77. Қазақ халқының өнерге қаиысты философиялық дүниетанымы. Қазақ халқының этноэстетикасының жалпы бағдарын түйсінудің бір қыры – көптеген халықтардың дүниетанымына ортақ үдеріс дүниені көркемдік тұрғыдан игерудің байырғы ұлттық бейнелеріне үңілу болып табылады. Әлемді образдық-аллегориялық, рәміздік-көрнекілік тұрғыдан байыптаудың негізгі түпмәні логикалық ақиқат пен ғылыми тұрғыдан түйсінудің бірден-бір баламалық нұсқалары болып ыңғайласуында екендігін атап өткен жөн. Ақиқат көркемдік танымда тек демифологизация, экспликация, герменевтика арқылы ғана емес, олардың ішкі мәніне көпсатылы деңгеймен тереңдеп ену арқылы да ашылады. Мұнда кейде обьективті ақиқатқа жетелейтін қосымша мәліметтер беру де басшылыққа алынатын тәрізді. Немесе сол көрініс шамамен формасы бойынша құрастырылады.
Жырау және билердің шығармашылығындағы этикалық және эстетикалық бастамалары. Қазақ жеріндегі жырау толғаулары олардың өмір сүрген дәуірінің айнасы іспеттес. Жырауларда үлкен - эмпирикалық тәжірибелер, халықпен қоян-қолтық араласуы нәтижесінде өзіндік байқау жағы мол болғаны білінеді. Бірақ та батыс философтарындай, әсіресе, Гегель мен Кант Секілді абстракциялық тұжырымдардың кездеспейтіндігін айту қажет. Бұлар өздерінің көзбен көргенін және тікелей естігендерін ғана, суырыпсалма ойлауының негізінде, көшпенділерге тән ерекшелігінің төңірегінде өрбітеді. Қазақ ақын–жырауларының көрнекті көш басшылары Асан қайғы мен Ақтамберді. Олардың өлеңдері мен өсиет сөздерінен халық қамын жеген ақылгөй, қамқоршы бола білгені байқалады. Туған жерге, қолпаштап өсірген елге деген ыстық ықылас ел қамы, ар, намыс үшін күрес, әділдікті, туралықты құдірет тұту олардың шығармаларынан өзекті орын алған. Кейінгі ұрпақ әулие танып, аты аңызға айналған Шоқан Уәлиханов «көшпенділер философы» атаған Асан қайғы өз заманының үлкен ойшылы болған. Заманымыздың көрнекі ойшыл ғалымы, әдебиет тарихын терең зерттеп, тексерген академик Мұхтар Әуезов айтқандай, Асан қайғы «өзінен қалған қысқа сын болжаулары, өсиеті арқылы өзінің жайынан да, заман аңғарымынан да бірталай көрініс - елес, білік – дерек береді». Асан қайғы толғауында қазақ жерінің бүлінбеген экологиясы; аса көркем жан семірткен табиғат байлығы, осындай жағдайда өмір сүрген қазақ халқының сол кездегі жан дүниесінің сұлулығы тамаша көрініс тапқан. Мұндай жәйт сол кезде өмір сүрген Қазтуған жыраудың толғауларында да өте әсерлі, көркем тілмен суреттелген. Бұқардың көптеген жырлары отбасылық қарым-қатынас, адамгершілік мәселелеріне арналған. Қарт жырау адам өмірінің ең қызықты кезеңі, ойына алған ісін қайратымен іске асыратын, ақыл, қайрат пен талаптың тасыған шағы жиырма бесті іздесең де таппайсың, жас өміріңді дұрыс пайдалана біл деп ақыл айтып отыр. Оған қарама – қарсы «кәрілік ел қонбайтын шөл, екі жағы ор, түпсіз терең көл, алдың белгісіз қараңғы тұман түн» деп қорытынды шығарады. Жырау өскелең ұрпақты шынайы достыққа, ар - ождан, адамершілік қасиеттерді өмір бойы қастерлеп өтуді айта отырып, өлмейтін, өшпейтін нәрсе жоқ, қоғам, табиғат, тіршілік үнемі қозғалыста, өзгерісте болады деген пәлсапалық топшылау жасап келеді де «өлмегенде не өлмейді?» деп, өзі сұрақ қойып оған: Жақсының аты өлмейді, Ғалымның хаты өлмейді –деп жауап береді.
Абай қазақ халқының этикалық-эстетикалық санасына жаңа ашып, еңбек ұғымын негіздеді. Оның ойынша, еңбек – тек функция емес, адам болмысының іргелі принципі. Сондықтан еңбек қоғамды дамытуда, жеке тұлғаны қалыптастыруда үлкен маңызға ие. Абай өмірмәнді гуманистік идеяларды ұсынды. Ол адамның шығу тегі, қоғамдағы орны, білімдігі мен байлығы емес, адамның рухани әлемін бағалауға, құрметтеуге шақырды. Абай үшін адам философияның мәні мен шегі, өйткені адам – жаратылыстың шыңы, әлемнің орталығы, қоғамның негізі мен тамыры. Абай адамды жаңартудың жолын іздеді, адамзатты адамгершілікті жетілдіруге шақырды, оның күші мен мүмкіндігіне шексіз сенді.
Ақын-ойшылдың этикалық идеалы эстетикалық көзқараспен тығыз байланыста. Абайда рухани жетілуі – этикалық және эстетикалық бірлікте, ол белгілі эстетикалық құндылыққа ие. Сұлулық пен жақсылық ол үшін өте жақын ұғымдар, ал мейірімді адам – әдемі. Ойшылдың түсінігіндегі тамаша – бұл ең алдымен үйлесім, табиғат үйлесімі, адам өмірінің үйлесімі. Ж. М. Әбділдиннің пікірінше: «табиғаттың тамаша құбылыстары туралы, әдемі тұлпар туралы, әдемі қыз туралы қазақтар Абайға дейін де айтқан. Абай дың жаңалығы мынада: адам ғана тамаша табиғатқа қарайды, тек адам ғана адами қарым-қатынас үшін алаңдайды немесе қуанады. Адам денесі оның адамгершіліктік сұлулығымен гармонияда қарастырылады».