A. Б. Абдуллина мифтік фольклор оқу құралы Ақтөбе, 2014 Пікір жазғандар


Шәкәрім Құдайбердіұлы лирикаларындағы қазақ мифологиясының көрінісі



бет31/45
Дата14.05.2023
өлшемі1,03 Mb.
#93081
1   ...   27   28   29   30   31   32   33   34   ...   45
Байланысты:
A. Б. Абдуллина мифтік фольклор о у ралы А т бе, 2014 Пікір жа

3.2 Шәкәрім Құдайбердіұлы лирикаларындағы қазақ мифологиясының көрінісі. Қазақ өнернамасында өмір өткелдері мен замана сызын, дәуір тынысы мен халық халын, өз басының көрген бейнеті мен зейнетін философиялық жырнамаларымен өлшеусіз үлес қосқан бәйтерек – Шәкәрім Құдайбердіұлы. Оның ақындығының таланттылығы сонда – сұлулық пен сүйіспеншілік, жан мен тән, рух пен жүрек, табиғат пен адам, ақыл мен білім, өмір мен өлім жаратылысының диалектикалық-танымдық формуласын зерделеп берді. Қазақ поэзиясының асқарын биік сатыға көтеріп, жаңа белеске орнықтырды. Абай – қазақ поэзиясының пайғамбары болса, ұлт болмысы мен дүниетанымының шырақшысы, қазақ шежіресінің атасы, өлең-сөздің сопысы – Шәкәрім қалың қауым мойындаған поэзия падишасы екені даусыз.
Ақын шығармашылығы өзіндік түр мен нақышқа, сипат пен шырайға ие. Қандай қаламгер, өнер адамы болмасын, жасынан халық ауыз әдебиетімен сусындап өсері хақ. Сол жинаған інжу-маржандар – болашағының алғашқы бастау-бұлағы десек те болады және оны өз туындысына арқау етеді немесе желі қылып тартады. Шәкәрім ақын өлеңдерінде де ауыз әдебиеті үлгілерінің сюжеттері мен мотивтері, белгі-бейнелері сақталған.
Қазақ мифологиясы - өзіндік диалектикалық-логикалық жүйеге ие синкретті жанр. Халықтық таным мен сана, ойлау мен пайымдау жиынтығы, ұлттық талғам мен зерде тоғысқан арна ел жадына сіңісіп, символикалық не логикалық тәсілге айналады. Мифопоэтикалық ойлау жүйесіне сәйкес, халықтық таным мен болмыс қай өнер түрінде болмасын, бейнеленеді. Ақын өлеңдерінде мифтік белгі-бейнелеулер, сюжеттер мен детальдар кездеседі. Қазақ халқы Ай мен Күнді қадір тұтып, табынып сыйынған. Қасиетті деп ұғынып, барлық асыл, әсем дүниелерді салыстырып теңеп, балаған. Әйел сұлулығының шырайын Ай мен Күннің шапағатына теңеу – ұлттық дүниетанымның шартты белгілерінің бірі. Осы ретте Шәкәрім әйел сұлулығын:
Гауһардай көзі,
Бұлбұлдай сөзі,
Жаннан асқан бір пері.
Жүзі бар айдай,
Мінезі майдай,
Өзгеден артық сол жері.
Ұжмақтың қоры,
Іздедім соны,
Тал бойының міні жоқ [9, 26-б.], - деп, діни-мистикалық ұғымға сай, ұжмақта мекендейтін Хор қызы мен пері қызына, Айдың жүзіне теңейді. Ал сұлулық сиқырына саялап, арудың нұры мен сәулесіне табына отырып космонимдермен сабақтастыра астастырады:
Күн батып жоғалды,
Нұрыңнан ұялып,
Жұлдыз бен Ай қалды
Сәулеңнен нәр алып.
Жетіқарақшы айналып
Сені іздеп жүр,
Бәрі де сені ойлап,
Мас болып сандалып.
Үркер мен Таразы
Шашылды шашуға,
Шолпан да қарады
Мауқын бір басуға.
Темірқазық арқандап Қосбозатын,
Жаратып, ойы бар
Тойыңа қосуға [9, 45-б.], - деген жолдарды саралар болсақ, сұлудың сағындырған сиқына сұқтана, лирикалық кейіпкер аспан денелеріне «іздетеді». Яки Жұлдыз бен Айдың ару нұрынан ұялып, Жетіқарақшының мас болып, Шолпанның көңілін көрікке билетіп, масаттануы, Темірқазықтың Қосбозатын тойға қосуға ойы бары – қыз бейнесін жан-жақты ашуының жарқын халықтық тәсіл. Ақынның:
Нұрына күн нұры жетпес,
Қасы – жай, кірпігі – оқ реттес.
Көңілден суреті кетпес [9, 217-б.], - деген жолдарында да сұлу нұры мен күн нұрын салғастырып, ару бейнесін асқақтата суреттейді. Немесе ақын лирикалық кейіпкер жүрегіндегі ой, көңіл-күй назын білдірген сәтте де философиялық шегініске бой ұрып, логикаға үлкен сезіммен құлаштайды. «Тау басындағы ой» өлеңінде табиғи гармония, жарасымдылық, үйлесімділіктің философиялық сырына мән береді:
Аспандағы ай, жұлдыз – бәрі айланды,
Жалғыз-ақ Темірқазық тапжылмады-ау!
Күн батып, ай, жұлдыздың айналуы –
Шынында, дөңгелеген жер жүрісі-ау [9, 199-б.], - деген жолдарда лирикалық кейіпкердің болмыстық танымының дүниетаным диалектикасына қатынасын пайымдаймыз.
Тұңғиық қараңғы түн, жарық күндіз,
Қуалап бірін-бірі жүр тынымсыз.
Біржолата қараңғы болмасын деп,
Көмескі сәуле берер ай мен жұлдыз [9, 199-б.], - деп, қараңғы мен күндіз, тұңғиық пен сәуле, ай мен жұлдыздың диалектикалық шындығын образды аллегориялық сипатпен бере отырып, оның бір ұшын надандыққа тиемелдейді. Білімділік пен сауатсыздықты қараңғы мен жарыққа алмастыра суреттей, екі ұғымның жарысып, бір-бірін әлі күнге қуалап жүргенін, бірге дамып, бірге жасайтынынан сыр шертеді. Ал:
Күннен неге түсіп тұр мұнша жарық,
Сегіз минут, шерікте жерге барып.
Әншейін құр жарқырап тұрып алмай,
Жылылық нұрмен бірге жүр қозғалып [9, 199-б.], - деген жолдарда күн мен нұрдың дихотомиялық біртұтастығын антитезалық әдіспен, осы бірліктен жылылық, жылуды, яки көктегі жаратушы әмір Алланың нұры мен жүректегі сәуленің нәтижесінен туындайтын адамдық мейірім, ықылас, жылулықты меңзеп отыр. Шәкәрім ақын:
Әбден толып жарық ай,
Жоғарылап өрледі.
Таласып жарға байқамай,
Нұры кемін көрмеді.
...Ай өлген соң Күн шықты,
Мен жеңемін оны деп.
...Жарым нұрын шашты да,
Күн бетіне қарады.
Күн ұялып қашты да,
Тым төмендеп барады [9, 255-256 бб.], - деген жолдарында да космонимдердің заңдылығын басшылыққа ала отырып, өмірде екі нәрсенің күресіп, таласып жүретінін, біреу келсе, біреу кететінін, яғни дүниенің кезек екенін аңғартады.
Мифологияның бір саласы – магизм. Сиқырлы сөзбен арбау, алдау арқылы өзіне бағындырту.
Сиқыр сөзбен арбасаң,
Табиғат басын иеді.
Кәрленіп кімді қарғасаң,
Қатесіз оғың тиеді.
Нұрыңды түгел жасырсаң,
Жаралыс кебін киеді.
Өлшемей шектен асырсаң,
Көз шағылып күйеді [9, 247-б.], - деп келетін жолдарда ақ және қара магияның өзіндік белгі-бейнелеулерін бедерлеп, нұр, қарғау ұғымдарының функциясын түсіндіреді.
Қазақ мифологиясында әпсаналық жасампаз қаһармандар легінің ең басты тұлғасы – Қорқыт және оның жасаған қобызы. «Коркут, Хорхут, в мифологии казахов первый шаман, покровитель шаманов и певцов, изобретатель струнного инструмента кобыз... С утверждением ислама возник особый миф о смерти Коркыт» [10, 5-б.], - деген пікір «Мифы народов мира» энциклопедиясында берілген. Мифтік санаға сәйкес жасампаз қаһарман Қорқыттың дүниеге қобызды әкелуі және өліммен күресуі – қалыптасқан дәстүр. Шәкәрім:
Қобызым неге сарнайды? –
Ажалдан хабар береді.
Сыбызғым неге зарлайды?
Деп тұр ием өледі [9, 252-б.], - деп келетін тармақтарда Қорқыт-қобыздың сарнауын өліммен сабақтастырып, мифтік символикаға сәйкестендіреді.
Түс көру және оны жору траекториясының бір ұшы мифологияға тиемел. Ақын:
Қорқыт, Хожа Хафиз
Түсіме енді де
Осы әніне салып келді де
Ол үш қайтара мұны сайратып
Деді: «Көкейіңе енді ме?» [9, 222-б.], - деген тармақтарда әннің символикалық бет-ажарын, сұлу саздылық пен әдемі әуезділіктің арақатынасын түске енген Қорқыт пен Хожа Хафиз арқылы жеткізеді.
Тәңірлік мифология – көктүріктердің басты нысанындағы сана. Көкте тәңір, жерде Ұмай ана деп ұғынып, Тәңірге бағынды. Ежелгі түркілердің бұл дүниетанымы әлі күнге халық санасында жатталып, сақталып қалған. Ақын шығармаларындағы:
Шыннан өзге құдай жоқ,
Анық құдай – шын құдай.
...Олай болса, таза ақыл,
Әулиелік сенде жоқ.
Анық асық - әулие,
Кереметке сол ие [9, 241-б.], - деген жолдарда шын құдайдың бір құдай екенін, бір құдайдың анық құдай екендігін бағамдаса,
Шын таза жан тазалықпен
Тәңірісіне бармақ ол [9, 205-б.], - деген тармақтарда тәңірдің сарайына жанның шын тазалығымен баруды ұйғартады. Шәкәрім шығармаларында тәңір сөзімен «шын» сөзін қатар қолданып, биікке қояды.
Алланың ақ өлімі келгенде,
Амалсыз қара тастай қатасың [9, 113-б.], - деген жолдарда да Алланың «таза», «шын» өлімін өткеріп, оның әміріне бас иіп өтуді хақ деп есептейді.
Өлімді Алланың жіберген ақ өлімі деп, ақ сөзін қоса тіркестіреді. Яки адам баласы дүниеге таза, пәк, ақ күйінде келетін болса, өмірден өткенде де шын, таза өлімге бет бұруды насихаттайды.
Қорыта келе, Шәкәрім шығармашылығының бір арнасы – халық ауыз әдебиеті, ұлттық дүниетаным, қазақ болмысы. Асыл маржандармен, інжу-гауһарлармен тыныстап өскен Шәкәрім шығармашылығында халықтық дәстүрдің көрініс табуы осыдан шығар.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   27   28   29   30   31   32   33   34   ...   45




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет