Мұхан ИСАХАН,
заңгер-шариғаттанушы
ДӘРЕТ
Хауыздың суына сүңгіп шықсақ, бұл дәрет ретінде жарамды ма?
Жауап: Шариғатта дәрет жарамды болу үшін дәрет алынатын суға да мән беріледі. Дәрет алынатын су нәжістенбеген, таза су болуы қажет. Ал қандай сулар таза суға жатады? Таза суға иісі, дәмі, түсі өзгермеген ағынды сулардың бәрі жатады. Тіпті оған нәжіс (яғни, адамның кіші-үлкен дәреті, адамның жыныс мүшесінен шығатын басқа сұйықтықтар, қан, арақ-шарап, ит және жыртқыш жануарлардың сілекейі, олардың зәрі және тезектері, қаз, үйрек, тауықтың саңғырықтары, т.б.) араласқан болса да, жоғарыда айтылған үш қасиеті өзгермеген жағдайда, ағынды су таза болып есептеледі. Ал ақпайтын, яғни тоспа суларға келетін болсақ, олар шамамен 50 шаршы метрлік алаңға жайылған, тереңдігі кем дегенде бір қарыс шамасындағы кішігірім көлшік (шалшық, тоған) немесе сол көлемдегі хауыз болатын болса, онда олар да нәжіс араласқанымен ағын су секілді үш қасиетінің бірі жоғалмайынша таза су болып саналады. Ал осы көлемнен кішірек болса, онда нәжістің бір тамшысы араласса, үш қасиетінің өзгермегеніне қарамастан нәжістенген болып саналады. Сондықтан хауыз суына түскенде, оның дәрет үшін жарамды болуы үшін осы жақтарына мән беру керек. Егер түскен хауызыңыздың көлемі 50 шаршы метрге жетсе, онда көп қиыншылық туындай бермейді. Ең бастысы, түсі, дәмі, иісі өзгермесе болды. Ал кіші хауыздарда өте сақ болған абзал. Себебі даладағы хауыздардан ит келіп су ішетін болса немесе зәр араласқан, яки хауызға түскен адамдардың денесінде жуылмай қалып кеткен нәжіс болып, сол хауыздың суына араласатын болса, онда ол су дәрет үшін жарамсыз болады.
ҚҰРАМЫНДА СПИРТІ БАР ЗАТТАРДЫ ҚОЛДАНУҒА БОЛАДЫ МА?
Сіздің сұрағыңыз тікелей құрамында спирт бар алкогольдік ішімдіктердің нәжіс саналып-саналмауына қатысты. Бұған қатысты мұсылман ғалымдарының арасында 2 түрлі көзқарас бар. Шафиғи, ханбали, мәликилердің және ханафи мәзһабында Имам Мұхаммедтің пікірі бойынша мас қылатын нәрсенің барлығы лас саналғандықтан оларды қолдану – харам. Алайда, ханафи мәзһабында Имам Ағзам мен оның шәкірті Әбу Юсуфтың көзқарасы бойынша жүзім мен құрманың тысындағы нәрселерден жасалған мас қылатын ішімдіктерді ішу харам болғанымен, олар лас саналмайды. Сондықтан, оларды ішу харам саналғанымен, ауыр ластыққа жатпайтындықтан киімге, денеге тисе намазға кедергі келтірмейді.
Сонымен қатар, сіз атаған парфюмериялық және косметикалық заттардың құрамындағы спирт өзге заттармен араласу арқылы мас қылатын ерекшелігін жоғалтатын болса да, оларды қолдана беруге болады.
Қысқаша мәселені былайша түйіндеуге болады: Егер ханафи мәзһабының тысындағы үш мәзһаб ғалымдарының дәлел-дәйектерін негізге ала отырып, ондай заттарды қолданбаса, өз ықтиярында.
Ал, «Қазіргі таңда спирт тек қана жүзім мен құрмадан емес өзгеше түрлі жолдармен алынады және ол өмірдің көптеген саласында (әсіресе, медицинада) кең қолданысқа еніп кеткендіктен, діндегі жеңілдік дәстүріне сай,маған Имам Ағзам мен Әбу Юсуфтың көзқарасы жеткілікті» деген мұсылманды да ешкім жазғыра алмайды.
ТИК-ТОК ТҮСІРУГЕ БОЛА МА?
Тик-Токтың шыққанына көп болмаса да бүгінде бұл қосымша бү-кіл әлемді жаулап үлгерді. Тіпті қолданушылар саны бойынша ютуб, инстаграм, фейсбуктан да асып түсті. Қысқасы қазіргінің тренді осы.
Біздің елде де бұл қосымшаны қолданушылар саны күн сайын артып келеді. Тик-Ток желісінде қолданушы дайын аудиоларды пайдаланып, қысқа видеолар түсіреді. Оны көңіл көтеру мақсатында көбіне жастар қолданады.
Тик-Токта көбінесе ашық киінген қыздар камера алдында билеп, жігіттер ерсі қылықтарымен елдің есін шығаратыны ақиқат. Жай ғана мазақ қылу, жерге таптау басым. Жастар мұны әзіл ретінде қабылдап отыр. Құранды, атақты адамдарды келеке еткен жағдай да болды. Не-нің ақ, ненің қара екенін білмейтін жеткіншектер ішінде олардың әре-кетін қайталап, жаман әдетке еліктейтіндері де табылады. Олардың арасында маңызды тақырыпта видео түсіретіндері де жоқ емес.
Ислам діні заманауи технологияны, өмірге енген жаңалықтарды, соның ішінде интернетті қолдануға рұқсат береді. Бірақ оның шариғат шеңберінде болуын талап етеді. Сондықтан интернет желісі арқылы өзгелермен байланыс жасағанда, мұсылман адам шариғатта рұқсат етілген істерді орындап, тыйым салынған істерден сақтану керектігін ескеруі қажет.
Алла Тағала: «Уа, иман еткендер! Аллаға тиісінше тағзым етіңдер әрі Оған қарсы келуден барынша сақтаныңдар, сондай-ақ (ісі де, сөзі де түзу, Аллаға берген уәделеріне берік) шыншыл жандармен бірге болыңдар!», – деп бұйырған («Тәубе» сүресі, 119-аят). Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қайда болсаң да, Алладан қорық (тақуа бол). Жамандықтың артынан жақсылық істе. Бұл (жақсылық) оны (жамандықты) өшіреді. Адамдарға көркем мінезбен мәміле ет!» – деген (Тирмизи).
Интернетте отырған адамның ең алдымен ниеті түзу болу керек. Тақуа, жақсылық істеуші және көркем мінезді болуы шарт. Пайдасы жоқ, мәнсіз нәрселерден аулақ болу қажет. Уақытын зая кетірмей, Құдайдың берген өмірін қадірлеуі тиіс, оны барынша дұрыс пайдалану керектігін, оның әрбір сәті үшін ақыретте жауап беретінін ұмытпау керек. Сондай-ақ мұсылманның уақыты, күші, ақылы және зейіні пайдалы нәрселерге ғана жұмсалуы тиіс. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Өзіңе пайдасы тиетін нәрсеге құштар бол және Алладан жәрдем сұра!» – деген (Мүслім).
Сонымен қатар интернет арқылы жалған хабарлар, суреттер және бейнежазбалар таратпау, алдамау талап етіледі. Біреуді кемсітуге, мазақтауға тыйым салынады. Көпшілікті күлдіруге әрекет ету дінімізде құпталмайды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Күлкі үшін мүлде болмаған оқиғаларды ойдан шығарып айтатындар неткен бақытсыз, неткен бақытсыз, неткен бақытсыз!» – деп ескерткен (Әбу Дәуіт).
Ар-ұят, намыс мәселесіне аса мән беру қажет. Өйткені оған немқұрайлы қараумен қоғамда түрлі проблемалардың басы ашылатыны анық. Ерлі-зайыптылар арасындағы дау-дамайлар, ажырасулар, арсыздық пен арандатушылық әрекеттері соған мысал. Құран Кәрімде: «Иман еткендер арасында арсыздық атаулының етек алуын көксейтіндерге келсек, оларға бұл жалғанда да, ақыретте де жантөзгісіз ауыр азап бар», – делінген («Нұр» сүресі, 19-аят).
Сондықтан Тик-Ток желісіне мәнсіз, әдепсіз, ұятсыз бейнероликтерді салу және сол роликтерді тамашалау, сондай-ақ желіде отырып, уақытын зая кетіру – харам. Мұсылман адам ондай іс-әрекеттерден барынша тыйылғаны дұрыс.
Достарыңызбен бөлісу: |