А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі кафедрасы СӨж тақырыбы: Сын есім мен сан есімнің даму тарихы Орындаған


Сан есімдердің негізгі тобы - бірден онға дейінгі сандарды білдіретін сөздер



бет5/5
Дата03.12.2023
өлшемі99,16 Kb.
#134136
1   2   3   4   5
Байланысты:
САҒЫНДЫҚҰЛЫ

Сан есімдердің негізгі тобы - бірден онға дейінгі сандарды білдіретін сөздер. Рамстедтің алтай тілдері фактілерін салыстыру арқылы топшылауларын келтіре кетудің артықтығы жоқ. Ол мынадай ой айтады. Бір сан есімінің арғы негізі монғолдың бүрі «барлығы, бәрі» дейтін сөзі, осы ретпен қазіргі қазақ тіліндегі бір сөзі мен бәрі өзінің арғы тегі бір, бір ғана түбірдің екі түрлі дыбысталуы деп қарау керек болады. Бұған мынадай негіз бар: ерін дауыстыларының қысаң дауыстыларға ауысуы түркі тілдерінің қалыптасу арысында кездесетін құбылыс (е-і, ү-і).
Оның үстіне, түркі тілдерінің кейбірінде бір сөзі і дауыстысы - ен емес, е дауыстысымен ғана айтылады. Мысалы, башқұрт: бер, хакас: пер, т. б. Соған қарағанда, монғолдық бүрі, түркілік бөрі, бір - ұялас түбірлер, олар әрі екі түрлі дыбысталған, әрі екі түрлі мағына алған (бәрі, бір). Екі … сан есімнің арғы түбірі мағынасы көмескіленіп кеткен екі сөзі болу керек және сол екінді сөзімен түбірлес деп қарайды. Рамстедт ол түбірдің алғашқы мәні еру, ілесу деп қарайды. Екінді сөзі, бұған қарағанда мынадай элементтерге бөлінсе керек: ек-ін (қимыл есім тұлғасы) -ті. Бес (кейбір тілдерде беш) сөзі қол мағынасындағы «білек» сөзімен ұялас дейтін пікірді басқа да зерттеушілер қолдайды. Егер осы этимологияны жобаға соғады деп қарасақ, онда сөз түбірі о баста беш не біл түрінде емес, пел түрінде айтылса керек. Чуваш тілінде пеллек «бес» мәнін береді, л-ш сәйкестігі монғол тілдері мен түркі тілдерінің арасында ғана емес чуваш тілі мен басқа түркі тілдерінің арасында да кездесетін құбылыс. Қазақ тілінде бес сөзі бүтін қол мәнінде де жұмсалады.
Алты, жеті сан есімдерінің арғы негізі ал және же байырғы етістіктері болуы керек, -ті генезистік жағынан қазіргі тілдерде жедел өткен шақ тұлғасын жасайтын -ды қосымшасының ескі түркілік варианты. Ескі түркі тілінде лт дыбыс тіркесі әдеттегі норма ретінде кездесе беретіні мәлім. Сол ізбен, өткен шақ қосымшасы -ты түрінде де дыбысталған. -ды (немесе -ты) таза етістік тұлғасы емес, о баста да қимыл есім мәнін бергені айқын. Сонда алғашқы қалыптасу дәуірінде алты сан есімі алынған, алынушы немесе бөлінген (саусақ) мағынасында жұмсалған да, жеті сөзі жейтін, ұстайтын (саусақ) мағынасында жұмсалса керек. Қолданылу процесінде зат атауы оның орналасу ретін білдіретін сөз есебінде қалыптасуы ықтимал. Оған мынадай қосымша жағдай да бар: алтыншы саусақ қашанда екінші қолдың біріншісі де, жетінші саусақ (қазақша: сұқ қол) тамақ жеуде, ұстауда ең ыңғайлы, икемдісі. Осы саусақтың қазақ тіліндегі екінші аты да сол икемділігіне, қызметіне қарай қойылса керек.
Тоғыз сан есімі этимологиялық жағынан монғолдың төкір, түркілік дөкір (икемсіз, оралымсыз, әдепсіз) сөздерімен байланыстырылады. Қазіргі чуваш тілінде бұл сан есім тохар түрінде айтылады. Сөздің соңғы дыбысының түркі тілдерінде -з-ға айналуын Рамстедт сегіз сөзімен аналогия жасаудан деп қарайды. Дұрысында да солай ма, әлде тағы да рз сәйкестігі ме? Өйткені р~з сәйкестігі түркі тілдерінің құрамында көбіне сөздің грамматикалық мәнін айырушы критерий қызметінде де кездеседі (Мыс. көз-көр, семіз-семір, т. б.). Қысқасы, тоғыз сан есімі дөкір саусақ икемсіз саусақ (қазақша атсыз қол) мәнінен барып шыққан.
Түркі тілдерінде, сол сияқты алтай тілдерінің бірсыпырасын да-ақ он сөзі кездеседі. Бұндай кең жайылу, сірә, сөздің байырғылығының дәлелі болса керек. Түркі тілдерінің барлығында дерлік жиырмадан бастап ондықтарды білдіретін сөздердің біразы тарихи тұрғыдан құранды болып келеді. Жиырма, алпыс, жетпіс, сексен, тоқсан сөздері сондай. Бұдан мынадай корытынды шығаруға болады: бірліктерді білдіретін сөздер әр түрлі сөз таптарынан бөлініп қалыптасқаннан кейін барып ондық атаулары шыққан. Осымен байланысты, бір кезде акад. Гордлевскийдің ескі түркі халықтарында санаудың ең жоғары мөлшері 5 (бес) саны болған дейтін пікірін еске алған жөн Күрделі сандық атаулардың кейін пайда болуын дәлелдейтін тағы бір факт - өте көп астрономиялық сандарды білдіретін сөздер көне түркі тілінде байырғы сөздер негізінде жасалмай, басқа тілдерден ауысқан сөздер арқылы берілуі. Көне түркі тіліндегі түмен (он мың, осымен байланысты түмен арық-жер атауы), бан (хинди тілінен, 10000) сөздері түркі тілдерінде әр түрлі байланыстар арақылы сырттан енгені анық. Қазіргі тіліміздегі миллион, миллиард, триллион сан есімдері де сондай.
«Җиырма» мәнін білдіретін сан есімнің түркі тілдерінде негізгі үш варианты бар: жиырма (йігірме, т. б.), сары ұйғыр тілінде икки он (екі он), тува тілінде чээрби, Сары ұйғыр тілінде, сөйтіп жиырма мәнін аналитикалық тәсілмен жасалған сөз тіркесі береді. Ал тува тіліндегі чээрби басқа түркі тілдерінде ж, й, д, с дыбыстарынан басталатын сөздің фонетикалық варианты. Сонда түркі тілдерінің арасында белгілі мынадай дыбыстар сәйкестігі келіп шығады: ч//с||д/|ж//й. Жиырма сөзін генезистік жағынан екі, егіз сөздерімен байланыстыруға болады. Түркі тілдерінің бірсыпырасында (ескі, жаңа тілдерде) екі, егіз және жиырма сөздері й дыбысынан басталатыны мәлім. Якут тілінде игирэ, монғол тілінде икир - егіз мәнін беретін сөздер. Бұған қарағанда, жиырма сөзі о баста екі-р-ма (-ми) құрама бөліктерден қалыптасқан деп қарауға болады.
Отыз сан есімін сыртқы тұлғасына қарап туынды түбір деп ойлауға болады (от-ыз). Бірақ қазіргі түркі тілдері материалдары негізінде мұны түсіндіріп беру мүмкін емес. Қырқ сан есімінің этиымологиясы да айқын емес. Алайда түркі халықтарында, солардың бірі қазақ халқында да қырық сөзі діни-төтемдік ұғымдармен байланысты айтылатыны белгілі. Өлген кісінің артынан қырық күннен соң еске түсіру («қырқын беру») немесе фольклорлық нұсқаларда кездесетін «қырқ күн, қырқ түн» тәрізді қолданыстар сондай ұғымнан туса керек. Акад. Гордлевский қырық және төрт сөздерінің арасында ешқандай ұқсастық жоқ екендігін айта келіп, қырық о баста жалпы көп, мөлшерсіз көп ұғымын берген болу керек те, қырық сөзінің соңғы -қ элементі сондай көптік ұғымның көрсеткіші болуы мүмкін деген жорамал жасайды.


Пайдаланған әдебиеттер:



  1. Томанов М. Қазақ тілінің тарихи грамматикасы. «Рауан» баспасы, Алматы 1988.

  2. Сағындықұлы Б. Қазақ тілі лексикасы дамуының этимологиялық негіздері. «Санат» баспасы, Алматы, 1994, «Қазақ университеті» баспасы, Алматы, 2005.

  3. Сағындықұлы Б. Қазақ тілі тарихы. «Қазақ университеті» баспасы, Алматы 2011.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет