13-дәріс Тақырыбы: Қазақ лексикографиясы. Сөздіктер түрлері Мақсаты: Қазақ лексикографиясының қалыптасуы мен зерттелу тарихына шолу. Лексикографияға қатысты ұғымдар мен түсініктермен таныстыру.
Дәріс жоспары: Аударма сөздіктер
Терминалогиялық сөздіктер
Түсіндірме және басқа сөздіктер
Тілдегі сөздер мен фразеологизмдерді жинап-теріп, олардың сөздігін жасаумен және оның теориясымен шұғылданатын тіл білімінің саласын – лексикография дейміз. Яғни сөздік жасаудың әдістемесі мен техникасын үйрететін ғылым деген сөз. Лексикография теориясы сан алуан сөздік жасаудың мол тәжірибелерін ғылыми тұрғыдан қорытындылаудың негізінде, лексикологиялық зерттеулер мен солардың жетістіктеріне сүйене отырып жасалады. Демек, лексикография мен лексикология бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста болатын егіз ғылым салалары.
Аударма сөздіктер: Қазақ лексикографиясының шын мәнінде ғылыми тұрғыдан тексеріліп, етек алып жан-жақты дамуы кеңестік дәуірде екі тілді аударма сөздіктерден басталды.
1945 жылға дейін бастауыш және орта мектептерге арналған екі тілдік шағын нормативті сөздіктер жасаумен ғана шектеліп келген болсақ, 1946 жылы екі том «Орысша-қазақша сөздік», ал 1954 жылы бір томдық үлкен «Орысша-қазақша сөздік» (50000 сөз қамтиды, редакциясын басқарған проф. Н.Т.Сауранбаев, бұл сөздік 1978, 1981 жылдары екі том болып қайта басылды, редакциясын басқарған Ғ.Мұсабаев, Н.Сауранбаев), 1954 жылы Х.Махмудов пен Ғ.Мұсабековтың шағын «Қазақша-орысша сөздігі» басылып шықты. Аталған сөздіктер орыс және қазақ тілдерін үйрену үшін, олардағы сөз байлығы мен сөз шеберлігін меңгеріп алу үшін баға жетпес үлкен құрал болып табылады. Әсіресе қазақ тілінің сөздік құрамын дамыту үшін құнды материал, бай қазына болғандығы сөзсіз.
Терминологиялық сөздіктер: Белгілі бір тілдегі ғылым мен техника саласындағы арнаулы атаулардың сөздігін терминологиялық сөздік деп атайды.
1931 жылы шыққан «Атаулар сөздігі», 1936 жылы шыққан «Қазақ тілінің терминдері», 1948, 1950 жылы шыққан «Терминология сөздігі» ғылым мен техниканың жеке бір саласына ғана арналмаған сөздіктер еді. Елуінші жылдардан бергі кезеңде экономика мен мәдениеттің, техника мен ғылымның дамуына байланысты әрбір ғылым, техника саласының терминдерін өз алдына жеке сөздік етіп басып шығару мәселесі күн тәртібіне қойыла бастады. Осындай мақсаттың жаршысы ретінде С.Арзымбетовтың «Орысша-қазақша ауыл шаруашылық терминдерінің сөздігі» (1952, 1955) жарық көрді. Сонан бергі кезеңде ғылымның өзге салаларының терминдері де кезекпе-кезек басылып шыға бастады. Қазір отызға жуық осындай үлкенді-кішілі терминологиялық сөздіктер жарық көріп отыр. Бұған лингвистика, әдебиеттану, музыка, металлургия өнеркәсібі, тау-кен ісі, физикалық география, математика, физика, астрономия, геология, юриспруденция, педагогика, психология, медицина, іс жүргізі, экономика, философия, спорт-физкультура, құрылыс және құрылыс материалдары, ботаника және топырақтану, темір жол қатынасы, биология, химия, археология, механика мен машиналар, мал дәрігерлік, әлеуметтік-экономикалық, аналогиялық, өсімдіктер физиологиясы мен биохимиясы, қоғамдық-саяси терминдер т.б. енгізілген.
Орфографиялық сөздіктер: Емле (орфография) бір тілдегі сөздердің дұрыс жазу нормаларын белгілейді. Ал дұрыс жазудағы негізгі мақсат – ойды жазба түрде айқын етіп, дәл жеткізу. Сол үшін емле ережелері де жалпыға бірдей әрі тұрақты, анық болуға тиіс. Сондықтан емле ережелерін тұрақтандыру – сауатты жазудың бірден-бір кепілі деп танылады. Қазақ тілінің емле ережелері революциядан бнргі кезенде туып қалыптасты. Олар дүркін-дүркін өзгеріп, жаңарып отырды. Соның негізінде әр кезде ірілі-уақты «Орфографиялық сөздіктер» жарық көріп отырды. Алғашқы сөздіктер негізінен мектеп көлемінен аса алмады. Неғұрлым көлемді «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі» 1963 жылы жарық көрді. Емле сөздігі 1988 жылы басылып шықты, оған 49000 сөз кірген. Ең соңғы емле сөздігі 2001 жылы басылып шықты, оған 50000 сөз кірген.
1960 жылы Г.Жәркешеваның «Біріккен сөздер мен сөз тіркестерінің орфографиялық сөздігі» басылып шықты. Бұған еңбектің «Кіріспе бөлімінде» бірге жазылатын сөздер мен бөлек жазылатын сөздердің емле ережелері берілген. Кейбір кіріккен сөздердің түп-төркіні ашылған. Мұнда 5000-ға жуық біріккен және күрделі сөздердің тізімі көрсетілген.