A. Б. Абдуллина мифтік фольклор оқу құралы Ақтөбе, 2014 Пікір жазғандар


Символ және оның мифологияға қатыстылығы



бет19/45
Дата14.05.2023
өлшемі1,03 Mb.
#93081
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   45
6.2 Символ және оның мифологияға қатыстылығы. Қандай көркемөнер болса да, оның өзіндік символикалық жүйесі болады. Поэтикалық ойлау жүйесі мен көркем танымның шешуші байланысынан пайда болатын символ өз дәрежесінде күрделі даму жолын өткереді. Осылайша, символ өн бойына лейтмотив, тірек, стереотип, айшықтау секілді ұғымдардың философиялық астарын жинастырады. Қазақ әдебиеттануындағы символдық жүйе өз ауқымын ежелгі таным-түсініктен алады. Өйткені символ – тарихи нәрсе дейтін болсақ, ол жылдар бойы өз құрылым-құрылысына қарай дамып, жетіледі. Әдебиет – қоғамдық сананың рухани айнасы дейтін болсақ, сонда символдар – поэтикалық ойлау жүйесіндегі белгілі бір ұғым-түсініктің, құбылыстың заттанған модель күйіне айналуы. Символды шеңбер ретінде қарастырып, оның айналасына түрлі: танымдық, жинақтаушылық, ақпараттық, руханилық, коммуникативтік, образдылық секілді факторлармен шектестіруге болады.
Сонда символ поэтикалық өнердің бір бөлшегі немесе эстетиканың бір категориясы ретінде қарастырылмауы керек, оның әмбебаптық, көп мәселеге өзек болатын берне, яғни жеке құьылыс ретінде қарасуымыз керек. Әр символ өзіндік бір әлем. Символдану процесі өнердің барлық түріне тән. Қай өнер түрін алсақ, олардың қарастырып отырған символы бір арнадан, бір негізден тараған.
Символды ең алдымен мифологияның астарынан іздеу қажет. Адамзаттың ойлау санасындағы ең алғашқы саты мифтік сана болғандықтан, халықтың ең алғашқы пікір-пайымы осы мифологияға келіп саяды. Біздің бүгінгі күнделі символ деп жүргеніміз де осы арнадан өрбиді. Символдың осы ретте екі түрлі бағыттылығын айтып өтуге болады. Біз символды ұлттық ойлау жүйесінен, халықтық дүниетанымнан туындайтын құбылыс дейміз. Бірақ осы жерде екінші бәр меселе туындайды. Кейбір символдар жалпыадамзаттық ойлау жүйесіне, яғни барлық халықтар түсінігіне ортақтық. Аталып отырған екі түрлі символдардың да өзіндік ерекшелігі бар. Екінші айтып отырған жалпыадамзаттық символдардың астарындағы мән – олардың танымдық жүйесіндегі мифтік сананың ортақтығының, кейбір туыс емес халықтар арасындағы рухани туыстықтың аражігінің ажыратылмағандығында және «көшпелі сюжеттердің» кезінде етек алауында деп қарағанымыз жөн. Зерттеуші Л.Мұсалы: «Көркем бейнелер, яғни символдар көркемдік танымның мәнді де мазмұнды бағалы нәтижесі болуымен қатар, белгілі дәрежеде оның даму мен өзгеруінің индикаторы болып табылады. Себебі, ол қалыптағы көркемдік құралдар шеңберінен асып, таным формасына, әлемді символикалық жолмен тану-игеру жолына айналады десек, артық айтпаймыз» [3, 165-б.], - деген пікірінде келтіргендей, кейбір көркем бейне өздігінен дамып, шырқау шегіне жеткен кезде, көркемдігін жоғалтып, танымдық бағыттылығын арттырып, әлемдік символикаға жақындайды. Бұл жерде символды бір орында қатып қалған, оны өзгерте алмайтын тұжырым деп емес, керісінше, түрлі факторлар нәтижесінен қажетіне қарай мағыналық жағынан өзгеріске ұшырайтын даму үстіндегі ұғым дейміз. Осы ретте біз мифологиядағы «алма» символын мысал ретінде қарастырмақпыз. Қазақ мифологиялық әдебиетінде символдар жүйесі тұтасқан құбылыс ретінде қызмет атқарып, белгілі бір дәрежеде «өсіп», шеңбер бойымен жылжи отырып, көркемдіккке ие болады. Жалпы символ – мифтен кейін тұратын, яғни екінші реттегі құбылыс. Символ - әлем халықтарына ортақ немесе белгілі бір топтарға (территориясына, тіл туыстығына, дініне) арнайы тән болуы мүмкін. Символды тарихи құбылыс дейтін болсақ, ол нешебір заматтардың қатпарын бойына сіңіре отырып, жалқы, тұтас дүние құрайды. Сол символдар – мифті жеткізуші, мифті «тасушы», келесі бір дәуірге, әлемге қайта «жаңғыртушы» құбылыс ретінде қызмет атқарады. Символ ретінде қалыптасқан ұғымдардың астарынан біз мифті қарастыруымызға болады. Бұл жерде барлық символдық жүйенің астарында миф жатыр деген ұғымнан аулақпыз әрине. Яғни мәдени-көркемдік, әдеби-тарихи процестер тұрғысынан алар болсақ, әр символ – күрделі құбылыс. Мәселен, жалпы мифология тұрғысынан алма символын алатын болсақ, оның қолданылу аясын былайша ашып анықтауға болады. Алма ортағасырлардан шектеу қойылған жеміс ретінде көрініс тапқан. Бірақ діни кітаптарда (қайсысын алсақ та) Хауа ананың қай жемісті жеп қойғандығы турасында айтылмайды (өнерде алмаға ұқсас шабдалы, айва сияқты жемістер көрсетіледі). Ертедегі діни-әлеуметтік дәстүрлі наным-сенімге орай бұл символдың ассоциативтік өрісі латынның жамандық, қастық мағынасындағы malum сөзімен сабақтас. Күнәға бату ұғының «өлшемі» алма арқылы бейнелеуге саяды. Бұл үрдіс – Қайта өрлеу дәуірінде өнер өрінісінде әр суретшінің бетке ұстаған тақырыбы болды. Бірақ бұл символистік идея көнегректік мифтермен тікелей қатысты.
Грек мифологиясында алманы «дүниеге әкелуші» ретінде қызмет атқаратын жасампаз қаһарман – Дионис. Ол Афродитаға алманы ұсына отырып, сол белгіні эротикалық символизацияға ұшыратады. Зевс пен Гераның үйлену тойына Гея алманы сыйлау арқылы отбасылық, жанұялық өсімділіктің нышанын байқатты. Афинада үйлену сәтінде жас жұбайлар алманы екіге бөліп жеуді және алманы лақтыру немесе біреуге беру арқылы махаббаттың белгісін танытқан. Пелей мен нереид Фетиданың (нимфа) үйлену тойына шақырылмаған Эрида құдай қонақтардың арасына «Ең таңғажайып» деген жазуы бар алманы лақтыра салады. Ол үшін бәсекелесуге Гера, Афродита, Афина шығады. Троян патшазадасы Парис бұ бәске төре болып есептеледі де, Афродитаның жағына бұйыртады. Осыдан бастап Троян соғысы басталып кетеді делінеді.
Ал шеткі батыстағы аралда мәңгілік жастықтың алмаларын күзететін Түннің қыздары – қанатты гесперидтер өмір сүріпті. Бұл жолда гесперидтерге көмектескен аңыздарда Геракл өлтіретін Ладон атты айдаһар екен. Мифтің келесі бір вариантында Гераклға алманы апарған аспан әлемін көтеріп тұратын Атлант атты титан болыпты.
Кельт мифологиясында мәңгі жастықтың алтын алмалары Аваллонда (Аваллон – «ғажайып аралы» (келесі өмір, мәңгі өмір) өскен (ирланд сөзі abal – алма). Ирландықтардың сенімі бойынша, алма – мәңгілік өмірді қамтамасыз ететін жеміс.
Скандинавия мифологиясында мәңгілік жастықтың құдайы Идуун (Браги құдайының жұбайы) сиқырлы жерде мәңгілік өмір мен күш беретін алтын алмаларды сақтап қояды. Тьяцци алып Идуун мен оның алмаларын алып қашып кетеді, содан кейін басқа бір құдайлардың қолынан өлтіріледі (Идуун турасындағы миф «Кіші Эддада» айтылады).
Қытайлықтарда алма гүлі, алма ағашы - әдеміліктің белгісі. Ал алманы сыйға тарту, сый ретінде ұсыну – мәңгілік келісім мен бейбітшіліктің, татулықтың нышаны.
Славяндықтардың сенімінде алма – махаббаттың үлгісі. Атастыру кезінде қыз қабылдаған алма – оның үйленуге қарсы еместігінің, яғни келісімның бейнесі болса, сонымен қатар алма жемісі өлілер әлемімен байланысты – дихотомиялық ұғым. Яғни қайтыс болған адамды жерлеу кезінде екінші бір өмірдегі арғы ата-бабаларына бірге алып кету мақсатында өліктің табытына немесе бейітіне салатын болған. Болгар тынымы бойынша Архангел Михаил жұмаққа тек алмамен келетін жандарды қабылдаған. Ал сербтер мен болғарлар танымында табыттың алдында алма ағашын ұстап өлікті шығарып салып және сол ағашты белгінің орнына (крест) егетін болған. Мұндағы басты идея – осы ағаш арқылы өлілердің тірілермен әңгімелесу белгісі болса керек. Бұл ағаш өлімен бірге ана өмірге әлі де аттану үстінде деп сеніп, алма ағашы семіп қалғанда, жан баратын жұмағына жетті деген мағынаны, аман-сау барды деген хабарды алатын болған.
Алма сонымен бірге – космостық символ ретінде қызмет атқарады. Ал қазақ дүниетанымында алма бейнесі көп кездеспейді. Өйткені қазақ халқы ежелден көшпелілікті сақтап, малмен күнелткендіктен, халықтық сөз өнері үлгілерінде бұл символ аз мөлшерде қолданыс табады. Бірақ кейбір ертегілерде кездесіп қалады. Бұған басты себеп – назирагөйлік үлгісіндегі шығыс жырларының қазақ арасында кең таралуы және сол шығыстық үлгіні аңсаудан, қызығудан туған мотивтер. «Алма» символы сонда екі түрлі позицияда көрінеді:
1. Шығыстық желіге құрылған қазақ ертегілері (шығармалары). Бұл ертегілерде «алма» жұмақ ұғымымен байланыста суреттеледі. Сонда «алма» - «аксиологиялық» дүние, әдемі өмірдің белгісі. Мәселен, «Ғажайып бақ» деген ертегіде осы мотив көрініс табады. Бұл ертегінің қысқаша мазмұнына бойлар болсақ, ертеде Асан мен Қасен деген екі дос болады. Қасен жұтқа ұшырап, Асан оған өзінің егіндік жерінің жартысын береді. Күндердің бір күнінде Қасен сол жерден алтын салынған бір қазан тауып алады. Сөйтіп бір биге барып, бұл алтынмен не істеу керек жөнінде кеңес алуға барады. Сонда бидің кіші шәкірті бұл алтынды жұмсап, даланы гүл жайнатуды ұсынады. Сол жас жігіт алтынды алып асыл тұқымдарды әкелуге жолға шығады. Базарға келсе, бір кісінің құстардың қанатын қайырып, оларды торға қамап, матастырып байлап, ханның сарайына апара жатқанын көреді, және сол кісі ол үшін бес жүз ділдә алатынын айтады. Құстарды аяған жас шәкірт мың ділдә беріп, құстарды босаттырады. Барлық ақшадан құр қалған бала еліне дәнеңнсіз қайтады, өте қатты қамығады. Өйткені апара жатқан ешқандай тұқымы жоқ еді. Аулына жақындап қалғанда, ұйықтап кетеді. Жаңағы өзі босатып жіберген құстар оның айналасына жиналып, жерді өздері шұқып, оған дәндерін сеуіп, еге бастайды. Қанаттарымен жел, дауыл «жасап», еккен тұқымдарын баққа айналдырады. Сол бақты былай суреттейді: «Қас қаққанша болмайды, ағаштың бұтақтарына жайнаған гүлдер өсіп, жұпар иісі аңқып кетеді. Содан кейін гүлдер ұшып түседі де, оның орнына қып-қызыл нарттай алмалар өсіп шыға келеді» [4, 170-б.]. Сөйтіп бақ Иран бағынан да асып, керемет ғажайыпқа айналады. Хабар барлық елге жетеді. Сөйтіп кедей-кепшік баққа сыймай кетеді. Ал баққа мынадай суреттеме береді ертегіде: «Олар бақтың ішіндегі жолмен қыдырып, жапырақты таптап жүрсе де, жапырақтар солмайды. Олар арықтан қаншама ішсе де, арық лайланбайды, таусылмайды; олар ағаштан қанша жеміс жесе де, жеміс азаймайды. Күні бойы бақ ішінде құйқылжыған домбыра сазы, шырқата салған ән, той-думан саябырламайды» [4, 171-б.]. Сонда бұл ертегінің соңы барлық ел-жұрттың рақат өмірге батуымен аяқталады. Ертегідегі басты мотив – діни сенім: олардың өздерінше жұмақты сипаттап бейнелеуі, ана өмір турасындағы түсінігі, соған деген дайындық жолы. Осы сияқты ертегілерде шығыстық сарын басым болады. Шығыстық көшпелі сюжеттердің нәтижесінде қазақ ертегілерінде трансформацияланған күйде мотивті сюжеттер араласып тұрады. Ал Абайдың «Масғұт» поэмасында да басты өзек болар объект – алма. Бірақ бұл жерде бұл символ – адамдық қасиет деген рухани мағынада келеді. Ғалым Е.Жұбановтың пікіріне сүйенсек: «Абайдың «Масғұт» поэмасында адамға ең жақсы қасиет дарытатын үш түрлі жемістің бірінің түсі – ақ, екіншісі – сары, үшіншісі – қызыл. Қараңыз:
Ағын, жесең, ақылың жаннан асар,
Сары жесең, байлығың судай тасар.
Егерде қызыл жеміс алып жесең,
Ұрғашыда жан болмас сенен қашар (Абай). Демек, ақ – ақыл, сары – байлық, қызыл – көрік, шырай, өң мағынасында» [5, 100-б.], - дейді. Сонда бұл жердегі алма бейнесі – «Мың бір түн» ертегісінің желісімен жазылған Абай поэмасында үлгіліліктің символы ретінде қолданылады.
2. Халық арасындағы діни түсініктер. Бұл танымдық түсініктерде алма жемісі «күнәлі» жеміс ретінде көрініс тапқан. Өйткені діни кітаптарда алғашқы пайғамбарлар Адам Ата және оның әйелі Хауа Ана оларға тыйым салынған мәңгілік жемісті жеп қойғандықтан, жұмақтан қуылады. Діни кітапта жалпылама түрде жеміс деп аталып, нақты қай жеміс екені анықталмағанмен, өнер туындыларында (кескін, мүсін т.б.) алма кейпінде келеді. Сол себепті халық арасында алма – белгілі бір күнәлілікті сездіреді. Діни кітаптарда мынадай «Кешірілмеген алма» атты әңгіме-хикая тараған: «Өте ерте заманда Құпа қаласында бір жас жігіт өмір сүрді. Өзі мұсылман. ...Бір күні дәрет алу үшін өзеннің жағасына барған еді. Ағаштардың арасынан бұралаңдап ағып жатқан өзенге еңкейіп, бірегін түрді де дәрет алуға кірісті. Дәрет алуын енді ғана бітіргенде өзенмен ағып келе жатқан өте әдемі алманы көрді. ....Сәбит алманы тістеді. Жақсы піскен өте дәмді бұл алманың шырыны өңешінен асқазанына қарай асқанда ол әлдеқандай бір керемет дәм сезді ішінен. әдемілігіне шыдамай тістеген бұл алма оның өз меншігі емес еді, сатып алған да жоқ. Олай болса, басқа біреуге тиесілі алманы қалай тістеді. Өкінді. Қайтсе де алманың иесін тауып, одан кешірім сұрауға тиіс.
Алма ағып келген жаққа қарай өзенді бойлап жүріп отырды. ...Алыстан алма бағы көрінді. Бақтың иесі алма жинап жүр еді. Қолына сыймаған алмалар жерге түсіп жатты. Домалап өзенге құлап, сумен ағып кетіп жатқандар да бар еді. Қараса қолындағы алмасы солардың бірі. Бақтың иесін тауып алды. Кешіруін өтінді. Жағдайды түсінген бақ иесінің екі көзі алғашында жайнап кетті. Бірақ сәлден соң байсалды бола қалды да:
- Жоқ, ақымды оңайлықпен кешірмеймін. Бір мезгіл бағымда жұмыс істеп, үйімде қызмет қылсаң ойланайын. ...Бақ иесінің үйінде қызметші болды, ақыры келісілген мерзім бітті. Кешірім сұранды. Бақ иесі:
- Жарайды, алманы саған кешірем. Бірақ бір шартым бар, - дейді. Жігіт тағы келісетінін білдіріп амалсыз бас иеді. Бақ иесі:
- Менің қызым бар. Екі көзі көрмейді. Екі құлағы естімейді, екі қолында әлі жоқ, екі аяғы жүрмейді. Егер соған үйленсең, ақымды саған кешірем, - дейді.
«Бір тістем болса да біреудің ақысы, сондықтан маған арам. Ертең ақырет күні мұның жауабын беру тіпті қиын. Тек кешірсін ақысын, мен бұған көнейін», - деп ойлайды да келіседі. ...Қалыңдығымен бір бөлмеге баратын кез де келді. Бұған дейін қызды көрген емес. Енді «Көзі көрмейтін, құлағы естімейтін, аяғы жүрмейтін адам қандай болуы мүмкін?» Осы ойлармен бөлмеге келіп кіргенде өзіне өзі сенбей қалшиып тұрып қалады. Қарсы алдында ұялғанынан екі беті қызарып, төмен қарап отырған сұлулардың сұлуы бір қызды көрді.
Сәбит дереу бөлмеден шыға жөнелді. Атасын тауып алды. Мұнда бір қателіктің барын, бөлмеде өте көрікті ару қызға кездескенін айтты. Бақ иесі күлді, қолын жігіттің иығына қойды. Үлкен ілтипатпен бастады:
- Ұлым! Оның көзі көрмейтіні – осыған дейін арам нәрсеге қараған емес. ...Құлағы естімейді, өйткені жаман сөзді тыңдамайды. Жүрмейді, өйткені жаман, арам бағытқа баспайды. Екі қолында әлі жоқ дедім. Арам нәрсені ұстамайды дегенім еді. Алманы тістеп, маған келген күні сені қызыма лайық жігіт екеніңді көрдім. Алманы тістегенің үшін кешірім алуға келісіп мұнша уақыт біздің үйде қызметші болдың. Сонда сені күйеу балам етуді ойладым. Бар – сол қыз сенің заңды әйелің. Алла сендерді бақытты етсін! Жеген алмаңды кешірдім. Алма бағы да толық сенікі болсын, - деді» [6, 37-б.]. Хикаяның соңында мынадай түсініктеме берілген: «Сәбит - Әзіреті Имам Ағзамның әкесі, ал әйел – шешесі. Біздің мәзһаб имамы міне осындай әке-шешеден туған. Өте кішкентай кезінде Құран Кәрімді толық оқып шыққан» [6, 39-б.], - делінеді. Бұл хикаяның өзара тарихы, яки кейіпкерлеріне мағлұмат беріледі және хикаяның мазмұнына үңілсек те алманы символдық берне ретінде танимыз. Өйткені шығарманың қанша дегенмен идеясы, тақырыбы басқа болғанмен, сюжеттік символика – архетип. Ежелден келе жатқан түсінік – «алманың» күнәлі жеміс болуында десек, сол күнәліліктің басты атрибуты ретінде алма алынып отыр.
Сонымен, қорытындылай келсек, қазақ әдебиетінде алма – бертініректе келген «жаңа» символдар қатарындағы түсінік. Қазақ халқы көшпелілікті мақсат тұтып, малмен күнелткеннен кейін, бұндай түсінік-танымдар ислам діні тарай бастағаннан бастап шығыстық сюжеттер арқылы келіп жетті. Алманың символикалық мәні мынадай түсініктермен астасып келеді:
1. Алма – космостық символ.
2. Алма – жұмақтың атрибуты.
3. Алма – адамдық қасиеттің рухтану сипаты.
4. Алма – күнәнің белгісі (діни түсінік бойынша).
Біз ежелгі грек, рим, қытай және басқа халықтар мен қазақ халқының түсінігіндегі «алма» символын қарастырдық. Бүгінгі таңда «алма» - жоғарыда айтқан алғашқы пікірлердің астарымен үндес. Мәселен, алма – достықтың, махаббаттың, балалық шақтың, тәттіліктің белгісі ретінде қазіргі әдебиеттің желісінде өз «қызметін» жалғастыруда.
Сонда символ - өз арнасын ежелгі танымнан бастау алатын, уақыт жүктеліміне сәйкес танымдық әрекеттердің негізінде үнемі даму үстінде тұратын, барлық көркемөнерге тән көрсеткіш.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   45




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет