Сахнадағы тіл мәдениеті
Сахна – тіл мәдениетінің барлық мәселелері тоғысатын, оның коммуникативтік-эстетикалық қызметі айқын көрініс тауып, жүзеге асатын жер. Қазақ драматургиясы тек ұлттық негізде құрылуы тиіс десек, әрине оның көтеретін жүгі де ауыр. Сондықтан да ұлттық мүдде үшін сахна тіліндегі сөйлеу мәдениетін бүгінгі таңда кешенді зерттеу, зерделеу қажет.
Сахна тілі халықты жүзбе-жүз көріп отырып, мәдениетті, әдебиетті, өнерді, саясатты, басқа да қоғамдық мәселелерді уағыздайтын, халықтың санасын оятатын, ұрпақты тәрбиелейтін тіл. Сондықтан да, сахнада сөйлеу – үлкен өнер. Біреудің жан сезімін, жүрек тебіренісін жүрекпен жеткізу, сөйлеу нормаларын бұзбай, драматургтың ойын айна-қатесіз көрермен құлағының құрышын қандырардай етіп жеткізу, әрине, қиынның қиыны.
Сөйлеу мәдениеті, сахна тілі, сөйлеу техникасы мәселелері
К.С. Станиславский, А.Н. Петрова, Е.Ф. Саричева, В.И. Немирович-Данченко, Н.В. Черемисина, Т.А. Ладыженская, т.б., қазақ зерттеушілерінен М. Балақаев,
Р. Сыздық, Н. Уәли, Ә. Сығай, А. Құлбаев, Д. Тұранқұлова, М. Байсеркенов,
Г. Қосымова, Д. Әлкебаева, С. Альпатина т.б. еңбектерінде қарастырылды.
Сахна тілінің ерекшеліктерін зерттеген Д. Тұранқұлова былай дейді: «Сахна тілі қанша көрермен отырса, сонша адамның құлағына кіріп, жүрегіне ұялап, жан дүниесін шымырлатып, көкірегіне сәуле түсіретін тіл болуы қажет. Тілді әдемі жаза білу бар, сөйлей білу бар. Сонымен қатар оны халыққа жеткізе білу бар. Сол тілді халыққа әдемі, мәнерлі, сазды жеткізе білу үшін сахна тілі ауадай қажет. Өйткені драмадағы ең бастысы, ең шешушісі, ең негізгісі – тіл [29, 9 б.]. Демек, мәдениетті сөйлей білу адам баласының рухани қажеттілігі.
Сахна тілінің басты мақсаты – адамдарды дұрыс сөйлеуге машықтандыру, олардың сөздік қорын байыту, сөйлеу мәнерін жетілдіру, әрбір сөзге мән беріп оны түсінуге, ұлттық тілдің табиғатын танытуға баулу дер едік.
Көркем әдебиет тілін лингвистикалық поэтикамен байланыста зерттеу, мәтін стилистикасының өзіндік құрылымы мен жүйесінің мәселелерін айқындау бүгінгі стилистиканың маңызды мәселелерінің бірі болып отыр. Соның ішінде, біздің зерттеуіміздің нысаны болып отырған сахна тілінің лингвистикалық поэтикасын зерттеу, оның ішінде тіл мәдениетін көрсету, ең алдымен драматургтің стилін анықтаудан басталады. Ал драмалық шығармалардың жанрлық-стильдік типологиясы, сөз өнері мен тіл мәдениетінің деңгейін танытады.
Прагмалингвистика өзінің табиғаты жағынан коммуникативтік іс-әрекетті зерттейтін сала болғандықтан, барлық тілдік талдауларға ықпалын тигізеді. Көркем әдебиет тілін гуманитарлық ғылымдармен байланыстыра, антропоцентристік тұрғыдан қарастырғанда, лингвопрагматикалық аспект көркем шығармалардың тілін кешенді және фрагментарлы түрде зерттейді.
Прагмалингвистиканың мақсатын айқындай түсетін прагматикаға сөйлеуші субьект пен адресаттың (тыңдаушының) арақатынасынан туындайтын мәселелер кіреді. Сондай-ақ, сөйлеушінің ниеті немесе айтылған сөздің прагматикалық маңызы, сөйлеушінің референциясы, прагматикалық пресуппозициялар, коммуникативтік қатынастарға байланысты қарастырылатын мәселелер (диалог, сөйлеудің әлеуметтік-этикалық қырлары, т.б.) қамтылады.
Сахна тілінің прагматикасы да кейіпкерлердің нақтылы сөйлеу жағдаяттарында вербальды және вербальды емес тілдік тәсілдерді пайдалануын, олардың пікір алмасуларын, яғни, коммуникативтік іс-әрекеттердің жүзеге асырылуын көздейді.
Ал коммуникацияның негізгі формалары дискурс пен мәтін екендігі белгілі. Дискурс формасына көбірек жақындайтын сахнадағы коммуникаттар тілін интенциясымен қабыстыра қарастыру да прагмалингвистиканың зерттеу мақсаттарының бірі. Демек, сахна тілі – ақпарат берудің, алудың, оны жеткізудің сан түрін, яки тілдік және тілдік емес каналдар арқылы (көзбен көруге болатын, құлақпен еститін, тактильдік, ольфакторлық т.б.) жүзеге асыратын ерекше синкретті тілдік жүйе.
Театр тарихында сахна тілінің өзіндік өзекті мәселелері әр дәуірде әр түрлі болып келеді. Яғни, әр дәуірдің өзіндік ерекшелігіне сай театры болады, сахна тілі де соған бейімделіп отырады. Кез келген театр сахнасында тіл басты орын алады.
Сөз дегеніміз тіл деп аталатын алып құрылыстың кірпіші іспетті. Кірпішіңіз аз болса, немесе сапасыз болса, үйіңіздің жақсы соғылуы неғайбыл. Сол сияқты сөзді дұрыс қолданбасаң, сөйлемді жүйелі құрастырмасаң, тілдік нормаға нұқсан келеді. Сахна тілінің де өзіне сай лексикалық, грамматикалық, орфоэпиялық нормасы бар. Тілдік норма жазуда ғана емес, сөздің қолданылуы мен айтылуында да, сөйлем құрауда да, яғни тілдің өн бойында болуы тиіс.
Тілдік норманы сақтап сөйлеу – мәдениеттіліктің белгісі. Тіл мәдениетіне жетікпін дейтін тұлға сөздің мағынасын, мәндестік ерекшелігін, әдеби, тілдік төркінін, сөздердің еркін және тұрақты тіркестер құрамына ену мүмкіншіліктерін жете білуі керек. Яғни, сахна тілі орфоэпиялық ережелер мен нормаларды сақтауды қатаң түрде талап етеді. Сахнада әдеби тіл нормалары түгел сақталып, актердің оны сөйлеу тілінде қаншалықты меңгергендігі жан-жақты көрінеді. Яғни, актер сөйлеу мәдениеті мен сөйлеу техникасын қатар меңгеруі қажет. Образды сомдаушы актер қазақ әдеби тілінің нормаларын тиісті дәрежеде сақтап сөйлеуі қажет.
Бұл ойымызды «Сөйлеу техникасы мен сөйлеу мәдениетін қатар меңгеру – дауыс сапасын жақсартудың бірден-бір жолы. Өйткені, сөйлеу мәдениеті сөздерді білдірмек ойға дәл таңдай білу болса, сөйлеу техникасы сол сөздерді тыңдаушысына жеткізе білетін дауыс құбылыстарын меңгеру болып табылады»,-дейтін пікірі нақтылай түседі [30, 32 б.].
Әдеби тіл нормалары тілдің әрбір деңгейімен тығыз байланысып, қолданылу барысында фонетикалық, лексикалық, морфологиялық, синтаксистік деңгей элементтерінің жүйесін сақтайды. Сондықтан С. Исаев «Әдеби тілдің нормалары фонетикалық нормалар мен олардың жүйесінен, лексика-семантикалық нормалардан, морфологиялық нормалар мен олардың жүйесінен, сөздердің комбинаторлық, конструктивтік нормалары мен қолданылу, қалыптасу жүйелерінен тұрады» [31, 17 б.],-дейді.
Ал ғалым Б.Қ.Момынова осы әдеби тіл нормасына мынадай анықтама береді: «Әдеби тіл нормалары бір күнде, тіпті бір ғасырда қалыптаспайды, нормалану – сандаған ғасырлардағы тілдік күрделі үдерістің жемісі, кезеңдік сипаты бар тарихи категория» [32, 28 б.].
Ал сөйлеу тілі дегеніміз – әдеби тілге жататын бейресми жағдаятта қолданылатын, сөйлеушілердің тікелей қатысуымен жүзеге асатын машықты (спонтанды) сөз. Бұл жөнінде белгілі ғалым Н. Уәли «Қарым-қатынастың бейресмилігі, ситуацияға тәуелділігі, машықтылығы сөйлеушілердің әлеуметтік рөлі, психологиясы, эмоциялық күйі сөйлеу тілінің құрылымдық сипатының күрделі екенін танытады» [33, 284 б.],-дейді.
Әдеби тілді сақтауда және оны таратуда сахнаның орны ерекше. Сахнада актер тіл арқылы көрерменімен тікелей байланысқа түседі. Актер тілі көрермендер үшін дұрыс айтылған әдеби тілдің үлгісі болуы тиіс. Әдеби тілдің бірыңғай нормасына ұмтылу, тіл мәдениетінің бір белгісі болып табылады. Сондықтан, театр – актер – тіл бір-бірінен ажырамас ұғымдар, тіл мәдениеті мен сөйлеу техникасы да тығыз байланысты.
Сахна – мәдениетке тәрбиелеудің көзі. Сахнадан адамдар бір-ақ сәтте қаншама сөз қабылдайды. Драмалық шығармаларда басы артық сөз болмайды. Драманың тілі қысқа да нұсқа болуы шарт. Сондықтан онда олпы-солпы құралған тіркестер, қалай болса солай айтыла салған сөздер, басы артық шұбалаңқы сөйлемдер болмайды. Демек, сахна тілі адамдарды сөздерді орнымен дұрыс қолдануға, әдемі пікірлесуге, әдеби нормамен сөйлеуге баулиды. Тіл мәдениетінің басты мәселесі де осында – тілдік құралдардың көмегімен қарым-қатынас жасау барысында адамға ықпал ету.
Яғни, сахнада тіл арқылы адам сезіміне эстетикалық, әдемілік жағынан әсер ету басты нысана болып табылады. Театрдағы басты құрал – сөз болғандықтан, сөздің астарын, айтар ойын, көтеретін жүгін, артар салмағын сезінгенде ғана көрермен шығармадан эстетикалық ләззат алады.
Демек, театр халықты тәрбиелейтін мәдениет ошағы. Ол туралы
Н.В. Гоголь «Театр – ұлы мектеп. Көпшілік қауымға, мыңдаған адамға бір сәтте жанды, пайдалы сабақ береді» («Гоголь и театр», 1952),-дейді.
Пьесаның шынайылығы жанды, образды халықтық тілді терең меңгергенде ғана айқын сезіледі. Н. Островский сөзге: «Негіздердің негізі, театр өнерінің альфасы мен омегасы» деген баға береді. Шын талант сөздің бар құдіретін бойына сіңіріп, сахнада шынайы үн (тон) қалыптастыруы керек. Н. Островский үн туралы да «үн – тілдегі еріксіз процесс, ол табиғи шығуы үшін актер тілдік қатпарларды жан-тәнімен сезінуі тиіс»,-деп көрсетеді [34, 49 б.].
Оның айқын бір көрінісі болып табылатын декламация (көркем сөз оқу шеберлігі) – сыртқы сөйлеу техникасын меңгеруді көздейді. Декламацияны зерттеген орыс ғалымдары И.А. Дмитриевский, П.А. Марков, А.А. Шаховской, С.Т. Аксаков, Н.И. Гнедич т.б., оның адамның эмоциясына әсер етуде мәні зор деп есептейді. Ал П.А. Марков декламация туралы былай дейді: «Классицизмге берілу сөзді жақсы көруден туды, декламация өнері актерлық шеберлікті көрсетеді» (Марков, 1977). Сондай-ақ, М.С. Щепкин де декламация туралы «Сөзге жойқын көңіл бөліп, талант пен ауыр еңбекті жұмылдырғанда ғана өнер айқын болады» (Щепкин, 1952),-деген пікір білдіреді.
Сахнада персонаждардың жасайтын образының қайталанбас тілдік характерін қалыптастыруға баса назар аударылады. Актер диапазоны, олардың сөз саптаулары, штамп, дикция, тыныс, осының бәрі – сөйлеу шеберлігінің маңызды да қажетті қырлары.
Ежелгі театрларға көркем сөз оқуда штамптардан аса алмау, патетикалық (көтеріңкі) сарын, памфездік тән болды. Көңіл толқынын еселеп көтеруге құштарлық басым болған. Келе-келе реализммен бірге сахнадағы көпсөзділік жойылып, шынайы репликаларға құрылған театр тілі сахналық шаблондардан арылды.
Радио, кино, телеэкран – жалпы бұқаралық ақпарат құралдарының барлығы актерді, дикторды көрерменге жақындастыра түседі. Алайда, онда жоғарыда айтып кеткеніміздей, декламациядағы штамп, патетика, шаблондар басым болып келеді. Ал сахна тіліндегі сөйлеу – жанды құбылыс болғандықтан құбылып, жанданып, өзгеріп отырады.
Сөз – сахнадағы ең маңызды компонент, ал сахнадағы сөйлеу тілі – персонаждардың қарым-қатынас жағдайындағы, олардың жеке ерекшеліктері мен психофизикалық көңіл-күйлеріндегі жағдайды көрсетеді. Спектакль қою үшін оған қайталанбас өзіндік ерекшелікті тіл қажет. Демек, сахнада ең алдымен сөйлеу техникасына баса назар аударылады. Сөйлеу техникасы актердің өз дауысын меңгеруіне байланысты. Сөйлеу техникасын жете меңгерген актер драманың қат-қабат қалтарысын тап басып жеткізуді қамтамасыз етеді.
Шығарманың қат-қабат ішкі құрылымы, астарлы, бейнелі, көркем ойы, образдар жүйесі, осының бәрі бір-бірімен байланысты мәселелер. Осы мәселелерге ден қоймайынша, шығарманың идеялық мазмұнын, оның көркемдік ерекшелігін, шығарманың тұтас бітімін ашып көрсете алмайсыз. Ол үшін сахна тілінің табиғатына ерекше назар аудару қажет.
Сахна тілі табиғатында диалогтық тіл. Яғни, драманың жаны – диалог. Драмалық шығармалардағы диалогтар бүтін шығарманың көркем болмысын жасайды. Ауызекі сөйлеудегі диалогтық тіл авторлық ремаркалар арқылы көрінеді. Диалогтық тілдің тілдік-стилистикалық ерекшеліктері жазушының жеке стиліне және жанрдың ақпараттық-эстетикалық нормаларына негізделеді.
Тілдің басты қызметінің бірі – коммуникативтік функциясы адамдардың қарым-қатынасын жүзеге асырады. Яғни, сөздердің активті және пассивті қабаты осы қарым-қатынас тілінен, диологтардан айқын көрінеді.
Әрине қысқа диалогтарда мазмұн көрінбеуі мүмкін, ал мазмұнды, мағыналы монологтарда сөздің салмағы, маңызы бірінші орынға қойылады.
Драмалық шығармаларда адамның рухани жан дүниесі, ішкі сырлары көркем шығармадағыдай ұзақ баяндаулармен емес, кейіпкердің қат-қабат психологиялық ерекшеліктерінің иірімдері арқылы сыртқа шығады. Бұл әрине сахнада монолог арқылы көрініс табады. Сөйтіп драматург кейіпкерінің ішкі жан толғанысы, олардың өзегін жарып шыққан монологтары арқылы психологиялық портреттер жасайды.
Сонымен, сахна тілінің басты мақсаты – әрбір сөздің мәнін түсініп, табиғатын тануға баулу, кейіпкердің тілдік характерін ашатын штрихтарға талдау жасау, ондағы әр сөзге мән беру, ұлттың сөздік қорын байыту, көркемдігін жетілдіру болып табылады.
Сондай-ақ, сахна тілінің жоғары эмоционалдылығы (Ш. Балли және басқа да зерттеушілердің пікірінше) «аффективті тіл» - екінші адамға ойыңызды, пікіріңізді қабылдатудың ең бір жақсы әдісі дейді (Балли, 1955). Н.И. Жинкин қарым-қатынас ақпараттық ағынның екі бірлескен әрекетінен болады деп есептейді: біріншісі – (дискретті) сөз, екіншісі – (сөйлеудің экстралингвистикалық құралдары) интонация, мимика, қимыл (Жинкин, 1998).
Бұлардан басқа да сөз өнеріндегі тілдік әрекеттерді В.А. Артемов,
Н.И. Жинкин, К.С. Станиславский т.б. зерттеп, олардың айтылуын, артикуляциясын, тілдік ұғымдары мен мағыналық мазмұнын қарастырады.
Сондай-ақ, коммуникацияның квазивербальды элементтерін зерттеумен паралингвистика саласы айналысады. Тілдің вербальды құралдарымен бірге, бейвербальды құралдар да сахнадағы диалогқа қатысушы екі жақтың эмоциясы мен сезімін жеткізудегі шешуші әдіс ретінде қолданылып, тіл мәдениетін көтеруге ықпалын тигізеді.
Ойымызды қорытындылай келе, бүгінгідей жаһандануға жұтылып бара жатқан кезеңде сөйлеу мәдениетінің төмендегені, тілдің эстетикалық табиғатының әлсірегені байқалады. Бұл кітап оқымайтын ұрпақтың қалыптасып келе жатқандығын көрсетеді. Қазіргі жастар күнделікті өмірде тез, ұтымды, жеңіл сөйлеу жағын қарастырады. Ал театр сахнасы осы жастар тілін тәрбиелеудің бір қайнар көзі деп есептейміз. Яғни, тілдің таразыға түсетін тұсы да – сахнада, қалың қауымның қалт етпей, ой салмағын, тіл киесін сезінген сәтінде болмақ. Сөздің дәлдігі, тазалығы, байлығы, логикалылығы, мәнерлілігі, қисындылығы да сахна тілінде нақты көрініс тауып отыруы қажет.
Қазақ тілінің өзіндік ерекшелігі – музыкалылығы, икемділігі, дыбыс байлығы, әуезділігі, мәнерлілігі, орфоэпиялық тазалығы сахнада көрініс табады.
Демек, қазақ театрындағы сахна тілі – ұлттық тілдің үлгі боларлық мектебі, тіл мәдениетінің эталоны, халықтың ұқыпты сақтайтын алтын қоры болуы тиіс.
Сондықтан, сахна да адамға тілдік білім беріп, тілдік дағдысын тұғырлап, тілдік тұлғаның қалыптасуына ықпал етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |