Лекция №2 Өзіндік жұмыстарды ұйымдастыру туралы ғылыми көзқарастар Шетел және қазақстандық ғалым-зерттеушілердің психологиялық-педагогикалық ой-пікірлері
Көптеген психологтар мен педагогтардың зерттеулерінде ЖОО студенттері оқу процесіне бейімделу жағдайында өзіндік жұмыстарды орындауда, оның сан алуан түрлері мен формалары бойынша біршама қиыншылықтарға кездеседі. Соның салдарынан, оқып-үйренушілер оқу-тәрбие жұмыстарына, өзіндік жұмыстарға енжарлық танытып, оқу үлгерімдерінің төмен болуы орын алады.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы азаматтық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау. Жеке адамның шығармашылық, рухани және дене мүмкіндіктерін дамыту, адамгершілік пен салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастыру, жеке басының дамуы үшін жағдай жасау арқылы интеллектін байыту» деп атап көрсеткендей, жоғары оқу орындарының алдында өмірге жан-жақты дайындалған, еңбексүйгіш, ынталы, шығармашылықпен ойлайтын, интеллектуалдық және адамгершілік тұрғысынан бай, жоғары білімді жеке тұлғаны дамыту мәселесі тұр.
Танымдық өзбетінділік мәселесінің тамырлары антика дәуірінен бастау алды. Ол тәрбиелеу мақсаты ретінде әлеуметтік факторлардың әсерінен пайда болды. Студенттің өзіндік жұмысы – бұл студенттің дидактикалық тапсырмаларды өзінше орындауға, танымдық әрекеттерге қызғушылығының қалыптасуына және нақты бір ғылым саласында білім жинақтауына бағытталған студенттің оқу әрекетінің ерекше түрі. Өзіндік жұмыс студенттердің шығармашылық қабілеті мен біліктерін дамытуда олардың барысында тиімді, әрі өнімді еңбек етуіне мол мүмкіндіктер жасайды. Өзіндік жұмысты оңтайлы ұйымдастыру елеулі практикалық міндет және маңызды ғылыми проблема болып табылады. Өзіндік жұмысты ұйымдастыру мәселесіне көптеген зерттеулер арналған. Олар педагогикалық әдебиеттерде алғаш өзіндік жұмыс мәселелерін В.К.Буряк, Е.Я.Голант, Б.П.Есипов, Р.Г. Лемберг, Р.М. Микельсон, И.И. Пидкасистый, Е.С.Саблик, М.Н. Скаткин еңбектерінде зерттелініп, оқу үрдісінде білім алушылардың өзіндік жұмысын жүйелі түрде қолдану негіздері қарастырылды. Студенттердің өзіндік жұмысын ұйымдастырудың мәнін дидактикалық тұрғыда қарастырғандар: А.Е.Абылқасымова, Н.А.Адельбаева, С.И.Архангельский, М.В.Буланова-Топоркова, М.Г.Гарунов, И.И. Кобыляцкий, Р.Н. Низамов еңбектері арналған. Грек философы Сократтың (б. ғ. д. 469 – 399) өзі оқыту процесіндегі оқып үйренушілердің танымдық белсенділік пен өзбетіндік жұмысқа педагогикалық басшылық жасаудың қаншалықты маңызды екендігін ерекше атап кеткен. Ол осындай басшылыққа арнайы дайындық керек екендігіне сенімді болды. Сократтың оқып-үйренушілерді өзбетінділікке тәрбиелеген әдістері ерекше мәнге ие болды. Осыған орай, Сократтың ұсынған білім беру әдісі студенттерден даму процесіндегі шынайылықты, өз бетінше табуды, нақтылауды, түсініктерді жетілдіруді талап етеді.
Педагогика-психология саласындағы атақты ғалымдар өз еңбектерінде өзіндік жұмыс мәселесін психологиялық тұрғыдан қарастырған. Мысалы, С. Л. Рубинштейн «өздігінен» ұғымы әрекеттердің саналы түрткісі мен өзектілігін болжайтынын, ерік күшінің өзбетінділігін және «танымдық өзбетінділік» ақыл-ой әрекетінің сапасы ретінде өз бетінше білім алу мен дамуды білдіретінін тұжырымдаса, В. А. Крутецкий өз бетінше жұмыстану, білім алу, мәселені өз бетінше шешу, заңдылық ашумен теңбе-тең екендігін анықтаған. Ал, А. Н. Леонтьевтің пікірінше адам миында заттар, құбылыстар туралы толық бейне сақталу үшін адам мен зат арасында әрекеттік қатынас орнау қажет, осыған байланысты бейнелердің толықтық дәрежесі байқалады . Бұл өз кезегінде жеке тұлғаның өзіндік жұмыспен айналысу арқылы жинақталған білімді толықтырып отыруына меңзейді. Іс-әрекет теориясы, оқу-тәрбие жүйесінде теория ретінде қолданылып келеді.
А. Н. Леонтьевтің психологиялық іс-әрекет теориясына сүйене отырып, П. Я. Гальперин мен Н. Ф. Талызина ақылдық қимыл іс-әрекеттерін кезеңдер бойынша қалыптастыру теориясын жасаған. Ол үш типті іс-әрекет негіздерін көрсеткен. Біріншісі – толық емес әрекет, ол көп қатерлер мен қиындықтардың негізінен тұрады, екіншісі шамалы толықтыру әрекеттеріне негізделеді, ал, үшіншісі – өз бетінше толық іс-әрекет жасау негізінде өтеді.
П. И. Пидкасистый «өзіндік танымдық жұмыс» және «өзіндік жұмыс» ұғымдарын ажырата білуге назар аударады. Оның пікірінше, өзіндік жұмыс оқып-үйренушілердің өзіндік танымдық жұмысын ұйымдастырудың тек құралы ғана болып табылады. Ол оқу өзіндік танымдық қызмет процесінде жүреді, бірақ, ол өзіндік жұмысты орындау процесінде жүреді деген сөз емес деп есептейді . Мысал үшін, оқытушы оқу материалын баяндағанда, студент салыстыру, беттестіру, деректі ойша талдау және т. б. ойлау амалдарын жүргізеді. Дәл осы кезде студент ешқандай тапсырма алған жоқ, өзіндік жұмыс та жоқ, бірақ өзіндік танымдық қызмет орын алып отыр.
Жалпы алғанда, өзіндік жұмыс (ӨЖ) – біртұтас педагогикалық процестің, жоғары білім берудің негізі. Ол бір жағынан студенттердің дәрісханадан тыс жұмысы ретінде, басқа жағынан сабақ кестесі бойынша студенттің дәрісханада жүзеге асыратын жүйелі, жоспарлы, мақсатты жұмысы. Оны ұйымдастыру жауапты теориялық және практикалық міндет, маңызды ғылыми проблема. Өз бетінше жұмыс істеуді дәрісханада және одан тыс жерлерде ұйымдастырудың әр қандай түрлері мен типтерін қолдана отырып, студенттердің өздігінен ізденіп оқуына, білімін дамытуға ықпал етіп, оны ұйымдастыра білу өте қажет деп атап көрсетеді П. И. Пидкасистый .
Жоғары оқу орындарында СӨЖ ұйымдастыру сыртқы және ішкі мақсаттарға сәйкес қызмет атқарады және дамытылады. СӨЖ атқарудың сыртқы мақсаты қоғамның мамандарды даярлауға қоятын талаптарымен анықталады. Мамандарды дайындаудың сапасын арттыру міндетін шешудің негізі оқыту сапасын күшейту болып отыр. Ол бірнеше факторлармен айшықталады. Ең бастысы, маманды даярлау деңгейіне нарықтың қояр талабы және оқытудағы экстенсивті және интенсивті факторлардың арақатынасының өзгеруі болып табылады. Әрине, осы орайда мәселе қарқынды фактор пайдасына шешілуі керек екендігі түсінікті.
Г.Н.Дари өзіндік жұмыстың мәнін былайша ашады. Бұл жұмыстарды жеке тұлға өз бетімен орындайды, ол өзінің біліміне, сеніміне, дүниетанымына сүйене отырып атқарады.
Г.Н.Кулагина өзіндік жұмысты жеке тұлғаның іс-әрекет құралы, белсенділігі мен өз бетімен білім алуға дайындығы деп түсіндіреді.
И.Т.Протасовтың ойынша, өзіндік жұмыс- біліктілік пен құзіреттіліктер жиынтығы.
Профессор Т.С.Сабыров өзіндік жұмысты ұйымдастырудың негізгі жолдары мен шарттарын анықтай отырып былай деп көрсеткен: «Оқушылардың өздігінен білім алуға деген қажеттері мен дағдылары өзінен-өзі пайда болмайды: мұндай қасиеттер мектепте мұғалім мен оқушылардың сабақ пен сабақтан тыс жұмыстарда бірлесе отырып,оқу-таным әрекетін ұйымдастыру үрдісінде қалыптасады». Оқушылардың әр түрлі деңгейдегі өзіндік жұмыстарды орындауы олардың өзіндік танымдық қабілеттерін қалыптастыруға мүмкіндік береді: танып білу қабілеттерінің дамуына, өзіндік ойлауға талпынуға, жаңа жағдайда дұрыс бағыт-бағдар жасай алуға, өз ойын еркін, дәлелді жеткізуге, ақпаратты сыни бағалауға, жаңа дерек көздерін дәйектілікпен талдауға, танымдық құзіреттіліктерде басшылыққа ала білуін қамтамасыз етуге, өз Отанының саналы азаматы болып өсуіне көмектеседі. Оқушының өзіндік танымдық құзіреттілігі көбінесе оқушының жасына, шамасына, білімді қабылдай алу деңгейіне, дайындығына, ынтасына, қызығушылығына, түрлі деңгейдегі тапсырмаларға, мұғалім мен оқушы арасындағы дұрыс түсінушілікке, қарым-қатынасқа, мұғалімнің басшылығына байланысты. Мұндағы ең бастысы оқушы орындап отырған өзіндік жұмысының мазмұны мен сипаты онда танымдық құзіреттіліктерін қалыптастыруға, тапсырмаларды орындауға деген талпынысты тудыру болып табылады.
Өзіндік жұмыстар әртүрлі әдістер арқылы іске асырылады, мысалы, жаттығу, кітаппен жұмыс істеу, бақылау, есеп шығару, әксперимент жүргізу. Өзіндік жұмыстарды сыныпта орындалатын өзіндік жұмыстар және үйде орындалатын өзіндік жұмыстар деп қарастыруға болады. Сыныпта орындалатын өзіндік жұмыстардың негізгі қызметін бақылау, тексеру болса, үйге берілетін өзіндік жұмыстар қызметі бекіту, жалпылай қорыту, нақтылап дәлелдеу болып табылады. Дұрыс ұйымдастырылған өзіндік жұмыстар жеке тұлғаның еркін дамуын, ойлау қабілеттерін жетілдірумен қатар танымдық құзіреттіліктерін қалыптастырады, мінез-құлқындағы өзіндік менін қарастырады. Ахмет Байтұрсыновтың пікірі бойынша, бала білімді тәжірибе арқылы өздігінен алу керек.
Педагог Р.Сүлейменовтың пікірінше, өздігінен істейтін жұмыстарда жеке тұлғаның іскерлік қабілеті, білім көлемі, білім молдылығынан туатын толық дербестігі айқын көрінеді. Өздік жұмыстар оқушының дүниетанымына, ізденімдік қабілетінің дамуына, тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етеді. Сонымен қатар, өздігінен ой қорытып, шешім шығаруға, дұрыс сөйлеп, сауатты жазуға, тіл байлығын арттыруға жәрдемдеседі.
Қорыта келе, студенттің өзіндік жұмысы – бұл студенттің дидактикалық тапсырмаларды өзінше орындауға, танымдық әрекеттерге қызғушылығының қалыптасуына және нақты бір ғылым саласында білім жинақтауына бағытталған студенттің оқу әрекетінің ерекше түрі. Өзіндік жұмыс студенттердің шығармашылық қабілеті мен біліктерін дамытуда олардың барысында тиімді, әрі өнімді еңбек етуіне мол мүмкіндіктер жасайды. Өзіндік жұмысты оңтайлы ұйымдастыру елеулі практикалық міндет және маңызды ғылыми проблема болып табылады. Өзіндік жұмысты ұйымдастыру мәселесіне көптеген зерттеулер арналған. Олар педагогикалық әдебиеттерде алғаш өзіндік жұмыс мәселелерін В.К.Буряк, Е.Я.Голант, Б.П.Есипов, Р.Г. Лемберг, Р.М. Микельсон, И.И. Пидкасистый, Е.С.Саблик, М.Н. Скаткин еңбектерінде зерттелініп, оқу үрдісінде білім алушылардың өзіндік жұмысын жүйелі түрде қолдану негіздері қарастырылды. Студенттердің өзіндік жұмысын ұйымдастырудың мәнін дидактикалық тұрғыда қарастырғандар: А.Е.Абылқасымова, Н.А.Адельбаева, С.И.Архангельский, М.В.Буланова-Топоркова, М.Г.Гарунов, И.И. Кобыляцкий, Р.Н. Низамов еңбектері арналған. Өзіндік жұмысқа берілетін анықтамалардың әртүрлігіне қарамастан, оларды бірнеше шағын топқа бөлуімізге болады. И.Т.Протасовтың ойынша, өзіндік жұмыс біліктілік пен іскерлік жиынтығы. Г.Н.Кулагина өзіндік жұмысты студенттің іс-әрекет құралы белсенділігі мен өз бетімен білім алуға дайындығы деп түсінеді. Г.Н.Дари өзіндік жұмыстың мәнін былайша айтады. Бұл жұмысты студент өз бетімен орындайды, ол өзінің біліміне, іскерлігі мен сеніміне, өмірлік тәжіріибесі, дүниетанымына сүйене отырып атқарады. Өзіндік жұмыстары әр түрлі әдістер арқылы іске асырылады, мысалы: жаттығу, кітаппен жұмыс істеу, бақылау, есеп шығару, эксперимент жүргізу т.б. Студенттердің өздігінен орындайтын жұмыстарының бірі жаттығулар мен тапсырмалар болып табылады. Сондықтан оқу орындарында әрбір курста оқытушылардың басшылығымен студенттер жаттығуларды өз бетімен жұмыс істеуге ұмтылады. Студенттерндің өзіндік жұмысы болашақ маманның шығармашылық ойлауын, танымдық қызығушылығын және арнайы білім алуын қамтамасыз ететіндіктен жаттығулардың маңызы зор. Білік дағдылардың барлық түрлерін қалыптастыруда жаттығулардың маңызы зор. Олардың негізінде дағдылар автоматтандырылып, біліктілер жетіледі. Ал күнделікті, жүйелі жаттығуларсыз, білік, дағдылар өз қасиеттерін жоғалтады.
Өз бетімен жұмыстың маңыздысы — студенттің өз беттерімен орындай алуларына, оқуға белсенділігінің артуына, шығармашылығын қалыптастыруға ықпалы мол. Өз бетімен жұмыс жасау барысында Р.Сүлейменов өздігінен істейтін жұмыстарды әрекет сипатына қарай жаттығу, зерттеу шығармашылық жұмыстар деп топтастырады. «Шығармашылық еңбекте студенттің іскерлік қабілеті, білім көлемі, білім молдығынан туатын толық дербестігі айқын көрінуі тиіс».