І.Жансүгіров лирикасындағы табиғат және өнер тақырыбы: Ілияс Жансүгіровтің тілі – көркем тіл. «Жетісу суреттерінен» оның шеберлігін көруге болады. Сөз саптау, образды бейнелеу, заттардың түсі мен құбылыстардың сынын дәл суреттей алған. Жер таппан жерге жетер Жетісуым:Күркілдек, Көксу, Лепсі, Іле, Шуым, – деп Ілияс ә дегеннен топонимдік атауларды бауырына басып, меншіктеп жырға қосты. Жаратылыстың тіл жетпес сұлулығына жаны елжірей елтіген ақын со қалпынан, бауырына басып менікі деуден танбайды. «Ағынды менің Ақсуым». Расында, Жетісуды жырлаған ақындар қазақта аз емес, бірақ Ілияс Жансүгіровтың буырқанған жырлары көне Гомерден басталған ағыл-тегіл эпикалық сарынға бірден ұйытып әкетеді. Бөленген бұлтқа мәңгі меңіреу құз,Ну тоғай, қоғалы көл, қоңыр құмым. Ілияс Жетісу өлкесінің антропонимдік кескінін – табиғатты кісілік келбет, алып бейнемен талмай көркем суреттейді
Ілиястың қыр баласы екеніне, туған жерінің жаратылыс суретін анық көре қоятын байқағыштығы баба қазақтың зердесі, бір басында геолог, биолог, зоолог, географ, қылқалам иесі, астроном, ақын жүрегі тоғыса келгендей керемет зерлі әсер етеді. Ол табиғатты елжірей сүйгенін жасырмайды. Өзен жағасы, түнгі аспан айдан тәж тағынған мезеттің тылсым сипаты ақын жанын арбап, экстаз, эйфориялық халге түсіреді («Ішім еріп»). Жан күші, әсерлі үміт ішті керіп. Көзімнен тамшыланып, суық жасым, Бір терең ойға қалдым ішім еріп. Негізінен теңеулері қыр баласы болған соң, мал түлігіне байланған: «Шөгіскен шоғыр асқар қатпарланып, / Қия құз, мұсатыр мұз жақпарланып. / Емес пе көк ала бас ақ буралар, / Оралған шудалары мақпалданып». «Желді қарағай» атты өлеңінде ақын қозы баққан күндерін сағынғанда аллитерациямен төгіп-төгіп жібереді: «Ол күнде біз бала едік, / Оздыра құнан шауып ек. / Орғыта ойнақ сап едік, / Ойнай қозы бағып ек». «Таудағы тас жаңғыртқан қойшы әндері» деп, Ілияс иен жерде талай ән шырқаған ғой. «Жазғы таң». Ілиястың құсына шейін шайыр: «Жыршы құс мақтады, / Табиғат таңды қарсы алды. /Ақын құс қақсады, / Жырлады, жар салды». Жұлдыздардың сөнгенін ауырып өлді дейді. «Жасыл қыр жапан-жарық, / Көбелек, шыбын өрді. / Көк құндақ көлдер толып, / Көксеген күнді көрді». Балаларға арналған өлеңдерінде зердеге тоқи білуді, айнала әсемдікті көре білуді үйретеді, қысқа қайырып, нұсқа жасайды. «Жазғы шілде» атты өлеңінде Ілияс батыл эксперимент жасайды. «Құрт, ірімшік қайналды. / Құлындар да байланды» дейді. Қазақ «байланды» деп айта бермейді. «Жапырақтар жалпайды, / Жас қозылар марқайды». «Тау суреті». Бұл өлеңде Ілияс нығарлай кесіп айтады, аксиома тәрізді әсер етеді. Тарбиған Тарбағатай жердің құты. Барлық – ел «қыдыр түнеп көшкен жұрты». Оранған ақ кебенек аруақты Алтай, Төгіліп бізге қарай жатыр мұрты. Ертеде сол асқардың сәулетіне, Қиыспай қырғындасқан талай жұрты. Ақшұнақ, Жабағылы, Мыңшұңқыр, Таз, Бұлардың бәрін тізген Жоңғар тұрқы. Антропонимдік сипаттан ол тарихи дерекке оп-оңай ауысады. Ақын қылға тізгендей жер атауларын сүйіп жазады. Мұндағы жайлаудың қымызы бал татыр, шоқысын ақын қыздың сәукелесіне ұқсатады. «Мұрыны Мұзбалақтың көкте мүлгіп», «Қар кете қарлы алаңы қақ айыра, / Қаптағай қаптай көшед Бүйенді өрлей» – ежелден Дешті Қыпшақ даласында үйірлі құландай шұбырған топонимдер айтылған жерде ру аты қоса жүруі заңды