Отын-энергетикалық ресурстар. Отын-энергетикалық ресурстарға жанатын пайдалы қазбалармен қатар, атом электр энергиясының көздері (радиоактивті ресурстар) жатады. Отын ресурстары органикалық жолмен ұзақ геологиялық дәуірлерде пайда болып, ежелгі платформалардың шеткері аймақтары мен иіндерінде таралған. Дүние жүзінде ХХ ғасырдың басына дейін негізгі энергетикалық ресурс түрі ─ ағаш сүрегі саналып келді, содан кейін оны біртіндеп көмір алмастырды.
ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап көмірді мұнай мен табиғи газ, атом энергиясы алмастырды. Қазіргі кезде әр 14–15 жыл сайын энергияны тұтыну мөлшері екі есе артуда.Дүниежүзілік энергетикалық кеңестің соңғы деректеріне сәйкес жер қойнауынан өндірілетін органикалық отынның барланған қоры 1220 млрд т. Органикалық отын қорының 60%-ы таскөмір, 27%-ы мұнай мен табиғи газ, қалғанын тақтатас, қоңыр көмір, шымтезек пен ағаш құрайды. Қазіргі кезеңде дүние жүзінде өндірілетін бүкіл отынның 30%-ын таскөмір, 67%-ын мұнай мен газ, 3%-ын ядролық (атомдық) отын мен энергияның балама көздері құрады.
Негізгі мұнайлы-газды алаптар: Парсы шығанағы (Сауд Арабиясы, БАӘ, Кувейт, Катар т.б.), Батыс Сібір және Еділ (Волга) – Орал (Ресей), Солтүстік теңіз (Ұлыбритания, Норвегия), Каспий маңы (Қазақстан, Әзербайжан), Мексика шығанағы (АҚШ, Мексика), Аляска (АҚШ), Маракайбо (Венесуэла), Сахара (Алжир, Ливия), Шығыс – Гвинея (Нигерия).
Басты мұнай экспорттаушы елдер:Сауд Арабиясы, Ресей, АҚШ, Иран, Қытай, Канада, БАӘ, Мексика, Кувейт, Ирак, Бразилия, Нигерия. Дүние жүзіндегі мұнайдың анықталған, нақты қоры шамамен 160 млрд т (жалпы барланған қоры шамамен үш есе көп). Мұнайдың аса ірі қоры Таяу Шығыс аймағында (60%) таралған. Африка мен Латын Америкасының жекелеген елдерінде айтарлықтай қоры барланған
Әлемде өндірілетін мұнайдың 75%-ы, ал жалпы қорының 45%-ы ОПЕК-ке (мұнай экспорттаушы елдер ұйымы) мүше елдердің үлесіне тиеді.
Сауд Арабиясында мұнай қоры шамамен 70–80 жылға, Кувейт пен БАӘ-де 100 жылға, Иранда 80-90 жылға дейін жетеді. Дүние жүзіндегі жалпы мұнай қоры 200–300 жылға жетеді деген болжам бар, ал шындығына келсек ол бірнеше ондаған жылдарға ғана жетуі мүмкін.
Дүниежүзілік табиғи газ қоры 180 трлн м³. Табиғи газдың негізгі қоры Шығыс Еуропа (соның ішінде алдыңғы орында Ресей ─ Уренгой, Ямбург т.б. кен орындары) елдерінде таралған ─ әлемдік қордың шамамен 30%-ы; Таяу Шығыс аймағында ─ 40%.
Табиғи газды өндіретін ірі елдер қатарына: Ресей, АҚШ, Канада, Иран, Норвегия, Алжир, Сауд Арабиясы,
Катар, Қытай, Ұлыбритания жатады. Қоры жөнінен: Ресей, Катар, Иран, Сауд Арабиясы, БАӘ, АҚШ, Нигерия, Алжир, Венесуэла, Ирак ерекшеленеді. Табиғи газдың әлемдік қоры дамыған елдерде, дамушы елдермен салыстырғанда біршама аздау болғанымен де, оны өндіруде экономикасы дамыған елдер (АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Нидерланд, Норвегия т.б.) алдыңғы орында. Бұл газды теңіз көлігімен тасымалдаудың қымбаттылығымен де ерекшеленеді.
Көмірдің барлық түрлерінің (қоңыр және таскөмір) жалпы қоры 1,5 трлн т шамасында. Оның 52%-ы таскөмір, 48%-ы қоңыр көмір. Көмір қоры жөнінен АҚШ, Ресей, Қытай, ОАР, Аустралия, Германия, Үндістан, Индонезия, Польша, Қазақстан жетекші орындарда. Таскөмір қорының АҚШ-та 1/4, ТМД елдерінің аумағында 1/5-ден астамы, Қытайда 1/5 және ОАР-да шоғырланған. Көмірдің сапалық құрамының да маңызы бар. Аустралия, Германия, Канада, Қытай, АҚШ, Ресей көмірінің жалпы қорының айтарлықтай бөлігі, қара металлургияда пайдаланылатын ─ кокстелген көмір. Көмір қоры 200 жылдан аса уақытқа жетеді (56-сурет). Еуропаның таскөмір алаптары ендік белдеу (палеозойдың карбон ─ таскөмір дәуірінде пайда болған) құрап, Ұлыбритания, Бельгия, солтүстік Франция, Германияның батыс бөлігін, Польша және Украина жерлерін қамтиды. Бұл белдеудің ірі алаптары: ─ Йоркшир (Ұлыбритания), Рур (Германия), Жоғарғы Силезия (Польша), Донецк (Украина). Дүние жүзіндегі көмірдің ірі кен орындары: АҚШ (Иллиной, Аппалач), Ресей (Канс-Ачинск, Кузнецк), Қытай (Ордос), Қазақстан (Қарағанды, Екібастұз) жетекші орын алады.
Уран ─ атом энергетикасында шикізат ретінде пайдаланылады. Уранды концентраттарға деген сұраныс жоғары. Барлық жұмыс істеп тұрған атомдық энергетикалық реакторлар жылына 58 мың тонна қайта өңделген уранды тұтынады. АЭС-тер ядролық отын ретінде уранмен бірге плутонды да қолданады. Дүние жүзіндегі уранның қоры қазіргі уақытта 2 млн т. Ол қор 40 жылға жетеді. Уран кендерін өндіретін ірі елдерге: Канада, Қазақстан, Аустралия, Намибия, Ресей, Нигер, АҚШ, Украина, Қытай, Өзбекстан жатады.
Энергияның балама көздері: жел мен күн, теңіз суларының толысу мен қайту күшінің, мұхит ағыстарының және жердің ішкі энергиясын пайдалану маңызы артып келеді. Энергетикалық байлықтарды пайдалану өркениеттің дамуының негізгі көрсеткіштерінің бірі болып табылады.