Шәкәрім аудармалары қазақ тәржімә тәжірибесіндегі өзгеше бір құбылыс болып саналады. Ол Пушкиннің қара сөзбен жазған шығармаларын өлеңмен аударып, төл туындыдағы сюжет пен оқиға құрылымына еш зиян келтірместен, қазақ тілінде өлеңмен әсерлі түрде өрнектеп берді.
Өлең сөзге жаны жақын, қисса-дастандарды ұйып тыңдайтын қазақ оқырманы қара сөзді шығармадан дастан жазып шыққан Шәкәрім шеберлігіне тәнті болмай тұра алмайды. Шығарма кейіпкерлері қазақы тілмен сөйлеп, қазақ оқырманымен еркін тілдеседі. Ақын аудармаларында қазақ ұғымына жақын, тұрмысына сай теңеулерді, тіркестерді қолдана отырып, тың тынысты, көркемдік бедері айқын шығармалар жасады.
Атап айтар бір жағдай қазақ аудармашылары көбіне мысал жанрын аударуға ден қойды. Мысалды өлеңмен аударушылар да (А.Байтұрсынов, Б.Өтетілеуов т.б.), қара сөзбен баяндаушылар да (Ә.Бөкейханов, С.Көбеев, С.Дөнентаев) болған. Өлеңмен аударудың хас шебері – Ахмет Байтұрсынов. Ол И.А.Крыловтың мысалдарын аударып, 1909 жылы Петербургте “Қырық мысал” деген атпен бастырып шығарды.
Ол көбіне мысалдың ішкі мағына-мәніне назар аударып, өз ұлтының тұрмыс-тіршілігіне жақын, ұлтының санасын оятудың өзекті мәселелерін көтеруге жарайтын мысалдарды іріктей отырып таңдады. Сондықтан ол тәржіма жасаған мысалдар төл туындыдай қабылданып, ел азаматтарының алдына салауатты сауалдар қойып, көкейдегі көп сұраққа жауап та берді.
Мұса Молда Байзақовтың шығармашылық ғұмырнамасы
Молда Мұсаның өмірі мен шығармашылығын екі ксзеңге бөлсек болады. Мұсаның шығармашылығы Абайдың шығармашылығына сәйкес келеді. Сәйкес келу ссбебі ақын жастайынан арабша хат танып, Кеңес өкіметі орнағанға дейін діни мәтінде өлең, жырлар жазып діндар қаламгср болады. Бұл уақытты шығармашылығының бірінші кезеңіне жатқызуға болады.
Ал екінші кезең Кеңес өкіметі орнағаннан немесе большевиктер өктемдігі өршігеннен басталады. Бізге керегі ақын шығармашылығының бірінші кезеңі ғана. Себебі осы кезеңде ол кісінің араб әдебиетінен сусындағанын байқаймыз, әрі үңіле оқысақ, ақын шығармаларынан өз заманының діндар адам түсінігінің, дін мектебінің талай-талай пайдалы таңбаларын табамыз. Ақынның хат түрінде жазылған Манат қызбен, Бұдабай ақынмен айтыстары сақталынған. Ол “Сырым қызға”, “Қосай тілмашқа”, “Тышқан мен түйе”, “Ағаш пен маймыл”, “Опасыз жар”, “Сұлу әйел мен молда” секілді көптеген ғибрат өлеңдер, дастандар жазған.