А. О. Тымболова драмалық шығармалардың лингвистикалық поэтикасы Алматы, 2013 А. О. Тымболова драмалық шығармаларды лингвистикалық поэтикасы



бет19/95
Дата06.10.2023
өлшемі1,66 Mb.
#113256
түріМонография
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   95
Байланысты:
Лингвистикалық поэтика. Монография

Еспембет (ызғарланып). Уай, тобықтының баласы, матай-тобықты болып тұрған күніңде атыстың, шабыстың, араздыққа сылтау таба алмай, түймедейді түйедей қылып, бұл ісің алты алашқа әйгілі болған. Тобықты, шаялығыңды қылдың ба, білегі жуандығыңды қылдың ба? Алалы жылқы, ақтылы қойды жосылтып алдың. Ата қонысынан іргесін аудардың. Ел- жұртты шұбырттың. Айрандай аптап, күбідей пісіп жүргеніңде ай дер ажа, қой дер қожа болған жоқ. Енді міне шарпуыңды матайдан асырып, найманға тигізіп отырсың. Жетіп отырған жесірімді бір тентегің ат сауырына салып әкетіп отыр. Ағайын, ұзында өшті, қысқада кекті емессің. Бітім сұрап, кісі салсам бақайыңнан келтірмейсің. Мына найманға алынбай жүрген кегің, тимей жүрген есең болса оныңды айт. Әйтпесе мен тобықтының қоңсысы емеспін, мынауыңа кесігіңді айт (Көбей қамшы тастайды.) (34 б.)
Көбей. Еспембет, сөзің шын. Ұзында өшті, қысқада кекті ағайын емеспін. Найманның елдігіне істеп отырған жаулығым болса, аруақ, құдайға тобықты шет болатыны шын. Матай мен тобықтының бүлігіне бұл елдің қайсысы себеп болды? Мен оны қазбаймын; даудың қарасын көбейтем деп құлындағы сақау, құнандағы тісеуді осы сөздің үстіне әкеліп үйгенің лайықсыз. Матай қой аузынан шөп алмайтын момын ел болып отырғанда бұл сөзің сияды. Тентектік ылғи тобықтыдан шығады дерсің. Бірақ сол матай мен қалған найман неге жауласады? Бүгінгі найманмен шиеленістіріп отырған сылтауды алсам, ол ел таразысынан аңдамаған албырт жастардың шалалығы. Рас, тентек болса тобықтының тентегі иесіз демеймін. Ағайын жолымен бітісейік, билікті маған бергенің шын болса, мен айтайын. Жалғыз-ақ түбір сөзді түйінді сөз қылғанымыздың лайығы жоқ. (35 б.)
Сонымен қатар, сөйлеу мәдениетінің ерекше белгісіне дәлдік, айқындылық жатады. Біз талдаған билер тіліне де осы қасиеттер тән екендігін бағамдадық. Осы ретте пьесадағы найманның биі Еспембет пен тобықтының биі Көбейдің сөз қағыстыруларына кезек берейік:
Еспембет. Көбей, мен билікті саған айтқызсам, өз ойымдағыдан асырып түсіреді деп айтқызам. Егер есі-дертің менің дауымды жасытпақ болсаң, жайдақтап жадағайлатпақ болсаң, мен билікті айтқызбаймын. (Қатты.) Мен тұщы етіме ащы таяқ тиді деп отырмын. Шолақ байталдың құйрығындай тобықты, өктемдігің асты деймін. Тасқын судай кемеріңнен асып отырсың сен (Көбейге сөз береді).
Көбей. Еспембет, кеден кеден болды, кедергі неден болды деп отырсың, мен саған бұл дауың орайсыз деп отырғаным жоқ. Екі елдің сөзін екеуміз ұстап кездескен соң дәнекер болатын жағын қарастырайық дейім. Болмаса қой асығын қолыңа ал, қолайыңа жақса сақа қой. Жақпаса билігіңді өзің айт. Сапты аяққа ас құйып, сабынан қарауыл қарайтын болсаң, мен билік айтпаймын. Тағы айтарым – тобықтының азды-көптігін сарапқа салар жер емес бұл. Көп болғанда кімнің басы кімнің қанжығасында жүр еді? Тобықтының найманға істеген өрлік өктемін көргенім жоқ. Керіс неге керек? (Тым-тырыс.)
Міне, екі би нақпа-нақ іске қатысты бұлтартпайтын дәлелдермен бір-бірін сөзден ұстауға тырысады. Мұндай дәлдік, нақтылық ұшқыр ойдан туады. Шешендердің нақты сөз саптаулары туралы: «Шешен ана тілінің көркемдік қазынасын білгенде ғана, сөз қолдану, байланыстыру тәсілдерін, көп мағыналы сөздердің сәні мен мәнін, құпия сырларын, синоним, антоним, омоним, нақыл, қанатты сөздерді еркін әрі сәтті пайдаланады. Бұл ретте шешен билердің сөздерінде дәлділік, айқындылық мейлінше жоғары деңгей-дәрежеде көрінеді. Сондықтан да оны қазақ әдеби тілінің негізі, арналы саласы деуге болады» [54, 145 б.],-дейтін пікірі ойымызды тұжырымдай түседі.
Сондай-ақ, Т. Жаманқұлов «Ұлттық театрды дамытудағы шешендік өнердің орны» атты зерттеуінде былай деп ой түйеді: «Шешендік өнерде сөз бірінші орында. Ал театрда сөз өнеріне әрекет қосылады, сахнада актерлар сөйлеп қана қоймай, адамның іс-әрекетін, тұрмыс-салтын, күрес-тартыс, махаббат, өмір мен өлім сияқты сезім шайқасын басынан кешіреді. Сонымен қатар, шешендік өнерге де актерлық шеберліктің барлық қағидалары өгейлік етпейді, шешенге де қимыл-қозғалыс, ишарат-мезірет (жест), көзқарас керек, тыңдаушысының жетесіне жеткізе сөйлеу, оны жақсы көру – жек көру, ой тастау – ойландыру, яғни алға қойған мақсатының үдесінен шығу жолында ол неше түрлі ішкі иірім, әрекет-әдістерге барып, сан қилы сезім шарпылыстарын басынан кешіреді. Демек, театр өнері де, шешендік өнер де адами қарым-қатынастардың ортақ заңдылықтарына бағынады, шешендер де, актерлер да сахналық шеберліктің ортақ әдістерін пайдаланады» [58, 3 б.].
Сонымен, шешендік сөздер – қазақ халқының табиғатындағы суырып салма ақындықтың да бір көрінісі екендігі даусыз. Ал драма тіліндегі ел тізгінін ұстаған билер сөзінің де төгіліп тұрған өлең, шешен сөйлеудің жарқын үлгісі екендігін бағамдадық.
Біз мысал келтірген суреткердің шығармалары сол кезеңнің әлеуметтік-саяси шындығын, халықтың психологиясы мен мәдени-тілдік болмысын билер сөзі арқылы көрсеткендігі анық.
Драматург өзіндік идеясын билер тілінің ұлттық ерекшелігі, көркемдік қуаты арқылы таныта алған. Демек, көркем бейне жасауда кейіпкер тілінің, оның ішінде билер дискурсының стильдік қызметі орасан зор.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   95




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет