Абай (Ибрагим) Құнанбайұлы 1845 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы Қарабұлақ жайлауында дүниеге келген. 1904 жылы Балашақпақ жайлауында қайтыс болған. Бейіті Жидебайда. Ол – ұлы ақын, философ, ағартушы, композитор. Ақынның арғы бабасы – Олжай батыр. Олжайдан Айдос, Айдостан Ырғызбай, Ырғызбайдан Өскенбай тарайды, Өскенбайдың әйелі Зереден Құнанбай дүниеге келеді. Құнанбайдың әйелі Ұлжаннан Абай дүниеге келеді. Абайдың үш әйелі болған. Бәйбішесі Ділдәдән – Ақылбай, Әбдірахман, Күлбәдән, Әкімбай, Мағауия, Райхан; екінші әйелі Әйгерімнен – Тұрағұл, Мекайыл, Ізкайыл, Кенже, барлығы жеті ұл, үш қыз сүйген. Әмеңгерлік жолмен үйленген әйелі Еркежаннан ұрпақ көрген жоқ.
Көркемсөз шебері Философ Көркем әдебиеттің қазығы Ұлы ақын Аудармашы Ғалым Композитор Күйші
Абай Ескітам қонысында әкесі ашқан медреседе, оқып, ауыл молдасы Ғабитханнан дәріс алған. Әкесі Абайды он жасқа толған соң, Семейдегі Ахмет Риза медресесіне береді. Онда үш жыл оқиды. Медресенің үш жылында Абай осы қаладағы «Приходская школаға» да қосымша түсіп, онда үш ай орысша оқиды. Осы жылдары шығыс классиктері Низами, Сағди, Қожа Хафиз, Жәми еңбектерін оқыса, екінші жағынан А. С. Пушкин, А. И. Герцен, И. А. Крылов, Ф. М. Чернышевский мұраларын оқып таныс болған, Батыс Еуропа әдебиетінен Гете, Дж. Байрон сияқты ақындарды оқып, түрлі ғылым салалары бойынша зерттеулер жүргізді. Есейген шағында солардың ішіндегі өзіне әсері болған кесек туындыларын қазақ тіліне аударады. Абай өлең жазуды он жасында бастаған («Кім екен деп келіп ем түйе қуған...») «Сап, сап, көңілім», «Шәріпке», «Абыралыға», «Жақсылыққа», «Кең жайлау» өлеңдері 1870 - 80 жылдар аралығында жазылған. Ақындық қуатын танытқан үлкен шығармасы – «Қансонарда» 1882ж. жазылған.