Абдыхалыкова жазира есенкелдиевна


кезең. Жоғары білім беру жүйесінің жаһандануы. 1960-XXI ғасырдың басы



бет16/89
Дата27.11.2023
өлшемі0,54 Mb.
#129504
түріДиссертация
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   89
4 кезең. Жоғары білім беру жүйесінің жаһандануы. 1960-XXI ғасырдың басы.Студенттерге академиялық мәселелеріне басшылық жасайтын қызметтердің дамуына маңызды оқиғалар әсер етті. Олардың ішінде, 1964 жылы АҚШ-та, үкіметтің «кедейлікпен күрес» бағдарламасының маңызды бір бөлігі ретіндегі, «Экономикалық мүмкіндік» заңының (Economic Opportunity Act) қабылдануы. Соған сәйкес, 20 ғасырдың 60-80 жылдары федералдық үкіметпен жүргізілген «Жоғарыға жылжыту» (Upward Bound) [78] білім беру бағдарламасы жүзеге асырылып, әлеуметтік жағдайы төмен, кедей отбасынан шыққан, дарынды, шалғайдағы елдімекендердегі, мүгедек балаларға жоғары білім алуға материалдық-қаржылық, академиялық көмек көрсетілді, университеттік бағдарламаны орындауға жағдай жасалды. «Трио» бағдарламасы «жоғары білімді тұлға – экономикалық дамудың капиталы» теориясына сүйеніп жасалды [79].
Трио жобасының басым бағдарламаларының бірі – әлеуметтік жағдайы төмен студенттерге академиялық және әлеуметтік қолдау көрсету қызметтерін, бағдарламаларын ұйымдастыру болды. Яғни, бағдарлама тек қана студенттерге шәкіртақы тағайындап қана қоймай, олардың білім алу мотивациясын, болашақ кәсіби қалыптасуын анықтауға, академиялық жетістікке жетелейтін «Өз уақытын басқару», «Сәттілікке жету жолы», «Ақылдылыққа жетелейтін семинар», «Университетте білім алу стратегиясы» сияқты ата-анасы бұрын соңды жоғары білімге қолы жетпеген кедей отбасының балаларына дамытушы, бағыт-бағдар беруші курстарын ұйымдастырды, қиындық туғызған пәндер бойынша қосымша тьютор сабақтарын жүргізді, арнайы осы топтағы студенттермен жұмыс жасайтын эдвайзер, ментор, тьютор сияқты академиялық қолдау қызметкерлерін бекітті. Сонымен қатар, олардың жатақханада тұру, университетте дос табу, академиялық ортада қарым–қатынас жасау т.б. мәселелері бойынша психологиялық кеңестер жүргізіп тұрды. Трио бағдарламасы, университетте тек қана кедей отбасынан ғана емес, барлық білім алушыларға қатысты АҚК (ары қарай академиялық қолдау көрсету) бағдарламаларының дамуына да үлкен әсер етті.
АҚШ–тың көрнекті білім беру қызметкерлерінің бірі, G.M.Mardsen «Америка университетінің жүрегі» (The Soul of the American University) атты мақаласында Трио бағдарламасының аясында университеттер, әлеуметтік аз қамтылған, білім алу мүмкіндіктері мен оқу дағдылары төмен студенттерді қабылдап, АҚК орталықтарын үлкен масштабтарда ұйымдастырды» - деп тұжырымдады [80]. 1970 жылы Карнеги Комиссиясының «Білім алуға мүмкіндік: жоғары білім алуды қамтамасыз ететін бағдарламалар жүйесі» атты мақаласынан кейін, академиялық қолдау көрсету қызметтері (Student Academic Services), жоғары білім алу үшін тең мүмкіндікті қамтамасыз ететін ұлттық білім беру міндеттемелерінің біріне айналды [81].
Жоғары білім алуға студенттердің қажеттіліктері арттып, 50-60 жылдары ЖОО-на қабылданған білім алушылардың саны 41% өсті. Осыған байланысты білім алушылардың кәсіби дамуы мен әлеуметтену мәселелері, студент пен университеттің қарым-қатынасы бойынша ғылыми-тәжірибелік зерттеулер, теориялар қалыптаса бастады.
АҚШ ғалымы Rentz [47, 123 б.] пікірінше, 1970 жылдары университеттер маман даярлаудағы өздерінің миссиясы мен мақсаттарын қайта қарастырып, экономикалық дағдарыс уақытындағы тәжірибеге бағытталған оқу пәндері мен мамандану бағыттарын әзірлеп, студентті университет қабырғасында сақтап қалу (retention) бағдарламаларын кеңейткен. Соған байланысты, 1970 жылдары АҚШ-та қаржылық жағдайы төмен, әлеуметтік аз қамтылған, академиялық дайындығы төмен, этникалық аз ұлттар өкілі, мүмкіндіктері шектелген, жасы шамасы студенттік кезеңнен жоғары, шетелден келген студенттердің саны өсіп, оларды университет қабырғасында сақтап қалу үшін (retention), жеке-дара кеңес беру, оқытудың жекетұлғаға бағытталған, гуманистік технологияларын қолдануды қажет етті. Академиялық эдвайзерлер студентті АҚК элементтерімен байланыстырушы маманы деп танылды.
1970-80 жж. АҚК қызметтеріне деген жоғары сұраныс, факультет немесе университет деңгейінде арнайы эдвайзер, ментор, пәндер бойынша тьюторлардан, сыни тұрғыдан академиялық оқу-жазу курстарынан тұратын орталықтарын ашуға, олардың қызметін орталықтан басқаруға, үйлестіруге әкелді. Жоғарыда қарастырылған студенттерге «әкелік қамқор» (in loco parentis) тұрғысынан қарау түбегейлі жойылып, студенттер ісімен айналысатын арнайы кәсіби қызметтердің бағыттаушы, тәрбиеші ретіндегі рөлі арта түсті. Студенттер институционалдық басқару ісіне атсалысып, олардың оқу жоспарын құру, АҚК бағдарламалары, жатақхана, кітапхана мәселелері, мәдени-көпшілік ұйымдарда шешім қабылдауда көзқарастары есепке алынды.
Жоғары білім беру жүйесінің құрылымының студенттің қажеттіліктерін ескере отырып кеңеюі, мамандандырылған қабылдау комиссиясы, қаржылық көмек көрсету орталығы, пәндерге тіркелу офис-регистраторлары, жатақхана, жеке-дара және академиялық кеңесшілер, бағыт-бағдар беруші курстар, студентке академиялық және әлеуметтік қолдау көрсету бағдарламалары, орталықтарын дамуына әкелді. Университеттердің саяси бағыты бойынша, білім алушылармен жұмыс істейтін кадрлар, студенттің даму теорияларын, психологиялық бейнесін, мәдени-әлеуметтік, ұлттық, жас және жыныс ерекшеліктерін ескеріп, оның дамуына әсер ете алатын «студентті дамытушы», «жоғары білім беру жүйесіндегі кеңесші» кәсіби мамандар ретінде қарастырыла бастады.
ЖОО-да академиялық эдвайзер, тьютор, ментор (тәлімгер) қызметтерінің іс-әрекетін дамытуға, оңтайландыруға бағытталған арнайы ғылыми-тәжірибелік зерттеу жұмыстары жүргізілді. Мысалы, 1972 жылы АҚШ-тың білім беру саласындағы профессорлары B. Crookston [56, 12-17 б.] және Т. O'Banion [57, 62-69 б.] академиялық эдвайзерлердің қызметінің бет-бейнесін түбегейлі өзгеріске ұшыратқан, «студент тұлғасын дамытушы эдвайзер» моделін академиялық қауымға ұсынды. Бұл модель академиялық эдвайзерлерді кәсібилендіруге, студентті басқа студенттік қызметтермен байланыстырушы, жауапты маман тұрғысынан қарастыруға мүмкіндік берді.
Академиялық эдвайзерлер АҚШ педагогикасының маңызды кәсіби тұлғасына айналып, оның іс-әрекетін жетілдіру мақсатымен ұйымдар да ашылды. Солардың ішінде ең маңыздысына, Ұлттық Академиялық Эдвайзерлер Ассоциациясы (National Academic Advising Association-Nacada) жатады. Жетекші ұйым, АҚШ-та 1979 жылы өткізілген алғашқы эдвайзерлердің конференциясының шешімінің негізінде жұмысын бастап, 1981 жылы Накада журналын «Nacada Journal» жариялады [82].
1990-2010 аралығында ЖОО –ға түсушілердің саны шетел, әсіресе Қытай студенттерінің басымдығынан 80-ші жылдармен салыстырған үш есеге өсті. Білім беруді гуманизациялауды ақпараттық технологиялар негізінде қайта қарастырылған еңбектер жарық көрді. Әртүрлі студенттің кәсіби дамуы мен академиялық жетістігін көздеген орталықтар ашылды. АҚШ университеттері студенттердің білім алуына, дербес орындайтын өздік жұмыстарына немқұрайлылықпен қарау, білім сапасының төмендеуіне, АҚШ-тың жоғары білімі туралы әлеуметтік, әлемдік көзқарастың өзгеруіне, соның нәтижесінде жоғары білім беру институттарына деген сұраныстың азаюына әкелетінін жауапкершілікпен мойындады.
21 ғасырдың басында, академиялық қолдау көрсету орталықтарының басты функцияларының біріне «студенттің академиялық жетістігін жарнамалау», білім алушылар арасында «студенттің академиялық жетістігі» ұғымын тарату (Student Academic Success), соның негізінде білім алушылардың өзбетімен білімін алу үдерісін барынша жекедараландыру саясаты көзделді. АҚШ-тың білім беру жүйесінде «әрбір білім алушының академиялық жетістігі» студенттің де, университеттің де басты мақсатына айналды
Соған байланысты, қазіргі АҚШ шындығында, ұлттық деңгейде барлық университеттерді қамтуға бағытталған «Студент уақытының жұмсалу сауалнамасы» (National Survey of Student engagement) жүргізіліп отырады [83]. Оның басты мақсаты: білім алушылардың университеттің ұсынып отырған білім беру бағдарламаларымен қанағаттану деңгейін анықтау, олардың аудиториялық және аудиториядан тыс іс-шараларға жіберген уақытын өлшеу, салыстыру, соның негізінде әрбір университеттің білім алушылардың аудиториялық және аудиториядан тыс уақытын ұйымдастыру ерекшеліктерін айқындау, олардың оқыған курстары мен әдебиеттерінің саны, оқу үлгерімі, қоғамдық іс-шараларға қатысуы, басқа студенттермен, оқытушылармен қарым-қатынасына негізделген рейтинг жасау. «Студент уақытының жұмсалу сауалнамасы» (National Survey of Student engagement) алғашқы рет 1999 жылы пилоттық түрде жүргізілсе, 2013 жылы оған 620 университеттің 1,6 миллион студенті қатыстырылған.
21 ғасырдың бас кезінде, студенттің академиялық жетістігінің себептері, оған кері әсерін тигізетін факторлар арнайы эксперимент барысында зерттеле басталды. Алғаш рет, студенттің академиялық жетістігінің себептерін ғылыми-концептуалдық тұрғыдан қарастырылды. Білім алушылармен тікелей қарым- қатынас жасайтын университеттік құрылымдар, соның ішінде академиялық қолдау көрсету орталықтарының (Academic Support Center) іс-әрекеттері, студенттің даму теорияларына негізделіп, ұйымдастырылды. Солардың ішіндегі ең танымалдарына, A. W. Astin «Студенттің қоғамдық белсенділігі» (Student involvement: A developmental theory for higher education) [84], V. Tinto «Студенттің университеттен шығып қалу себептері» (Dropout from higher education: A theoretical synthesis of recent research) [85] сияқты зерттеулерін жатқыза аламыз.
Зерттеу нысанасына алып отырған Америка жоғары оқу орындарының 25 пайызы студенттерге академиялық қолдау көрсету орталықтарын федералдық үкіметтің грантының негізінде ТРИО бағдарламасы бойынша ұйымдастырса, қалғандары университеттік бюджет негізінде жүзеге асыруда. Себебі, абитуриенттердің, оқу барысындағы академиялық кедергілерді жеңуге, олардың оқу дағдыларын дамытуға мүмкіндік беретін академиялық қолдау көрсету бағдарламалары мен орталықтарын, университетті таңдаудағы басты критерийі ретінде қарастырылады.
Американың жоғары білім беру жүйесінде студенттерге академиялық қолдау көрсету қызметтерінің тарихи тұрғыдан қалыптасуына жан-жақты талдау жасаудан, әрбір уақыт кезеңінде студенттерге арналған академиялық қолдау көрсету қызметтерінің жоғары білім беру жүйесінің саяси бағыттары мен өзгерістеріне байланысты өзіндік рөлі мен ерекшеліктерінің орын алғаны айқындалды. Ол өз кезегінде, зерттеуге алып отырған мәселенің қазіргі АҚШ университеттеріндегі ерекшеліктері мен басымдықтарын анықтауға, толыққанды теориялық-концептуалдық негізін толық түсінуге мүмкіндік береді деп қорытындылаймыз.
Келесі бөлімде қазіргі АҚШ университеттеріндегі студенттерге академиялық қолдау көрсету ұғымының мәнін, ұйымдастырылу қағидаларын анықтау, бұл бағыттың бағдарламаларын біріктіретін арнайы орталықтардың жоғары білім беру жүйесінде алатын рөлін, студенттер тарапынан жоғары сұранысқа ие болу себептерін айқындау мәселелері мазмұндалады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   89




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет