1.3 Сахна тілі – образ тудырудың құралы
Драмалық шығармаларда белгілі бір идеялық-эстетикалық таным образды суреттеуде көрініс табады. Драматург көркем образдың тілі арқылы өмір шындығын, қоғамдық кұбылыстарды, табиғатты, адам тағдырын бейнелеп көрсетеді. Көркем образда екі түрлі ерекшелік – жинақтау, жалпылық сипаттарды топшылап – түйіндеу және даралау, жеке қасиет-белгілерді нақтылы түрде көрсету – осы екеуі іштей астасып, қабысып жатады десек, олар да тек сөз арқылы сыртқа шығады.
Бұл туралы «Көркем сөз дүниесіндегі жаңалықтардың бірі – образдар саласында. Образ тіл элементтері арқылы жасалады. Соны образ – тілдік тұлғалар мен тәсілдерде өзгерістер мен жаңалықтар әкеледі» [25, 187 б.],-дейді
Р. Сыздық.
Драмалық шығармалардағы образдар жүйесі қоюшы – режиссердің көзқарасымен, суретші – декоратордың көркемдеуімен, актерлердің ойынымен, музыкалық әрлеумен, яғни осы мүмкіндіктердің толық қамтылуымен қалыптасады. Бұл синтез драмалық образдың жаңа қырлары мен сапасын жарқырата көрсетеді. Шынтуайтына келсек, образ – әдеби шығармалар мен театр өнерін бағалаушы критерий болып табылады. Көркем форма түзуде драмалық шығармалардың элементтері ерекше заңдылыққа бағынып, мәтіндегі тілдік бейнелеуіш құралдардың полифониялық құрылымын қалыптастырады.
Бұл «Поэтический образ каждый раз, когда воспринимается и оживляется понимающим, говорит ему нечто иное и большее, чем то, что в нем непосредственно заключено»,-деген тұжырымға сай келеді [26, 141 б.].
Сюжет қалыптастыру, сөйлем түзу, композициялық қағидалар сияқты драмалық шығармалар стилінің өзіндік ерекшеліктері бар. Демек, драмалық шығармалардың жанрлық стилін және жеке автордың әдеби тілін қарастырғанда, әдеби стильдің компоненттері – сюжет, сөйлем, композицияны зерттей түсу қажет. Бүтіндей әдеби стильді шынайы көрініспен байланыстыра отырып, драматург театр шеберлерін (режиссер, актер, композитор, суретші) көрерменмен өзіндік бірлікте қарастыра білуі қажет. Бұдан сахнадағы шығармашылық әдіс пен драматург стилінің байланысын көреміз.
Бүгінде сахна тіліне көп назар аударылып отыр. Себебі, адамдардың өнерге, оның позициясына, критерийлеріне деген көзқарасы өсті. Бүкіл ақпарат құралдары арқылы көрермен өзіне қажетті рухани азығын ала алады.
Сондықтан, образ жасауда қолданылатын көркем сөздер мазмұны жағынан ерекше эстетикалық құрылымға ие болуы тиіс. Әрине, бұдан шығатын қорытынды, шығарманың өзегі оның мазмұн-мағынасында демекпіз. Бұл туралы М. Балақаевтың «Әдетте көркем шығарманың тігісі жатық сөздер тіркестерінен құралған сөйлемдері терең мағынаның, образ жасаудың, көркем суреттің, эстетикалық әсер етудің де формасы болады. Қыбын тауып құрастырған ондай жеке сөйлемнің айтылу сазы, ырғақты әуені, оның жеке сөздердің өздеріне лайықты үні болады. Сөйлемнің мағынасын түсініп, оның көркемдік әсерін сезіну, не басқаға сездіру үшін, оны сазына келтіріп, өз әуенімен келістіріп оқи білу керек. Сонда ғана көркем сөздің басқаға етер әсері күшті болмақ» [27, 67 б.],-дейтін ойын осы драматургиядағы кейіпкерлер тілінің характерін ашуда дәл айтылған пікір деп есептейміз. Өйткені, драма тіліне ырғақтылық, әуенділік, памфезділік қасиеттер тән.
Пьесадағы шындық автор-драматургтың пайымдаулары арқылы көрерменіне жол тартады. Бұл ретте автордың дүниетанымдық әлеуеті рөл ойнайды. Өйткені автор пьесаға қатыса алмайды, көрерменнің алдына шығып түсіндіре алмайды, сахнаның сыртынан сыбырлай да алмайды. Көркем шығарманы көрермен оқып түсінеді. Ал драмалық жанрда драматургтың жалғыз құралы – тіл ғана. Режиссураға қатысты қимыл мәселесін де өз алдына бөлек қарастырамыз. Суреткер тіл арқылы соқырды жылатып, тас жүректерді жібітеді, санасызға ой салып, сезіміне әсер етеді. Қысқасы, сахнадағы процестің барлығы тіл құдіреті арқылы жүзеге асырылады.
Образдар галереясын жасау үшін кейіпкердің көңіл-күйінен бастап, оның жан дүниесі, әлеуметтік-психологиялық ерекшеліктері, типтік бейнесі, диалог, монолог, пейзаж, т.б. компоненттер қатысады.
Қара сөздің хас шеберлері М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов, Ж. Аймауытовтың драмалық шығармаларында көркем образ, пейзаж жасауда табиғат көріністерінің рөлі айрықша екендігін бағамдадық. Бұл кездейсоқтық емес. Бұл ұлы суреткерлердің туған табиғатына деген көл-көсір сүйіспеншілігі мен махаббаты. Соны туған тіл құдіреті арқылы жеткізген суреткерлердің шеберлігі деп бағалау керек.
Драматургиялық шығармалар тіліне образдың ішкі-сыртқы характерін айқын көрсететін диалогтар мен монологтар тән екендігі белгілі.
Пьесаларда негізгі кейіпкерлердің монологтары жиі ұшырасады. Мәселен, М. Әуезовтің «Еңлік-кебек» пьесасындағы Еңліктің мына бір монологы кейіпкердің өзімен-өзі сөйлескендей күй кешіп, табиғатқа сыр шерткенін көрсетеді:
Еңлік. Асыға ма алып-ұшқан үмітім. Бар тілекпен бір сапарға бет қойдым... Жазғырармысың, бұлдыр күн? Жазығым бар ма?.. Жазығым бар ма, кінәлімін бе, әлде мен? Атам, анам, туған үйім кеш мені. Бауырыңда өскен балапан бағын тілеп ұшам деді қияға. Кінәлімін бе, кәрі тас?! Ойласаң менің мұңымды, ұқсаң керек барымды! Төкпеген жас, шешпеген шер бар ма еді баурыңда. Игілік пен сәт сәскеде келтір жалғыз арман жанымды... жалғыз тірек жарымды!.. ( 23)
Театр өнерінде, драматургияда шығармашылық құралдардың синтетикалық характері драмалық образдың табиғатын ашуды одан да қиындата түседі. Драмалық образ театр өнері мен әдеби шығармашылықтың бірлескен нәтижесінде көркемдік деңгейге жетеді. Тілдік және театрлық көркемдік құралдар бір-бірін толықтыра отырып, драмалық пафостың шынайылығын бағалауға көмектеседі, драмалық шығармалардың құрылымын түзеді.
Әлбетте, әрбір драматург өзіндік стилімен ерекшеленеді. Бұл ретте, біз тіл ғылымы тұрғысынан стилді сөз қолдану ерекшелігі, тілдік ерекшелік деп қарастырамыз. Ал әдебиетші ағайындар бұған келіспейді. Олар әдебиетте стильдің мағынасы әлдеқайда терең және кеңірек деп есептейді. Әрине, кең ұғымда жазушының стилі дегенде, оның өмір шындығын өзінше тани білу, сезіну, тақырыпты өзінше игеру, ой толғап, бейнелеп айту сияқты маңызды сипаттар танытатын, басқаға ұқсамайтын өзіндік суреткерлік шеберлігін, әдеби дара қолтаңбасын айтамыз. Әйтсе де осы аталған қасиеттердің барлығы да жазушының тіл ерекшеліктерінен, сөз қолдану, баяндау тәсілінен айқын сезіледі.
Біз Мұхтар Әуезовтің, Ғабит Мүсіреповтың, Жүсіпбек Аймауытовтың, Бейімбет Майлиннің шығармаларын қайталап оқыған сайын, жаңа поэтикалық ұғымдарға кенеліп, образдылықтың жаңа қырларын аша түсеміз. Жоғарыда аталған қазақтың бірегей сөз зергерлерінің тілі қайталанбас поэтикалық қолданыстарға қанық.
Әрбір рөлдің түрлі психофизикалық табиғаты да қайталанбайтын тілдік образ қалыптастырады. Бұл жөнінде А.Н. Петрова: «Речь актера – способ создания достоверного сценического образа – активно влияет на формирование содержания, на глубину его восприятия, на точность его понимания»,-дейді [28, 61 б.].
Поэтикалық тілді игерген драматург керек сөзді таңдарда ойына небір әсем сөздер құйылып, сол бір керемет сәтті көз алдына елестете отырып, күнделікті қарапайым сөзден жаңа ырғақты образды суреттеулер туғызады.
Драматург жасайтын көркем образ жалпыхалықтық тілдің негізінде туады, қалыптасады, дамиды. Образдылық тілге экспрессивті реңк үстейді, көз алдыңызға көркем картина әкеледі. Г.О. Винокурдың пікірінше, әдеби шығармалар тіліндегі болсын, сөйлеу тілі болсын, бәрі образды. Әсіресе, драмалық шығармалар поэтикалық сөз образдарынсыз болмайды.
Драматург шығармашылығының мәні қарапайым құбылысты көркем суреттеп қана қою емес, сол құбылысты асқан шеберлікпен сезінуде, сол туралы жаңа ой айта алуында, яғни толыққанды поэтикалық образды шығармалар тудыруында деп білу керек. Поэтикалық драмадағы образдар жүйесі шығарманың терең мазмұны, тілдік көркемдік құралдардың бай қоры арқылы жасалады.
Сонымен, драмалық шығармалар тілінің эстетикалық құндылығы – образды сөйлеуді қалыптастырып, яғни, халық тілінің байлығын түгелдей қамтыған көркем ұлттық тіл жасап кеткендігінде. Демек, тіл мәдениетінің ерекшелігін айқындайтын тілдің негізгі белгілері мен сапалары, прагмалингвистика аясында баса ескерілуі қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |