Еспембет. ...Шолақ байталдың құйрығындай тобықты, өктемдігің асты деймін. Тасқын судай кемеріңнен асып отырсың сен. (34 б.)
Мұндай метафоралар сөз құпиясын танып, мағыналық дамуды аңғаруға кең жол ашады.
Сондай-ақ, шығарманың шырайын кіргізетін тапқыр теңеулер де билер тілінде төгіліп отырады:
Қараменде (аз отырып). Сөз ем болудан кетіп, ауыздан шыққан жел есебінде болған заман ғой. ... Содан байқағанымды айтайын: азған заманның белді биі бойлауық жылқы секілді бой бермейтін қисық болады екен. Не еп іздеген ысқаяқ келеді екен. (37 б.)
Д.Б. Абдыкаримова түрлі халықтардың мәдениетіндегі коммуникативтік жағдаят негативті және позитивті түрде әртүрлі бағаланып, узуальды болуы да, болмауы да мүмкін дейді: «Для русской культуры, например, откровенность – это конституативный признак близких отношений. Между тем в ряде других национальных культурах право человека на тайну признается безусловно, и от коммуниканта/друга не ожидают стеклянной прозрачности. Если же коммуникативные ситуации в разных национальных культурах оцениваются одинаково, то тактики все же могут не совпадать. Попытка систематизации разговорно-речевых выражений (реплик), реализующих коммуникативные тактики, а также опыт установления набора таких тактик, а также выявления коммуникативных ситуации ведут к лучшему пониманию народной психологии [57, 102 б.]. Бұл пікірді де кез келген ұлттың этникалық өзгешелігі болатындығына қатысты келтіріп отырмыз.
Сондай-ақ, стилистикалық айшықты фигура – аллитерация мен ассонанс тәсілдері әдеби тілді ажарлап, сөзге музыкалық реңк үстейді.
Мәселен,Абыздың
Алданар жоқ, арман көп, Кәрің қайтіп күн көрер! Жарастық жоқ, жалын жоқ, Жарым қайтіп күн көрер! (7 б.)
деген жолдарында суреткер дыбыс үйлесімін ойната қолданады.
Ал ұйқас мәселесін өлеңге қатысты дей тұрғанмен, М. Әуезовтің драмаларының тілі де төгіліп тұрған өлең! М. Әуезов драмаларының тілінде дыбыс үндестігі шебер жымдасқан. Қазақ поэзиясындағы ең жиі кездесетін қара өлең ұйқасын шебер пайдаланған суреткер шығармаларында асқақ ұйқастардың қатарын жасайды:
Әреке деген көк ауру, сені тияр талқы жоқ, Ішті жеген жегінің жерге кірер қалпы жоқ, Барар бетің батпақ сор, күн түзелер тарпы жоқ. (11 б.)
Сондай-ақ билер сөзіндегі идиомалардың күші де жойқын. Идиомалар – тілдегі айшықтар – билер сөзінде тасқын судай төгіліп жатыр. Кемерінен асқан тіл байлығын да осыдан көруге болады. Ұлттың төл тіліне ғана тән мұндай сөз қолданыстары билер сөзінің көркемдік нақышын арттыруға қызмет етіп тұр: