Абыз. Өзім... өзім. Тарт жалаңды жазықсыздан... Айта бер айтпақ нарқыңды!..
Би. Неге келдің жел аударған қаңбақтай!? Абыз. Шер ыршытты шабақтай. Сездім, Кеңгірбай, сездім сұмдық салқынын. Би. Қолсыз сайраған тілді қайтейін. Қызыл тіл мен қу жақтан бұндағы тобықты да кенде емес қой. Өз артыңа қарамасаң басқа шығар жол жоқ. (40 б.)
Мұндағы элокуция тәсіліне жататын Абыз бен бидің сөздері ұзақ уақыт санада қорытылған ойдың нәтижесінде сыртқа шығып тұр.
М. Әуезовтің билер сахнасындағы Көбейдің, Еспембеттің, Кеңгірбайдың, Қараменденің топан судай селдете төккен фразаларынан Абыз тілінің мақамы, тыныс ырғағы, тілдік тегеуріні өзгеше. Бұған пьесадағы Абыз – Қараменде, Абыз – Кеңгірбай сөздері дәлел. Суреткер тіл құдіреті арқылы Абыз бейнесін философиялық дәрежеге дейін көтеріп, халықтық терең образ жасайды. Билер сахнасындағы кесек образдар тартысы терең, тілі ғажап ұлттық болмысты танытады.
Жоғарыдағы мысалдардан пьесаның шешендік қуаты анық аңғарылады. Ондағы кесек-кесек билер сөзінің көрермен сезіміне әсер етпеуі де мүмкін емес. Бұл орайда Ә.М. Жұмағұлованың «Шешендік сөздер дискурсындағы хабарды қабылдаушы – оқырман не тыңдаушы. Қарым-қатынас жағдайында тыңдаушы да аса маңызды рөл атқарады. Ол қарым-қатынастың ойдағыдай өтуіне ықпал етеді. Тыңдаушының белсенділігі, ден қоюы, назар аударуы, қабылдауы, білім деңгейі ерекше ескеріледі [56, 27 б.],-дейтін пікірі өте орынды. Сондықтан да классикалық шығармалардың бірегейі боп саналатын М. Әуезов драмалары аудитория талғайды. Ұлттық тілдегі шешендік өнердің классикалық үлгісімен жазылған шығарма екендігін көрсетеді.
Драманың жаны – диалог. Драмалық шығармалардағы диалогтар – бүтін шығарманың көркем болмысын жасайды, үлкен қызмет атқарады. Демек, пьесадағы әрбір кейіпкердің жауаптасуында үлкен жүк, астарлы салмақ жатады. Автор соның бәрін шашау шығармай, санаулы кейіпкерлерінің тілімен беруге тырысады. Соның ішінде ынтымақсыз стратегияға (Н. Уәли) жататын диалогтар да билер тілінде көптеп кездесіп отырады.
Оны Еспембет бидің ымыраға көнбеймін дейтін мына сөздерінен көреміз: