Әдебиет:
Әуезов М.Әдеби мұра және оны зерттеу. - Алматы: Ғылым, 1961. - 351-б.
Оразбаева Ф.
Сөз сыны мен сымбаты
Сөз – ойдың көркi. Әдiбi жарасып, әдемi өрiлген, құнды ойға құрылған сөздi тыңдарманның қашанда тез қабылдап, тез бағалайтыны да сондықтан. Ойдың қанаттануы, ұшқырлануы, адам санасына әсер етер, жас ұрпақты толғандырар қасиеттерге ие болуы да сөз төркiнiнде жасырынған нұры мен шуағы, сыры мен қуаты мол ғажайып ерекшелiктерге тiкелей байланысты.
Сөздiң сыртқы формасы дыбыстар үндестiгi мен дыбыстық ассоциацияға қатысты болса, iшкi сұлулығы оның мағыналық-мазмұндық сырынан көрiнедi. Сөз мағынасы сол тiлдiң мазмұнға бай, әсерге толы сұлу сипатынан аңғарылады. Сөз құдiретi мен сөз қуаты, сыны – көркемсөз өнерiнiң айбынын асырып, айдынын кеңейтер бiрден-бiр белгiлер. Ондаған ғасырлық тарихы бар қазақ әдебиетiнiң арғы-бергi дәуiрлердегi iнжу-маржандары – осының айғағы.
Қазақ көркемсөзiнiң сыр-сипатын, таңғажайып табиғатын, өзге тiлдерге ұқсамайтын өзгешелiктерiн тiл ғылымының әр саладағы объектiсiне айналдыра отырып, сөз өнерiнiң ұлы мәртебесiне қызмет етер тiл бiлiмiнiң өрiсiн кеңейтiп келе жатқан ғалымымыз – Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясының академигi, филология ғылымының докторы, профессор Рәбиға Ғалиқызы Сыздықова.
Ақиқат жолы қашанда талмас еңбек пен табандылықты қажет етедi. Ана тiлiн ардақтау мен оның ертеден келе жатқан тарихын бағалау мен зерттеу жолында Рәбиға Сыздықованың көтерiп келе жатқан жүгi ерекше екенiн бүкiл қазақ елi бiледi.
Қазақ көркемсөзiнiң арғы-бергi дәуiрлерi мен ғасырларынан бiзге мұра болып жеткен теңеулердi, бейнелеу үлгiлерiн, бiр сөзбен айтқанда, ұлтымыздың ұлы қазынасына айналып отырған бүгiнгi ұлттық тiлiмiздiң табиғатын таратып зерттеу барысында ғалым-тiлшiнiң сөз төркiнiне үңiле отырып, қазiргi қазақ сөз өнерiнiң сыны мен сымбатын, сыры мен сипатын, мәнi мен мазмұнын, ойы мен өрiсiн болашақ ұрпаққа зерделеп үйретуде, тiл бiлiмi мен әдебиет әлемiн қатар зерттеп-тануда алатын орны ерекше.
Қазақ халқы – қашаннан сөзге ерекше мән берген, сөзге тоқтаған, сөздi аялаған халық. Оны көпшiлiк қауым жақсы бiледi. Ғалым өзiнiң туған халқының осы бiр мiнезiн өз бойына сiңiре отырып, тамыры тереңде, ғасырлар қойнауында жатқан қазақ тiлiнiң өрнегi мен өрiсiн, атадан әкеге, әкеден балаға мұра болып қалуға тиiс сапалық қасиеттерiн жан-жақты зерттеумен қатар, жаңа ғылыми бағытта зерделеуге мүмкiндiк бередi.
Сөздiң сыны мен сымбатын тануға үйрететiн ғалымның әр дәуiр, әр кезеңдi қамтыған еңбектерiнен қазақ сөзiн кие тұтар әр ұрпақ, әр буын өзiне қажет бiлiм мен бiлiктi алатыны шүбәсiз. Шұрайлы, бейнелi, бедерлi тiлдiң жаратылысын ғалым бай ауыз әдебиетiнiң сандаған үлгiлерiнен, қазақ сөз өнерiнiң көркiн асырып, келбетiн қалыптастырған ұлы тұлғаларымыздың шығармаларынан iздейдi.
Бұл орайда, тiл ұшына оралар тұңғыш еңбек – «Абайдың сөз өрнегi». Рәбиға Ғалиқызының өз сөзiмен айтқанда: «Абай тiлiн зерттеу – бүгiнде қазақ филологиясы ғылымының ауқымды саласы болып қалыптасып отырған абайтанудың өз алдына маңызы зор бiр тармағы». Осынау айтулы проблема кеңiстiгiнен «Абайдың сөз өрнегi» – ерекше зерделеп-тануды қажет ететiн iргелi еңбек, бағалы зерттеу. Р.Сыздықованың Абай тiлiн зерттеу әлемi бiздi ақын шеберлiгiнiң қилы-қилы қырлары мен алуан түрлi сырларын танумен қатар, сөздiң мәнi мен сәнiн тұтас тiлдiк белгiлерден, тiлдiк бiрлiктерден iздеуге үйретедi.
Р.Сыздықова ұлы Абайдың жазба әдеби тiлдiң негiзiн салудағы орнын анықтау барысында Абай өмiр сүрген дәуiр мен орта, сол дәуiрдегi әдеби тiл мен кiтаби тiлдi талдай отырып, ұлт әдеби тiлi тарихында шоқтығы биiк Абай тiлiнiң шынайы тазалығын, қазақи әуезiн, арғы-бергi замандарда жасаған ақындармен сабақтастыра тексередi. Ғалым қазiргi ұлттық әдеби тiлiмiздiң жан-жақты өркендеп, қанат жайған тұсында Абай тiлiнiң бай мұрасын сөздiк қорымызға сiңiре келе, мағынасы терең, ойы салмақты ақын сөзiмен, кемеңгер ойшылдың қуатты көркемдiк әлемiмен айыз қана сусындап, тiлдiң қыры мен сырын жан-жақты тануға жол ашады.
Әдеби тiлдiң өткенi, бүгiнi мен ертеңi – қазақ тiлiнiң болашағы, қазақ елiнiң мәдениетiнiң қайнар көзi, негiзгi өзегi. Р. Сыздықова Абай өмiр сүрген дәуiрдегi жазба әдеби тiл мен қазiргi әдеби тiлдiң арасындағы сабақтастықты Абай шығармалары арқылы дәлелдей келiп, қазақ әдеби тiлiнiң тарихын зерделеуге үйретедi. Кейбiр зерттеушiлер қазақ халқында жазу-сызу болған жоқ, сауаттылық төмен деген пiкiрдi желеу етiп, ұлттық даму деңгейiн төмендеткiсi келгенде, ғалым тарапынан ұсынылған «жазба тiлдiң қалыптасуына, пайда болуына дейiн де қазақ ақын-жыраулары әдеби тiлдi жете бiлген, олардың шығармалары әдеби тiлдiң жоғары үлгiсi болған» деген батыл пiкiр қазақ әдеби тiлiнiң мәртебесiн бекiту ғана емес, ұлттық рухани тегiн, рухани түпқазығын ғылыми тұрғыдан дәлелдеу.
Ғалымның қазақ әдеби тiлi мен стилистика мәселелерiне арналған зерттеулерi қазiргi қазақ тiл бiлiмiнде жаңа ғылыми салалардың қалыптасып, дамуына ұласты. Р. Сыздықова қазақ тiл бiлiмiнде кең қанат жая бастаған лингвостилистика, лингвопоэтика iлiмдерiнiң негiзiн қалауға көп күш-жiгер жұмсап келедi.
Сондай-ақ, Р. Сыздықова Қадырғали Жалаиридiң «Жами-ат тауарих» тiлiн зерттеу арқылы қазақ халқының және жалпы түркi әлемiнiң рухани мұрасын байытты. «Жами-ат тауарих» тiлiндегi сөз саптаудың түптамыры қазiргi қазақ тiлiмен сәйкес түсiп жататынын тiлдiк деректермен айғақтады. ғалымның бұл еңбегi халық руханиятының қайнар бұлағын көрсеткен аса құнды ғылыми зерттеу екенiнде дау жоқ.
Р. Сыздықова Қадырғали Қосымұлы Жалаири, Қожа Ахмет Ясауи, Құдайберген Жұбанов, Ахмет Байтұрсынов, Халел Досмұхамедов сынды ұлттың рухын биiктетiп, халықтың келбетiн көркейткен ұлылардың өмiрi мен еңбектерiн зерттеп, халық игiлiгiне ұсыну арқылы құндылықтарымыздың сапасын арттыруда.
Қазақ халқының көркемдiк танымы мен көзқарасы көне дәуiрден орта ғасырға, одан ХХ-ХХI ғасырларға жеткен ұлттық сөз өрнегiмiзден анық көрiнiп тұрады. Қазақ даласындағы шешендiк мектептердiң үлгiлерi мен ақын-жыраулардың шығармалары сөз өнерiнiң қазақ жерiнде айрықша дамығанын, халықтың өмiр салты мен мiнез-құлқының тiл ұғымдарымен бiрiгiп, бiте қайнасып кеткенiн көрсетедi.
Сөздi қастерлеу мен қадiрлеудiң айрықша белгiсi – сөз астарына көп мағына беру, сұлу да шешен сөйлеу. Р. Сыздықова зерттеулерiмен таныс әрбiр зерделi жан ғалым еңбектерiнен ана тiлiне, қазақ сөзiне деген ғажайып махабатты, сүйiспеншiлiктi, ерекше құрметтi сезедi. Тiптен ғалым еңбектерiнiң өзi «Сөздер сөйлейдi», «Сөз сазы», «Абайдың сөз өрнегi», «Сөз құдiретi» деп аталуы тiлшiнiң өзiндiк ерекшелiгiн көрсетедi.
Достарыңызбен бөлісу: |