Халқы мен еңбек қорлары. 2014 жылғы мәліметтерге сәйкес халқының саны 22,5 миллион адам. Австралия халқының 97% Еуропадан, Америкадан қоныс аударған ағылшын аустралиялықтар, 1%-н ғана аборигендер құрайды, оларды жалпы саны 160 мың адам. Қазірдің өзінде аборигендер мен ақнәсілді халық арасында үлкен әлеуметтік айырмашылық айқын байқалады. Оған мынадай көрсеткіштер дәлел болады: 1990 жылдары 16-17 жастағы білім алып жатқан аборигендер 30%-ға жетсе, бұл көрсеткіш ақ нәсілді халықтарда 75%-ға; баспанасы бар аборигендерде 25%-ға, ал ақ нәсілді халықтарда 70%-ға; жас балалар өлімі аборигендер арасында 21%-ға, яғни елдегі орташа көрсеткіштен үш есе артық
Аустралия — ең сирек қоныстанған материк, орташа тығыздық 1 км2-ге 2 адамнан келеді. Халықтың 3/4-і шығыс жағалауда, Жаңа Оңтүстік Уэльс, Виктория және Квинслендте шоғырланған. Сонымен қатар Тасман аралында да халық өте жиі. 85%-ға жуық аустралиялықтар жағалаудан 80 км-ден аспайтын жіңішке жолақта тұрады, онда Аустралияның барлық ірі қалалары орналасқан. XX ғасырдың 70-жылдары демографиялық дағдарыс және экономиканың дамуы шетелдің жұмыс күшін пайдалануды талап етті. Австралияға ағылып арабтар, вьетнамдықтар, қытайлықтар, басқалар қоныс аудара бастады.
Аустралия Одағы дүние жүзіндегі жоғары урбандалған ел қатарына жатады, халқының 86%-ы қалада тұрады. Әрбір бес аустралиялықтың екеуі Сидней немесе Мельбурн қаласында тұрады. Табиғи өсу көрсеткіші 1000 адамға шаққанда 5 адамнан келеді. Иммиграция есебінен еңбек ресурсымен жақсы қамтамасыз етілген. Елдегі жалпы халықтың тең жартысын экономикалық белсенді халық құрайды, оның 1/3-і өнеркәсіп салаларында еңбек етеді. Аустралиядағы қала халқының үлесі 83%-ды құрайды. Аустралияның ірі қалалары болып Мельбурн, Сидней қалалары саналады. Әрбір бес аустралиялықтың екеуі Мельбурн, Сидней қалаларының тұрғындары болып саналады.
Аустралия Одағы шаруашылығының салалық құрамы Аустралия экономикасының қарқынды дамуына шетел капиталы жетекші күш болып отыр, оның 70%-ға жуығы Ұлыбритания мен АҚШ-тың үлесіне келеді. Соңғы жылдары Аустралия экономикасына инвестиция салуға Жапония мен Германия да құлшыныс танытуда.
Аустралия өнеркәсібінің ең жетекші де, ең ежелгі саласы - тау-кен өнеркәсібі, ол елдегі өнеркәсіп өнімінің 1/3-інен артығын өндіреді. Кезінде алтын өндіру Аустралияны отарлауды тездеткен болатын. Тау-кен өнеркәсібінің басты орталығы Аустралияның оңтүстік-шығысындағы Брокен-Хилл қаласы болып табылады. Мұнда полиметалл кен өндірісі шоғырланған. Аустралия дүние жүзінде қорғасын, мырыш, никель өндіруден алдыңғы орындардың бірін иеленеді.
Порт-Пиридегі қорғасын, Рисдондағы (Тасман) мырыш балқыту зауыттары дүние жүзіндегі ірі өнеркәсіптер қатарына жатады. Аустралия сондай-ақ мыс пен алтынды да сыртқа көптен шығарады. Аустралия алтын өндіру мен оны сыртқа шығарудан үшінші орында, алтын сатудан түсетін пайда жылдан-жылға арта түсуде.
Аустралия дүние жүзінде темір кенін сыртқа шығарудан екінші орында (95 млн т). Аса ірі кен орындары Батыс Аустралия жерінде орналасқан. Өндірістің жаңа аудандары біртіндеп солтүстік пен батысқа ауысуда.
Аустралия жерінде дүние жүзіндегі уранның 1/3-і шоғырланған. Бірақ уран өндіру және оны сыртқа шығару Солтүстік аумақтағы "Рэнджер" және "Набарлек", сондай-ақ Оңтүстік Аустралиядағы "Олимпик-Дэм" кен орын-дарынан ғана жүргізілуге рұқсат етілген.
Аустралия көмір өндіруден дүние жүзінде алтыншы орында, ал оны сыртка шығару жөнінен бірінші орынды иемденеді. Теңіз жолы арқылы тасымалданатын көмірдің 30%-ы Аустралия үлесіне тиеді. Сыртқа шығарылған көмірдің тең жартысы Жапонияға, ал қалған жартысы Ұлыбритания мен Нидерландқа жіберіледі. Сапалы көмір өндіретін негізгі кен орындары Ньюкасл, Сидней, Порт-Кембла қалалары маңында шоғырланған. Өндірілетін көмірдің 2/3-сі Жаңа Оңтүстік Уэльсте жабық әдіспен, ал қалған бөлігі Квинслендте ашық әдіспен өндіріледі.
Соңғы жылдары мұнай мен газдың мол қоры анықталуда. Квинсленд штатының оңтүстік-шығысында Муни және Олтон, Барроу аралы, Купер, Басс бұғазындағы Кингфиш және солтүстік-батыс қайраңдардағы кен орындары ашылып, пайдаланылуға берілді. Елде жылына 30 млн т-ға жуық мұнай өндіріледі.
Аустралия дүние жүзінде боксит өндіруден (40 млн т) бірінші орында (дүниежүзілік өнімнің 40%-ға жуығы), ал глиноземнің 37%-ын (11 млн т) өндіреді. Өнімнің басым бөлігі сыртқа шығарылады. Негізгі кен орындары Квинсленд, Батыс Аустралия және Солтүстік аумақта шоғырланғаы.
Аустралияның өңдеуші өнеркәсібі өнімді, негізінен (металлургия мен тамақ өнеркәсібінен басқасы) ішкі қажеттілік үшін өндіреді. Еңбекке жұмылдырылған адамдар саны мен өнім мөлшеріне сәйкес бірінші орынды машина жасау мен металл өңдеу алады. Олардың негізгі өнімдері: тау-кен өндірісі және тамақ өнеркәсібіне қажетті құралдар мен жабдықтар; көлік пен әскери техника; ауыл шаруашылығы машиналары; металл кесетін станоктар мен өндірістік роботтар; әр түрлі құрал-саймандар. Ірі орталықтары — Сидней, Мельбурн, Аделаида, Брисбен қалалары. Сонымен қатар автокөлік (ең ірісі Джелонг қаласындағы "Форд"компаниясы), кеме жасау жолға қойылып келеді. Химия және әуе-ғарыш өнеркәсіптері жедел дамып келеді. Олар қазіргі заман талабына сай өте сапалы бұйымдар шығаруда. Соңғы кезде баспа-полиграфия өнеркәсібі жоғары қарқынмен дамуда. "Ньюс-Корпорейшн" ұлтаралык компаниясының арзан кітаптары ағылшын тілді дүниежүзілік қауымның қажетін өтеп отыр.
Аустралияның тамақ өнеркәсібі, әсіресе ет өнеркәсібі өте қарқынды дамыған сала. Өнімдерінің басым көпшілігі сыртқа шығарылады.
Аустралияның ауыл шаруашылығы — сан-салалы, жоғары тауарлы, өте жақсы жабдықталған, жалданбалы еңбек кеңінен қолданылатын сала болып табылады. Өнімдерінің басым көпшілігі сыртқа шығарылуға бағытталған. Аустралия сыртқа шығаратын өнімдерінің жалпы құны жөнінен тек АҚШ-қа ғана жол береді, ал оның жан басына шаққандағы мөлшері жөнінен алдына жан салмайды. Аустралия жүн өндіруден дүние жүзінде бірінші орынды иеленеді, сондай-ақ дәнді дақылдар, ет-сүт өнімдерімен, қант және жеміспен халықаралық нарықты қамтамасыз етеді.Ауыл шаруашылығы қажетіне Аустралия жерінің 10%-ға жуығы пайдаланылады; оның 1/3-і шабындық, ал қалғаны жайылым. Фермалардың орташа мөлшері — 2300 га, дүние жүзіндегі ең жоғарғы көрсеткіш. Ауыл шаруашылығында жоғары деңгейдегі механизация, электрлендіру, биотехнология жетістіктерін енгізу кеңінен қолданылады.
Өсімдік шаруашылығының жетекші саласы — бидай өсіру, оның басты аудандарына Аустралия Альпісінің оңтүстік-шығыс тау алды және елдің оңтүстік-батыс бөлігі жатады. Аустралия үшін ең тиімді сала — жайылымдық мал шаруашылығы, әсіресе қой өсіру. Қойдың басы —130 млн, оның 3/4-і меринос қойы. Қойдың жартысына жуығы Жаңа Оңтүстік Уэльс пен Виктория штаттарында бағылады. Ал ішкі аудандардағы қой фермалары "шипстейшнз" деп аталады. Ірі қараның саны 26 млн-ға жуық.