Сөз тіркесін оқыту Сөз тіркесін мектепте дамыта оқыту технологиясының міндеттерді шешуге тиімді болатыны, технологияның негізіне жазу теориясы алынумен байланысты деп анықталды. Жазудың өзі тілдің таңбалық болмысын түсіндіруге тірек болады. Сөз тіркесі синтаксисі туралы қажетті лингвистикалық ұғымдар жүйесін іріктеп, бастауыш сынып оқушыларына қазақ жазу принциптерін анықтау, сөздің сөз тіркесі құру процесі, сөз тіркесі мүшелерінің жазылуы, айтылуы туралы ережелерді үйрету арқылы дамыта оқыту қызметін ұйымдастыру көзделді.
Қазақ жазуының теориялық концепциясына сүйеніп, бастауыш сыныпта «тізбек», «тізбектелу», «дыбыстар тізбегі», «буындар тізбегі», «түбір мен қосымшалар тізбегі» сияқты ұғымдарды енгізіп, олардың лингвистикалық түсініктерін меңгерту арқылы ғана тіл бірліктерінің тізбектелуі туралы түсінік қалыптастырады /1, 54/. Бір сөздің орфографиялық түрін талдату арқылы тіл жүйесіндегі тіл бірліктерінің тізбектелуі туралы жалпы ұғым жасату керек. Одан кейін оқушылар өз бетімен сөздер құрамындағы дыбыстардың тіркесімділік қабілеті мен тіркесімділік талғамы, тіркесім талаптары туралы түсінік беріліп, тапсырмалар орындатылып, қорытынды тұсында тіркесім туралы ұғым жасатылады. Тіл бірліктерінің, дыбыстың түбірдің, қосымшаның, жеке сөздің құрамын талдау арқылы оқушы әр біліктіңмағынасын ашады,соның негізінде әрбір тіл бірлігінің қызметі- өз тектес бірлікпен тіркесіп, өзінен жоғары деңгейдегі жаңа тіл бірлігін жасау екендігіне біртіндеп көзі жетеді. Осы тәріздес жұмыстар арқылы ғана бастауыш сынып оқушыларының ізденімдік- зерттеушілік қызметін ұйымдастыру тиімді болады. Сөйтіп, оқу қызметін оқушы теориялық ойлауы мен тілін дамыту бағытында құруды көздей отырып, сөз тіркесі синтаксисін бастауыш сыныптарда оқытуды жазба тілдің принциптерін меңгертумен байланыстыруды жөн деп қабылдадық. Әрине, бұл дегеніміз- бастауыш сыныпта қазақ тілін оқытуды тек орфографиялық принциптерге негіздеуді ұсыну емес. Бастауыш сыныптарда қазақ тілін дамыта оқыту барысында жазу принциптерін тірек етудің мүмкіндігін анықтау және оны болашақта нақтылай зерттеу қажеттілігінің өзі – бастауыш сынып оқушыларына фонетикалық және морфологиялық, синтаксистік ұғымдар аясын кеңейте меңгерту мәселесілелерімен тығыз байланысты.