтын əр тектілік те 
бар. Романтизмнің даму кезеңдеріне ортақ типологиялық белгілер: 
 қоғамға көңілі толмау; 
 оған өзінің идеалын қарсы қою; 
 өмірге сын көзімен қарау; 
 рухани азғындыққа қарсылық; 
 заман шындығынан аулақ кетуге ұмтылыс; 
 арман, қиял; 
 өткенді дəріптеу; 
 азаттық, бостандық идеясы; 
 фольклорға, тарихқа ден қою; 
 кейіпкерлерінің «ерекше» болуы; 
 көтеріңкі эмоционалды стиль; 
 қайғы-мұңға, ғажайып-құпия, фантастикалық жайттарға құштарлық; 
 лиризм, патетика, əсірелеу т.б. 
Романтикалық шығармаларда бейнелеу құралдары, əсерлі суреттеулер (эпитет, теңеу, метафора, 
ұлғайту, шендестіру, символ) мол кездеседі. 
Ұлттық  əдебиетіміздегі  романтизмнің  қалыптасуы  сырттан  келген,  кездейсоқ  құбылыс  деген 
пікір  негізсіз.  Шындығында,  романтизм  құбылысы  қазақ  прозасындағы  фольклорлық  дəстүрімізден 
бастау  алып,  өзіндік  романтикалық  бейнелеу  тəсілдері  арқылы  қазақ  прозасының  қалыптасу 
кезеңінде  алғашқы  романдарымен  еніп,  əңгіме,  повестердің  көркемдік-эстетикалық  құрылымынан 
көрініс тапты. 
Қандай  да  бір  ұғымды  терең  тану  үшін,  оның  түп-тамырына,  қайнар  көзіне  үңілу  қажет. 
Романтизм  құбылысын  саралау  үшін де  оның  тарихи-əлеуметтік  негізіне жіті  назар  аударып,  əдеби 
бағыт ретіндегі дүниеге келгеніне себеп болатын тарихи жағдайларды бағамдап алған абзал. 
Жоғарыда  келтіргендей,  қазақ  романтизмі  ұлттық  əдебиеттің  өзіне  дейінгі  дəуірлерінен  бастау 
алып,  ұлттық  фольклорлық  дəстүріміздің  қайнар  көзінен  сусындаған.  Ықылым  заман  еншісіндегі 
лиро-эпостық  жырлардың  өн  бойына  романтизм  көріністерін  байқаймыз.  Одан  бері  де  қазақ 
əдебиетінде романтикалық леп елдің еркіндігін, азаттығын аңсау идеясынан туындап жатты. «Алаң 
да,  алаң,  алаң  жұртымен...»  бірге «...күңіреніп,  күн  түбінде  жортқан»  баһадүр  ақын-жыраулар 
поэзиясында  ел  бірлігі,  атамекен,  туған  жер  басты  тақырыптар  болды.  Романтизм  элементтері 
қайнауда жатқан ғасырының қоғамдық-əлеуметтік мəселелерін қозғауда, қаһармандық пафоста, оқиға 
динамикасында, ат үстіндегі жауынгерлік өмір салтын дəріптеуде жоғары көркемдік деңгейде жүзеге 
асты.  Жыраулардың  өз  «Менін»  паш  етуі,  шаршы  топ  алдында  биік  те  асқақ  жүрекжарды  сөзі, 
дүниенің баянсыздығы мен өзінің жалғыздық болмысын сезіну сияқты романтикалық ойлау жүйесіне 
тəн белгілер олардың жырларында көріне бастайды. 
Қазақ əдебиетіндегі романтизм əлемдік əдеби құбылыстың бір бөлшегі бола тұра, өзіндік ұлттық 
ерекшеліктерімен  оқшауланады.  Жоғарыда  келтірілгендей,  халық  ауыз  əдебиеті  үлгілерінен  көрініс 
тапқан  романтикалық  белгілер XV–XVIII ғасырлардағы  жыраулық  поэзияда  қаhармандық-
жауынгерлік,  азаттық-патриоттық  рухта  көрініс  тапты.  Қазақ  əдебиетінде  романтизмнің  тегеурінді 
көрінген тұсы XIX ғасырда болды, ол ұлттық сөз өнері дамуының маңызды факторы саналды. XIX 

Қазіргі қазақ прозасындағы романтизм 
Серия «Филология». № 4(68)/2012 
63 
ғасырда  романтизм  əдісі  жазба  əдебиетте  толық  қалыптасып,  өткен  ғасырдың  басында  кемелденді. 
Дəуір алмасуы кезіндегі саяси жəне идеологиялық дағдарыстар, ұзақ уақыт жат елдің езгісінде болған 
ұлт санасының қайта оянуы, ұлттың өзін-өзі тануы романтизмді дамытушы негізгі қоғамдық фактор-
лар болды. 
Тарих  парақтарын  ақтаратын  болсақ,  алмағайып  заманда  етігімен  су  кешіп,  арғымағы 
ауыздығымен  су  ішкен,  қазақтардың  орыс  отаршылдарымен  қарсыласып  жатқан  уақыттарда  өмір 
сүрген Махамбет Өтемісұлы романтизмі Исатай Тайманұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліспен бірге 
туып, азаттық бағытында өрбісе, «Зар заман» ақындары шығармашылығында орыс отаршылдығына 
қарсы  болған,  өз  дəуірінің  рухани  болмысына  қанағаттанбаған  мінезден  көрінді. «Отаршылдыққа, 
бодандыққа бойсұнбау мотиві зар заман ақындарының шығармашылығында жаңа қырынан көрініп, 
ХІХ ғасырда Дулат, Мұрат, Шортанбай ақындар бұл тақырыпты жеріне жеткізе жырлады. Зар заман 
шайырларының  шығармашылығында  дəстүрдің  бұзылуы,  жердің  тарылуы,  діннің  əлсіреуі  сынды 
өзгерістер өткен заманға қарама-қарсылықта сипатталды» [1; 58]. 
Қазақтың ғана емес, ғаламның бағына жаралған Абай Құнанбаев əлем əдебиетіне романтизмнің 
айқын белгілерін көрсетті, өзіндік Абай дəстүрін қалыптастырды, бұл табиғи үрдіс ХХ ғасыр басында 
рухани  жаңғыруға  үндейтін  М.Дулатов,  С.Торайғыров,  М.Əуезов,  Ж.Аймауытов,  М.Жұмабаев 
шығармаларында өз жалғасын тапты. Абай романтизмінен өзге елдің билігі əсерінен халықтың ыды-
рап, ұсақталуына қынжылыс байқалды. Ал Ақылбай мен Мағауия сюжетке құрылған романтикалық 
поэмаларында («Қисса Жүсіп», «Медғат — Қасым») «ерекше жағдайда ерекше мінез жасау» арқылы 
индивидуалдық романтизмге жол салды. 
М.Жұмабаевтың  көркемдік  жаңалығы — «Шолпанның  күнəсі»  шығармасында  екіұдай  күйге 
түскен  жеке  тұлғаның  қарама-қарсы  сезімдер  арасындағы  арпалысын  шеберлікпен  суреттеуі  еді. 
Қаламгердің  шығармашылығында  өмірді  романтикалық  тұрғыда  бейнелеу  сипаты  айқын,  адам 
болмысының сан қилы қырлары, сезім иірімдері тереңінен қозғалады [2]. 
М.Жұмабаев  шығармашылығында  романтизм  «тұтас  дүниетаным  мен  көркемдік-эстетикалық 
жүйе»  ретінде  күрделі,  дəйекті  дəрежеге  жетті [3]. Ал  С.Сейфуллин («Айша», «Жұбату»), 
С.Ерубаевтың  романтикалық  рухтағы  «Бақыт», «Мəңгілік  өмір»  новеллаларынан, «Менің 
құрдастарым»  романынан  сұлулықты  дəріптеген  мінезін,  ой  мен  сезім  тереңдігін,  азаматтық 
болмысындағы арманшылдықты аңғарамыз. Жазушының новелла, балладалары жаңадан қалыптасып 
жатқан прозамыздың жанрлық тұрғыдан дамуына елеулі үлес қосты. ХХ ғасырдың басында Б.Күлеев, 
М.Жұмабаев  поэзияларында  романтизм  биік  деңгейде  көрінді.  Мағжан  романтикалық  поэмалардың 
əлемдік деңгейдегі озық үлгілерін əкелді («Батыр Баян», «Қорқыт», «Қойлыбайдың қобызы» т.б.). 
Кеңес  дəуіріндегі  əдебиетте  романтизм  реализммен  кіріге  жаңа  сипат  алып,  өмірдің  жарқын 
тұстарын бейнелеуге, кейіпкердің ішкі сезім-сырларын жеткізуге қызмет етті. Сөйте тұра романтизм 
бүкіл адамзаттың, ғаламның, өз дəуірінің, қоғамының трагедиясы мен мұң-зарын көрсете білді, кейде 
тіпті  оны  шешуге  ұмтылыс  жасады.  Романтизмнің  əдебиетке  əкелген  жаңалықтарының  бірі — 
адамды  тануға  деген  құштарлық.  Романтик  қаламгерлер  адамның  жан  дүниесіне,  ішкі 
психологиясына  үңіле  отырып,  оның  рухани  əлемінің  құпиясын,  тереңдігі  мен  күрделілігін, 
шексіздігін танытуға күш салды. 
М.Əуезовтің  алғашқы  əңгімелерінде («Қорғансыздың  күні», «Қаралы  сұлу»)  жеке  тұлғаның 
күрделі  табиғаты  мен  дүниетанымына  байланысты  романтикалық  стиль  айшықтары  айқын 
аңғарылады. 
ХХ ғасыр басындағы əдеби процесте ұлттық психологиялық прозаны қалыптастырып, дамытуға 
ерекше  үлес  қосқан  жазушы  Жүсіпбек  Аймауытов  болды. «Ақбілек»  романында  қазақ  қызының 
тағдыры шынайы суреттелгенімен, романтикалық бейнелеу тəсілдерін байқаймыз. Жазушы Ақбілек 
пен  орыс  офицерінің  «ерекше»  қарым-қатынасын,  таудағы  тосын  тіршіліктерін  романтикалық 
ыңғайдағы  бейнелі  көріністер  арқылы  суреттейді.  Ауылын  шапқан,  анасын  өлтірген,  өзін  зар 
жылатқан қас жауын Ақбілектің жек көруі тиіс. Алайда алғашқыда оның санасында туған ашу мен 
жек көру сезімі кейіннен басқа реңк алады. Екіұдай күйге түскен қыздың ойын, ақылы мен сезімінің 
қақтығысын  жазушы  дамылсыз  құбылу  үстінде  бейнелейді.  Сонымен  қатар  романда  Ақбілектің 
өмірге  деген  құштарлығы  анық  көрінеді.  Орыс  əдебиетіндегі  М.Лермонтовтың  «Біздің 
заманымыздың қаһарманы» романында орыс офицері Печориннің черкес қызы Бэланы алып қашуы, 
екеуінің тосын тіршілігі, махаббаты, А.Пушкиннің «Кавказ тұтқынындағы» тұтқын офицер мен ауыл 
қызының арасындағы романтикалық ситуация Ақбілек пен орыс офицерінің қарым-қатынасына тым 
ұқсас. 

Ж.Ж.Жарылғапов, А.А.Мирзахметов 
64 
Вестник Карагандинского университета 
Романтизм еуропалық мəдениетте əдеби бағыт ретінде ағартушылық дəуіріне қарсы болса, қазақ 
қаламгерлерінің  (Ш.Құдайбердиев,  С.Торайғыров,  Ж.Аймауытов)  шығармаларында  романтикалық 
таным  ағартушылық  идеялармен  сабақтасып  жатты.  Бұл — қазақ  жəне  еуропалық  романтизмнің 
айырмашылығы [4; 29]. 
Романтизм  қазақ  топырағында  өзінің  таза,  еуропалық  үлгісінде  болған  жоқ.  Еуропалық 
романтикалық қиялшылдық уақыт пен кеңістік тұрғысынан сол тұстағы өмірден біршама алыс тұрса, 
қазақ  романтизмінің  құрылымы  заманымен  орайлас  жатып,  өз  кезеңімен  үндестік  тауып  отырды. 
Ортасын олқы көрген тұлғаның жинақталған бейнесі жасалғанымен, ол дəуірінің, сол кезеңнің адамы 
болды.  Алыс  мекендер  де,  экзотикалық  шалғай  жерлер  де  суреттелген  жоқ,  оқиға  көбінесе  таныс 
ортада, қазақ қоғамында өтеді. 
Романтиктердің  шығармашылығында  мифтік  сюжеттер  оқиға  құрылымынан  жиі  орын  алады. 
Олар мифтерге жаңа мазмұн беріп, оны қайтадан жасады. Мифті романтиктер «уақыттан тыс рухани 
бағдар»  деп, «халықтың  рухын»  бейнелейтін,  универсум  туралы  шынайы  жəне  тұтас  түсінік 
қалыптастыратын  шығармашылықтың  түрі  ретінде  қабылдады.  Романтиктердің  мифологиялық 
сюжеттерге  деген  құштарлығын  қоғам  дамуының  өзекті  мəселелерінен  ауытқу  деп  түсінбеу  керек. 
Романтик-суреткерлер  адамзаттың  балаң  кезінде  жасалған  рухани  дүниелер — мифтер  мен 
мифтердегі  образдылықты  жаңа  көркемдік  мақсатқа  ғана  емес,  өз  дəуірінің  маңызды  мəселелерін 
шешуде оларды түрлендіріп пайдаланды. 
Қай  кезеңде,  қай  ұлттың  əдебиетінде  болмасын  романтик  суреткерлердің  көне  дəуірлердің 
көркемдік  тəжірибесіне,  фольклорлық  мифтерге  деген  ықыласы  ерекше  болды.  Олар  мифтік, 
фольклорлық  шығармалардың  идеялық  желісін,  мифологиялық  кейіпкерлерді,  архетиптік 
сарындарды  көркемдік  мүддеге  сай  пайдаланды.  Халықтың  рухын  бейнелейтін  мифтерге  жаңа 
мазмұн дарытып, өз мифологиясын тудырды. 
Романтикалық  мифологема  сонымен  қатар  дəуірдің  рухын  бейнелейтін  өздерінің  мифтік 
образдарын  жасады.  М.Жұмабаев  шығармаларындағы  «Қойлыбайдың  қобызы»,  Ə.Кекілбаевтың 
«Аңыздың  ақыры»  романындағы  «мұнара»,  С.Санбаевтың  «Ақ  аруанасы», «Бекет  бақсысы», 
О.Бөкеев  шығармаларындағы  «Бура», «Кербұғы»  бейнелері  хақында  осыны  айтуға  болады.  Олар 
халықтың  өткеніне,  рухани  мұрасына  айрықша  мəн  беріп  қана  қоймай,  өз  мифологиясын  жасай 
алатынын  дəлелдеді.  Романтиктер  мифтің  шығармашылық  потенциалын,  оның  адамзат  үшін 
уақыттан  тыс  мəнін  белгіледі.  Осының  негізінде  романтиктердің  бүгінгі  күні  мифті  жаңғырту  мен 
қайта жасауына ұмтылысы күшейіп, қазақ прозасында 70-жылдардан бастап жаңа мифология идеясы 
туды. 
Аталмыш  құбылыс  əдеби  бағыт  ретінде  белгілі  дəуірмен,  нақты  тарихи  жағдайлармен 
байланысты болса, көркемдік əдіс ретінде əлдеқайда кең мағына береді. Академик З.Қабдолов əдістің 
қайталанып  отыратын  тұрақты  құбылыс  екенін  нақтылай  отырып,  романтизмді  көркемдік  əдістің 
біріне жатқызады [5; 12]. 
З.Ахметов романтизмге тəн бейнелеу тəсілдерінің ХХ ғасырда жаңа сипат алып, дами түскенін 
жəне  романтизмнің  «негізгі  принциптері  көркем  өнердің  табиғатына  сай  болғандықтан,  алдағы 
уақытта да қолданыла беретінін» жазады [6]. 
Т.Кəкішұлының  қазақ  əдебиетінің  дамуында  ерекшеленіп, «əлі  күнге  дейін  тамсандырып  келе 
жатқан көркемдік амал — романтикалық суреттеу тəсілі» деп ашық көрсетті [1; 74]. 
Романтизм — басқа əдеби əдістер сияқты, болмысты бейнелеудің спецификалық бір формасы. 
Қоғамды  қамтитын  алуан  түрлі  көңіл-күйлердің,  сезімдердің  барлық  реңктері  романтизмде 
нақты  көрініс  табады.  Тарихтың  қиын-қыстау  өтпелі  тұсында,  болашаққа  деген  сенім  бұлыңғыр 
тартқан  сəттерде  романтизм  құбылысы  түлеп,  күшейеді  де,  келешекті  болжаудың  көркемдік 
құралына айналады. Заманының əлеуметтік жағдайына көңілі толмау, айналадағы өмірге сын көзімен 
қарау, əсем идеал мен нақты болмыс арасындағы ымырасыздық, субъективті əлемге көбірек ден қою 
—  романтизм  эстетикасына  тəн  белгілер.  Осы  орайда  жеке  тұлғаны,  оның ішкі  əлемін  жеке  ғарыш 
ретінде қарастыру, адам рухының еркіндігі жəне сол рух еркіндігін бар болмысқа қарсы қоя отырып, 
өмірдегі  бар  нəрсе  туралы  емес,  болуы  мүмкін  дүниелер  туралы  ойлау  романтикалық  идеялардың 
тууына алғышарттар қалыптастырды. 
Шын  болмыс  пен  арман,  идеал  арасындағы  ымырасыздық,  өмірдегі  бар  нəрсе  мен  болуы 
ықтимал,  мүмкін  дүниені  бір-біріне  қарсы  қою — романтизм  эстетикасындағы  айқын  белгілердің 
бірі. Романтиктердің күнделікті күйкілікке, өзгермейтін, қалыпты тоғышар тірлікке қарсы тұруы да 
тегін  емес.  Романтизм  суреткердің  дүниетанымымен,  оның  өмірге  көзқарасы  мен  оны  түсініп 

Қазіргі қазақ прозасындағы романтизм 
Серия «Филология». № 4(68)/2012 
65 
қабылдауымен тығыз байланысты. Романтизм — адамның биікке, асқақтыққа деген ұмтылысы жəне 
осы беймəлімге ұмтылушының ішкі рухани дүниесі [7]. 
Замана,  дүние  қайшылығын  түгелдей  шешіп  тастауды  армандайтын  романтиктер  əлем 
əдебиетінде  тұңғыш  рет  адам  жанының  аса  күрделі  ішкі  əлемін,  оның  тұңғиық  иірімдерін  ашып 
көрсетті. Адамға, оның сезіміне, санасына əсер етіп, оны тұлға ретінде қалыптастыру романтизмнің 
көркемдік жетістігі болды [5; 97]. 
Романтизм  сан  қырлы.  Оны  реалистік  өнерге  қарсы  қойып  немесе  сол  реализм  заңдылықтары 
бойынша  бағамдау  мүмкін  емес.  Күнделікті  күйкі  тірліктен  жоғары  тұрып,  асқақ  арман  əлеміне 
ұмтылғанымен,  романтизм  де  коғам  шындығын  өз  тұрғысынан  бейнеледі.  Жазушының  дүниедегі, 
айналасындағы  құбылыстарға,  өмір  шындығына  өз  дүниетанымы  тұрғысынан  баға  беруі,  авторлық 
«меннің», авторлық дүниетанымның айқын көрінуі романтикалық бейнелеу тəсілінде айрықша орын 
алады.  Шын  болмыс  пен  арман,  идеал  арасындағы  ымырасыздық,  өмірдегі  бар  нəрсе  мен  болуы 
ықтимал, мүмкін дүниені бір біріне қарсы қою — романтизм эстетикасындағы айқын белгілердің бірі. 
Романтиктердің күнделікті күйкілікке, өзгермейтін, қалыпты тоғышар тірлікке қарсы тұруы да тегін 
емес. Романтизм суреткердің дүниетанымын, оның өмірге көзқарасы мен оны түсініп қабылдауымен 
тығыз байланысты. Романтизм — адамның биікке, асқақтыққа деген ұмтылысы жəне осы беймəлімге 
ұмтылушылардың ішкі рухани дүниесі. 
Бүгінгі  таңдағы  əдеби  əлемдегі  шығармашылық  үдерістегі  романтизмнің  жаңаша  пошымдары 
мен  əдіс-тəсілдері  жаңаша  зерттеуді  қажет  етеді.  Романтизмнің  ұлттану  мəселесіне  əдеби  тұрғыдан 
қосқан  үлесі  мол.  Романтиктер  ұлттық  рух  пен  мəдени  құндылықтарға  аса  қызығушылық  танытты. 
Олар  өткен  тарихты  бағалап  қана  қойған  жоқ,  оны  өздерінің  сан  қырлы  əлеуметтік,  эстетикалық 
тұжырымдарына тірек етті. Романтизмнің мұндай ерекшеліктері көркем пішіннің жаңаруына: тарихи 
роман,  психологиялық,  фантастикалық  повесть,  əңгіме  жанрларының,  лиро-эпикалық  поэмалардың 
пайда болуына, лириканың тақырыптық, идеялық ауқымының кеңеюіне зор əсерін тигізді. Романтизм 
əдебиетке  жаңа  тақырып,  жарқын  кейіпкерлер  əкелді,  сөз  өнерін  көркемдік  ерекшеліктермен 
байытты.  Қазақ  əдебиетінде  Ғ.Мүсірепов,  І.Есенберлин,  Ə.Əлімжанов,  Ə.Нұрпейісов,  Ə.Кекілбаев, 
О.Бөкеев,  Қ.Аманжолов,  Т.Айбергенов,  О.Сүлейменов,  тағы  басқа  қаламгерлер  қалап  кеткен 
қабырғалы «pомантизм»  бағытын  бүгінгі  таңда  талантты  жазушылар  да  қалт  жібермей,  өз 
мүмкіндіктерін ұтымды пайдалануда. 
Қорыта айтқанда, қазіргі қазақ прозасындағы көркем шығармаларда романтикалық бастау адам 
рухының асқақ сəттерімен, жалпы адамзаттық құндылықтармен астасып жатыр. Романтикалық көңіл-
күй  қашанда  адамның  жан  дүниесі  мен  рухани  сергектікті  ұлықтаудан  жəне  жердегі  кез  келген 
сұлулыққа,  қайырымдылыққа  тебіреніп,  бейжай  қала  алмаудан  туындауда.  Қазақ  прозасында 
романтикалық  жəне  реалистік  бастаулардың  бір  бірімен  алмасып  келіп  отыратыны  айқын 
аңғарылады.  Бұл  ретте  қазақ  прозасында  романтизмді  реализм  алмастырды  деп  келетін  қарабайыр 
түсініктің ескіргенін, екеуінің де қатар, жарыса жүргенін атап өту орынды. 
 
 
Əдебиеттер тізімі 
1  Кəкішұлы Т. Жанр жайлауы.: Оқу құралы. — 1-к. — Алматы: Қазақ ун-ті баспасы, 2007. — 462 б. 
2  Елеукенов Ш. Мағжан. — Алматы: Санат, 1995. — 26-б. 
3  Майтанов Б.Қ. Сөз сыны (ХХ ғасыр əдебиетінің көріністері). — Алматы: Ғылым, 2002. — 184-б. 
4  Қирабаев С.С. Көп томдық шығармалар жинағы. — 1-т. — Алматы: Қазығұрт, 2007. — 456 б. 
5  Қабдолов З. Екі томдық таңдамалы шығармалар. — 2-т. — Алматы: Жазушы, 1983. — 392 б. 
6  Ахметов  З.  Романтизм // Əдебиеттану.  Терминдер  сөздігі / Құраст.  З.Ахметов,  Т.Шаңбаев). — Алматы:  Ана  тілі, 
1998. — 89-б. 
7  Жанұзақова Қ. Қазақ прозасындағы романтизмнің көркемдік əлемі (ХХ ғасырдың екінші жартысы): Автореф. дис.  
— Алматы, 2010. — 19-б. 
 
 

Ж.Ж.Жарылғапов, А.А.Мирзахметов 
66 
Вестник Карагандинского университета 
Ж.Ж.Жарылгапов, А.А.Мирзахметов 

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   30




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет