11-дәріс Тақырыбы: Фразеологизмдердің мақал-мәтелдерге, сөз табына қатысы, олардың көп мағыналылығы. Мақсаты: Қазіргі қазақ тілі фразеологизмдерінің қолданысындағы стильдік ерекшеліктерін анықтау.
Дәріс жоспары: Фразеологиялық полисемантизм мен мақал-мәтелдерге қатысы
Фразеологиялық синонимдер,
Фразеологиялық антонимдер,
Фразеологиялық варианттар.
Тұрақты тіркестердің арналары.
1.Мақал-мәтелдердің мағынасы құрамындағы сөздердің мағыналарымен тікелей байланысты, соларға тәуелді, яғни мақал-мәтелдердің құрамындағы сөздер өздерінің лексикалық мағыналарын жоғалтпаған, тіпті құрамындағы сөздер ауыс мағынада қолданылғанның өзінде лексикалық мағыналарынан ауытқымайды. Сол себепті мақал-мәтелдердің білдіретін мағынасын біртұтас мағына деуге келмейді, олар біртұтас тіл бірлігі ретінде танылмайды. Мағынасындағы осындай ерекшелікке байланысты фразеологизмдер сөйлем құрамында бір ғана сөйлем мүшесінің қызметін атқарады, өйткені оның мағынасы жеке сөзбен парапар. Сонымен бірге фразеологизмдер бір тілден екніші тілге сөзбе-сөз аударуға көнбейді, олардың мағынасын басқа тілдегі баламалары арқылы немесе түсіндіру арқылы ғана беруге болады.
Орыс тіліндегі фразеологизмдерді зерттеуші Н.М.Шанский фразеологиялық оралым тілде жеке сөздің қызметін атқарады дейді. Тұрақты тіркестерге тән ортақ қасиет бұлардың құрамындағы сөздер дараланбай, мағынаның тұтастығы мен бірлігіне бағынышты, әрі тәуелді болады да, бір сөздің орнына жүреді. Мәселен, араға от жақтыдеген идиоманың мағынасы араздастыру, жауластыру деген ұғымды білдіреді. Бұл ұғым ондағы жеке сөздерден туып тұрған жоқ, сондағы үш сөздің жалпы жиынтығынан шығып тұр. Фразеологизмдер мағына жағынан бір ұғымды білдіріп, бір сөздің орнына жүргендіктен, сөйлем ішінде бір ғана сөйлем мүшесінің қызметін атқарып тұрады. Олай болса, әрбір тұрақты тіркес белгілі бір сөз табына бағынышты, телінді болады деген сөз. Мәселен, күлі көкке ұшты деген күйреді деген сөздің орнына жүреді. Бұл идиом лексика-грамматикалық мағынасы жағынан етістікке ұқсайды. Сол себептен бұл сөйлем ішінде баяндауыштың қызметін атқарады. Тайға таңба басқандай деген фразаның мағынасы айқын, анық деген сындық ұғымды білдіреді. Сондықтан бұл сөйлемде анықтауыштың қызметін атқарады. Көзді ашып-жұмғанша дегеннен тез, жылдам деген мағынаны түсінеміз. Бұл мағына үстеуге қатысты болғандықтан, сөйлемде пысықтауыштың қызметін атқарады. Дүниенің төрт бұрышы деген бүкіл әлем, жер шары дегенді білдіреді. Мағынасы жағынан зат есімге жатады. Сөйлем ішінде бастауыштың қызметінде жұмсалады.
Тілдегі жеке сөздер тәрізді тұрақты тіркестердің де кейбіреулері көп мағыналы болып кездеседі. Фразеологизмдердің бәрі бірдей емес, идиомдық түрлері әрдайым дара мағыналы болады да, фразалық тіркестердің қайсыбіреулері көп мағыналы болатындығы байқалады. Мысалы: бой бермеді: а) айтқанға көнбеді, жеңістік бермеді; ә) ырық бермеді, күші жетпеді. Көзі шықты: а) соқыр болды; ә) көзі қанды, маманданды. Жылқы бағумен көзі шықты. Фразеологизмдерден туатын көп мағыналық екі түрлі жолмен жасалады. Оның бірі – жалғаса туады, екіншісі – жарыса туады. Мәселен, ат үсті деген тұрақты тіркестің ең алғашқы мағынасы, сөз жоқ, ат үстінде жүрумен байланысты шыққан. Содан соң осы ұғымға жалғастырып қолдану арқылы үстірт, үстіртін мағынасы пайда болған. Сол сияқты қартайған бүркіттің тұғырда орнығып отыра алмауын адамға ауыстырып, бейнелеп қолдану арқылы соңғы мағыналары жарыса шықққандығын аңғару қиын емес. Жеке сөздің көп мағыналығы мен фразалық тіркестердің көп мағыналығының дамуында бірыңғай жалпы ортақ заңдылықтар бар. Фразеологизмдердің де көп мағыналығы негізгі заттық мағынадан өрбиді. Туынды мағына да сол алғашқы лексикалық мағынаны ауыстырып қолданудан келіп шығады. Мәселен, иі қанды (жетті)деген тұрақты тіркестің ең алғашқы мағынасы илеген заттың (терінің) илеуін жеткізу, әбден жұмсарту, жұмсақ қалыпқа келтіру болса, одан соң бір нәрсені әбден жетілдіріп шындап кемеліне келтіру ұғымы келіп шықты. Соңғы фразеологиялық туынды мағына, сөз жоқ, алғашқы мағынаның негізінде жалғаса пайда болды. Кей жағдайда жалғаспалы мағына мен жарыспалы мағына бір-біріне ұласып, үсті-үстіне туынды мағына жамай беруі мүмкін. Мәселен, зәрі қайтты дегеннен: а) уы қайтты, тарады, ә) жыли бастады, б) ашуы басылды деген үш түрлі мағына туындаған. Бойдағы удың таралуын табиғат құбылысына, одан кейін адамның мінез-құлқына бейнелеп қолдану арқылы туынды мағыналар бір-біріне ұласып отырғандығы айтылған ойға айқын дәлел бола алады.
2.Фразеологиялық синонимдер. Тұрақты тіркестер жеке сөздің орнына жұмсалып қана қоймайды, сонымен қатар мән-мағынасы жағынан үйлес келіп, бірінің орнына бірі балама болып та келеді. Мұндай құбылыс тіл білімінде фразеологиялық синонимдер деп аталады. Олар өзінің стильдік мағыналық ерекшеліктерін сақтап отырады. Мәселен, аза бойы қаза болды, аза бойы тік тұрды, азар да безер болды, ат-тонын ала қашты дегенде мән-мағынасы жағынан бір-біріне жақын келгенімен, іштей өзіндік сәл ерекшеліктері бар. Сол сияқты алғаны ас болмады, алғаны көзінен шықты, жегені желім болды, жегені желкесінен шықты дегендер белгілі бір ұғымды сегіз саққа жүгіртіп, жан-жақты сипаттап тұрғанымен, стильдік мәні жағынан бірдей деуге келмейді. Фразеологиялық синонимдер де ұғымы жағынан бірінен-бірі сатылап өсіп, күшейе түсіп отырады. Мәселен, көз ілмеді, көз шырымын алмады, түн баласына кірпік қақпады, түн ұйқысын төрт бөлді, көрер таңды көзімен атырды дегенде әрбір фразеологиялық синонимнің алдыңғысынан соңғылары қарқындай береді. Біреуден біреудің артықшылығын айтқымыз келсе: пар келмейді, тең емес, ширегіне келмейді, астар болмайды, бақайынан келмейді дейміз. Мұның барлығы етістік фразеологиялық синонимдердің соншалықты байлығын көрсетеді. Фразеологиялық синонимдер сындық және үстеулік мағынада да кездеседі. Мәселен, біреудің асқан сұлулығын бейнелеп айтқымыз келсе: ай десе аузы бар, күн десе көзі бар, туған айдай, үріп ауызға салғандай, ай қабақ, алтын кірпік, еліктің баласындай, қызыл ерін, ай мен күндей. Фразеологиялық синонимдер көркем образ жасауда жиі қолданылады. Сондықтан бұлар тілдегі кез келген стильде талғаусыз қолданыла бермейді. Тілдегі лексикалық синонимдер мен фразеологиялық синонимдер екеуі екі түрлі аталғанымен, бір мақсатқа қызмет етеді. Ол мақсат – ойлаған ойды жеткізе, жан-жақты баяндау болып табылады. Мақал-мәтелдердің өзді-өзіне синоним болуы фразеологиялық синонимдерге ұқсас. Айырмасы тек мағынасында. Фразеологиялық синонимдер жеке сөздің орнына жүріп, соның білдіретін ұғымын білдірсе, мақал-мәтелдер тұтас сөйлемдік қызметте жұмсалып, әрқайсысы аяқталған түгесінді ойды білдіреді. Мақал-мәтелдердің синонимдік қатынасы айтайын деген ой-пікірдің сарындас, үндес келіп, бір жерден шығуында.
3.Фразеологиялық антонимдер. Фразеологизмдер мән-мағынасы жағынан қарама-қарсы болып қолданылады. Тұрақты тіркестердің арасындағы осындай кереғар құбылыстарды фразеологиялық антонимдер деп атауға болады. Олар екі түрлі болып келеді. 1-түрі тұрақты тіркестердің өз ішіндегі компоненттерді басқадай сөздермен алмастыру арқылы жасалады. Мысалы: аты шықты- аты өшті; ат ізін салмады – ат ізін құрғатпады; ашық мінез-тұйық мінез; бетінен оты шықты-беті бүлк етпеді; жүрек жұтқан- су жүрек. Фразеологиялық антонимдердің 2-түрі құрылым-құрылысы жағынан мүлдем басқа сөздерден жасалады. Мысалы: шөлі қанды-қаны кепті; соры сорпадай қайнады-көзі ашылды; еңбегі қатпаған-тісі шыққан; мойны босады-қолы тимеді, іш тартты –іргесін аулақ салды; аузы аузына жұқпады-аузынан сөзі, қойнынан бөзі түсті. 4.Фразеологиялық варианттар. Фразеологизмнің мағына бірлігінде ешқандай өзгешелігі жоқ, құрылым-құрылысы жағынан ұқсас келген түрлері фразеологиялық варианттар деп аталады. Олар екі түрлі болады: а) фонетикалық вариант, ә) лексикалық вариант. Фонетикалық вариантқа тұрақты сөз тіркесінің құрамына енген кейбір сөздердің бірде жуан, бірде жіңішке, кейде толық, кейде қысқарып айтылуы жатады. М.: ай дейтін ажа жоқ, қой дейтін қожа жоқ дегенді әй дейтін әже жоқ, қой дейтін қожа жоқ деп те айта береді. Мұндағы ай мен әй, ажа мен әже бір-біріне фонетикалық вариант болып есептеледі. Сол сияқты адыра қал, әдіре қал деп те айтыла береді. Қашанда өте жиі айтылатын, халықтық тұлғасы дұрыс деп есептеледі.
Лексикалық варианттар фразеологизмдердің арасынан өте жиі ұшырасады: ағама жеңгем сай - апама жездем сай; аға өлсе, іні мұра-аға өлсе, жеңге мұра; аузы алты қарыс-аузы кере қарыс; ала кеуім-ала көлеңке, алдына қара салмады-алдына жан салмады. Кей жағдайда фразеологизмнің құрамындағы әрбір сөзден әр түрлі варианттар өрбиді. М.: көңілге қуат (медет, медеу) қылды (тұтты, етті); көңіл ауды (бөлінді, кетті, құлады); көңілден кір (дақ, дық, кірбің, қаяу, қылау) арылды (ашылды, кетті). Лексикалық варианттарды фразеологизмдердің синонимдік тәсілімен түрленуі деп те атауға болады. Варианттарда қалайда ең кемі бір сыңары ортақтаса қолданылса, синонимдес фразеологизмдерде ешбір компонент қайталанбайды. Қайталанған күнде құрылым-құрылысымен қатар мағынасымен да сәл өзгертіп, стильдік мән алады. М.: аза бойы қаза болды-аза бойы тік тұрды, ала ауыз-алты бақан ала ауыз дегендердің мән-мағыналары нақ бірдей деуге болмайды. Соңғылардың айтарлықтай семантикалық алшақтығы болмағанымен, стильдік мәні алғашқыдан гөрі күштірек, салмақтылау сезіледі.
Фразеологизмдердің шығу тегі, пайда болу негіздері туралы мынадай тұжырымдар бар: фразеологизмдердің шыққан тегінде тура мағынасы бар еркін тіркестер жатыр; фразеологизмдердің пайда болуына халық өміріндегі әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер себеп болған.