Байланысты: 7 д ріс Та ырыбы С здерді стильдік ызметіне байланысты т рлер
Түсіндірме сөздіктер: Түсіндіме сөздіктің алға қоятын мақсаты – бір тілдің белгілі дәуірдегі жалпыхалықтық сипат алған сөздеріне мағыналық, стильдік әрі грамматикалық жан-жақты сипаттамалар беріп, тілдің қазіргі даму тұрғысындағы сөздік құрамының сан мөлшерін біршама анықтау. Сөздердің мағыналық нормаларын, стильдік түрлі қолданыстарын саралап көрсету. Сонымен қатар сөздердің жазылуы мн айтылуындағы нормалардың ең дұрыс деген қалпын айқындай отырып, соған нақтылы түсінік беруді қарастырады. Сондықтан түсіндірме сөздік кейде нормативті сөздік деп аталады. Нормативті түсіндірме сөздік бір томдық және көп томдық болып жасалады. Көлемінің үлкендігіне қарай көп томдық түсіндірме сөздікті кейде академиялық сөздік деп атайды. Орыс тілінде үш түрлі (17 том үлкен сөздік, төрт том орташа сөздік, бір том кіші сөздік) түсіндірме сөздік басылып шықты. Академик В.В.Виноградов: «Ұлт тілінің түсіндірме сөздіктері сөйлеу мәдениетінің ең күшті құралы ғана емес, сонымен бірге оның мәдениетінің жемісі», - деп бағалайды.
«Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» ең алғаш рет екі том болып, 1959 және 1961 жылдары басылып шықты.Оның жалпы редакциясын проф. І.Кеңеспаев басқарды. Қай елдің даму тарихын алып қарасақ та, әдеби тілдің нормативті сөздігі бір мәртебе емес, әлденеше рет жасалған. Олар бірден-бірге кемелденіп толығады, сараланып өңделеді. Ешбір елде жүйелі толық сөздік бірден жасалмаған. Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының Тіл білімі институты 1967 жылдан бастап «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігін» көп том (он том) етіп шығару жұмысына бел шешіп, кіріскен еді. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, сөздік 1974-1986 жылдар арасында он том болып, жарық көрді. Оның жалпы редакциясын проф. А.Ысқақов. Сөздікке 67 мыңдай атау сөздер, 24,5 мыңдай фразеологиялық тіркестер, барлығы 91,5 мыңдай лексикалық тұлға қамтылып, жалпы саны 103,5 мыңдай мағыналық анықтама берілген.
Диалектологиялық сөздіктер: Тіліміздегі диалектілік ерекшеліктер негізінен ескі көне тайпа тілдерінің қалдықтары болса, екінші жағынан, басқа тілдерден ауысқан кірме элементтер екендігі дәлелденген. 1937 жылдан бастап, қазақ тіліндегі диалектілік ерекшеліктерді жинау қолға алынды. Сол экспедициялық материалдардың негізінде Ж.Досқараевтың «Қазақ тілінің жергілікті ерекшеліктері» атты тұңғыш сөздігі 1955 жылы басылып шықты. Сөздіктің алға қойған мақсаты: «Жұртшылықты халық тіліндегі лексикалық ерекшеліктерімен таныстыру, олардың әр алуан мағыналарын түсіндіру, ол ерекшеліктердің әдеби тілмен, кейбір басқа тілдермен қатынасын тіл фактілері бойынша салыстырып көрсету» еді. Кітапқа 1521 қазақ тілінің жергілікті ерекшеліктері ендірілген.
Сөздікте әр сөздің мағыналары бірде әдеби тілдегі баламаларымен, бірде сипаттама түрде түсіндіріліп, сол мағыналардың әрқайсысына тиісті мысалдар келтірілген.
«Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігін» екінші рет профессор С.Аманжолов 1959 жылы шығарды. Бұған 4000-нан астам жергілікті тіл ерекшеліктері енген. Автор қазақ тіл мамандарының әр жылдардағы жазып алған экспедициялық материалдарын молынан пайдаланған, сонымен қоса аудандық және облыстық газеттерді, халықтық ауыз әдебиеті мұралары мен көрнекті ақын-жазушылардың шығармаларынан бай материалдар жинаған.
Синонимдер сөздігі: Әр халықтың тіліндегі мәндес сөздерді жинақтап, жеке сөздік етіп шығару тәжірибесі озық мәдениетті елдердің көбінде бар. Мысалы, орыс тілінде синонимдер сөздігін шығарумен екі ғасырдан астам уақыт дүркін-дүркін айналысып келе жатыр. Соның нәтижесінде үлкенді-кішілі әр алуан сөздіктер жарық көрді. Бұлардың әрқайсысының құрылысы да, көлемі де, жасау принципі де түрліше, бір-бірінен өзгеше. «Қазақ тіліндегі синонимдер сөздігі» тұңғыш рет 1962 жылы шықты (авторы: Ә.Болғанбаев). Бұған төрт мыңнан астам (1400 синонимдік қатар) сөз кірді.
1975 жылы «Қазақ тілінің синонимдер сөздігі» деген атпен бұл сөздік екінші рет басылды. Мұнда қолдағы материалдардың таңдаулылары іріктеліп, 5000 астам синонимдер берілген.
Абай тілінің сөздігі: Белгілі бір ақын- жазушының шығармаларының тіліне арналған сөздікті арнаулы сөздік деп атайды. Әрбір ұлы жазушы өз заманының куәсі, айнасы. Олар өздері өмір сүрген дәуірінің саяси-әлеуметтік және қоғамдық өміріне қалай болса солай, немқұрайлы қарап отыра алмайды. Жақсысына сүйініп, жаманшылығы мен кемістігіне күйініп, өзінің әділ сын-бағасын айтып отырады. Ұлы ақын-жазушылар әр түрлі көркем бейнелер арқылы бүкіл бір заманның тарихи суретін суреттеп, кейінгі ұрпақтың өмір бақи есінен кетпейтіндей етіп көз алдына елестеді. Олардың қалдырып кеткен асыл мұралары ешқашан ескірмейді, тозбайды, мұқалмайды. Қайта жаңа заман идеясымен әрқашан жаңғырып, құндылығы мен бағасы бұрынғыдан арта береді. Дәл осындай ізгі қасиет Пушкин мен Абай тәрізді ұлы жазушылардың шығармаларына тән нәрсе. Орыстың ұлттық әдеби тілінің негізін салуда А.С.Пушкин қандай зор қызмет атқарған болса, қазақтың жаңа бағыттағы жазба әдеби тілінің ірге тасын қалауда кемеңгер Абай да сондай ұлы еңбек сіңірді. Орыс халқы өзінің сүйікті перзенті, данышпан ақыны А.С.Пушкин шығармаларының төрт томдық сөздігін (1956-1961) жасап жарыққа шығарған болатын. Бұл сөздік орыстың ұлттық әдебиетінің тарихы жөнінде, әсіресе оың лексикасының өткен тарихы бойынша өте маңызды рухани құрал болып есептеледі. Осындай өнегелі іске сүйене отырып, Тіл білімі институты 1968 жылы Абай Құнанбаев сөздігін (көлемі 80 баспа табақ) жасап, бастырып шығарды.
Абай шығармаларында кездескен сөз байлығының барлығы да түгелдй сөздікке ендірілді. Мұнымен қоса ақынның өзі қолданған жалқы есімдері – кісі аттары мен жер-су атаулары, халық пен ру аттары да қоса қамтылды.
Абай шығармасында қолданылған араб, парсы және орыс сөздері негізінен екі салаға бөлініп қаралады. Оның бірінші түрі қазақ тілінің лексикасына біржола еніп, ана тіліміздегі төл сөздердей етене болып кеткен жалпы халыққа таныс сөздер. Ал екіншісі – Абай шығармаларында ғана ұшырасатын, бірақ қазақ тілінің сөздік құрамынан белгілі орын таба алмаған бейтаныс, бөгде сөздер.
Этимологиялық сөздік: Этимологиялық сөздік белгілі бір тілдегі сөздердің шығу төркінін, олардың бастапқы дыбысталу түрі мен мағынасын анықтайды. Тілдің даму барысында сөздер түр-тұрпаты мен мән-мағынасы жағынан қандайлық өзгерістерге ұшырағандығы айқындалады. Яғни сөздің о бастағы түрі мен мәнін туыстас тілдердің материалдарымен салыстыра отырып ашып, қазіргі қалпына дейін қандай процестерін өткендігі көрсетіледі. «Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі» 1966 жылы жарық көрді. Мұнда 333 сөздің арғы түп-төркіні, алғашқы мағынасы түсіндірілген. Шығу тегі шет тілдік сөздердің қай тілден ауысқандығы, қандай тұлғада айтылғандығы, қандай тұлғада айтылғандағы көрсетілген. о
Фразеологиялық сөздік: Қазақ тілінің тұңғыш фразеологиялық сөздігі 1977 жылы проф. І.Кеңесбаевтың авторлығымен жарыққа шықты. Сөздікте он мыңнан астам фразеологиялық тіркес қамтылып, І.Кеңеспаевтың авторлығымен жарыққа шықты. Сөздікте он мыңнан астам фразеологиялық тіркес қамтылған. Әрбір фразеологизмнің мағынасына түсініктеме беріліп, қолданылу орайы көрсетілген. Қазақ фразеологизмдерінің синонимдері мен варианттары да, мүмкін болғанынша жинақталып берілген. Кей жағдайды жекелеген фразеологизмдердің пайда болу жайы да сөз болып отырды.
Орфоэпиялық сөздіктер: Қазақ тіліндегі сөздердің айтылу нормаларын көрсететін практикалық құрал ретінде Қ. Ниеталиеваның «Қазақ тілінің орфоэпиялық сөздігі» 1977 жылы жарық көрді. Сөздікке тәжірибеде жиірек бұзылып айтылып жүрген 15 мыңға жуық сөздер мен сөз тіркестері енген. Автор емле ережесі бойынша жазылған сөздерді қалыптасқан әдеби тіл орфоэпиясының нормасына сәйкес оқып, айтуды негізгі принцип етіп ұсынған. Қазақ тіліндегі сөздердің айтылу заңдылықтары үндестік заңдылықтарына негізделетіндігі айтылған. Яғни сөйлеу процесінде сөз бен сөздің, дыбыс пен дыбыстың, түбір мен қосымшаның, буын мен буынның аралығында болатын құбылыстар сөздікке арқау болған.
1981 жылы М.Дүйсенбаевтың «Қазақ тілінің қысқаша орфоэпиялық сөздігі» басылып шықты. Мұнда күнделікті өмірде ең жиі қолданылатын бес мыңға жуық сөз қамтылған.
Осы аталғандардан басқа Қазақстанның жер-су атаулары мен кісі аттарының қысқаша сөздіктері (алғашқысы орысша, соңғысы екі тілде) басылып шықты. Сол сияқты «Қазақ тілінің кері алфавиттік сөздігі» (1971), «Құманша-қазақша жиілік сөздік» (1978), М.Әуезов «Абай жолы» романының «жиілік сөздігі» (1979), «Қазақ тексінің статистикасы» (1973) атты сөздіктер жарық көрді. Өскелең өмір талабына сай әлі де сан қилы лингвистикалық сөздіктер жасала бермек.