Айдаров Ғ.
филология ғылымдарының докторы
Ғалым
(Р. Сыздықованың туғанына 60 жыл)
Қазақ ССР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының докторы, Тіл білімі институтының тіл мәдениеті бөлімінің меңгерушісі Рәбиға Ғалиқызы Сыздықова 60 жасқа толды.
Рәбиға Сыздықова 1924 жылы Ақтөбе облысының Ойыл ауданында кедей шаруа семьясында дүниеге келді. Болашақ ғалым ауылдық мектептерде оқып білім алды.
Ұлы Отан соғысы басталғанда Рәбиға 16 жаста болатын-ды. Ер азамат қолына қару алып, майданға аттанғанда, Рәбиға жас шәкірттерді оқыта бастайды. Кейінірек мұғалімдер курсына, сонан соң педучилищеге сабақ береді. Тұрмыстың ауыртпалығына қарамастан Алматыға келіп, Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтына түсіп, оны 1947 жылы ойдағыдай бітіріп шықан соң, 1947-1951 жылдары аспирантурада оқиды. 1951-1959 жылдары Қазақтың оқу-педагогика (қазіргі «Мектеп») баспасында алғаш аға редактор, сонан соң редакция меңгерушісі болып қызмет атқарады.
Бұл жылдары Р. Сыздықова орта мектептерге арналған оқу құралдары мен программалар құрастырды. Ересектерге арналған оқулық жазды. 1954 жылы «Қазақ тіпі методикасының мәселелері», 1959 және 1974 жылдары «Қазақ тілі орфографиясы мен пунктуациясы бойынша анықтағыш», 1960 және 1973 жылдары «Орфографикалық сөздік» еңбектерін құрастыруға қатынасты. 1957 жылдан бастап Р. Сыздықова Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл білімі институтына жұмысқа ауысады. Біржола ғылыми жұмыспен шұғылданады. 1959-1967 жылдары ол Тіл білімі институтының тарих және диалектология бөліміне меңгеруші болды. Ол қазіргі кезде осы аталмыш институттың тіл мәдениеті бөлімін басқарады. Еңбекқор ғалым осы өткен аз уақыттың ішінде 90-ға тарта еңбек жазды. Рәбиғаның ғылыми зерттеу еңбектерінің басым көпшілігі – қазақ тілінің тарихы мен грамматикасы және тіл мәдениеті туралы еңбектер.
Р. Сыздықова өзінің бір сөзінде: «Тіл мәдениеті деген тек дұрыс сөйлеудің мәдеииеті болмауы керек, дұрыс, сауатты жазу да тілдің мәдениеті. Қазақ тілінің де басқа тілдер сияқты дыбыстық заңдылықтары мен нормалары бар. Қазақ тілі – аса бір образды тіл. сондай әдемі, айшықты тіл» дейді. Өте орынды айтылған. Өйткені өткен XIX ғасырдағы қазақ тілін зерттеген В. В. Радлов, Н. И. Ильминский, П. М. Мелиоранский қазақ тілінің сұлу, көркем тіл екендігіне таңқалған болатын-ды. Олар: «Қазақтар тілге сондай шешен, кез-келген оқымаған қазақ сөйлеп кетсе, төгіле сөйлеп кетеді және сондай образбен сөйлейді» деген болатын.
1959 жылы Р. Сыздықова «Абай шығармаларының морфологиялық ерекшеліктері» атты тақырып бойынша кандидаттық диссертациясын қорғады. Ғалым мұнымен тынған жоқ, Абайды одан ары зерттей түсті. Оның 1966 жылы «Абай шығармаларының тілі» 1971 жылы «Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылысы» атты монографиялары жарық көрді. Бұл аталмаш еңбектерде Абай шығармаларының тілі жан-жақты ғылыми тұрғыдан зерттелді. Абайдың өмір сүрген дәуірі, ақын шығармаларының тілдік ерекшеліктері, синтаксистік құрылысы айрықша сөз болды. Ол Абай жөнінде бұрынды-соңды айтылған пікірлерге түбегейлі талдау жасап, тұжырымды пікірлер айтты. Әсіресе, М.Әуезов. Қ. Жұбанов. Қ. Жұмалиев еңбектері арнайы сөз болды. Ғалым ол еңбегінде Абайға дейінгі қазақ әдеби тілінің дәрежесін, ақындардың қазақ әдеби тіліне қосқан елеулі үлестерін көрсете келіп, жалпы қазақ поэзиясының ұлы ақынға игілікті әсері болғандығын өте орынды және дұрыс көрсете білді.
Осы жоғарыда көрсетілген еңбектеріне орай Р. Сыздықова 1971 жылы «Абай шығармаларының тілі» деген тақырыпта диссертация қорғап, филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алды.
Р. Сыздықова мектепке арналған көптеген оқулықтар, методикалық және анықтама құралдарының авторы. Ол жоғарғы оқу орындары студенттері үшін «Қазақ әдеби тілінің тарихы» атты оқулық та құрастырды. Ғалымның жазғанынан әлі жазары көп. Жақын уақытта Р. Сыздықованың «XVII– XVIII ғасырдағы қазақ әдеби тілінің тарихы» атты көлемді еңбегі жарық көрмекші.
Р. Сыздықова отандық түркология ғылымына қосқан елеулі еңбегі үшін «Құрмет Белгісі» орденімен, көптеген медальдармен наградталды.
Рәбиға Сыздықова «...Әрине, ғылыми дәрежелер үшін жұмыс істегенім жоқ, ана тілім – қазақ тілі үшін қызмет еттім. Өйткені қазақ тілін зерттеу – менің өмірімнің алға қойған мұраты және мақсаты болды» дейді. Өте орынды айтылған сөз.
Достарыңызбен бөлісу: |