Педагогикалық әдіснамаға берілген ғалымдардың анықтамалары:
1. «Педагогикалық әдіснама – педагогикалық ақиқаттың қалыптасуы мен таным процесі, формалары, прнициптері туралы ілім» (М.Е. Вайндорф-Сысоева, Л.П.Крившенко).
2. «Педагогикалық әдіснама – педагогикалық құбылыстар мен оның нәтижесі – педагогикалық білімдер жүйесі» (Ф.Ф.Королев).
3. «Педагогикалық әдіснама – таным мен педагогикалық шындықты түрлендірудің әдістері, формалары және процедурасы жайлы ілім» (З.Байжанова).
4. «Педагогикалық әдіснама – педагогикалық білім туралы, білім алу процесі мен оны іс-тәжірибеде қолдану туралы ілім» (С.К.Мұхамбетова).
5. «Педагогикалық әдіснама – педагогикалық білім жөнінде ілім және оны табу процесі, яғни педагогикалық таным, алғашқы қалып, құрылым, ғылыми-педагогикалық зерттеулердің әрекеттері мен әдістері» (Р.Аубакирова, М.Нұрбекова).
Педагогикалық зерттеу дегеніміз – оқыту мен тәрбиелеудің нақты заңдары мен заңдылықтарын, құрылымы мен тетіктерін, мазмұнын, принциптерін, ұжымдық формалары мен әдістерін ашуға арналып бағытталған қоғамдық маңызы бар жаңа педагогикалық білімді қалыптастыру процесі және нәтижесі, танымдық іс-әрекет түрлерінің бірі болып табылады.
Қазіргі заман ғылымында әдіснама деп ғылыми-танымдық іс-әрекеттердің түзілу принциптері, формалары мен тәсілдері жөніндегі білімді айтамыз.
Әдіснамалық білімдер тобы төрт деңгейлі келеді (Э.Г.Юдин): философиялық, жалпы білімдік, нақты ғылымдық, технологиялық. Әдіснаманың ең жоғары философиялық деңгейі танымның жалпы принциптері мен бүкіл ғылымның категориялар құрылымын негіздейді. Жалпы ғылымдық әдіснама деңгейінде ғылымдардың баршасында не көпшілігінде қолдануы мүмкін теориялық тұжырымдарды белгілейді. Нақтылық ғылыми әдіснама қандай да нақты ғылыми пән аймағында қолданылатын зерттеу әдістері мен принциптерінің жиынтығын құрайды.
Технологиялық әдіснама – зерттеу әдістері мен техникасын белгілеп, деректі эмпирикалық материалдарды жинақтап, алғашқы өңдеуден өткізіп, кейін оларды ғылыми білімдер өрісіне қосу қызметтерінен хабар береді. Бұл деңгейдегі әдіснамалық білім нақты көрсеткіш нұсқау сипатына ие. Қазіргі кезеңдегі адамдардың жүргізген зерттеулеріне байланысты әрқилы ғылымдар әдіснамасы сипатында көптеген философиялық бағыт-бағдарлар, теориялық көзқарастар орын алуда. Солардың ішінен бүгінгі педагогикада өз орнын тапқан келесі философиялық білімдерді ажыратуға болады: экзистенциализм, прагматизм, неотизм, позитивизм, неопозитивизм, т.б. Экзистенциализм – адамның тіршілік, болмыс толғаныстары философиясы. Экзистенциалистер түсінігінде шынайы дүниенің мәні оның субъективті сипатта болуына тәуелді. Олар объективті білім мен объективті шындықты тікелей мойындамайды. Сырттай дүние әр адамның ішкі «Мен»-і тарапынан қалай қабылданса, солай танылуы тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |